«Мен жындымын» сатылып жатыр

Адам қарады: 2294 | Жарияланды: 2017-04-13 03:03:00

Бұл романның шығуына мұрындық болған былтырғы өткен «Алтын қалам» әдеби бәйгесі. «Мен – жындымын» романы 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан осы байқаудың 2016 жылғы жеңімпазы. Жеңімпаз ретінде көлемді роман таңдалған соң, байқауды ұйымдастырушылар ортақ антологиядан тыс, бұл шығарманы жеке кітап ретінде шығаруды жөн көріпті.   Кітап жанрына «әжуа аралас мұңлы роман» деген анықтама беріліпті. Траги-комедиялық сарында жазылған шы­ғар­ма­ның бүкіл оқиғасы Тәуелсіздік жылда­рында өтеді. Бас кейіпкер Тауфих­тың бас­тан кешкендері мен санасында шар­пысқан ойлары, түрлі көңіл-күйдегі пси­хологиясы арқылы бағаланатын бү­гінгі қоғамның қалтарыс-бұлтарысы ро­ман сюжетін тартымды ете түсері сөзсіз. Кітаптың формасы да сәтті таңдалған деу­ге болады. Өйткені, бір романның 42 бөлімге жіктелуі, оның әрқайсысына жеке тақырып берілуі романды тартымды ете түскендей. «Қазір баяғыдай қалың-қалың романдар оқылмайды» деп сылтау айтуға, өзін ақтап алуға шеберленіп алған қалың оқырманды қызықтырудың бір тәсілі осы шығар, бәлкім. Тағы бір айта кетер жайт – бұл тұ­сау­ке­­сердің өзгелер­ден өзгерек болғаны. Олай бо­латыны, бұл шара басқа жерде емес, кі­тап дүкенінде өтті. Әдетте, тұсаукесерге ке­ліп, кітапты жазушының өз қолынан хан талапай үлестіріп әкететін қонақтар бұл сапар сиясы кеппеген романды кітап дү­кенінің кассасынан сатып алып жатты. Бо­лашақта кітап авторлары ескеретін бір жа­йт осы екен дестік. Мұны – қазақ жа­зу­шы­ларының нарыққа бейімделуінің басы деп бағалау керек. Роман авторы Тұрысбек Сәукетаев жиналған жұртқа, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп тұрып, өз кітабы жайлы: – Қоғам туралы, өмір туралы, сіздер­дің әрқайсыларыңыз туралы ойым мен ықы­ласым, көзімнің жасы мен жүрегім­нің қаны осы шығарманың ішінде. Сон­дық­тан, сіздерге айтарымның бәрі қолда­ры­ңызда кетіп бара жатқан кітапта деп ойлаймын, – деді. Романның шығуына демеушілік көр­сеткен «ZHERSU» инвестициялық-өн­дірістік корпорациясы мен «QazКom» банкі алдағы уақытта да «Алтын қалам» жобасына атсалысатын болады.

Алмас Нүсіп, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ