Адам қарады: 13 | Жарияланды: 2018-07-11 03:00:28

Біздің ғасыр цитаталар ғасыры

Біздің ғасыр цитаталар ғасыры,
Бұл өзі ақымақтау асылы...
Үрпек басты ойларымды қайтейін,
Қою түнде келетұғын жасырын.

Ми ішінде сұрақ жатыр көпіріп,
Тіл сөйлейді мінберлерден лепіріп.
Жүрек отыр сыра ішінен сығалап,
Азған жұртқа ақыл айтпақ кекіріп.

Озған елде көш бастаған аталық,
(Енді, міне, қарын сипап жаталық)
Байтал шауып бәйге алған кезінде,
Өз түсімнен оянамын қақалып.

Ары-бері сабылысып...
Ой аққан...
Семіз сөзден сығып қалсаң май аққан.
Бір кекілік қонып апты шатырға,
Өзі сондай қорықпайды таяқтан.

Біздің ғасыр көсем сөздер ғасыры,
Керенаулау митыңдайды ақырын...
Мына әлем ақиқатты күтіп жүр,
Өтіріктің жарып шығар жатырын.

Қазақ тілінде жазылған