Адам қарады: 303 | Жарияланды: 2020-03-16 03:31:47

Жетім құлын

Тәмиза шын махаббаттың, шын ләззаттың, шын сүйіспеншіліктің ниеті Аллаға ғана бағытталуы керек деп оңаша өмір кешіп жүрген жан болатын. Мың құбылып, жүз түрленуден ада еді. Кластасы Алапайдың әйелі туыт үстінде жүріп кетіп, төрт бала аңырап жетім қалды. Еркектің жаңа туған баланы жұбата алмай көзінен сорасын ағыза күйзеліп, күңіреніп, сәт айналмай зәрін шаша, тісін қайрай ызбарланғанын көргенде жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсатында бір қолқ ете түсер өзгеріс болған. Жүрек ымбалы осы уақытқа дейін өмір кешкен саяқ ғұмырын өзге бағытқа бұрды. Күні кешеге дейін бұғауда бұғып жатқандай көрінген адами тілектің бәрі жан-жақтан анталап ояна келе, мұны түртпектей бастаған.

– Мен мына балалардың қасында қалайын, – деген Тәмиза көңіл айтып келген дүйім жұрттың алдында. Еңсесі езіліп, ұнжырғасы түсіп, әділетсіз өлімді жек көріп тұрған жұрт бұл сөзді шала-шарпы ұғып, «не айтты, не деді» дегендей бір-біріне қараған. Қысылып-қымтырылып, ұят қысып тұратын Тәмизаның ел алдында осындай сөз айтқаны өтірік секілді. Алдымен Алапайдың зәресі ұшты. Алапай кім? Тәмиза кім? Тәмиза – жүрегін періште мекендеген бала-бұлақ. Ал өзі  күнәдан қорқу дегенді басына қиындық туғанда ғана ойлайтын, тазалық пен залымдыққа таңдауы қатар түссе күнкөрісіне пайдалырақ жағына ауып кететін өзімшіл жан.  Оның үстіне Тәмиза кластасы болғанымен сырласып, сыр ашысып көрмеген. Мұнысы несі? Балаларды асырап алам дегені ме? Әлде мұның «Медет бер, құтқара гөр мына қиындықтан» деп күңіренген даусы періштелердің құлағына жетті ме?

– Ішкі дүниемді таза ұстау жолында оңашалықты таңдап алғанмын. Әулие болайын дегендік емес еді. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан деп көп адам менің мұнымды мақұлдамайды. Енді мына Алапайдың басына түскен қиындықты бірге бөлісіп, жаратушының сынағына төзімімді бірге төсейін деп едім.

Ауыл тапжылмай, қозғалмай осы үнмен, осы дыбыспен тұрып қалды.

– Жөн екен, сен осылай айта қояды деп ойлаппыз ба? Шиеттей балаларды қайтіп асырар екен, бұған кім қолайлы деген сұрақты мына аяқ асты өлім миға келтіріп те жатқан жоқ. Алапай жалғыздың тұяғы, жал-құйрығы келте. Ата-анасы ат жалын тартып мінгенін қызықтай алмады. Сен де бөтен емессің, қолда өскен баласың. Құдай мейіріміңді оятып, ел-жұрттың алдында мойныңа үлкен жауапкершілік алып тұрсың. Алдың ашық болсын , – ауылдың ақсақалы Сабата дірілдей тұрып бетін сипады. Тәмиза төрт баланы бауырына басып қала берген. Адам өзінің ішінде болып жатқан өзгерістерді сезілмейтін, ұғылмайтын күш арқылы аңғарады. Құдайды ғана аңсаймын деген жүрегінде мейірім, шапағат мол екен. Үш бала жатырқап, жатсынбады, кішкентай шақалақты кеудесіне басып, иіскеп еді ең күшті, ең тәтті сезім бойын кернеді. Кішкентайдың шомылмағанынан құлағының арты, мойны қызарып, базданыпты. Сонда да жұпар иіс танауын қытықтап, жанына сіңіп жатыр. Іштен жан нұрының шапағы алаулады. «Анық тура жол – бауырыңда бала тербету екен» ғой деп ойлады. Кеудесін кішкентай иіскеледі. Табиғи әдіспен емшегін аузына салды. Қол тимеген кеуде кішкентайдың бүлкілдете сорғанына қытығы келген. Жүректегі періште риза болып, жымиып еді, сүт сорғалай жөнелді. «Ақырын жақсы ете гөр!» деді Тәмиза іштей, – «Ақырын жақсы ете гөр!».

Алапай келіншегінің қырқын беріп жатқанда, ағайынның ортасында, жұрт жиналған тұста, сөйлеп отырып жүріп кетті.  Жүрек тоқтапты. Шын жылау, шын қайғыру сонда болды. Үрпиген үш бала мен ораулы нәрестеге көздері түскен жұрт көз жастарына ие бола алмаған. Сабырлы деген үлкендердің сақалдары селкілдеп, қолдары дірілдеп, сөйлеуге икемдері келмей абдыраған. Күн де тұлан түртіп алай-дүлей болған. Ағаш жапырақтарының арасынан саумалай төгіліп тұратын сәуледе жым-жылас. Бұлт қоюланып, түнеріп тұр. Алла адамына осындай қиындық береді дегенге ешбір жүрек сенбейтіндей. Жақсылық пен жамандық, қайырымдылық пен зұлымдық шарпысқанда неге адамшылық жеңіле береді? Жүрегіңді қарс айыра «тәңір ісі бұл» дегеннен өзге жауап таба алмай қиналасың. Ел-жұрт Тәмизаға жалтақтады.

– Бөтен балаларды енді сен бақ. Кетпе! – деуге ешкімнің жүрегі дауаламайтындай.

– Ананың сүті үшін баланы нағашысымен араластырады екен, ондай жұрағат бұл балаларда болмай тұр, ата қаны үшін өз жұртымен араластырады, бірге туған тағы жоқ. Ағайынның ортасында болайық. Алапай екеуіміз некемізді қырқынан кейін қидыруға уағдаласып едік, тәңір заңы оны қаламаған болар. Менің әу бастағы ниетімнің сыналғаны шығар, бұл. Кішкентайды еміздім, анасы болдым. Ал мына үшеуін бауырыма басайын. Осыларды пері тірліктен періштедей қорғауға Алладан медет сұрайын, сіздер бата беріңіздер!. – Тәмиза тоқтам сөзді өзі айтты. Үлкендердің терісі кеңіп, «Ісіңді Құдай түзесін!» деп бата беріп, тараса бастағанда Алапайдың қорадағы кәрі биесі құлындай алмай, шыжбыңдап, қораның бұрышынан жанына сая таппай, көзі аларып, танауы делдиіп, үркектей жиналғандардың жанына келіп байыз тапқандай болды.

– Мал  баласы туарында қызғаншақтығы ұстап оңашаланушы еді, мынау жәрдем тілеп тұрғандай ғой, – Сабата ақсақал жас жігіттерге қарады.

– Қол салып, суырып алмасақ, өзі құлындай алмайды, – мал жайын білетін жігіттер жеңдерін түре бастады. Тәмизаның жанары күреңнің көзімен түйісті. Атыздай боп бақырайып кеткен. Көз үстіндегі шұқыршықтар үңірейіп, ауыздық жырған ерін салпиған. Бір шөкім кекілі ұйысып, шатасып, селтиіп суалған жақ етінің сұрқын одан әрі қашырып тұр. Сыртқа шықпай тұрған құлын қарнын қампитып, құлағы жымиып, жанының қиналғаны сүйекке ілінген бос терінің дірілінен анық байқалады. Білеудей тамырлары адырайып кеткен.

«Аяқ артар жалғыз биесі өлсе, мен мыналарды қалай асыраймын?» Оңашада, тіршіліктен оқшау тұрып еткен сабырлылығың мен ғибадатың бөлекше екен де, өмірдің ақ пен қарасы қайшыласқан тұста мінез қалпын бір қалыпта ұстап тұру сынақтың сынағы екен.

– Құлынды тез суырмасақ, биенің күшенуге әлі қалмады, өліп бара жатыр, – деді, жігіттер.

– Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ. Осы сөзді айтқан жігіт күрсінді. Оның күрсінісімен бірге күрең тәлтіректеп барып гүрс етті. Құлынды суырып алып үлгерді. Әлсіз биенің құлыны әлсіз туды. Тәй-тәй басқан баладай тәлтіректеп, сәл тұрды да буын-буындары қалтырап, енесінің жансыз денесінің жанына жата кетті.

Сезімі жоқ, жүйкесі темірден жаратылған дегендердің өздері күйбеңдеп, екі иығы салбырап қайғы ұйысқан жерден тез-тез кетіп қалғылары келген. Бие пышаққа ілініп, терісі сыпырылып жатқанда әлсіз құлын әлсіз дыбыс шығарып кісінеді. Әуенінде жоқтау, жетім қалғысы келмей алабұртқан, қиналған сезім сезіліп тұрды. Құлағын баяу қайшылап, танауын делдитіп тағы кісінеді. Зарлы, мұңлы үн күңіреніп шықты. Түнерген аспан нөсерлетіп жіберді. Бетті жуған жаңбыр суы ма, көзден аққан жас па, айырып болмайды. Жүздері айғыздалған, өздері сүме-сүме болған жұрт Тәмиза мен төрт баланы үйлерінде қалдырып, күңіреніп тарасқан.

Өмірдің есігі енді ашылғандай. Жетім қалған еркек  құлын тез көтерілді. Еті тірі, алдыңғы аяқтары тіп-тік, артқылары – бота тірсек. Жотасы оқтаудай. «Мына тағдырдың күңнің артына күміс жылтыратып қоятыны-ай» деп мырс етті. Тәмиза жанына нені тиянақ, нені тірек етерін  білмей өзгеше күйге түсті. Айналаның бәрі ажырая қараған сынақ секілді. Уайымға салынсаң быжынаған ұсақ-түйек қайғының ортасында оратылып кете бересің. Жасымай, жабықпайын десең шынықтыратын, ширататын ой тауып, қол іліктіре алмады. Өзін өзі қиынға, ауырға салғанын енді түсінді.

Ауылдағы тірліктің де тоқтап тұрған кезі. Қол-аяғы балғадай адамның өзіне жұмыс тапшы. Егін еккендердің де, мал баққандардың да көсегесі көгеріп тұрғаны шамалы. Өздеріне тиесілі аздаған жеріне ауылдастары көптеп көмектеп арпа еккен. Бағасы көтерілгенде сатып, бала-шағаның шай-тұзын ажыратамыз деген. Сол пісіп-төгілейін деп тұрғанда жел соғып төгілді де қалды. Қалғанын әні-міне жинаймыз деп отырғанда ескі дауды өршіткен адамдар егінге от қойып жіберді. Күздің желімен қоса желіккен өрт лезде алқапты тып-типыл етіп, орнына қара күйеден дақ қалдырып, жойып жіберді. Ауылдағы қатын-қалаш, бала-шаға түгел жылаған.

– Адалдық адасты ғой. Өрт қойған өзіміздің Тәутайдың баласы екен ғой, – көрші апа ернін сылпың еткізіп жаңалықты айта қояйын деп Тәмизаның үйіне кірген.

– Рас па? Көзіңіз жетіп айтып тұрсыз ба? – Тәмиза ышқынып кетті.

– Ауыл жағасын ұстап, теңселіп кеткенде сен қалай естімедің?

Тәмизаның аузына сөз түспей, отырған жеріне сылқ ете түсті. Иешті сыйлайтын. Үйдің анау-мынау тірлігіне қолғабыс етіп, балалармен әңгімелесіп кететін. Ашыла сөйлескенде іші-бауыры елжіреп, оның күнде келіп тұруын қалайтын. Өзі де қылаң ұрып, оттай жайнап кететін. Қара көзі жарқырап, сыңғыр үні жүректі қозғайтын. Тәмиза іштей өзін басқа бір күштің жетегінде еріп бара жатқанын, өзін-өзі қалыпқа салудан жеңілгендігін, еріксіздігін сезетін. Жанын түршіктіретін бір тілектің оянып келе жатқанын аңғаратын. Мұндайда өзін-өзі жек көріп, безініп кетеді. Енді онымен сөйлеспеуге байлам жасайды. Медет бер, құтқар деп құдайға жалбарынып жүреді де, ол келеді-ау деген кезде жүрегі атқақтап, оны іздей бастайтын. Бір өзі бір үйде оңаша талай жыл ғұмыр кешкенде байлаулы жатқан ынсап енді Алапайдың отын жағамын дегенінде жүрек қаритын нәпсіге айналып, буынға түсіп, өрт жалынға айналуға шақ тұрған. «Бұл бұзылғандық емес, менің сезімім» деп Тәмиза өзін ақтап алуға дайын еді.  Иешті алаңдап, аласұрып, қолды-аяққа тұрмай іздейтін сәті туып еді. Енді қираған үйдей опырылып түсті. Күйген дәннің қоңырсыған, түтін мен ыс аралас ащылау иісі танауында тұрып алды. Биік кеуде пәсейіп, мүлде пәсейіп жермен жексен болып қалды. Жарқыраған, сыңғыр қаққан әдемі шақ жанайын деп тұрып сөнді де, «мен адам танымайды екенмін-ау» деген ой ыза мен торығуды оятып жіберді. Иеш енді мүлде көзіме көрінбесе екен тіледі.

– Тәте, табындағы құнанды үйретіп, қарағай тасиын деп едім, – үлкен ұл ересек болып қалғанын аңғартты. Жетім құлынды малға қосып жіберген. Өткен жолы өзі барып қарап келген. Қылшық жүні жылтылдап, қасына келген бұған алдымен үркектей қараған. Қант беріп еді, таңданғандай көзін кең ашып қарап, құйрығын шипаңдатып, танауын делдитіп, қарнын қампитты. Еркелеп тұрған кішкентай бала секілді. Ішінен нұқып еді, ол да қарап тұрмай түртіп кетті. Мінезі дыз етпе секілді. Ақылды, сезімтал, ойыңдағыны қимылыңнан тани қоятындығы аңғарылады. Жалына, кекіліне ошаған жабысыпты, алып тастайын деп еді басын шұлғып, текіректеп алғызбады.

– Сол құнаның бәйге аты болайын деп тұр-ау. Жұмысқа салып қанжілік қылып алмайсың ба?

– Қайта сіңірленіп, құлашын кеңге салатын болады. Ана Тұрсынбек ағаның текежәуміт тұлпар деп баптап отырған аты әбден күтімге үйреніп алыпты. Көкке апарып тұсаса құлап қалады екен. Алдына жемді күтімдеп қоймаса өздігінен оттай да алмайтын көрінеді, – бала ересектердің тұлпар деп мақтап жүргенін онша мақұлдамайтынын сездірді, әлде балалық қызғанышы оянды ма екен.

– Онда мен де тау жаққа сенімен бірге барып қарақат теріп келейін, – Тәмиза оңашалықты қалап тұрған жанына сая боларлықтай сәттің туғанына қуанып қалды.

Ана мен бала қия жолмен жаяулап келеді. Беткейге өрлеген сайын қалың шөп аяққа оралып, жүрістерін баяулата түседі. Әлдебір құстың тау тербете салған нәзік үні екеуін де терең ойға сүңгітіп жіберді.

– Адам шөп жарата ала ма? – Кисмет бала Тәмизаға оқыс сұрақ қойды.

– Жоқ, әрине. Ол табиғаттың ғана қолынан келеді. Бала үнсіз қалды. Біраздан кейін барып:

– О дүниеде тозақ оты болады дегенге сенесіз бе? – деді. Әкеден де, шешеден де айрылып ішқұса болып жүрген баланың ойына не келіп, не кетпейді. Тәмиза артық сөзбен оның жүрегін жаралағысы келмеді.

– Алла ісінің бәрі жағымды сипатта болады, – одан ары не айтарын тиянақтап алғысы келгендей, ойын осы жерден үзіп, ойланып қалды.

– Онда неге адамдар жағымсыз іс қылады? – Қисмет асыға сұрады, – Иеш ағай неге арпа алқабын өртеді? Неге? Өткен жолы ол кісі ауылдағы су құбырының көзіне тас бітеген адамның өлгенде тозақ отына қалай шыжғырылатынын айтып берген. Оның терісі жанған сайын азапты ауырлату үшін басқа терімен ауыстырып, ішек-қарынын ірітетін сасық су ішетінін білгенде, зәрем ұшқан. Содан мамам мен папамды сұрағам. Олар пендеге қылдай қиянаты жоқ, пейіштің саялы бау-бақшасында жүреді деді.

Иеш аға мынадай әңгіме де айтып берген; баяғыда тақуа бір жігіт оңаша өмір  сүріпті, жүрегін Алланың мекеніне айналдырғысы келіп, тазалық арқылы жаратқанның махаббатын аңсапты. Күндердің күнінде оны бір сұлу қыз іздеп келіп, қосылғысы келіп түрлі әрекеттер істейді. Жігіттің бойында да оған деген құштарлық оянады. Төзімі таусылып бара жатқанда май шам жағып, саусағын соның отына қақтайды. Саусағы күйіп, отқа  етінің майы тамшылай бастайды. Сол кезде таң да атып, сұлу бикеш те түк шығара алмай аттанып кетеді. Бір саусағының күйгенін көтере алмай жігіт едәуір  азаптанады. Бүкіл денең отқа шыжғырылатын тозақ отының қалай болатынын осыдан байқай бер, – деген.

– Әңгімесі жақсы-ақ екен. Бірақ істері айтқанына кереғар шығыпты ғой, – Тәмиза күрсінісін ішіне жұтып қойды.

– Жүрегіне шайтан кіріп кеткен ғой, – Қисмет үлкендерше салмақты жауап берді де:

– Ал шайтан қайдан келеді? – деп сұрады.

– Ол да періштелердің бірі, құдайдың сүйіктісі болған. Такаппарлығынан, кесірлігінен жаннат бақшаларынан қуылған, – деп түсіндірмекші болып әңгіме бастай берген.

Кенеттен екеуі де көз жетер жерден аспанға көтерілген шар іспеттес аралар шоғырын көрді. Жау тигендей ызалы екендері ызыңдарынан байқалады. Бұл тұста бал арасын ұстайтындар жоқ. Жұмысшы аралар қайдан көшіп жүр? Ұяларына біреулер тиді ма екен? Шабындықта жүргендер қарбалас, бір тұсқа шоғырланып, үйіріле қалыпты. Тәмиза мен Қисмет келгенде бетінің адам қарар жері жоқ Иеш жерде жатқан. Тамырын ұстап, дем алысын байқап көргендер жүрегінің тоқтап қалғанын айтты. Бүкіл денесін қара дақ қаптап кетіпті. Ауылдағылардың ара шаққаннан адамның өлгенін көріп тұрғандары осы. Қан тамырлары жарылып кеткен десті.  Табиғаттағы жәндіктер адамдар арасындағы саясатты, қарым-қатынасты білмейді дейді, білмесе топ адамның ішінен Иешке неге өшікті? Ара үйірі қайдан келді? Ауылдастардың «Құдайдан жетсін!» деп қолда өскен баланың бетіне түкірмей, сотқа бермей қиянатының жазасын Жаратқанға салып қойғанынан ба екен? Әйтеуір құпия дүние...

Жиналғандардың бойында күнәдан қорқу сезімі тұтанды, бойларында адамгершіліктің мол ұшқыны оянды. Иештің өлімі Тәмизаның рух сандығын да тазалап өтті.

Асау құнан бұл жолы қарағай тасудан құтылып, Шалкөдеде өтетін шопандар тойының бәйгесіне бапталатын болды. Қисметтің тақымы мықты, жүректі екен. Үстіне қарғып мінгенінде құла құнан теңселіп барып аспанға шапшыды. Өткен жолғы еркелігі адуын мінезге айналыпты. Көзіне арам қан толып, мөңкігенде Қисмет жалына жабысып аман қалды. «Балшықты жерге тарт, балшықты жерге тарт» деп үлкендер тақым қысысты. «О, азамат, әкесіне тартыпты» деп гуілдесті. Асау ауыздығын шайнап, езуін қан-жоса етті. Қисметтің енді оған жаны ашыды. Тізгінді сәл босатып еді жата қалып жерге аунады. Содан кейін тұқырта ұстап тұрып, үстіне ер салып шап айылды мықтап тартты. Құла құнан бұл жолы ауыздығын екпінсіз шайнады. Тізгіннің әміріне мойынсұнып қалғандай. Тұғыры ұзын, шоқтығы биік аттың үстіндегі Қисметтің де көңілі өсіп, бәйгеге дәл қазір кіріп кетердей қызуланып тұр. Кішкене көзін сығырайта атқа ұзақ қараған Сабата ақсақал:

– Жүйріктің бағасы тұлпарлармен жарыста белгілі болады. Ноқта салмай, желіге де байланбай еркін жетілген мал ғой. Желдіртіп, аяңдатып, сіңірінің бекуіне, тынысының кеңуіне бап жаса, – деді де сіңірлі қолымен аттың аузын ашып тісін қарады, – күрек тіс пен азу тіс арасындағы кетік алшақ екен, күтсең еңбегіңді ақтайды. Етін көтеріп, қоңдандырып ал да, бәйгеңе қатыса бер, осы өңірдің алдыңғысы болып  тұмсық тірейтініне мен кәміл, – деді.

– Бағың жансын, Аттың желігі болады, содан сақтан!  – Атбегі ақсақал Қисметке бауырмал көңілмен шын жанашырлығын байқатты. Құла құнанды үйге әкелгенде кешегі жетім құлын дегенге ешкім сенбес еді. Қылшық жүні жылтылдап, ойнақтап, жетекшіл мінезіне салып, есік алдында күркіреп ағып жатқан өзенге пысқырына қарап, ағысты өрлей барып су ішіп, кең кеудесін әсем қозғап, артқы аяғына кезек-кезек салмақ салып, тұяғының ұшын тіреп алабөтен текті екеніне назар аудартты. Қисметтің сөзімен айтқанда енді «жүрегіне шайтан кірмесе болды».

Бәйге түстік жерге белгіленді. Айналма жолдар қатарласып келе жатқандарды бүркеп, алды-артын аңғартпайды. Ат оздырту үшін барыңды саласың, бірақ шабандоздың айғайлап, қиқулауына болмайды. Қисмет тәртіпке мұққадәм. Құла қамшы салдырмай келеді. Қос өкпеден тебіну де артық. Тұяқтың дүбірі дыз етпе мінезін оятып, құлашын кеңге сермеді. Шай қайнатым уақытта көмбе де көрініп қалады. Алдына түскен ешкім жоқ-ау. Құлан құйрық, ұзын мойын құла құнан Қисметтің үнсіз әмірін қалт жібермей құйындай ұшуда. Мал баласы осындай сезімтал болады дегенге біреу айтса сенбес еді. Тебінгі ақ көбіктеніп, танадай жарқыраған көзін тұзды тер жауып, оны таза шүберекпен жалға жабыса жата қалып сүртіп алып отырды. Осы сәт айналма бұрыштағы жолдан құлынды бие кісінеп қоя берді. Әуенінен ынтызарлық, құмарлық анық аңғарылады. Құла оқыранып барып, басын дауыс шыққан жаққа бұрып жүрісін баяулатты, оқыранды. Үстіндегі иесін ұмытқандай жұлқынды. Танауын делдитіп құшарланды. Қисметтің тебінгенін керек қылмады. Құлағын қайшылап, тұла бойын құмарлық билеп арқырай кісінеді. Қисметтің жанынан арттағы бәйге аттары бірінен кейін бірі зуылдап өтіп жатты, өтіп жатты. Құлынды бие көңілінің алабұртқанын, сезімінің толқығанын нәзік дауыспен күмбірлей кісінеп жеткізді. Құла танауын желге тосты. Кең кеудесі дірілдеп, шабысынан адасты. Қисмет ызалықтан сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Тұла бойының дірілі су сепкендей басылды. Өзінің озу үшін бәйгеге қатысқаны енді есіне түскендей ышқынды. Нәпсінің ең залымына, ең күштісіне жолыққанына ыза болып, зәрін шашар айдаһардай дүбірлетті. Көмбеге үшінші болып тұмсық іліктірді. Қисмет ер үстінен жерге етбетінен домалай кетіп, жұдырығын түйіп, тісін шықырлата ызадан булықты.

– Жетпіс аттың ішінен үшіншіге іліккеніңе неге риза емессің? – дуылдасқан жұрт Қисметтің мына қылығын неге жорырын білмей дал.

– Құнаныңның құмарын қандырмай  балалық істедің, – деп бір қаба сақал арсыздана күліп еді, жанында тұрғандар дарақыланып кетті. Бәйгеге Қисметпен бірге келген Сабата ақсақал орынсыз күлкіні  тиып тастады.

– Үйге барған соң мен оның тұяғын отқа қақтаймын, – Қисмет ашуын тия алмай өрекпуде.

– Астапыралла, бірінші келмедің деп малдың жанын қинағанын кімнен көріп едің?- Сабата ақсақал мына баланың қатыгезін-ай деп ойлап үлгергенше:

– Сонда тозақ отынан қорқып, жамандыққа бармайды, – дегенді қосып қойды.

– Жолда бір құлынды биемен кісінесіп тұрып алды, – деді атасына мұң шаққан баладай мұңайып,

– Бәйге жолында бөтен бие қайдан жүр? – Ақсақал қиянат болғанын, жас баланың жаны соған күйіп тұрғанын енді түсінді. Қолынан келер айла жоқ. Осылай болған, болады, бола береді. Түзетілмейді.

– Нәпсі тілегі адамды да, малды да айуандандырап жібереді-ау, – деп күбірледі. Қисмет ыза болғаны болмаса ол не тілек екенін түсінбеген.

  • Біз мұны тұқымы жақсы, тегі асыл деп күтіп-баптап жүрсек нәсілі белгісіздерден де қалып қойды ғой, деп ызаланған.

Таң тез атып, кеш тез батып өмір алға жылдам жылжыды. Құла құнанында да, дөненінде де бәйгенің алдын бермеді. Ешкімге қиянаты тимей өмір сүріп жатқан отбасының тасы өрге домалап, жұрт аузына іліккен. Тәмиза тіршілігіне де, өзіне де риза. Балаларының ақ шатырдай етіп жуған кірін жайып тұрып: «Мен болмасам осы балалар осылай ер жетер ма еді» деп ойлап үлгергенінше жол бойындағы топырақ пен тасты араластыра дөңгелете көтеріп, екпіндей зуылдаған құйын Қисметтің ақ жейдесін іліп алып, бұлтқа сорылып кете барды. Іле-шала тағы құйын тұрды. Сонша киімнің ішінен Қисметтің тағы бір киімін бауырына басып, жылжыған бөшкеге ұқсап көзден лезде ғайып болды. Мұның: «таздың үйіне бар, таздың үйіне бар!» дегенін тыңдамады да. Тәмизаның денесі тітіркенді, ішіне бір қорқыныш кірді.

Жоқты қудырған уақыт көп қызыққа алдаусыратып, іле-шала мұны ұмыттырып жіберді.

Астанада тұратын Қисмет үйленемін деп хабар айтыпты. Тәмиза ала шапқын болып дайындалды. Салт-дәстүрден жеңілмейін деп барын салды. Іле-шала «қыз зорлап сотталайын деп жатыр екен» деген хабар келді. Сенбегенімен шын болып шықты. Жан ауыртар ащы өкініштен Тәмиза бір уыс болып қалды. Қисметтің тәні тәрбиелі, мінезі орнықты еді, жанына жаманшылықтың күйесін қашан түсірді екен? Пейілі бұзылып, кердеңдікке салынбаған бала, көре келе, жүре келе өзгерді ме? Ләззатқа елікті деп құнанның тұяғын отқа қақтамақшы болып еді, өзі саусағын ұстар майшамның отын таба алмай қалғаны несі?!

Тәмиза құла байлаулы қораға кірді. Бәйге аты быламықпен күн көріп отыр. Үлкен басын мойны әзер көтеріп, арбиған арық денедегі ырсиған қабырға келдің-кеттің, толдың-семдің деген осы дегенді аңғартады. Екі тірсегі мен құйрығы сауыс-сауыс. Тізесіне шор байланыпты. Буын сүйектері бұлтылдап, тұяқтары бұзылып бар сынынан айырылыпты.  Тәмиза өзіне көз жүгіртті. Бойындағы мол сәуленің қуаты азайып, көмескіленіпті. Аяулы шақ алыстан мұнартады. Жанында ыза мен торығудан өзге ешнәрсе қалмағандай. Талқы-тағдыр бағын аудырып, маңдайын тайқыландыратын жол айрығына тіреліпті.

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған