Адам қарады: 2544136 | Жарияланды: 2018-07-06 08:38:38

Естен кетпес өкініш

          Бір үйдің екі ұлы болыпты. Бір үйдің баласы болғанымен мінездері екі түрлі, өмірге деген көзқарастары да әртүрлі болыпты. Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады екен: «Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп  туады.  Екіншісі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп туады». Үлкен ұлы ішсем, жесем, барға қанағат қылмай, айтқанын істететін болыпты. Кіші ұлы болса ақылды, инабатты, көп білсем, үйренсем деп барға қанағат  қылыпты. Сөйтіп жылдар өтіп екі ұлы ер жетеді. Мектептерін бітіріп қалаған маман иесі болғысы келеді. Үлкен ұлы шет елден білім алғысы келеді, шет елдің тұрмысына қызығып, сонда тұрғысы келеді. Ал кіші ұлы болса өз елімнен білім аламын дейді. Әке – шешесі қарсы болғанымен үлкен ұлы өз айтқанын  істейді. Әке – шешесі амал жоқ келісімін береді. Әкесі үлкен ұлымен қоштасып тұрып: -«Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол!» - деп ақылын айтып шығарып салады. Сөйтіп үлкен ұлы шет елге келеді. Арада көп уақыт өтпесе де, көзсеқызарлыққа салынып, өзгенің жемісіне құмартып, өз білгенін, қалағанын жасайды. Ойынқұмарлыққа салынып ащының да, тұщының да дәмін татады.

      Осы әдетімен құмаройын алаңына қайта жиналады. Ойынның нағыз қызған сәті. Қолына күрек ұстап еңбектенбеген жігіттің маңдайынан тер судай ағуда. Жеңілістің ауылы жақындап қалғанын сезіп отыр.  Қалтасындағы ақшасы да таусылып барады. Бұл ойын жігіттің пайдасына шешілмеді. Ата – анасының оқуыңа жаратарсың деп берген ақшасын бір сәтте желге ұшырды. Енді не істемек? Қол ұшын созар достары ойынға тіккен ақшадай жоқ болды. Үстіне біреу мұздай су құйғандай есеңгіреп отыр. Достарының сатқындығы – жігіттің намысына тиіп, сол жерде дау шығаруға әкеп соғады. Ашумен не істегені есінде жоқ. Оянса  қараңғы, салқын тартқан темір тордың ішінде жатыр. Тәртіп сақшыларынан өзінің достарын жарақаттап, ойын алаңына үлкен шығын келтіргені үшін айыпталғанын естиді.

        Қамауда жатып қатты қиналып, істеген ісіне өкіне бастайды. Еркелігін көтеретін әке – шеше, істеген ісін білдіртпей жапқан інісі жоқ. Жападан – жалғыз, көрмегенді көріп, қатты қиналып, өкінген жігіт жылап та алады. «Бала кезден әке – шеше ақылын тыңдамағанына өкініп, әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен» - деп санын соғады. Ол бойында имандылық тәрбие болмағаны үшін өзін кінәлай бастайды. Ата – ана, бауыр тілін алмай, жерге қаратқаны үшін қатты өкінді. Кеш түсінді.

       Әкесінің арқасында еліне оралады. Әуежайдан түсе сала ата – анасын, інісін құшақтап тұрып бұлаудай  боп көз жасын төгеді. –«Істеген ісіме қатты өкінемін, дұрысталамын» - деп уәде береді. Інісі ағасына: – «Аға жылтыраған дүниеге қызықпау керек, шет елде бар нәрсе бізде де бар, қазақ жерінен артық жер жоқ» - деп айтады. –«Кеш түсіндім, естен кетпес қателік жасадым, өкінемін, қиналамын. Жылтыраған дүниеге қызықпау керек екен. Қазақ еліме, байтақ жеріме, өз елімнің, табиғатымыздың сұлулығына, қонақжайлылығына не жетсін! «Өз үйім өлең төсегім» - деп текке айтпаса керек, кеш болса да қателігімді енді түсіндім» - дейді өкінген жігіт. Ата – анасы үлкен ұлының өкінгенін түсініп, көздеріне жас алады. Сонда әкесі былай дейді: -«Адамның бойында ең бірінші имандылық тәрбие керек, екіншіден – махаббат сезім кімде көбірек болса, сол кісі ғалым, сол кісі ғақил болады» - депті. Балалары әкесінің айтқан ақыл сөзін түсініп қазақ еліне, жеріне, бауырларына деген махаббаттары күшейіп, еліне қызмет етіпті.

Қазақ тілінде жазылған