Просмотров: 293 | Опубликовано: 2019-09-17 09:49:50

Таразы өмір. 2 бөлім

Жалғасы. Басы алдыңғы бөлімде. 

Екінші бөлім

Демалыстан кейін қалаға келген Жанар бәрін ұмытуға болады деп шешті. «Оқуды жалғастыруым керек. Мен жақындарыма керекпін. Қамығып жүргенімді көрсе уайымдайды. Барлығын ұмытамын. Көрсетемін әлі өзімді. Биікке, үлкен биікке көтерілемін. Үйдегілер менімен мақтана алатын болады. Тек ауыл емес, бүкіл ел маған таңқалатын болады. Барлығы сыртымнан қызығып, бір ауыз ілтипатымды өздеріне бақыт санайтын болады».

Өзін бірде жұбатып, бірде қайрағанымен жүрек жарасы сыздауын оңайлықпен қоймады. Тек көктем келіп, табиғат қайта жаңарғанда ғана бас көтеріп сергіп қайтуға беті қарады.

Сыртқа шыққан Жанардың шешімін қолдағандай күннің көзі жер бетіндегі адамдарға жылы шуағын шашып тұр екен. Жылы жаңбырдан кейінгі дала қандай керемет. Алдында автобусқа мініп, кітапханаға барып қалып кеткен тақырыптарын қайталамақ болған. Күннің тамаша райын көріп, жаяу жүргісі келді. Жатақханадан бес шақырымдай жерде саябақ бар. Ол жер тіпті керемет болып тұрған шығар деп, сонда бармақ болды. Көктемнің жайма шуақ күнін тамашалағысы келген адамдар парк ішінде жеткілікті. Бос орын жоқ. Самал лебімен көтерілген шаңы басылған қара топырақтың иісі аралас жұпар ауаны құмарлана жұтып, жан-жағындағы әжептәуір бой көтеріп қалған балауса шөптер бала кездегі жалаң аяқ жүгірген алаңқай жазықтықты есіне түсіртіп, қызығып келеді. Тіпті кәрі ағаштардың өзі бүршіктенген жапырақтарының ашық жасыл түсімен нәзік көрінеді. Өмірге қайта жасарып келгендей. Олардан басқа құшағы жайқалған гүлдеріне лықа толған жеміс ағаштары берекелі анадай ажарымен саябақтың ішін жайнатып тұр. Көзін табиғаттың балғын сұлулығынан алмаған Жанардың құлағына әсем әннің әуені шалынды.

Той үстінде тәтті күндер,

Тәтті күндер.

Жас жұбайлар шат күліңдер,

Шат күліңдер, -  деп әндеткен қуанышты топты енді байқады.

Орнында тұрып қалды. Әнді естіп тұра бергісі келді. «Не деген керемет ән. Қандай бақытты жандар. Тек маған неге осындай бақыт бұйырмады екен. Ешкімді жақсы көрмейтін боламын. Тұрмыс құрмаймын. Маған арнап ешқашан бұл әнді айтпайды». Орнында тұрып қалған Жанардың шаттық өмірге аяқ басқан жастарға қимастықпен қараған көзінен мөлтілдеген жас бірін бірі қуалай ақты.

Гүлімді туған күнімен құттықтап келген қыздар есіктен қолдарында гүлдері бар сау ете қалған жігіттерді көріп, оларды төрге шығарып, өздері орындарынан тұрып кетті. «Жоқ, жоқ, отырыңдар» деп шуласқан қонақтар ұзақ отырдық деген сөздеріне «көңіл сыйған жерге бәрі де сияды» деп қарсы уәждерін келтіріп, жатақхананың аядай бөлмесі жастарға толды. Ебін тауып шығып кетпек болған Жанарды жігіттердің ішіндегі өттілеуі жетектеп барып, төрдегі керуетке болмай отырғызды. Ұзаққа созылған отырыста уақыты зая кетіп жатқанына қынжылған Жанар өтімді шымшымалары көкейінде тұрғанымен, шала таныс жандардың әзіл-қалжыңына атсалыспай енжар отырды.  Тек келген жігіттердің бірі домбыра алдыртып, қоңыр даусымен әндете бастағанда ғана шырайлы өңі жылып, бойын баурап алған ән иесіне ықыласты көз тастады. Құлақтың құрышын қандыра шырқаған жез таңдай әншінің есімі Әсет болып шықты. Домалақ жүзді, қара торы келген жайдары мінезді жігіт ән-күйді нәшін келтіре орындауымен жүрекке жеткізе білетін жандардан екен. Домбырада ойнауы шебер. Салалы, епті саусақтар қос ішектің емес, жүректің қылын шерткендей аспабынан күмбірлеп шыққан тәтті әуез тыңдаған құлақты елітіп, тамырыңды иіріп әкетіп барады. Ғажайып үн жан-сарайыңдағы құлыптарды бірінен соң бірін ашып, түкпіріндегі сезімдерді оятып, жүрегіңде бұйығып жатқан жаныңды бесік тербеген анадай аялап, іші-бауырыңды елжіретіп жібереді.

О, құдырет! Сананың саясына зерделікпен қатар, сезімді қабылдауды өрістеткен екенсің.

Музыканың өзі-ақ сан алуан сезімдерге бөлеп, адамзатты жетілуге итермелейтін терең толғаныстарды тудырады. Аяныш, сағыныш көңіліңді тебірентіп көзіңе жас ұялатса, таңданыс, құштарлық тәнтілік тудырады. Биік өнер әсемдікке, ізгілікке талпындырады.

Әрине сезімнің бәрі шаттыққа бөлейді деу қателік. Өмірді гүлдендіретін махаббаттың жанында асқақ сезімді алауына күйдіріп, түтініне тұншықтыратын қызғаныштың қызыл түлкісі жүретіні сияқты, жасампаз тебіреністермен қатар талқандаушы сезімдер де адамдардың меншігінде. Әлемде қосарланып жүретін күштер бір-біріне кедергі келтіріп, қарсы тұрғанымен жалпы тепе-теңдікті сақтайтын шығар. Әлде қадірін ұғындырып, бағалау білу үшін қажет пе? Ғаламат сезім мен қиратушы күш өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз жолында кезек басымдылыққа ие. Дегенмен адам жаны жасампаздық пәрменділікке иегер сезімдерге құштар. Шығармашылық өнер көңілді сан түрлі күйге түсіріп қоймай, адам жанының нәзік қылын сезінудің бір амалы. Жібектей жұмсақ лириканың тежеусіз күші бір кездері тас-меңіреу өлім патшасының шексіз билеушісі Аидтің өзін бағындырған деп ежелгі грек аңызы ән құдыретіне өзіндік баға береді.

Тербетілген ырғақты саз ұшы-қиырсыз кең даланы, жазиралы көк майсаны, сарқырай аққан сары өзенді елестетіп туған жеріңе ыстық сезімді тудырса, енді бірде арындаған асқақ әуен бойыңдағы қанды қамшылай қуалап, жүрегіңді атша шаптырып, делебеңді қоздырып әкетуде. Жалындаған жастық қайсарлыққа жол сілтеп, қайрат-жігеріңді еселейді. Буырқанған жүрек ерліксіз өмір бос деп өшпес із қалдыруға жетелейді.

Өнер иесіне тамсана қарап отырған Жанар нағыз қазақ жігіттері осындай болу керек қой деп ойлады. «Ата-бабаларымыз осылай ән-күй тартып, ат құлағында шауып, кең далада өмір сүрген ғой. Қазір сол баяғы заман болса. Аппақ киіз үйдің алдында кең дастархан жайылып тұр. Ұлттық нақышта киінген адамдар дастархан басында көңілді отыр. Орталарында домбырасының даусы күмбірлеген жыршы-термешілер өнерлерімен сайысуда. Төрдегі ақсақалдар бәрекелді деп риза болып, жастыққа қисайып отыр. Майраш екеуміз ошақ басында көк түтінмен алысып иісі бұрқыраған бауырсақ пісіріп жүрміз. Үйден ақ кимешек киген апам шығып, маған күлімсіреп қарап қояды. Басымда ақ орамал. Жолдасым Әсет болса батыр. Үстінде сауыты бар,  таудың етегінен күрең атпен шауып келеді. Апам қымыз апарып бер дейді». Әнге елтіп, қиялдап кеткен Жанар өзіне қадалған көзқарасты кеш байқағанында ойымды оқып қойған жоқ па дегендей селк етіп, қызарып кетті.

Білетін әндеріне қосылып көңілдері көтерілген топ жатақхананың тәртібі бойынша рұқсат етілген мерзім таяғанда жайдарлы кешті қимай қоштасты. Кетерінде көз алмай ынтасымен тыңдап отырған Жанарға қараған Әсет:

  • Таныстықты жалғастырмаймыз ба? Еруліге қарулы деген. Қыздарды күтпейміз бе?, - деп ұсыныс тастады. Сөз астарын басқаша түсінген пысықай жертесерлеуі:
  • Дұрыс айтасың, жақсы отырыстың қарымтасын қайтару үшін кафеге барайық, - деп табыла кеткен сылтауға жармаса кетті. «Жоқ, бүгін кеш болды, онсыз да ұзақ отырдық, ертең сабақ» деп шу ете қалған қыздарға досының ағаттығын жуып-шаймақ ниетте Әсет:
  • Артық көзден алыстап, қыздарға жақындайын десем не деп кеттің. Қол ұстасып, сырласқанша не жетсін. Киноға қыздар қалай қарайды екен, - деп Жанарға тастаған көзқарасы сұңғыла қыздарға көп нәрсені аңғартқандай болды. Үндемей, төмен қараған курстасының сырынан хабардар етпек болған Фарида:
  • Ойың Жанарда болса, жолың болмады. Жанар киноны да, отырысты да ұнатпайды, - деп зыпылдай жөнелді. «Осы Фариданың жағаласпайтын жері жоқ. Неге біреу үшін жауап береді» деп жаратпаған Жанар көршілес тұратын, а дегенде аузы көрінетін аңқылдақ қыздың бетін қайтару ниеті жігітке өзі жабысқандай көрініп, қарсылық білдіруіне намысы жібермеді. Іштей біреуді кінәлап тұрғанымен өзінің үнсіз қалғандығы – айтылған сөздің сырт көзге дәлелділігін растап тұрғанын аңғармады.

Артынан қанша рет осындай жағдайды басынан кешіп, тартымды көрінген бозбалалармен жақынырақ танысқанда тұрған не бар деп шешкенімен, жеме-жемге келгенде тырысып, бірде дөрекілік, бірде ынжықтық тартып қалатынына бір сәт өкініп қалғанымен, артынша сайып келгенде жағдайдың өзі үшін жөнді аяқталғанына сенімді болатын.

 

“Қарындас, қарындас!” деген дауысқа жалт бұрылған Жанар танымайтын ақсары, орта бойдан сәл жоғарырақ, толқынды қоңыр шашты, сымбатты жігітке байсалды көз тастап, асығып тұрған адамды жолынан бөгегендей жүз таныта қарады.

  • Кешіріңіз, Абай атындағы кітапхананың қайда екенін айтып жібере аласыз ба?
  • Алыс емес. Екі көшеден кейін. Аз-маз кідірген Жанар - Мен сол жаққа бара жатырмын, – деп сәл салқындау үнмен сөзін жалғастырды.
  • Рахмет. Жақсы болды ғой. Жаяу бара қояйын деген едім. Адасып жүрмін.

Әрі қарай үндемей қадамын тез басып бара жатқан қызға ризашылығын білдіргісі келген жігіт те жүрісін жылдамдатты. Қатарласып сөзге тартпақ болып, көз салып еді, қыз басын бұрмастан, ыңғай білдірмеді. Керісінше иегін көтеріп алып, түсін суытқандай көрінді. Салмақты-ау шамасы деп жобалаған сабазға, өзін жүректілердің қатарына жатқызғанымен, тұрпаты ұстамды бикештің артынан үнсіз ілескеннен басқа амалы болмады. Кітапханаға қатар жетті. Расында алыс емес екен. Ғимараттың алдына жақындағанда қыз “келдік дегендей” бір бұрылып қарады да, аяғын тез басып баспалдақтан жеңіл көтеріліп, ішке кіріп кетті. Бірнеше кітапханадан жолы болмай келе жатқан Сәрсеннің керек кітабы табылғанымен, қазір қолда екенін айтқанда, қайда барарын білмей кідіріп қалды.

  • Абоненттік залда болу керек,  - деген кітапханашының сөзіне қуанып кетті.
  • Жолым болды ғой, - деп көңілі көтерілген жігіт табан тоздырып іздеген шетел басылымының аудармасын қолына ұстап, бағанағы келісті қыз бар ма деп, кітапхана ішіне көз жүгіртті.

“Анау терезе жақта отырған сол болу керек» деп сонда беталды. Расында әлгі қыз екен. Алдында бірнеше кітабы бар. Дәптеріне оқулықтан керек жерін сыпыра көшіріп отырған сияқты. Сәрсен оның қасындағы үстелдің біріне жайғаса кетті. Өзімен не дәптер, не қалам әкелмеген еді. Жарайды, керек болған кезде көрермін деп шешіп, сарсылып тапқан шығарманы оқуға кірісті. Жарты сағаттай кейін мойны талып, әрі-бері қарағанында қыздың әлі жазып отырғанын байқады. «Бұғағы қандай әдемі. Бет-әлпеті нәзік, сүп-сүйкімді екен. Ана үлпілдеген балапан шаштар жұмсақ шығар. Жан-жағына қарамайды, асығыс па, басын кітаптан алмайды. Конспект жазып отырған болу керек» деп түйді. Талып кеткен көзі демалғандай болғанда бұл да кітабына қайта шұқшиды. Тек алдында отырған студенттер орнынан дабырласып орнынан жиналғанда ғана басын көтерді. Шұрылдаған асқазан уақыттың біршама болғанынан хабардар еткендей. Таңғы аста шала-ғұрпы құр шәймен шыға салған еді.

«Мына кітапты бүгін оқып бітіре алмайды екенмін. Тағы келу керек болды ғой. Мына деректерді жазып алғанда болар еді. Әлгі қыздан қалам сұрасам, тиісіп отыр деп шамданбас па екен? Бейтаныс адамға қоқиланып қарайды екен өзі. Жарайды, байқап көрейін» деп шешті.

  • Кешіріңіз, Сізде артық қалам жоқ па?, - деп сұрады. Басын көтерген Жанар үндеместен сөмкесінен бір қаламды алып берді.
  • Мүмкін болса, бір қағаз болса.

Дәптерінің ортасынан екі парақты үзіп алып, бұған ұсынған қыз “рахмет” айтқан бұған басын сәл игені болмаса, тіс жара қоймады. Басын тұқшырайтып алған қыздың қаламы сергек қимылмен әрі қарай шиырлана жөнелді. Қажет жерлерін параққа түртіп отырған бұл, әлден кейін қыздың жиналып жатқанын байқады. Қаламын қайтарып бермек болып ұсынып еді, “әлі керек болса, өзіңізге қалдыра беріңіз” деп кітаптарын құшақтап алған қыз пыр-пыр ете ұша жөнелген бөденедей көзді ашып-жұмғанша жалт бұрылып, сусылдай жөнелді. Сәрсенге рахмет деп айтудан басқа қалмады. Қыз шығып кеткесін, орнынан ұшып тұрып, кітапханашыға беттеді. “Кешіріңіз, жаңағы қыздың атын айтып жіберіңізші” деп өтінді. “Қызық екенсіз, оны өзінен сұрамадыңыз ба?, - деп жауап жатқан жас келіншек, өзінің дөрекілеу сөзінен қысылды ма, үнсіз қалған жігітке алдында жатқан карточкаға қарап “Аты Жанар, мединститутта оқиды” деді. Қуанып кеткен Сәрсен қай курста оқиды екен деп сұрағысы келсе де, ішінен – осыған да рахмет – деп алғысын жаудырып, орнына қайтты.

Сенбі күні медициналық оқу орталығының алдындағы жасыл желегі қысы-жазы жайқалып тұратын қылқанды қарағайды сағалап тұрған Сәрсен өзін парад қабылдап тұрған жандай сезінді. Алуан түсті қызғалдақтай қыздардың арасында бірен-саран қара-көк үлкенді-кішілі теректей жігіттер кездесіп қалады. Мынадай гуілдеген шоғыр арасында іздегенімді байқамай өткізіп алған жоқпын ба деген уайымы да негізсіз емес. «Жоқ, анау үш қызбен қатар келе жатқан сол болу керек».

Әй, танысып-біліспеген қыз танымаймын, әрі жүріңізші десе не демекпін деген қайдағы бір ой тұтқиылдан сап ете түсіп, қобалжығанынан әдейілеп дайындаған әзілі қапелімде аузына түсе қоймаса да жіберіп алуға қорыққан ол “Жанар!” деп қыздардың қасына жақындады. Таңырқай қадала қараған қыздардың көзқарастары да абыржытып жіберді. Аузына түскені “Кешіріңіз, міне қаламыңыз өзіңізді іздеп келді” болды. Алғашында түсінбей  қасын керген Жанар артынан танығандай кірпіктерін қағып, жымиған жүзімен қаламды алып, “рахмет” деп, құрбыларын жетектеген күйі кідірместен зырылдай жөнелді. Сәрсен қыздардың алдында өзін  бос өкпе, жеңілтек жандай ұстағанына арланып кетті. «Не деген ақылсыз едім. Ұсақшыл деп ойлап қалатын болды ғой. Аузымнан сөзім, қойнымнан бөзім түскендей сонша ынжықтана қалғаным несі» деп өкінді. Өзін жігерлендіргенімен арттарынан қуып жетуге бата алмады. Өзіне ұнап қалған қызбен танысуы үшін басқаша әдісті қолдану керек екенін ұқты.

Келесі жолы барғанда Жанардың құрбысы деп шырамытқан қыздың артынан ілесті. Қуып жетіп, “Кешіріңіз, қарындас Сізбен танысуға болады ма?, - деп ойнақылана тіл қатты.

  • Мені танымаған шығарсыз. Өткенде құрбыңызға қаламын қайтарып беру үшін келген едім, - деп есіне салды.
  • А-а, Сіз бе?, – деген қыз бұған қызығушылықпен көз тастап, - Бірдеңе сұрайын деп пе едіңіз? - деді.
  • Жанармен танысқым келген еді. Ешбір реті келер емес. Құрбыңыз асау тайдай қасына адам жақындатпайтын сияқты, - деп қыздың жылы-шырайын байқаған Сәрсен әзілдей сөйледі.
  • Иә, Жанардың мінезі сондай. Бірақ жақсы қыз.

Сәрсеннің бұл тактикасы дұрыс болған сияқты. Жанардың әлі күнге дейін ешкіммен достаспағанын табиғы ұяңдығына балаған құрбысы “жаман жігіт емес сияқты, көңілі кеткен болса, таныстыруда тұрған өрескелдік жоқ” деп шешті.

Өзінің “бөлесінің досы” болып шыға келген Сәрсен көп уақыт өтпей бұлардың ортақ басқосуында арнайы шақыртылған қонақ болып отырды. Алайда Гүлімнің екеуін табыстырмақ болған белсенді әрекеті жемісті бола қоймады. Көңіл білдірушінің ниетіне ынтықтық танытпаған ықылассыз қыз түрлі сылтаумен серуеннен де, кинотеатрдан да бас тартып, шықпай қойды.

Сәрсен алған бетінен қайта қоятын жандарға жатпайтын. Керісінше, өздері жармақтайтын қыздарды жаратпайтын. Қыздың қашқақтағаны көңілін түсіргенімен, үмітін үзбеді. Барлығы уақыттың еншісінде деп шешті.  Есесіне Жанардың құрбыларына табандылығы ұнаған болу керек, өз адамындай жақын араласып кетті.

Жексенбі күні Жанармен бірге тұратын Айсұлуға тауып беруге уәде еткен ноталар жинағын әкелгенде қыздарды бөлмелерінен таппай қалды. Көршілес қыздардан олардың таңертең ертелеп тауға кеткенін біліп, амалсыздан жинақпен бірге әкелген қораптағы кәмпитін алып қалуларын өтінді. «Кешке туған күнге барамыз, келіп үлгермесе, кітапты ертең берерміз, ал кәмпитке уәде бере алмаймыз» деп әзілдеген қыздар нота мен тәттіні алып қалды. Тауға баратындарын айтпағанына көңілі түсіп кеткен Сәрсен олардың бөлмесінің тұсынан өтіп бара жатып, есікті дүрсілдете қағып тұрған сүр күртелі, қолында ұзын дорбасы бар қызды көріп:

  • Олар тауға кетіпті. Ешқайсысы жоқ, - деп хабардар етті.
  • Қап, Жанарға келген едім. Қашан келер екен?
  • Білмедім. Жай ма еді?
  • Анасы ауырып қалыпты. Көкем Жанарға хабар беруді өтінген еді. Не істесем екен? Жазып, есікке қалдырып кетсем қайтед? Көретін шығар.
  • Қатты ауырып қалып па?
  • Білмедім. Соншалықты қауіпті емес те шығар. Бірақ қыздары келгені дұрыс болар дейді ғой.
  • Мен ендеше оларды күте тұрайын. Хатты алса қорқып кетер, ауызша айтқан дұрыс болар.
  • Жақсы болар еді. Айтамын да шығамын ғой деп ойлағам. Асығыс едім өзім де. Ендеше қайта берем. Сізге рахмет.

Жанардың жағдайына алаңдаған Сәрсен қыздарды ауладағы орындықта отырып күтпекті ұйғарды. Бір жерге барып келейін деп тұрғанымда келіп, кетіп қалып жүрсе деп, алысқа ұзай алмады. Қыздар кешке бірақ оралды. Анасының жағдайын естіген Жанар сол күні таксимен бірден жолға шығып кетті. Құрбылары оқытушыларды ескертуді өз мойындарына алып қалды.

Жанар оқуға келесі аптада анасының жағдайы тәуір болғасын қайтты. Әпкесі жұмысынан демалыс алған екен, бұны “оқуыңнан қалма, өзім қараймын” деп шығарып салды.

Келгесін Сәрсеннің жарты күн бойы өзін ескертуі үшін жатақхананың алдында сарылып отырғанын қыздардан бірақ білді. Оған сол күні алғыс айтпақ түгелі, жөнді сөйлескені де есінде жоқ. Ыңғайсызданып, демалыс күндері қалыптасқан әдеті бойынша Сәрсеннің апта соңында бір келіп кетуін күтті. Сенбі күні бөлме ішін жинастырып, шәй ішетін кішкентай үстелдің үстіне ауылдан алып келген ірімшік, құрт, кәмпиттерін шығарып, шәй құятын кеселердің ішін жарқырата сүртіп, дастархан бетін ақ дәкемен жауып қойды. Қыздар да қу ғой, әрқайсысы сылтауратып шәй ішуден бас тартып, тығыз шаруаларымен тарасып кетті.

«Неге сонша уақыт мені күтті екен. Шынымен жақсы көріп қалғаны ма? Еш көңіл аудармасам да ұнатқан болды ғой сонда» деп іші жылып қалды.

«Адамдар өз жарларын қалай таңдайды екен. Өз тобымда да, құрбыларымның достарының арасында да көңіл білдіргісі келгендер болды. Бірақ, қайсысы сенің тағдырың екенін қалай ажыратасың? Неге жігітпен кездеспейсің дейді. Қалай кездесем, егер жақсы көрмесем. Бекер үміттендіріп қоятын сияқтымын. Жақсы көру үшін оны жақсы білуің керек. Кездеспесең қандай адам екенін білмейсің. Ал, жарайды кездесейін, ұнамаса ше? Кешір, сенімен біраз кездестім, бірақ ұната алмадым дейсің бе? Адамның сезімін жаралаған да дұрыс емес қой. Сонда адамдар өз бақытын қалай табады? Бір көргеннен, бірін-бірі білмей жатып қалай жақсы көріп қалады? Неге бір адам саған басқа жанның барлығынан артық көрінеді? Жігерді не үшін жақсы көретінімді де білмеймін. Қазір оны ойлауды да ұмытып кетіппін. Сонда ол махаббат болмағаны ма? Шын жақсы көрсем, қалайша ұмыта аламын. Жжо-о-оқ, әрине ұмыта қойған жоқпын. Қанша ойламаймын десем де, әлі көз алдымнан кетпейді. Тек жүрегімді ауыртады. Мені жақсы көрмейді деп ойласам ғана, намыстанып, оны ойламауға тырысамын. Ал, Сәрсен ше? Сондай ақкөңілді, мінезі де жақсы, адамгершілігі де жоғары сияқты. Оны жақсы көрмегендіктен, оған басынан әділ болғым келді, ешбір көңіл білдірмедім. Соны біле тұра, мен үшін сонша тырысты. Ол барлық адамға солай істей ме екен, жоқ, әлде тек маған ба?».

“О, есікті қағып тұр. Оның қағысына дейін жаттап алған екенмін” деп, орнынан ұшып тұрып, есікті ашты.

Таза пейіл өзіне шынайы сезімді тартпай қоймайды ғой. Жақын табысып кеткен Жанар үшінші курстың соңында Сәрсенге тұрмысқа шығуға келісімін берді.

Аппақ желек жамылған қалыңдық пен ақбоз костюм киген күйеу жігіт ақ босағаның табалдырығын келешекке деген толқыған үміт аралас балғын сезіммен аттап, жаңа шаңырақ жер бетіндегі алып тіршіліктің тоқтаусыз қозғалысының ұласуындағы шағын бір бұрандасына айналды.

 

***

 

Кешке терезеден мотоциклдің артынан түсіп, басындағы шлемді қара тері күртеше киген жігіттің қолына ұстатып, қолын бұлғап қалған қызын терезеден бақылап тұрған Жанар:

  • Сәрсен, Бикошпен өзің сөйлесесің-ау деймін. Мына мотоциклі құрғырға мінбей-ақ қойшы деген едім, - деп бойын билеген сабырсыздықты игере алмады. Жанардың оталып кетуге дайын тұрғанын даусынан сезген Сәрсен оқып отырған журналдан басын көтермеген күйі – Жарайды, – деді ешбір қарсылықсыз. 

Өзін қанша басқысы келгенімен, дастархан басында шәй құйып отырған Жанар шыдай алмады. Барынша сабырлы үнмен:

  • Сабикош, ана байкермен кездеспегенің дұрыс дедім ғой. Басқа достарың жетеді ғой. Ең болмаса қандай ортада жүргенін білесің бе? Осындайлар сенделіп жүріп, әрнәрсеге ұшырап жүреді. Бұларға кәдімгі орта қызықсыз. Өздерін әйтеуір бір оқиғаларға тартып тұрады. Тіпті нашаны да тартып көрулері мүмкін, - деп қызының қағыс кетуінен кеткен тынышын қара аспанды төңкере жеткізді. Жігіттің бар айыбы үш доңғалақты көлікпен жүргені деп ұққан қыз: «Әрбірдесін ол универде оқиды. Негізі, әркімнің өз хоббиі болады ғой. Байкпен бос уақытында жүреді», - деп ақтауға тырысты.  
  • Бос уақыты көп екен. Қашан көрмесең ырылдап жүргені. Сонда қашан оқиды?
  • Түске дейін. Одан кейін бос қой.
  • Қайдам, сендердің қалай оқитындарыңды. Институтта біз де оқыдық. Бос уақытымыз болмайтын. Сендердікі жақсы екен, тек лекция тыңдайтын. Тапсырма бермей ме? Дайындалмай ма сонда?
  • Анашым, қазір талап мүлдем басқа. Сіздерден күнде сабақ сұраған шығар. Бізде олай емес.
  • Сонда сабақ сұрамайды деп, дайындалмау керек пе? Баяғыда кітапханадан кітапхана аралап жүруші ек. Дайындалу үшін. Былай ерігіп жүруге уақыт болмайтын.
  • Неге ерігіп дей бересіз? Кітапханаға қазір кім барады. Бәрін де интернеттен табуға болады. Ылғи маған ұрыса бересіз. Жанкаға ештеңе демейсіз.
  • Биконай, ұрысып жатқан жоқпын. Тек айтып жатырмын. Ауруханаға неше түрлі адамдар түседі. Сонда жап-жас жігіттерді көресің. Не жетпейтінін білмейсің. Соны көргесін айтып жатырмын. Біреудің баласын тәрбиелей алмайсың. Әйтеуір ештеңеге ұрынбасын. Менің балам болғанда, өйтіп ертеден кешке дейін мотоциклда қыдыртып қоймас едім. Жанкаға айтпайтыным, достарын білемін. Саған қашанғы айтамын. Өзің де айтпайсың ба? Уақытын текке өткізіп жүргені өзіне жақсы ма? Дипломы қағаз болып қалады ғой, басында ештеңе болмаса. Қалай түсінбейсіңдер, оқитын кезде оқу керек….
  • Ой, мама, өтіп кеттік. Қанша рет айттыңыз ғой. Білемін. Өзім үшін оқимын.
  • Неге осы сендер адамды тыңдамайсыңдар?
  • Жарайды, жарайды, - деген Сәрсен екеуіне басу айтып, - Бико, ол қандай мамандыққа оқып жүр?, - деп қызына қоя қой дегендей бітімгершілікке шақырған жұмсақ үнмен тіл қатты.
  • Программистке. Қызығушылығы көп. Пысық.
  • Пысық болса, неге машина алмайды?
  • Ой, пап! О да Harley-Davidson ғой.
  • О-о! Мықты екен ғой.
  • Енді, соңғы маркасы емес. Папа, білесіз бе, қалай рэп оқитынын. Тема! Кү-ү-шті-і-і.
  • Программистке оқыса жақсы екен. Қазіргі кездегі нағыз қат кәсіп. Нешінші курста оқиды?
  • Соңғы курста, биыл бітіреді.
  • Тіптен жақсы, біз қазір компьютерлерді жаңартып жатырмыз. Өзіміздің программист жалғап, құрап үлгермей жатыр. Бос уақыты болса, бізге жарты ставкаға келсін. Көрейін өзін.
  • Сіз не, оны сынамақсыз ба?, - деп тұртия қалған қыз әкесінің жымиясынан бірден еріп сала беріп - Жарайды, айтайын, тек қазір дипломдық жұмысына дайындалып жатыр. Уақыты бола ма?, - деп ойланып қалды.
  • Қыдыруға уақыты жетеді, ал жұмысқа қолы бос емес пе? - деп қыстырылған Жанар іштегі кейістігін бүгіп қала алмады.
  • Жарайды, қоя берші, соңғы курс болса, шынымен істей алмайды ғой. Өзің де білесің, - деген Сәрсен енді әйеліне қарай басын шайқады.
  • Папа, оқуын бітіргесін, жұмысқа аласыз ба оны?
  • Harley-мен жүретін адам жұмыссыз қалмас. Уақытша адам қазір керек. Соған бола штатты үлкейткенше. Сергейге өзің қарастырып көр дегенмін. Жаңа бағдарламада істеу үшін барлығына оқу ұйымдастырдым. Оңай емес. Бірақ жұмысқа бейімдеп алсақ, уақытты ұтатын боламыз.
  • Осы, компьютер деген бір қиын болды ғой. Бізде де жұмыста барлығын міндеттеп жатыр. Жасы үлкендер қиналып қалды. Жастарға не, ойнап жүріп игеріп кетеді. Айтпақшы, компьютерді қосатын адам уақытша керек дейсің бе?, - деген Жанарға бір ой келгендей болды.  
  • Ие, бір-екі айға.
  • Бүгін тоңазытқышты жөндеуге кім келгенін білесің бе?
  • Ие, айтпақшы, жөндеді ме?
  • Жөндеді, жөндеді. Соған менімен бірге оқыған Жігер келді. Тіпті күтпеген едім. Ауылда тұратын. Қалаға жақында келіпті. Сол, ауылда анау-мынау техниканың бәрін жөндейді. Қазір уақытша шеберханада істеп жүр. Жұмысы өзіне онша ұнамайтын сияқты. Одан да сендерге барса қайтеді?
  • Жақсы болар еді. Программист болып істеген бе?
  • Е, жоға, ауылда қайдағы программист? Бәрін өзі жөндей береді деймін. Мектепте жақсы оқушы еді ғой. Анасы ауырып, институтқа түсе алмай қалған. Әйтпесе, математикадан күшті болатын.
  • Жарайды, көрейін, бірақ компьютерден хабары болмаса......
  • Енді сендерге бағдарлама жазуға емес, құрастыру керек деп отырсың ғой. Керек болса дегенім ғой. Әйтпесе өзінің де жұмысы бар. Қайсар жұмысқа шақырыпты. Қалада зауыт ашылайын деп жатыр дейді. Естімедің бе?
  • Қой, зауыт емес шығар. Қалада не болып жатқанын білемін ғой.
  • Қаланың шетінде деген.
  • Ә-ә-ә. Пластиктен құбыр жасайтын зауыт ашылады деген. Сол шығар. Жақсы. Ертең келсін жұмысқа.
  • Ойбүй, оның телефонын да алып қалмаған екенмін. Жұмысына хабарласқым келмей тұрғаны. Жарайды, қазір Қайсардың телефонын Арайдан сұрап білейін.

 

Ертесіне жұмыстан келген Сәрсен кешкі тамақтың үстінде әйеліне:

  • Сенің программисің компьютердегі бағдарламаны қалай өшіріп-қосуды білмейді екен, - деп қарқылдап күлді.
  • Қойшы-ей… Сонда компьютерде істемеген бе? Қайдан білейін? Техниканың бәрінен хабардар шығар десем. Кеше Қайсарға айтқан едім ғой, компьютерді құрауға керек деп, мені түсінбеген бе? Ыңғайсыз болған екен. Болмайтын жерге кірісемін де жүремін. Қайдан білейін, саған керек болып жатқасын. Ол да жұмысында амалсыз жүргендей көрінгесін, айта қойған едім.
  • Көмек керек деп ойлап келген ғой. Программист балаға саған көмекші таптым дегенмін. Сол Сергейдің айтып жүргені ғой. Бағдарламаны білмегенімен, техникаңды Сергейден артық шағатын шығар.
  • Ә-ә-ә, бәсе. Қанша дегенмен, бұл заманда бәрінің компьютерден хабары бар шығар. Қанша жерде ауылда тұрса да.
  • Сергей де қу ғой, бағасын көтеру үшін, үлгермей жатырмын дейді, біреуді әкелсең, жақтырмайды. Бірге оқыған болсаңдар, үйге шақыру керек болар.
  • Ой, жоқ, маған бола, жұмысқа алмақсың ба? Егер жарамайтын болса, алмай-ақ қойсайшы. Ренжімейді. Жауапты екенін білген соң, саған көмегі тиер деп ойлағанмын. Одан да бірден жоқ деп айтқан дұрыс. Артынан айта алмай, ыңғайсызданып жүргенше. Ашығын айтқан дұрыс қой.
  • Жоқ, онымен кешке сөйлескенмін. Жұмыс туралы әңгімелестік. Пайымды, дұрыс адам. Кейбір нәрседен хабарсыз демесең. Өкінішті, осындайлардың қабілеттерін қолдануға мүмкіндіктері болмайтыны. Оқығанда, дұрыс маман болар еді.
  • Көбісі ауылдан кете алмай қалды ғой. Қазір бірақ, өзгеріп жатыр. Бұрын орталықта бір ғана техникум болса, қазір үшеуі ашылыпты. Тек оқудың сапасы болса, оның үстіне мына жастар да сабаққа жеңіл қарайтын сияқты. Мына қыздардың өзі, кітап оқып отырғанын көрмейсің. Телефондары қолынан түспейді. Кінә өзімнен де бар. Жұмыс деп жүріп, осылардың тәрбиесіне назар аудармаған сияқтымын. Баланы жастан деп бекер айтпаған ғой. Қазір енді, бірдеңе айтып көр, тосырайып шыға келеді.
  • Болды енді, Сабинамен өзім сөйлесем, саған қарсы келме деп.
  • Жоқ, ұрыспай-ақ қой. Тек алаңдаймын да. Ескерткің келеді. Әлгі жігіт тіпті амандасуды да білмейді. Мені көрсе болды, мотоциклін ырылдатып кетіп қалады. Осындай да тәрбие бола ма? Ертең қалай бір үйдің иесі болар екен. Болашақ енесінен осылай қашып жүрсе?
  • Саған жүрегінің түгі барлар ғана жақындай алады ғой. Мен сияқты.
  • Қойшы бәрін қалжыңға аударасың да жүресің. Саған бірнәрсе айтайын десем. Анау, Жігер - мектепте жақсы оқыған еді. Біртүрлі көрінген былай жүргені. Жұмыстың жаманы жоқ қой. Сонда да. Иә, сол айтайын дегенім. Оқып жүргенде ұнайтын. Қай заманда енді, жиырма жылдан асты. Бірақ, бәрібір үйге шақырғым келмейді.
  • О-о-о. Маған неге жұмысқа ал деді десем, - деген Сәрсен әзілмен шымшып, тиісе бастады.
  • Қойшы, шынымды айтып жатырмын ғой. Өзің ғой, уақытша адам керек деген. Сосын айттым. Өзің ше, мектепте ешкімге ғашық болмадың ба?
  • О-о-о! Мен ғашық болған қыз жанып тұрған біреу еді ғой. Нағыз сұлу, - деп таңдайын қағып қойды.
  • А-һ-һ! Мен сұлу емеспін бе сонда? Сөзін қара! Нағыз дейді тағы, - деген Жанар орындықтың арқалығында тұрған сүлгіні нығыздап, басын көздей лақтырып жіберді.
  • Ой-ой! Сенен сұлу ешкім жоқ. Бәрінен де өзің сұлу, өзің ғана. Өле алмай жүр дейсің бе, сырымды айтып?
  • Жоқ, шыныңды айтшы. Кімге ғашық болдың? Суретін көрсетші.
  • Альбомдағы суретте қай қыз сұлу болса, сол.
  • Қойшы, ондағы әдемі қызды Бекжанның ғашығы дегенсің.
  • Енді оған Бекжан ен салып қоймаған шығар.
  • Иә, ғашығыңа өлең арнаған шығарсың? Әлде сырттай үздігіп жүрдің бе?
  • Өлең жазуға шама келмесе де, гитарамен-ақ қыздарды қаратып алушы ек қой. 
  • Со қызға бола қолыңа гитара алған екенсің ғой. Сонда бәрің бір қызға ғашық болып жүре бердіңдер ме?
  • Енді қайтесің, жүрекке әмір жүрмесе? Қайда екен өзі?
  • Ой, ой. Қызғанады деп дәметпей-ақ қой. Жұмысқа алсаң да қарсы болмаймын. Бастысы адамгершілігі бар біреу болса болды. Анау Райхан сияқты біреу болмаса болды.
  • Жарайды, жарайды. Бұдан әріге бармай-ақ қояйық, - деген Сәрсен бір кездері отбасында келеңсіз у-шуды тудырған әңгімені тиғанды жөн көрді.

 «Әй, Сәрсен-ай» деп ішінен ойлады Жанар. «Қызғандырмақ болып айтқанын қара. Мен болсам, қызғанғаныңды қаламаймын. Түсініспеушілік болмай қалмасын деп амалсыз мойындап отырсам. Неге өйтесің. Ана Райханды, құдай біледі, мені қызғандыру үшін жұмыста ұстап жүрсің. Мен тек сенбейтін адамдарға ғана қызғанамын. Әйтпесе, сүйкімді хатшыңа дейін қызғанар едім ғой. Әй, осы кейде өзім де артық кетемін. Мүмкін, расымен де таптырмайтын маман шығар». 

Әр дүйсенбіде өтетін жиналысқа Жігер де қатысты. Сәрсен алдыңғы аптада өткен жиналыстың хаттамасындағы тапсырмаларды пысықтап шыққаннан кейін маңызды мәселеге көшті. Бұл өзекті мәселе талас тудыруы мүмкін. Сондықтан жағдайды алыстан бастады:

  • Өздерің білесіңдер, үш жобаның бизнес-жоспарын толық дайындадық. Оған тыстан тартылған мамандар ғана емес, өздеріміз де күш салып, сапалы іс жасадық. Соның бірін өзіміз іске асырамыз деп шештік. Қайсысы тиімді болар деп көп талқылаған едік. Бүгінгі күні осы жобалардың барлығын біріктіріп, ірі жобаны бастауға мүмкіндік туып отыр. Оған мына жаңа қызметкерге рахмет айтуымыз керек. Танысып қойыңдар, Жігер Қамшыбекұлы. Жігер жүйе құрушы фактордың есебінен шығыстарды азайтып, жобаларды біріктіру мүмкіндігін негіздеп шықты. Яғни барлығын да өзіміз жүзеге асырамыз,  - деп қызметкерлерге бұл жаңалықтың қалай әсер еткенін байқамақ болып жүздеріне көз жүгіртті.

Аз үнсіздікті бұзған экономикалық бөлімнің бастығы Райхан Сайлауқызы біліктілігіне деген нық сенімнің арқасында әр пікірге сыни көзқарасын жасырмайтын әдетімен: 

  • Ол жақсы ғой. Бірақ барлығы қаржыға келіп тірелмей ме?, - деді мысқылы аралас салмақты үнмен.
  • Иә, иә. Оның үстіне өзіміздің қызметкерлердің күші жете ме? О дегеніңіз үлкен жұмыс қой. Оның үстіне күнделікті өз жұмыстарымыз да бар, - деген ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айтбаев Нағашбек те өз күдігімен бөлісті.
  • Қаражат мәселесі шешіледі. Инвесторлар бар. Мамандар да табылады. Негізгі мәселе ол емес. Бұл расында үлкен жоба. Оны іске асыру оңай іс емес. Сондықтан еншілес компания құратын боламыз. Заңгерлер сонымен айналысатын болады. 

«Иә, түйткілді жайтты естімей жатып былқылдақ танытып отырғандары мынау» деп ішінен тәжірибелі мамандарына көңілі толмай қарады. Құлшынысы бар, жаңа іске күш-қайраты тасыған жастарды жұмысқа тартайын десе, шаруадан хабары аз. Келмей жатып талап қояды. Мықты оқу орнында оқығанмын деп. Жұмысқа машықтанып, дағдысы қалыптасу керек екенін ескергісі келмейді. Артықшылықты ұялмай сұрап, сынау кезіндегі жалақыны менсінбейді. Сонысына жұмысты қатырса жақсы ғой. Айтқандарының бәрі кітаптағыдай бола қалады деп ойлайды. Қағазда бәрі оңай, оны жағдайға бейімдеу керек. Өздерін үйретіп қоймай, арттарынан тексеріп отыратын адам керек. Шаруадан тәжірибе жинағандарынша қызметте ұстауды компаниясының қаржысы көтермейді. Оның қасында көпті көрген кәнігі мамандары айды аспаннан сүйремейді, әр іске байыппен қарап, шаманы нақты жобалай біледі.

  • Сондықтан үш жобаның басын біріктіру керек. Құжаттарды қайта дайындап шығу керек. Уақыт тығыз. Оны өз күшімізбен игеру керек. Барлығы есептелген, тек шығысын, жоспарын қайтадан біріктіреміз.
  • Сәрсен Қадырбайұлы, бұл жақсы жаңалық екен. Бірақ құжаттарды біріктірудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Барлығы дайын тұр. Үш жобаның бизнес-жоспары жасалып, есеп-қисабы түгел есептеліп қойған. Сондықтан осылай қалдыра берейік,  - деді Райхан.
  • Біз жалпы шығынды түгел білуіміз керек.
  • Ол жағын біздің бөлім істейміз. Шығыс сметасын қайта есептеп, дайындаймыз. Тиіс мәліметтер берілсе болды. Тек біріктірудің қажеті жоқ қой. Әрқайсысын жеке қалдырған дұрыс.
  • Сәке, мен де осыны жөн деп ойлаймын. Әр жобаның шығындылығын да, қай деңгейде жүріп жатқанын жеке бақылаған дұрыс болады-ау, - деді әр сөзін асықпай соза байыппен сөйлейтін елулердегі Досайбек Әшірбекұлы. 

Таласқа пікірін білдірмек болып ұмтылған Жігер барлығы үндемей қалған сәтті пайдаланып:

  • Жобаларға бөлек қарамау керек. Олар жеке дайындалғасын ғана солай көрініп тұр. Негізі барлығына тұтас қараған дұрыс, - деп өз ойын қосты. Жақтырмаған экономика бөлімінің бастығы:
  • Жағдайды білмей жатып, ақыл айтқанға шебер екенсіз. Бұл жобалармен айналысып жатқанымызға жарты жыл болды. Оңай десеңіз, өзіңіз бәрін қайта дайындап шығарсыз?, - деп шамдана сөйлеп, бетін қайырып тастады.

Бос сөзді көбейткісі келмеген Сәрсен:

  • Жарайды, бұны ойланып, тағы ақылдасайық. Бөлім басшылары өз ұсыныстарын сәрсенбіге дейін жазбаша түрде ұсынсын, - деп жиналысты қорытындылады.

Жиналыстан кейін Сәрсеннің алдына кірген Жігер өз пікірін жеткізбекке тырысты:

  • Сәке, біріктірмей болмайды. Барлығы бір-бірімен байланысты. Біреуі біткесін, екіншісін істейміз дейтін емес. Үшеуі де қатар жүреді ғой.
  • Айтқаныңның жаны бар. Бірақ бір жағынан Досекеңнің сөзі де дұрыс. Әрқайсысын жеке қадалаған тиімді. Оның үстіне Райханда бекер бажылдап отқан жоқ. Оңай емес, бір істеген жұмысты қайта істеп шыққан. Шығындарды есептеп, біріктіріп шығады. Ал бірақ бизнес-жоспарды, басқа да құжаттардың барлығын өзгерту уақытты алады. Қазір бар күшті негізгі жұмысқа аудару керек. Қажет болған жағдайда көре жатармыз.

Үндемей қалған Жігерді мойытқысы келмеді ме:

  • Сәрсенбіге дейін уақыт бар. Бөлім бастықтарының да дәлелдерін көрейік. Кейін тағы ақылдасамыз, - деп жұбата сөйледі.

 

Уақытша бір бұрышын иемденген кабинетке оралған Жігер жаңа ұжыммен жақынырақ таныспаса, істің оңайға соқпасын ұқты. Сондықтан әшейіндегі томаға қалпынан өзгеріп, есік жақтағы үстелде отырған Ержаннан сыр тарта бастады. Тілі қуақылау  көршісі қаңқу әңгімемен жұмыстан бір мезет болса да бас жазудан әрі кет емес еді. Жігіттің адамға үйіршек, ашық мінезіне орай жасы әлдеқайда кіші болса да тіл табысу қиынға соқпады.

  • Экономика бөлімінің бастығы қандай адам? Күрең костюм киген келіншекті айтам.
  • Немене шағып үлгерді ме? Өзін көрсетпек болған ғой. Шырт мінезді. Өзі болмаса, осы фирма жабылып қалатына сенімді.
  • Жұмысын жақсы білетін сияқты ғой. Мінезі шатақтау демесең. Бірге істейсіңдер ғой, сөз табысуға бола ма?
  • Құдай сақтасын, ол бөліммен Сергей істейді. Келген кезімде маған тықпақ болған. Бастық менің тәжірибем аз деп, мені бір құдай сақтап қалған екен. Әйтпесе, ақкөңіл байғұс көніп қалар едім. Менсінбейді ешкімді, бәрін өзі тіреп тұрғандай. Сосын өмірі ештеңеге көңілі толмайды. Бишара Сергей оны көрсе анадайдан айналып өтеді.
  • Қиын десей. Өзімен сөйлесіп, шешімін өзгерту керек еді.
  • Өй, мүмкін емес. Бастықтың өзін тыңдамайды. Меніңше, бастық оны жақсы маман болғасын ғана, жұмыста ұстап жүр. Мен баяғыда ондай білгірлерді қуып шығатын едім.
  • Адамдарды істете алатын болғасын бастық қой. Бес саусақ бірдей емес. Мінезіне қарап алмайды ғой. Иә, солай де. Шаруа оңай болмай тұр.
  • Не болды? Жаңа жобаны айтып тұрсыз ба?
  • Жарайды, сен отыра бер. Мен Сәкеңе барып келейін, - деп тұрғанда Сәрсеннің өзі кабинетке кіріп келді.
  • Жәке, кешке құжаттармен бірге кірші. Тағы қарап шығайық, - деп тар кабинеттің ішіне жүгірткен көзқарасын терезенің алдындағы заттар кідіртіп қалды. Бастықтың қадалысына себеп болған жәйтті бірден аңғарған Ержан атып тұрып:
  • Түсте шәй ішкен едік, қалып кетіпті, - деп шәмесі қатып тұрғанына бірнеше күн болған кеселерді шәугімімен қоса суырмасының ішіне салып, көзден тасалауға тырысты. Оның әбігерін елемеген Жігер:
  • Сәке, жобаларды өзім біріктіріп көрсем...., - деп, «қалай болар екен» дегендей бәсең дауыспен сөзінің соңын жұтыңқырай сөйледі.
  • Түгел аналитикасын, бизнес-жоспарын дайындаған экономика бөлімі. Есеп-қисабы, арнайы бағдарлама Райханның компьютерінде. Сондықтан бірігіп істегендерің дұрыс, - деген Сәрсен орнына отыра салып, компьютеріне шұқшиған Ержанға қарап  – Жігер жаңадан келді. Әлі жеке танысып үлгермеген шығар. Бірге барыңдар. Экономикалық бөлімнің жұмысы көп, үлгермей жатыр. Барып, көмектес, - деп тапсырды.

Маған кейін нәтижесін айтарсыңдар дегеннен кейін әрі қарай кідірмей кабинеттен шығып кетті. Көзден таса бола салысымен, Ержан:

  • Иә, деген. Көмектес дейді. Ол қашан басқа бөлімнің адамдарына құжаттарын бере қалған екен? Менің жұмысым аздай. Бастықтар қызық, - деп ренішін жасыра алмады. 
  • Ол бөлімде қанша адам істейді?
  • Бастығын қосқанда төртеу. Барлығы да бастығының айтқан-тұрғанымен жүреді. Тіпті түскі үзіліске де тізіліп барады. Армияда ондай тәртіп жоқ шығар.  Цирктегі аюлардай, - деген Ержан ызасын біреулерді сөзбен төпелеу арқылы қайтармақ болды.
  • Сен былай істе, Ержан. Райханды осында шақырып кел.
  • Иә, деген. Жетіп келеді дейсіз бе?
  • Қалай дегенмен, мен оны жобаны қайта дайындауға көндіремін.
  • Шын айтасыз ба? Райханды көндіре алсаңыз, Сізге сыра алып берейін.
  • Ішпеймін, әуре болма.
  • Қойыңыз, сыра ішпейтін адам бола ма?
  • Жоқ, ішімдікке жақын емеспін.
  • Мен де соншалықты ішпеймін. Тек анда-санда расслабуха ұстап тұруға болады ғой. Жарайды, кафеге апарайын.
  • Ол үшін жақсылап дайындалу керек. Сен Райханға барып, жобаны біріктірмек жөнінде кеңесі керек екенін, өзімен ақылдасқым келетінімді жеткіз.
  • Білесіз бе? Ендеше кабинетке емес, мәжіліс залына шақырғаныңыз дұрыс болады. Кіші-гірім жиналыс сияқты болады да.
  • Оның дұрыс екен.
  • Ендеше мен кеттім. Бар дипломатиямды салуға тырысамын, - деген жігіттің соңынан қараған Жігер оның алаңсыздығына, еш бүкпесіз көңіліне қызыға қарады.

Біраздан кейін келген жігіт көзілдірігін түзеген адамдай мұрнының үстін сұқ саусағымен сипап қойып, кербездене әлдекімнің даусына салып:

  • Сағат он алты нөл бесте уақытым болады. Он бес минут. Кешігуші болмаңыз, - деді.

Ержанның қиқарлығына күле қараған Жігер:

  • Жарайсың. Төртте ма?, - деп анықтады. Шіңкілдеген даусын өзгертпеген жігіт:
  • Төрт нөл бесте, - деп нықтады. Сосын бірден өзгеріп, - Мен де Сізбен барамын. Бастық айтты ғой, көмектес деп. Қалай көндіретіңізді көргім келіп тұр, - деді қызуланып.
  • Саған қызық керек. Мысыққа ойын, тышқанға өлім деген.
  • Уайымдамаңыз, Сізге жанкүйер болып отырамын. Желіңізді қағып. Көмек керек кезде көзіңізді қысып жіберсеңіз болды. Өкпеден бір соққы, құс тұмсықтан бір соққы, полный нокаут болады.

 

Мәжіліс залына алдын-ала келіп дайындалып отырған екеуі абажадай залда өздерін қолайсыз сезінді. Ақыры шыдамы таусылған Ержан қарап отырғанша,  ноутбугымды әкеліп, жұмысымды істеп отырайын деп шешті.

Келісілген мерзімде тақылдаған тақа иесінің жақындап келе жатқанынан хабардар етті.  Қолында үлкен бума толы құжаттары бар Райхан көмектесуге ұмтылған Ержанға қарамастан жоғарғы жаққа барып жайғасты. Оның қимылына ілескен Жігер де жақындамақ ниетпен қарама-қарсы жағына барып отырды. Ержан өз орнында қалғанды жөн көрді. Алдында отырған адамды рентгеннен өткізгендей жіті зер сала өткір жанарымен шолып шыққан Райхан сәлден кейін сопақша келген жылтыр үстел үстіндегі дәу папкаға оң қолын қойып:

  • Мына жерде жобаның дайын құжаттары ғана. Түгел есептері кабинеттегі сөрелерде тұр. Барып көрсеңіз болады, - деп сыздана сөйледі. – Ауызбен іскерлер толып жатыр. Істейтін адам табылса.

Бұдан кейін жобадағы есеп-қисаптарға байланысты мәліметтерді, бір жерден кеткен қатенің орны неге апаратынын жеткізбек болған Райхан жуық арада тоқтай қоймады. Бір жағынан үлкен тірлікті бітірген еңбегін, мақтанарлық жетістігін айтуға да жақсы желеу табылып, бір ойын қорытындылап бола салысымен, екіншісі, үшіншісі жалғасып кетті. Ашық та, тәкаппар даусы бос залдың ішін жаңғыртып, тіпті кейбіреулер есікті ашып, бастарын сұғып көрді. Бастықтың жоқ екеніне көздері жеткеннен кейін есікті тезірек жабуға асықты.

Райханның принципшіл екенін білетін Ержан оның тоқтамастан өз дәлелдерін келтіріп, он бес минуттан кейін қарсыласының пікір-таласына жол бермей, мәжілістен кетіп қалуынан күдіктене бастады. Бір уақытта барып тоқтаған келіншектің кідіргенін байқаған ол «мүмкіндікті жіберме, барыңды сал» деп Жігерге күш бергендей сенімді көзқараспен қарады. Алайда оны келіншектің мысы басты ма, әлді қарсыласының дәлелдеріне қарсы келтіретін уәжі әлсіз болды ма, үндемеді. Оппонентінің дәйекті дәлелдерді теріске шығаруға шамасы жоқ екенін байқап, алдағы уақытта қарсылық білдіруге ниетін түбірімен тып-типыл қылмақ болған Райхан әрі қарай алдындағыдай төпелей емес, ақылгөйси сөзін жалғастырды. Бастықтың жиналыстағы көтерме сөзіне кеудесі піскен бос өкпеге өз деңгейін көрсетіп,  есеңгіретіп тастағанына ырза болғаны сонша өз жеңісін толық сезіну үшін келісілген уақыттан асып кетсе де бұрқақтаған түйдекті сөздерін аяқтауға тырыспады.

Бар үміті үзілген Ержан өзі тапталғандай күй кешіп, Жігерге ызалана бастады. Көндіремін деген уәдесіне сеніп, уақытын босқа жоғалтқанына, менмен әйелдің  біреуді табалауының  куәсі болғанына көңілі түсіп кетті. Көңілі жайланған Райхан болса, бір ауыз қарсылық білдіруге жарамаған жаңадан келген қызметкерді жұбатқысы келді ме, оның да пайымы орнықты екенін айтып, «шамасы белгілі болған» жігітті алдартқандай ұсынысы негізсіз деп ойламайтынын да жеткізді. Көзқарасы теріс емес екенін айта келе бір уақытта өзінің тым асып кеткенін байқады. Себебі пікіріңе қарсы емеспін деп дәлелдерін келтіре бастағанда өзінің алдыңғы дәйектерін жоққа шығара бастағанын аңғарып үлгерді. Осы сәтті қарсыласы пайдаланып қала ма дегендей, оған сынай көзқарас тастап еді, сөзін бар ықыласын салып тыңдап отырғанын байқап, қалай да жеңімпаз болып шығуды ұйғарды. Осылайша өз пікірімен өзі таласып, ақыр соңында жобаның біріктіру қажеттілігіне келіп тоқталды. Осы кезде ғана өзіне тіл біткендей Жігер:

  • Бұндай жұмыс расымен екінің бірінің қолынан келмейді. Оған да бас керек. Ойыңызды Сәкеңе жеткізейін, - деп оңтайлы тұста қылп ете қалды. Үндемей, ойланып қалған Райхан әлден соң келіскендей басын изеп, орнынан тұрды. Асықпай тықылдап кетіп бара жатып:  - Әуре болмаңыз, Сәрсен Қадырбайұлына өзім айтамын, - деп әуелдегі тәкаппар қалпына қайта түсті.

Не болғанын ұғынғанымен, саналы түрде қабылдауға дәті жетпеген Ержан:

  • Ағай не болды? Не деп кетті? Өзімен өзі келісе салғаны несі? Алдында отырып арбағаннан саусыз ба?, - деп Райханның оңай беріле салғанына сене алмады.
  • Ақымақ әйел емес қой. Не дейсің. Бәрібір осы шешімге келер еді.
  • Тоқтай тұрыңыз. Бұл осындай тактикаңыз ба? Әдейі үндемедіңіз бе?
  • Көріп тұрсың ғой. Қандай көңіл-күймен келгенін. Соғысуға дайындалып, әрбір цифрге дейін жаттап, құжаттарды да алып келіпті. Әр сөзіңе он шақты уәжі дайын тұр. Тек сөз таласуға келген адамға сөзіңді шығындап қайтесің. Жобаны біріктіру оңай болмағанымен, қажеттілігін бәрібір біледі. Өзі істемесе, ертең біреу екі есе уақытын көп жұмсаса да бітіріп, барлық еңбегін иемденіп кетеді ғой. Соны түсінбейді дейсің бе? Істеген еңбегін айтып ішін де босатып алды. Оның жұмысын жоққа шығарғым келмейді. Тек алдынан өтейін деген едім, өзі де түсінді. Не дегенмен, мықты әйел екен.
  • Не деген психолог едіңіз! Мынадай адуынды сөйлемеу жеңгеніңіз... білмеймін... айтарға сөзім жоқ. Жақсы әдіс екен. Ертең үйленсем, әйелімді солай жеңбесем бе.
  • Үйленбей жатып, соғысуға дайындалып жатырсың ба?
  • Жоға, тек қазіргі қыздарды сөзбен жеңу қиын ғой.
  • Қайтесің олармен сөз таластырып, қайта қорған болып, бақытты етуге тырысу керек, - деп күрсінді. 
  • Әрине, қорғаймын. Әй не дегенмен, мықты екенсіз. Шыдамыңыз күшті екен, - деген Ержан таңданысын жасыра алмай, әлі сенбегендей басын шайқай берді.

 

  • Жанар, өзіңмен ақылдасу керек еді. Өзің білесің, жаңа іс бастап жатырмын, - деген Сәрсен соңғы кездері кешкі астан кейінгі жоралғыға айналып бара жатқаны сонша көңіл бөлмесе бірнәрсе жетіспейтін тұратындай  ноутбукке  жармаспай, диван үстіне келіп жайғасты. Жұмысынан хабардар Жанар жолдасына екі бағыттың айырығында талдау жасау оңай болмай тұрғанын сезіп:
  • Иә, не? Бұрынғы жұмыстан мүлдем бас тартқың келе ме? Қалай боп кетер екен?, - деп ысылған жолдан ауытқудың өзі үшін де оңай емес екенін аңғартты. 
  • Осы күнге дейін тапсырыстарды алып, сонымен табыс тауып келдік. Бірақ жаңа деңгейге көтерілу керек. Сол үшін маркетологты алдырдым. Барлығын есептеп шықтық. Екі-үш жақсы варианттар шықты. Экономикалық тиімділігін есептедік. Сараптама жүргіздік. Барлығы жаман емес. Біреуін таңдау керек болды. Қайсысына тоқталсам деп әбден ойландым. Оның үстіне қаржы керек. Анау-мынау емес, әжептеуір қаражат керек. Қазір инвесторлармен келісіп жүрмін. Кез келген идея ақша тұрады. Біздікі құрғақ сөз емес, барлық сараптамасы жүргізілген. Енді осы кірісті істерді өзіміз алып кеткеніміз дұрыс. 
  • Жақсы екен. Енді, не дейсін? Істеп көріңдер. Мен қолдаймын ғой.
  • Сосын Жігерге менде қал дедім. 
  • Не үшін? Сендегі жұмысы бітпеді ме? Төрт айдай болды ма істеп жатқанына? Саған зауытқа кіретінін айтты ма? Қайсарды танитын едің ғой. Есіңде ме, Арайдың туған күнінде болған еді ғой.
  • Білемін. Айтты. Бірақ онда не келешегі бар? Енді ашылып жатқан жерде жалақысы дұрыс болады дейсің бе. Бұрынғы заман дейсің бе? Зауытта үй-жай беретін. Бір айлықпен қайда барасың? Басқарушылардың бірі болмасаң. Бізде жаман емес. Ертең ақшаның иісін сезсе, өзі де кеткісі келмей қалады. Арнайы білімі жоқ демесең, кез келген жұмысты игеріп кете алады. Тыңғылықты. Оқып алмағаны дұрыс болмаған екен.
  • Біреуге отбасының ауыртпалығы, біреуге таршылық, әйтеуір кедергілер табылады ғой.  Осының қабілеті бар еді деп туыстары тартып жібермегесін.
  • Жарайды, қоя бер. Қазір жаңа бағытта қимылдап жатырмыз. Қашанғы біреулерге бизнес-жоспар жасап береміз. Өзіміз де өстік, тәжірибе бар дегендей. Өзі дер кезінде келді. Біріктірудің тиімділігін есептеп шығарды. Енді жүзеге асырмақпыз. Өзі атсалысқан жобада бірлесіп істеуді ұсындым. Құдай қаласа, инвесторлармен мәселелерді шешсек.
  • Тоқтай тұр. Ол не жұмыс істейді сендерде? Өзі техниканы жөндеумен айналысқан. Айтайын дегенім, Жігердің іске жауапты қарайтынын білемін. Дегенмен білімнің аты білім. Көмегі үшін жақсылық жасағың келетін шығар. Бірақ қайырымдылық пен жұмыс екеуі  басқа ғой. Сенде қандай жұмыс істей алады? Қатардағы жұмысты істеуге жасы келмейді. Алып-кел, барып-келге намыстанатын шығар. Басшы қыла алмайсың. Компьютерді білмейді дейсің. Мамандарың оны менсіне ме?
  • Данышпаным-ау, жақсы маманның тапшы екенін білесің ғой. Маған қазір осындай басы істейтіндер керек. Жастарыңның бір емес, екі дипломы бар. Бірақ, біліктілігі төмен. Не болса да, өзі шешсін. Дипломы жоқ демесең, деңгейі жаман емес. Қайсар екеуін демалыс күнге үйге шақырдым.
  • Ендеше Арайға айтайын, ол да келсін.
  • Сыныптастар отырысы емес, іскер әңгіме болады десем.
  • Ә-ә-ә, мен ғой түсінбей қалған. Арай екеуміз өзіміз де кездесе аламыз. Өзіміз кафеге барамыз, - деп ыңғайсызданып қалған Жанар жасанды өкпелі үнмен еркеледі.

 

Ата-анасының жақсы көңіл-күйде отырғанын пайдаланған Жанат:

  • Ма! Па!, - деп назды үнмен есіктен басын сұғып, жәй адымдай басып, үлкен үстелдің бұрышынан әрі жылжымай тұрып қалды. Өтініші бары, қабылдауын өтінетіні бұртитып алған жүзі мен төмен қараған жанарындағы биязы сыңайынан-ақ байқалып тұрды.
  • Университетте студенттік кеш өткізбекпіз. Студенттердің тұлғалық даму тақырыбы бойынша. Осы сенбіде, - деп алыстан орағытты.
  • Жақсы. Дайындалып жатырсыңдар ма?, - деген Сәрсен үндемей қалған әйелінің бұл  тұрыстың тегін еместігін байқап, аңысын баққанын сезсе де, қызын бетінен қақпайтындығына ыңғай білдіре дауыс қатты.
  • Аха. Тек кеш Сәлімнің ауылында болады. Табиғатта өткізбекпіз.
  • Алыста ма? Қайда ол?
  • Қаладан екі жүз шақырымдай. Оның ауылында су қоймасы бар екен. Балық аулаймыз.
  • Балық аулаймыз деп суға кетіп қап жүрмеңдер. Қалада өткізсеңдер болмай ма?
  • Ну, па-а-п. Кішкентай емеспіз ғой. Тіпті мектептегілер де маевкаға барып жатыр.
  • Мұғалімдерден барады ма? Әлде тек өздерің бе?, - деген Жанар жаңалықтың өтініш деңгейінен өтіп хабарлауға жетіп қалғанын ұққандықтан жағдайды тиянақтай бастады.
  • Алаңдамаңыздар. Куратордан басқа тағы үш или төрт мұғалім болады.

 

Сәлімнің ат қорадай кең ауласына шулай кірген жастарды есік алдындағы байлауда тұрған сары төбет жақтырмай қарсы алды. Топырлаған топтың артында тұрған Сәлім итті тынышталдырмақ болып қақпадан кіре бергенде ішке көзі түсісімен, - Ата! Ата!!, - деген жандаусына іштен қолпылдаған етегі тілерсегіне жететін көйлегінің үстіне камзол киген ақ орамалды кемпір апыл-ғұпыл, аяғы шалыныса шықты.

  • Апа, ата қайда? Мына шөп неге жатыр? Айтқан едім қой, қонақтар келеді деп, - деген жігіттің күтпеген жағдайға абыржығанынан амандасуға мұршасы келмеді. 
  • Өй, жәным, қалайсың? Кеп қалдыңдар ма?,- деген кемпірдің әжімді бетінен сүйіп, - Апа, мынау не?, - дегендегі бар реніші өкпелі үні мен бұзылып кеткен өңінен анық оқылды.
  • Жаным-ау, сабан ғой. Кеше аяқ астынан әкелді. Не ғылады дейсің. Бір бұрышта жата берсін.
  • Ту-у-у! Қалай жатады енді? Бірден қораға апартып тастамадыңыздар ма?
  • Әй, атаң жөнді кеппеген, жатсын деген еді ғой.
  • Ата қайда?
  • Неғылған жиын екенін кім білсін. Ана Бірліктің бастығы өкіметтің ақшасына мәшине алған дей ме? Соған шалдар таң сәріден жиналып кетті ғой. Ауылды солар жөндейтіндей.
  • Апа, қайда апаратынды білмеймін. Мына шөптерді құрту керек.
  • Мал жейтін сабан ғой. Сарайдың төбесіне шығару керек ендеше.
  • Қашан шығарады енді? Ту-у-у! Сіздер де бір. Мамаға айттым. Кеше келейін деп.
  • Сәбитжан жұмыстан келгесін шығарар төбеге. Жер жетпей ме, жата тұрсын.
  • Апа, қалай түсінбейсіз? Кешке мұғалімдер келеді. Не деп ойлайды? Ауласын жинап қоюға да ақылдары жетпепті дейді ғой.
  • Жәрәйт-жәрәйт, қазір көрші үйдің баласына айтайын. Демалысқа келді деп еді, - деген кемпір шұпырласа амандасқан балаларға «аман болыңдар, ішке кіріңдер, қарақтарым, кіріңдер, әй, Сәлім, мына балаларға көжеден бер»  деп өзі ескі кебіс киген аяғын сүйрете басып, қалбалақтай қорадан шығып кетті.  

Көңілі түсіп кеткен Сәлімді қыздар жағы «ештеңе қылмайды» деп жұбатса, ұл балалар «қайда тасу керек, әкел, көмектесейік» деп құлшынып, киімдерін шешіп іске дайын екендерін көрсетті.

Сәлім құрал-саймандарды тауып келгенше қарап тұрсын ба, бірін-бірі қалжыңмен қағыта бастады.

  • Эх, Марат, балық, балық деп жұрттен ерек асығып ең. Қолың қышып келген екен ғой.
  • Айтпа, дастархан дайындайтын қыздарды жіберейік дегенде, жағаласып қоймаған еді. Осыған бәрін тасыту керек.
  • Әй, болды. Ауыздарыңның салымы жоқ болса, мен кінәлімін бе? Өткен жазда біз салқын судың жағасында жатқан едік. Бекер сендерді ертіппін. Сендер болмағанда сабан да болмас еді.
  • Мына Саятты қараңдар, шырттай боп костюм киіп алыпты. Күйеу баладай. Сен ауылға келдің. Ауылға!! Бұнда адамдар қолын қалтасына салы-ы-п қыздыйып жүрмейді, сен құсап. Жұмыс істейді, қаланың жалқауларын асырайды, - деген балалар бірін бірі қағыта бастады.

Үйдегі тырма-айырды жинап алған балалар сабан тасығанша, қыздар жағы дастархан қамына кірісіп кетті. Сәлімнің үйдегілердің сабанды сарайға қалай тасып жүргендерінен хабары жоқ еді. Ескі үлкен жайманы тауып әкеліп, соған салып, жоғарыға арқанмен көтермек болып шешті. Жатаған сарайдың төбесіне шыққан Саят, Асан, Ерболат шөп толған буманы жоғарыға арқанмен тартып алмақ. Жерде тұрған жігіттер қолдары жеткенше дейін маяны астынан демеп итерісуде. Нақты көмектен гөрі ауыл тірлігін қызықтаған Жанат та жүкті көтерген жігіттердің арасында жағаласып жүр.  -  Қаш, кет, - дегенді құлағына ілер емес. «Жабылып, тезірек бітірейік», - деп тырмамен икемсіз буманың бір шетінен итеріп әлек. Қағілез де бұла қимылы, жарқын күлкісі еркелеген сыңайды анық байқатады.

Жоғарыдан көтере бергенде, - Тартыңдар!, - деп мықшыңдай шыққан даусы бар салмақты өзіне артып қойғандай болғанын сезген қыздың күлкісі күміс қоңыраудай сыңғырлай жөнеледі.

Еркелігі мен назын көтеретін жандардың арасында екеніне сенімді бұраң бел керім - Үйден аш шыққансыңдар ма? Жіберіп алмаңдар. Мына жақта құрбақа құсап аяқ-қолымыз талтайып жатпайық, - деп келемеждей төбеге қарады. Қызара бөртіп, екі бүгілген төбедегілерге жүкті көтеріп алуына салмағы емес, сарайдың қабырғасынан едірейіп шығып тұрған шеге, бұтақтарға ілініп қала бергені кедергі болған еді. Пәлендей салмағы жоқ шөпті тартып әкетпегендеріне намыстанғандай, - Кім құрбақа болуға дайындалып жатқан? Мараттан шағын цыплято-табако шығатын шығар, - деп сабанды көтермей, әрлі-берлі қимылдатып ермек етуге көшті.

  • Қойыңдар! Ойнаймын деп шынымен қолдарыңнан шығып кетпесін, - деген Жанаттың қаупін қаперлеріне ілер емес.
  • Сәлім-әй, қайдасың?

Қайраты тасыған жастарға бұндай іс жүк болып па, әп-сәтте таудай үйілген шөмеле шөптің орнын жып-жылмағай етіп тазартып үлгерді. Одан кейін өздеріне риза болған ұжданмен  улап-шулап су қоймасынан балық ауламақ болған әрекеттері бұл сияқты жеңіл бола қоймады. Қашан келер екен деп тағатсыздана күтіп тұрған су жануарлары көрінбейді. Қалың қамыстың астындағы қайраңды, тұнбалы тұстарды бой тасалап, жасырын қоныстарынан хабарсыз бейнетшілер келгеніне тәуба етсе керек. Отқа келгендей болған жандар табиғаттың тегін берген байлығын оңай аулап қарық бола алмады. Оған да еп пен бап керек екенін әсіресе қыздар жағы жақсы түсінгендей. Ең болмаса ырым етіп біреуін ұстамай қоймаймын деген Жанаттың темір торына Саят өзінің бір балығын салып берді. Ақыры барымен базар болып, бар ұстағандарын олжа тұтқан жастар не балықтарға сес көрсеткені, не өздеріне сөз бергені белгісіз «келесі жолы көрсетеміз әлі» деп кері қайтты. Әлі де бітпеген шаралардың қамымен жүргендері соншалық, түсті астың уақыты болғанын, қарындары ашқандарын байқар емес.

Үйде қалған қыздар жерге қаратпады. Бәрін жайнатып қойған екен. Іске пысық Айсұлу барлығы жайғасқанша әкелген балықтарды әп-сәтте тазартып, майға шыжғырып үлгерді. 

Дастарханға шақырып әуре болған қыздардың бірі кешкі жиынның қамына алаңдап техниканың басы-қасында жүргендерді кіргізе алмаса, енді бірі үйдің артындағы бақты қызықтап кеткендерін шақыра алмай, бастары біріге қоймады. Осындай дабырдың үстінде келген саясаттану пәнінің оқытушысы Петр Сергеевичті көрген Жанат қуанып кетті.

  • Саламатсыз ба! - деген қыздың жарқын даусы шын көңілден қатты шықты. – Төрлетіңіз, - деп үстелдің жоғарғы жағына шақырып, өзі де отыра бергенінде есік жақтан Ерболаттың басын шұлғып шақырып тұрғанын байқап, қайтадан кері бет алды. Үстелдің үстінен бір шабдалыны іліп алып, жеп тұрып, даңғыраған музыкадан жақсы есту үшін досының сөзіне басын иіп құлақ түрді.
  • Проектор істемей тұр! Фильмді көрсете алмаймыз, - дегенді естігенде, көзі бақырайып кетті.
  • Не деп тұрсың? Сонша дайындалғанымыз не болады?
  • Альбом бар. Суреттерді көрсетеміз. Видеоны кейін университетте көрсетерміз.
  • Жоқ, болмайды. Табу керек проекторды.
  • Мына жақта қайдан таппақсың? Қалаға барып келу керек. Онда да тек Алмаста бар екенін білемін. Бірақ одан мен сұрамаймын. Өзім сұраймын десең, апарайын.

Жанат басқа амал жоқ екенін түсінді. Барлығы түстеніп отырғанда уақыт жоғалтпай барып келмек болып ұйғарды. Қолына шабдалының екеуін қыстырып, жүре бергені сол еді алдынан Сәлім шықты. Дастархан қалай екен дегендей Жанатқа разы түрмен қарап қояды. Тырысқаны көрініп-ақ тұрғанымен өзіне ұнамақ болған жігітті шымшығысы келген Жанат үстел үстіне көз жүгірткенінде шетте тұрған шағын балыққа назары түсіп:

  • Мынау қандай балықтың баласы? – деп сұрады. Қыздың шақпалы әзілін аңғармай қалған аңғырт ер:
  • Сазан ғой, - деп аңқылдай жауап қатты. 
  • Мөңке тәріздес сазан екен, - деп ұстаған балықтарының көлемін қағытқан қыз жолын бөгеген Сәлімнің алдынан аса бір ептілікпен сытылып шықты.
  • Қайда барасың? Қазан басына жоламағандарға да ас береміз. Қайда?, - деген жігіт ауылдың әсем табиғатын көрсетуге асық болып, қызды өзен басына қоярда қоймай өзі ертіп бармағанына қарамай, тағам әзірлеуге үлес қоспағанын түйреп өтті.  Өзеннен келе салысымен кешті өткізу қамымен бір сәт дамыл таппағандықтан айтылған сынның тек жақын тартатын жанға арналғанын сезген қыз:
  • Маған қызыл балық тәріздес сазан ұнайды. Сол дайын болған кезде келемін, - деп қағытуды көңіліне алмағанымен ашаң жүзіне қан ойнап шыға келді. Орынсыз кіналаудан туындаған өкпесін жеткізбек болып өзін күтіп тұрған Ерболаттың білегінен еркін ұстап, артына ойнақылана көз тастады. Қыз жүрегіне үміткер қарсыласының қасына тым жақындағанын жаратпай қабағы қатулана қалған жігітке - Сосын ыстығы ұнайды. Біз сағат бестерде келеміз, - деп өзімсіне дауыстады. Тырысқаны жазыла қоймағанын байқап, - Проектор бұзылып тұр екен, басқасын әкелмекпіз, - деп жөнін артық қимылына ақталғандай үнмен жеткізді.

     Оқушыларының кетіп бара жатқанын байқаған Петр Сергеевич:

  • Жанат, бері келші, - деп шақырып алды. – Ораз Бегалыұлы, олимпиадаға қатысуға сенің кандидатураңды ұсынды. Егер дайынмын десең, университетке соғып кеткенің дұрыс. Өзі Томскіге семинарға кетіп бара жатыр, - деп бір шаруаның шетін шығарды.

Ойланып қалған студент қыз жарысқа басқа пәннен дайындалып жүргенімен, өзі сыйлайтын мұғалімнің сенімін ақтағысы келгендіктен қарсылық білдіре қоймады. Уақыт тауып, жолықпақ болып шешті. Ерболатқа қарап, - Тамақтанып алайық. Тағы бір жұмыс бар, - деп шешімін аяқ астынан өзгертті. Оның қалғанын көріп басын шайқай, жымиған Сәлімге қарап:

  • Петр Сергеевич бұл жақтағы ең тәуір балық осы дейді. Бұдан артығы жоқ дегесін, барынан айрылып қалмайық, аш қалармыз деп жеп кетпекпіз, - деп «тентексің» дегенді түрімен білдірген жігітке қарсы бұл да қарап қалмады.  Айсұлуға жағдайды түсіндіріп, кешке дейін келіп үлгеретінін жеткізді. 

Апыл-ғұпыл тамақтанған Ерболат екеуі барынша асыға жолға шықты. Көлікте келе жатып, жол бойындағы аралары біркелкі жайқала өскен жасыл ағаштардың сәнінен, тұнық аспаннан, алда тұрған өмір жолындай созылған түзу бағыттың шексіздігінен әсерленіп, жағымды ойлар зуылдаған көліктің жайлы жүрісіне үндесіп көңілін тербеп келеді.

«Ораз ағай маған ұнайды. Жас болғасын ба? Әттең үйленіп қойған. Бірақ бәрібір ұнайды. Жұмысына жақсы қарағаны үшін. Осындай адамға ойланбастан тұрмысқа шығар едім. Сәлім мен үшін барлығын өз аулына шақырды. Ауылын көрсетпек. Ештеңе емес, ұнайды. Тек екеуміз теке-тіресіп қала береміз. Үйленсек, күнде бір-бірімізге тиісіп, шымшып отыратын шығармыз. Көңілді отбасы болар едік. Ешқашан ішің пыспайды. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын. Сосын ғана қалай болар екен деймін. Әйтпесе өте ұнайды. Ерболат та жаман жігіт емес. Сенімді. Тек ішіңді пыстырып жібере ме? Бірақ болашақ күйеуің осындай мызғымас қамалдай болу керек шығар. Саят жарамайды. Жақсы жігіт. Бірақ бойы кішкентай. Балаларым кішкентай болып қалуы мүмкін. Қыздарға қандай рахат. Ұлдар барын салып, ұнауға тырысады. Ал сен арасынан біреуін таңдайсың. Мені бәрі жақсы көреді. Неге? Барлығы сондай жақсы, ақкөңілді. Негізі жаман істерге кімдер барады екен? А-а-а... Кімдерді жақсы көрмейді, солар. Өздерінің керемет бола алатындарынан хабарсыз. Әлемде өздерін жақсы көретін біреу бар екенін білмейді. Сендерді бар болғандарың үшін ғана жақсы көремін. Сендерге көмектесуге дайынмын. Шын айтам, маған сеніңдер. Өмір сондай керемет! Адамдардың өздері неге соны қиындатады? Данышпандар күрделі мәселенің шешу жолы қарапайым деген. Сол қарапайым шешімді таба алмайды. Өмірдің мәнін іздеп қиналады. Ереже біреу-ақ. Барлығын жақсы көру керек. Барлық адамға, титтей жануарға дейін мейірімді болу керек. Қолыңнан келген жақсылықты істеу керек. Сонда адамдар да сені жақсы көреді. Бәрі бақытты болады. Жер беті – ол жұмақ қой. Не істеймін десең де өз еркіңде. Ол үшін бәрі бар. Табиғаты керемет әсем жерлер бар. Ұнамаған жерден қолыңды бір сілтеп, қалаған жеріңе кетіп қалуыңа болады. Өмір өзгерістерімен, құбылыстарымен қызық. Әйтпесе мезі қылып, жалықтырып жіберер еді. Ал оның өзгеріп кететінін, қайта айналып келмейтінін сезгендіктен, сол сәттерден ләззат алып қалуға тырысасың. Жан-жағыңда бәрі өзгеріп жатқандықтан, біз де өзгереміз. Ақылдырақ бола бастаймыз. Барлығын, тіпті болмашы ұсақ-түйекті қадірлей бастаймыз. Барлығынан әсемдікті көре бастаймыз. Гүлдердің күлтесінен ғана емес, өрмекшінің өрмегінен де нәзіктікті, әсемдікті табуға болады. Мейлі айналамыз жасыл емес, бораған дауыл, құрсаған аяз, суық мұз, алып сең алып жатса да, жаңа жауған қардан, ери бастаған мұздан, ағараңдаған күннен нәзіктікті, көк аспаннан, орасан зор мұз сеңнен заңғарлықты аңғаруға болады ғой. Тек сыртқы келбет емес, ішкі дүниенің сұлулығын да байқай бастаймыз. Сондықтан адамдар қартайса да, беттері мыжым-мыжым, белдері бүгіліп, сымбаттарынан айырылып қалса да бір-бірін жақсы көреді. Себебі әжімдерінің артынан жандарын көре біледі. Жақсы көретін адамдарына ұнайтын әрекеттерді жасауға тырысады.  Осының барлығын біле тұра неге кейбіреулер қызықты өткізуге болатын керемет уақыттарын ұрысқа, таласқа жұмсайды? Өмірлерін текке өткізіп жатқандарына іштері ашымай ма? Мен тіпті Алмасты да жақсы көремін. Әрине, тұрмысқа шыға қоймаймын, бірақ әрбір адамды кемшілігімен қабылдай білу керек. Ұлдар қызық. Бірден шорт кеседі. Мүмкін Алмас қыздардың арасында өскен шығар. Киіміне, өзіне қарап жүргенде на тұр? Тек қыздарша сызылып кететіні расымен жараспайды. Оны боксқа ма, күреске ме бергенде ғой. Ұлдар расымен тасжүректеу, үзілді-кесілді болмайды дейді. Олардың пікірін өзгерту қиын.  Дарынды Роналдуды да қызтекелеу деп жаратпайды. Команданы емес, қара басын ойлайды дейді. Дегенмен ыждаһатын, бейнетқорлығын жоққа шығаруға бола ма? Соған бола Мессиді қарсы қояды. Екеуінің де еңбегін қатар бағалаудың орнына. Қараптан-қарап отырып екеуін жауластырады. Әр ойынға, әр кезеңге жеке қарап, күштісін мойындаған дұрыс қой. Әспеттеген ерлерін шыңға апарып қояды да, өздері ойлап тапқан бейнеден сәл ауытқыса, не сүрінсе, алдап кеткендей көреді. Бірақ бізді тым көңілшек дейтін шығар. Жарайды, осылар-ақ ержүрек, қайтпайтын қайсар болсын. Біздің мейіріміміз-ақ бүкіл әлемге жетеді».

Кешкі пікірсайыстан кейін сауық басталды. Егде жастағы Петр Сергеевичтің жастардың биіне қосылмағанымен, қуаныштарына сүйсініп отырғанына  риза болған Жанар Ерболаттан «Смуглянка» әнін тауып қоюын өтінді. Әннің әуені басталысымен мұғалімінің алдына жеңіл басып жақындаған қыз басын ибалықпен иіп биге шақырды.

Музыка ырғағына сай ақырын баппен басталған байсалды қимыл әннің қайырмасына келгенде жайдары ойнақылыққа ауыса жөнелгенде қарт ұстаз жастық шағына оралғандай шыр көбелек айнала жөнелді. Әннің қарқыны қайта баяулай түскенде әнге берілген кейіпкерлердің құбылған жүздері көрермендерді тәнті етіп әннің мәтініне түгел қосылып кетті. Көзінің қиығын төмен салып екі қолын айқастыра аса сыпайы қимылмен жақындаған молдаван қызын қайта жолықтырған жігіт қуаныштан қолдарын айқара ашып, ауыр салмағына қарамастан аяғымен жерді тепкілей жөнелгенде отырғандар ризашылықтан орындарынан түрегеліп алақандарын аямады.  

Одан кейін Жанат Саят екеуі би клубында дайындаған нөмірін көрсетті. Мексикандық стильше киінген екі жастың әрқайсысы өз үстемдігін дәлелдеу үшін алысып бағуда. Бір-бірінің мысын баспақ болып алыстан көздерін алмай арбасқандар қарсыласына таяулап келіп, кері шегінеді. Бұдан ештеңе шықпасына көздеріне жеткеннен кейін жанасуға көшкен екеуі ақырында тіл табысқандай болды. Көз тартар сымбатына сенімді хас сұлу тартымды қимылымен жігітті еліктіріп өзі шақырғандай болғанымен, жақындай бергенінде тәкаппарланып, мазақтағандай маңайлатпай кетеді. Енді ғана жете берген жігітке иығын бір қағып, паңдана басын шайқай қаша жөнелгенімен жайнаған көздері жігіттің еркін билеп, қайтадан елтітіп тартып әкетеді. Табандылығымен, айбынымен қиқар қызды ырқына көндірген жігіт оны құйындай шыр айналдырып, тулаған асауды жуасыту қолынан келетінін дәлелдеді. Жаужүрек сарбаздың басымдылығын мойындаған бикеш ең соңында жігіттің тізерлеген аяғына отыруы тиіс. Жеңіске жеткен батыр қыздың бетінен сүю құқына ие. Жеңілгенін төмен қарап мойындаған қызға қарай бетін бұра бергенінде айлакер тізе бүгуші қалтасынан ұзын стволды ойыншық револьверді жып етіп суырып алып бетіне тақай қойды. Жігіттің ерні қыздың мамықтай ақша бетінің орнына тастай темірге тиіп, жеңілсе де қиқарлығын қоймаған қыздың тұзағына түсіп қалды.  

 

  • Осы мағынасы жоқ киноны көруден жалықпайсың ба?
  • Мам, қызық қой, - деген Сабина керуеттің шетіне жылжып қасына келген анасына орын босатты. 
  • Қайдам, не мен бұндай әзілді түсінбеймін, не мына киноның еш мағынасы жоқ. Бір-бірінің басына кетчуп құяды. Міне, кеспені басына құя салғаны несі, обал емес пе? Несі күлкілі?
  • Мам, сіз корей сериалдарын көріп отырғанда ештеңе демейміз ғой. Ол да біздікі емес.  
  • Ең болмаса соны көріңдерші, тәрбие жағынан мәні бар. Тарихи кинолары жақсы ғой. Қандай халық болғанын білеміз. Ата-бабалары елін біріктіру үшін қандай күш-жігер салған. Ал қазіргі ұрпақтары соны бағаламайды.
  • Неге бағаламайды? Киноны түсіріп жатқан сол ұрпақтары емес пе?
  • Кореяның бір-бірімен жауласып жатқанын айтамын да. Ата-бабаларындай біреуінің табылмағаны ма, бір халықтың, бір ұлттың бір-бірімен жауласқанын тоқтата алмайтын. Бастарын біріктіретін.
  • Бөлініп кеткеніне олар виноват емес қой.
  • Иә, бір кездегі саяси жағдай бір халықты екіге бөлді. Дегенмен амал ойлап табу керек қой қайта қосылуға. 
  • Мам, бұл саясат қой. Олардың қолында емес. Сосын экономикасы, дамулары да совсем бөлек. Оңтүстік Кореядағылар қосылғысы да келмейтін шығар. Оларға не пайда?
  • Бекер олай айтасың, Германия қосылды ғой. Пайданы ойлау керек пе, тұтас халықтың тағдыры тұрғанда. Бағыттары алшақтап кеткендері рас. Дегенмен түбірі бір халық қой. Қаны бір, тілі бір, тарихы бір.
  • Ой, қандай президент биліктен кеткісі келеді. Ұят шығар.
  • Халқы үшін бас тартуы керек. Неге өз абыройын ойлау керек. Елін ойлаған адам халқының басын қосуға барын жұмсау керек.
  • Ондай адам мүлдем болмайды. Биліктің дәмін татқандар, ондайға бармайды. Ерлердің пайымын білмейсіз бе? Ондайларға әлсіз деп қарайды.
  • Өкінішті сөйтіп ойлайтындарың. Қайта сондай қадамға барған адам тарихта қалар еді. Ол әлсіздік емес. Оған санасы жоғарылар ғана бара алады. Не үшін өмір сүреді адам? Өзінің ерекше жан екенін, басқалардан артықшылығын дәлелдеу үшін емес пе? Тіпті жеке басының пайдасын ойлаған атаққұмар үшін де бұл мүмкіндік емес пе? Әйтпесе көптің бірі болып қаласың ғой. Ол сияқты билеушілердің талайы келіп, кетеді.   
  • Кәрістерді сонша жақсы көресіз бе? Не болды? Көңіл-күйіңіз түсіп кетті ғой.
  • Е-е-е, қызым-ау. Мына халықты жақсы көремін, мына халықты онша емес дейтін болмайды. Барлық халықтың өзіндік ерекшелігі, даралық қасиеті, рухани байлығы, сол ұлт жоғары қоятын, басым көпшілігіне тән мінез-құлқы болады. Мысалы орыстың жұмбақ жаны дейді. Мүмкін басқалар үшін түсініксіз шығар. Бірақ көрші тұратын, шаруашылығы ұқсас бізге түсінікті. Адамның жан-дүниесін жоғары бағалай білеміз. Маған немістердің ұқыптылығы, жапондардың әдептілігі ұнайды. Өзімізге жақын елдерден өзбектердің еңбекқорлығы, қырғыздардың бірбеткей қайсарлығы қандай. Айта берсең әр халықтың құнды қасиеттері, ерекшелігі бар. Міне, украина халқы қандай талантты. “Таланттар шоуы” туралы хабардан-ақ көрініп тұр, дарыны тұнып тұрған екені. Тіпті кішкентай ұл-қыздарына дейін.
  • Білесіз бе? Интернетте ылғы «қай халық ұлы болған» деп таласып қаламыз. Мен де жазғанмын. Кейін араласпайтын болдым, өйткені жаман жауаптар келеді.
  • Халықты ұлы деп айтқан қаншалықты дұрыс екенін білмедім. Әрбір халықта біртуар тұлғалар болады. Қайсар ұл-қыздары, дарын иелері, көрегенді даналары, соңына елді ерте алатын қайраткері, көсемдері болған. Ол сол халықтың арасынан шығады. Ондай шоқтығы биік бірегей жандардың бойына халқы қастерлеген қасиеттер жинақталған. Мысалы біздер намысқойлықты, жомарттықты бағалаймыз. Одан басқа да көп қой қазақ халқына тән қасиеттер. Әрбір халықтың мақтан тұтар жетістігі бар. Тек тұрған жеріне байланысты өзіндік тұрмыс-салты, түр-тұрпаты қалыптасады. Сонымен ерекшеленеді. Бірақ бәріміз де бір текке жатамыз. Атаның баласы болма, адамның баласы бол деп Абай атамыз тектен тек айтқан жоқ. Адамдар білгенін саралап, ұрпағына жеткізе білетін қасиетке ие. Көріп-тоқығанынан түйін, қатесінен нәтиже шығарады. Соның арқасында дамып келеміз. Жетістіктерді бағаламасақ, қорытынды шығармасақ, ұрпаққа жеткізбесек, дамымай, бір деңгейде қалып қояр едік. Сондықтан сендерге тарихты оқытамыз. Салт-дәстүрімізді үйретеміз. Оны ертең сендер жалғастыратын боласыңдар.
  • Мама, осы салттың керегі не? Жоқ, жаман демейім. Тек сіздің айтып отырғаныңыз атасы дәрігер болса, әкесі де, баласы да дәрігер болу керек,  теміржолшы болса, бала-шағасы да сол мамандықты таңдау керек деген сияқты емес пе. Бірақ қазір глобализация боп жатыр. Философияда осы теманы талқыладық. Болашақта барлық ел бір көзқарасты ұстанатын болады. Барлық елде бірдей ереже, бірдей тәртіп болады. Бара-бара барлық елдің экономикасы бірігетін болғасын сондай болады. Ал кейін вообще бір тілде сөйлейтін боламыз. Сонда не үшін салтты сақтауымыз керек?
  • Білесің бе, салт-дәстүр бір адамның ойлап тапқан дүниесі емес. Осылай істейікші деген тілек де, мәжбүрлеу де емес. Әр елдің ерекшелігі орналасқан жеріне, табиғатына, даму тарихына байланысты. Бір аумақта ұзақ уақыт өмір кешіп, табиғи жағдайына бейімделіп, өзіндік  өмір салты  қалыптасады. Өмір тіршілігіне қарай дүниетанымы қалыптасқан.  Өмірден жинақтаған тәжірибе-сабақтарын  ұрпақтарына жеткізіп отырды. Соған сәйкес салт-дәстүр қалыптасады. Ол бір мезетте пайда болмайды. Ғасырдан ғасырға қалыптасқан дағдылардан жинақталған әдет-ғұрып. Терең мағыналығы уақытпен сыналған. Сонысымен құнды. Бір әулеттің емес, сол аумақты мекендеген халықтың жүздеген жылдардағы бастан кешкен жағдайына сай туындаған іс-әрекеттерінің жиынтығы. Табиғатта аман қалу үшін ғана емес, ұрпағының жалғасуы үшін, бір-біріне сүйеу болу үшін, қуанышты бөлісіп, қайғыны бірлесіп еңсеру мақсатында пайда болған. Өмірдің, табиғаттың қатаң сынағына ұшырағанда адамның арқа сүйер тірегі адам болды. Айбындылықпен қатар бауырмалдылық та, қайырымдылық ма маңызды. Сондықтан адамгершілік ең қымбат құндылық деп танылады. Дамып қоймай, сол мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген көшпенді халықтың мәдениетін сақтап қалғанымызды мақтан етеміз.
  • Басқа елге біздің дәстүр қызық па? Оларға не керегі бар?, - деп беріле қоймады жас қыз. Төпелеңдей түскен ұғымдарға ыға қояйын десе іштегі түйіткілі арқа бермей, сөз таластырайын десе тәжірибелілеу қарсыласына қарағанда білім-танымы әлсіздеу өскелең жастың даусы бәсең шықты.
  • Басқаға емес бізге керек. Үйдің тірегі болмаса құлап қалады. Сондықтан арқа сүйейтін ұстаным баршаға керек. Тұрып жатқан жерге байланысты ерекшелік бәрібір болады. Аптаған ыстық Сахарада бір, қақаған аязды Сібірде басқа жағдай болады.  Соған сәйкес тұрмыс салты да өзгеше болады. Тұрып жатқан жердегі табиғат та, тұрмыс-тіршілік те әртүрлі адамдарды қалыптастырады. Мінездерінде, бет-әлпеттерінде айырмашылық болады. Мысалы, біздің аумақта көшпенділер мекендеген. Олар анау ғұндардан, сақтардан, тағы кім еді, сармат тайпалары кезінен жалғасып келеді. Олардан кейінгі халықтар түркі, түркеш тағы басқа атаумен белгілі болғанымен, сол көшпенділердің мәдениетін жалғастырушылар. Суы мол, жері құнарлы аймақтарда егіншілікпен айналысса, біздің жердің ыңғайы мал шаруашылығына қолайлы болған. Біздер сол халықтардан қалыптасқандықтан, мыңдаған жылдар бойғы әдет-ғұрып қанымызға сіңген. Әр халықтың өркендеген кезі болды, кейінгі ұрпағы мақтана алатын. Ауызбіршілігі болмағандықтан өзінен күштірек елдің езгісінде болған кезі де болды. Бірақ оны жадымыздан шығарып тастауға бола ма? Ол кезеңнен ұялғаныңмен ол сабақ қой. Барлығы да сабақ. Барлығының себебін түсіне білу керек. Мысалы, мұсылман болдық деп араб болып кете алмаймыз. Ол мекенде қалыптасқан халықтың өз дәстүрі бар. Ислам дінінің қағидаттары біздің жердегі көшпенді халықтың ұстанымына сай келгендіктен, басқа да себептермен бізде өріс тапты. Ислам діні жете бөліп қарастыратын үш бөлімнің бірі ол – ағлақты, яғни мораль мәселесін қамтиды. Діни шариғаттарды жете таныған сол кездегі сауатты жандар халыққа түсінікті болуы үшін қарапайым тілмен жеткізген. Мысалы Яссауй, Баласағұн халыққа ұғымды болу үшін араб тілінен аударып, көне қыпшақ тіліндегі жырлар арқылы жеткізген. Ізгілік, мейірімділік, әділдік, ымырашылдық сияқты адамгершілік құндылықтары ислам дінімен үндесіп жатқан жүздеген жылдарғы салт-дәстүрді шариғат амалдарымен байланыстыра білді. Сан жылдар бойы қалыптасқан сана-сезім әрекет-тіршілігімізде билік етеді. Дінді де, дәстүрді де қатар ұстанамыз. Ал адамдардың барлығы бірдей өмір сүреді деу....
  • Жоқ, жоқ, мама, жүз жылдан кейін не болатынын айтып жатырмын. Ол кезде табиғаттың қандай болатынын білмейсіз ғой. Тіпті жиырма бес жылдан кейін бәрі өзгеріп кетеді. Қазіргі мамандықтар керексіз боп қалады. Бәрі автоматтандырылады...
  • Иә, білмейміз. Мүмкін. Тарих – ол естелік. Білетінім адамдар өткенін ұмытпағандықтан осы дәрежеге жетті. Білесіңдер, қаншама өркениетті елдер болды тарихта. Қазір тек іздері қалды. Заманға сәйкес дамуға тырысып жатырмыз. Жаңа заманға лайықты болуға тырысып қоймай, ата-баба мұрасын сақтап қалып жатқанымызды да неге мақтан етпейсіңдер? Ол рухани байлық қой. Адамзат рухани тұрғыда шексіз дами алады. Материалдық дүниенің шегі болады. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деген. Уақыты жеткен кезде кейбір әдет-ғұрыптарымыз қажетсіз болып қалатын шығар. Бірақ әрбір ел өзіндік ерекшелігін мақтан тұтады, оны сақтап қалуға тырысады. Бір кезде Миттеранның өзі шетелдің капиталынан қорғау үшін меншіктерімізді ұлттандыруымыз керек деген.  Ал ұлтының қамын ойлаған француздар оған қарсы болмады.
  • Ой, мам. Ол қашан еді. Мен болашақты айтып жатырмын, - деп сөзді бөлді жасөспірім өзін таңғажайып мүмкіндіктерімен, тұманды жұмбақ сырымен еліктірген келешек уақытты талқылауға әңгіме бағытын өзгерте алмағанына шыдамсызданып.   
  • Білесің бе, қызым, өткен кезең ол біздің бастан кешкен тәжірибеміз. Оған сүйенеміз. Содан сабақ аламыз. Білген-түйгенімізді осылайша жинақтаймыз. Ол ұрпақтан ұрпаққа жеткізілді. Солай жазылмаған заң, дәстүр қалыптасты. Білгенді жинақтау, зерттеу арқылы білім пайда болды. Білімді негізі ғылым тудырады. Ол ғалымдардың зерттеген жұмыстарының дәлелденген қорытындылары. Оның өніп-өсуі – оқудың арқасында. Білімді сақтайтын – мәдениет болса, тарататын – ақпарат. Тәлім-тәрбие, білімді бағалау, алға ұмтылу – ол адам мәдениетіне тән дүние. Сондықтан ешкім өз мәдениетін жоққа шығара алмайды. Егер жүз жыл дейтін болсаң, ол кезде адамдар саналырақ болуға тиіс. Жер бізді мыңдаған жылдар бойы керек нәрсемен қамтамасыз етіп келді. Одан бері адамдар дамып келеді. Атомдық энергияны, ғарышты игерді. Он тоғызыншы ғасырда буды пайдаланып, үлкен төңкеріс жасады. Инженерлік ғылымды дамытты. Бүгінде неше түрлі ақпараттық технология дамып келеді. Қазір игерген үстіне игере түсеміз деп табиғатты құртып жатқанымызды байқамай келеміз. Ал біз соның бір бөлігіміз. Жетістікке қол жеткеннен кейін материалдық табыстан дандайсып кеттік. Оған дайын болу керек еді. Санаулы адамдардың дарындылығы арқасында расымен таңқаларлық нәтижеге жеттік. Жемісін бәріміз көрудеміз. Тек бұған адамзат дайын емес еді деп ойлаймын. Оны бағалап, орнымен пайдалануға сана жетіліп үлгермеді. Болашақтағы адамдар қазіргі біздің тірлігімізге күлетін шығар. Міне, өздерің. Гаджеттерің адамның өмірін жеңілдетуге арналған. Ақымақ емессіңдер, бірақ соның ішіне кіріп, шыға алмай қалдыңдар. Сол сияқты басқа нәрседен басымыз айналып қалды. Соның буын көтере алмай қалдық. Байлыққа мастанып, жетістік деп қараймыз. Санасыз балаға көп ойыншық беріп қойған сияқты. Адамгершілік қасиет, рухани азық материалдық табыс табуға жеткіліксіз көрінеді. Онымен қарапайым өмір сүресің. Оған қоса тырысып-тырбану, еңбек қажет. Сондай-ақ жанын қинамай табыс табуға мүмкіншілік туды. Кейбіреулер бас қатырып, ойланып, не күш жұмсап еңбек етпей-ақ мол табысқа жетіп жатыр. Сондықтан адамдар оңай байлыққа қолы жеткендерді ақылдырақ деп тануда.
  • Байларды сразу жаман деуге болмайды ғой. Сіздерде миллионерге теріс көзқарас. Америкада әрбір жүзінші адам миллион доллар тапқан. Ақша тапқан адамдарды жамандайсыздар да, сондықтан көп ақша таба алмайсыз. Адам байлыққа ұмтылу керек. Ақшасы бар адам жаман деген дұрыс емес.
  • Иә, дұрыс айтасың. Бірақ байлыққа қалай қол жеткізгенде ғой сұрақ. Қабілетің, ақылың арқылы табысқа жетсең, жетістігің халқыңа пайда әкелсе, әрине сөз жоқ. Ал, істегенің ұрлық екенін байқамасаң, құнығып кетіп тоқтауыңа, өзгеруіңе, жөнделуіңе шамаң да, санаң де жетпей қалса, барлығы осылай істеп жатыр деп ақталсаң, қаншалықты саналы болғаның? Арсыздықпен қол жеткізсең, адамилығыңды ұмытып, тек бай болсаң болды, ақылды болғаның ба? Адамның санасында аттап кете алмайтын бір жіп тұрады. Оны бір рет аттасаң, етің үйреніп қалады. Келесі жолы аттау жеңіл болады. Осылай адам теріс жолға түскенін білмей қалады. Оны ешкім көрмесе де, өзі біледі. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасын» оқыдың ғой. Адам өзін-өзі жеп бітеді. Ар-ұяты таза адамның ұйқысы тыныш деп бекер айтпайды.  
  • Қателессе ше?
  • Қателікті бәріміз де жібереміз. Пенде болғасын. Бастысы қисық жолда кеткеніңді ұғыну. Оның өзі оңай емес. Себебі өмірім бекер, қателікпен өтіпті дегенді сезіну өмірдегі ең ауыр жаза. Бірақ мойындамасаң расымен өміріңнің бекер болғаны. Сондықтан қателігіңді түсіне білу керек. Түзеуге тырысу керек. Кеш болса да.
  • Түзеуге келмесе ше? Қиналғанша ештеңе ойламаған жеңіл ғой.
  • Қалай айтсам екен. Қателік әртүрлі болады ғой. Тіпті біреуді ренжітіп, оны негізсіз айыптағанның өзі қателік болуы мүмкін. Өз қателігіңнен қашып, басқаны кінәлағаннан жаның жай таба алмайды. Себебі басқадан жасырғанмен, өз қателігіңді сезесің. Ол сенің еңсеңді басып тұрады. Өзіңді алдай алмайсың. Немесе біреудің кемшілігін көріп, өз бойымыздағы кемшілікті көре алмағанымыз да қателік қой. Қателігіміз үшін кешірімді алла тағаладан сұраймыз. Теріс істерін адам алдымен өзіне мойындау керек. Ең бастысы түсініп, шын көңілден кешірім сұрасақ, алланың шапағаты кең. Бәрін де кешіре біледі. Сол кезде мойныңнан ауыр жүк түсіп, жеңілдеп қаласың. Аураң тазаланады. Мені кешірді деген сенімнен кейін, алдындағыдай енді бәрі кеш демей, түзелуге тырысасың. Бәріне қол сілтей салмайсың. Балаңның алдында жіберген қателікті құрығанда немереңде жөндеуге тырысарсың. Осылай түзелерміз деп ойлаймын.
  • Мам, әже ше, әже айтады, олардың кезде басқаша болды деп.
  • Ол кездегі адамдар ақ көңілдірек пе еді. Адамгершілік қасиеттер жоғары қойылған заман еді ғой. Қазір соны аңсайсың. Заман өзгертіп жатыр дегенмен, сол қасиеттердің дұрыс екенін мойындаймыз. Өз еңбегімен жетістікке жетіп, арын сақтап қалған, жаны таза адамдарды қадірлейміз. Себебі рухани жетілу, ізгілікке ұмтылу адам жанын тазартады. Адамға күш береді. Ол ой-өрісін тереңдей түсіріп, сананың жоғарылай түсуіне жәрдемдеседі. Даму деңгейінің келесі сатысына көтереді. Халық болып сақталып қалу үшін, ұрпағың өсіп-өркендеуі үшін тұрып жатқан жердегі рухтың маңызы жоғары. Ол қараптан қарап пайда болмайды, өзінен өзі күшеймейді. Адамның игілігіне, ішкі дүниесінің таза болуына жетелейтін жақсы әдеттер дәріптеле түсіп, қадірленетін болса ғана адамды жоғары жетелейтін рухтың асқақтауына әкеледі. Сандаған жылдар бойы іріктелген игі қасиеттер өрістеген жағдайда сол аумақтағы халықтың рухы да биік болады. Бірегей тұлғалар сол қасиеттерді бойына жинақтай алса, қалғандарына жақсы үлгілер сенім береді. Ол баршаның көп жылғы еңбегі. Оның саған тиесілі екенін сезінесің. Соны сезіне біліп, соған ұмтыласың. Ол саған – бағыт-бағдар. Осындай елдің ұрпағымын деген сенім сені де тәрбиелейді. Соған лайық болуға ұмтыласың. Алдыңда тұрған үлгі бар. Соны санаңа сіңіріп өсесің. Адам тәлім-тәрбиені жан-жағындағы ортадан қабылдайды. Сондықтан бізде өскен халық басқа ұлт, сол сананы бойына сіңіріп өседі. Бізде тұратын немістер мен Германиядағы немістердің айырмашылығы бар. Біздікілер қазақи сананы қабылдап, осы жерде қалыптасқан рухты түсіне де, қабылдай да біледі. Сол жерде дәл сол қасиеттер керек болғаны. Қаһармандық рухтың арқасында халық болып сақталып қалдық. Көшпенділер бір кезде дәуірлеп тұрса, келе-келе отырықшы елдер басып озды. Көшпенділік салттан бас тартып, отырықшылыққа ауысу оңайға түспеді. Дамуымыздың тұралап қалған кезі болды. Отаршылдықты да бастан кештік. Кеңестік дәуірдің өзінде қаншама жыл қалыптасқан тұрмыс салтын, шаруашылық құрылысын, табиғи жағдайды ескермей  экономиканың тірегі болған мал шаруашылығының негізі бұзылды. Малдан айырылдық. Аштан қырылдық. Бірақ қандай жағдай болмасын құндылығымызды жоғалтып алмадық. Сол рух бізді сақтап қалған. Егер адамдардың құрығанда жиырма-отыз пайызы осы адамдық қасиетті сақтап қала алса, адамгершіліктен жұрдай болып қалмаймыз. Қазір мүмкін құнсызданып кеткен шығар. Болашақта саналы болған кезде бұл қасиеттер қайтадан бағаланатын болады.
  • Сонда біз де өзгеріп кеттік пе?
  • Ол сендердің кінәларың емес. Біздің ұрпақ тұсында заман өзгеріп кетті. Көп ақша тауып, бай болуға рұқсат етілді. Байлық көп нәрсеге жол ашты. Адамдар байлыққа қол жеткізуіне мүмкіндік алған кезде, оның берер пайдасын бірден байқады. Өмір жеңілірек, қызығырақ бола бастады. Қолың ұзарып, әлемді көруге мүмкіндік пайда болды. Бірақ бәрі бірдей байып кете алмады. Сондықтан барлығының арманы материалдық жетістікке жету болды. Адамилық қасиеттер ығыстырыла түсті. Себебі одан көзбен көретін нақты пайда келмеді. Ал байлыққа қол жеткізгендер одан айрылып қалудан қорқады, көзі тоймай, жинай берсем дейді. Егер өзіне жоғарыдан қарай білсе, соншалықты ақшаның керегі де жоқ екенін білер еді. Бірақ оған санасы жетіңкіремейді. Бақыт деген тек әлемнің қызығын көру ғана емес, қолыңнан іс келетінін дәлелдеу емес пе? Сонша дүниені өзіңмен алып кете алмайтыныңды ұғасың, бірақ балаларыма қалсын дейді. Ал балаң өзін әлемнің қожайыны ретінде сезгенше өзінің қадірін, қабілетін мойындата білгені маңыздырақ емес пе?
  • А неге өзгеріп кетті? Кім кінәлі сонда оған?
  • Кімдерің бар ма? Мүмкін теңсіздік шығар. Өмір сүру деңгейі жоғары болғанда, бәріне негізгі қажеттілік жетімді болғанда тек байлыққа қол жеткізсем болды деп ойламас па еді.
  • Сонда қандай адамдар болды ол кезде? Әжелердің кезінде.
  • Біз қазір де сол адамдармыз. Санамыз сол дәрежеде. Тек материалдық жағынан жетістігіміз артып кетті. Мүмкін білімі бізден аз болған шығар, бірақ жан-дүниелері тазарақ еді. Адамилық қасиеттердің қадірі болды ол кезде. Бір жағынан сендердің қабілеттерің артықтау екенін мойындау керек. Әр ұрпақ жетіліп туатыны да дұрыс қой, өйтпесе адамзат дамымас еді.
  • Ең жаман, жаманы қайсы? Кешіруге болмайтын қылықты айтам.
  • Немқұрайлық. Барлық жаман істер осы немқұрайлықтың арқасында болады. Себебі адам жаратылысынан ізгілікке ұмтылады. Ал теріс әрекеттерге қателесіп, байқамай барып жатады. Егер басқалар оны бірден жазғыратын болса, ол жөнделер еді. Ал, біз үндемейміз. Көрмегендей боламыз. Бізге қатысы қанша деп ойлаймыз. Әйтеуір бір себеп табамыз. Осылай теріс қылықтардың көбеюіне өзіміз жол береміз. Игі ұмтылысты немқұрайлық ми батпақтай сорып әкетеді. Егер қара басымызды ғана емес, болашақты да бір сәт ойласақ, заман түзелер еді.
  • Мама, білесіз бе? Махатма Ганди де солай айтқан, біз болашақтағы көзқараспен өмір сүруіміз керек деген. Сонда, қазір санасы төмен адамдар өмір сүріп жатыр ма?
  • Әлі жетіліп үлгермеген адамдар. Материалдық байлыққа бірінші қол жеткізіп алды да, ал сана әлі жетіліп үлгермеді. Жарайды бұл менің ойым. Бұның бәрі қазір саған түсініксіз шығар. Ең бастысы өткенді ұмытпасаңдар болды. Мүмкін біз ежелгі мәдениеттің жұрнағымыз деген ой сендерге демеу болар. Ата-бабамыздың қайсарлығының арқасында қалған жерді бағалауды ұмытпасаңдар болыпты. Жүректеріңнің бір бұрышында жүрсін.
  • Мам, қайдан білесіз, рухани өсудің шегі жоқ екенін?
  • Адам ой түбіне жетпеген. Осы күнге дейін қанша адам келіп, кетпеді. Ұққаны бар да, болмыстың сырын ашқаны жоқ.

 

Жексенбі күні қонаққа келген Арайды көрген Жанар қуанғанынан үй ішін толық жинап шықпақ болған ниетінен айнып қалды. Терезенің іші-сыртын жумақ болған Сабинаға леген-шүберектерді жиыстырып қоя сал деп, үйдің қасындағы тәтті тағамдар сататын дүкеннен жаңа піскен тоқаш, оны-мұныны таңдап әкелуге жұмсап жіберді. Арайдың көмектесейін, әуре болма дегеніне құлақ аспай, -  Сәлемнің де сәті бар деген, бүгінгі күнді өзіңмен бас қосуға жазған екен, -  деп  шүйіркелесіп шәй ішудің қамына кірісті.

  • Білесің бе, Сабинаны жас дейсің-ау. Кейде бала сияқты. Ал кей сөздеріне қарап, балалардың ата-анасынан жетіліп туады деген рас-ау деп ойлаймын. Айтқан сөзіне өзім жауап бере алмай қаламын.
  • Не дейді сонда?
  • Сіздер жұмыс істейсіздер. Сол дұрыс емес дейді.
  • Енді шалжиып жатқанның несі дұрыс екен?
  • Жоқ, әркім өзі үшін тырысу керек. Сол кезде ел де байиды. Әрбір адамның жетістігі ол елдің жетістігі. Америка солай дамыған. Мені күйдіріп, біздің адамдар өз елін сүймейді дейді. Бұны есту қандай ауыр екенін білсең ғой. Соғыста жанын қиған аталарымыздың ерлігі сонда қайда қалды? Бір кездегі еңбекті еш еткені қатты батады. Ал американдықтар өз отанын шын сүйеді дейді. Олар салық төлеуден жалтармайды. Әрқайсысы миллионер болуға ұмтылады. Оған барлық жағдай жасалған. Не істеймін десе де кедергі жоқ, рұқсат алу үшін жүгірмейсің де, ақша да бермейсің. Ал миллионерлері салық төлейді. Солай өз елінің дамуына нақты көмектеседі. Сол салықтың арқасында дамыған ел болды. Ол жақта жеке адам ісін бастау үшін жағдай дұрыс жасалған дейді. Осы қыздың Америкаға барып келгенінен бері сол елді тым қатты дәріптеуі кейде алаңдатады.
  • Былай қарасаң, бізде де үкімет бәрін істеп жатыр ғой. Өз кәсібіңді бастау үшін.
  • Қай жерден қате кетіп жатыр екен? Неге бай мемлекет бола алмай жатырмыз?
  • Кім білсін. Мүмкін жастарымыз ақылдырақ болар. Осыларға үміт артамыз ғой. Бізден қайбір бизнесмен шықсын. Оған тәжірибеміз де жоқ. Бір кезде қара басыңды ойлау қате деді, енді келіп өз күніңді өзің көр дейді. Бұрын әйтеуір бір жұмысқа кіріп, өкіметке сенім артса, ендігі жерде өз шаруаңды өзің істе, тәуекелді өз мойныңа ал дейді. Оған да үйренуге уақыт керек. Іскерлік қабілет баршаға тән емес. Оны да жетілдіру керек. Қалай болып кетер екен деген бойда қорқыныш, үрей бар. Тәуекелге баруға да жүрек керек. Адам аяғында нық тұрғысы келеді. Тұрақты айлықты дұрыс көреді. Ал ісіңді бастау – ол барлық жауапкершілікті өз мойныңа алу. Қаражатты табу, қамтамасыз ету, есебін жүргізу, жұмысшыларды табу, айлықтарын тауып беру, әрі қарай даму, нарыққа сәйкес қимылдау. Оңай дейсің бе? Балаларымыз ақымақ емес қой. Осылардан миллионер шығып, елімізді байытар.
  • Негізі біз бай ел емеспіз бе? Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтер біздің елде бар деп мақтанушы ек қой. Енді шикізаттық ел екенімізді білеміз. Бірақ инновация, индустриалды дамып жатырмыз дегендеріміздің, кәсіпкерлікті қолдап, дамытып жатырмыз дегендеріміздің дәлелі қайда? Мүмкін емес қой, ештеңе өндіріп жатқан жоқпыз деген. Теледидардан көрсетін жаңадан ашқан кәсіпорындардың барлығы қайда? Жарайды, мұнайдың арқасында гүлдеп келіппіз.  
  • Е-е-е, өмірдің өзі бізді осындай жағдайға әкеліп тіреген шығар. Қазір тағдырдың сынағында тұрмыз деп есептесек болады. Қазіргі кәсіпкер дегендеріміздің көбісі тек алып-сатумен айналысатындар. Көбісінің көнкөріс табысына айналған. Оның өзі де оңай емес. Алайда ол экономикамыздың дамуына көмек береді деп айта алмаймын. Ақша деген – ол өнім. Неғұрлым көп өнім шығарылса, соғұрлым бай болады ел. Бағасы қымбат өнімді шығаратын елдер сондықтан байырақ. Өйткені одан табыс көбірек түседі. Ал біз шығарып жатқан өнімнің жалпы құны төмен деген сөз. 
  • Білесің бе, балаларыма қандай ақыл беретінімді білмейді екенмін. Өз ақылымен ісін бастап Форбсқа кірген қазақстандық миллионерді айтыңызшы дейді. Сен білесің бе, кім бар осы? Бір кезде басып қалған банкирлер, недровиктерден басқа.
  • Жастардың арасында бар болу керек. IT-технологиясында байыған ресейліктер бар. Олардың арасында аты шыққан қазақстандықтарды естімеппін. Бізде тәуір кәсіпкерлер бар енді. Нағыз шаруаның адамдары. Тек өздері көзге түскенді, істерін дабыра еткенді ұнатпайды. Барымызды көрсете алмағанымыз өкінішті екен. Балаларға үлгі етіп.
  • Айтпа, әйтпесе, қоймайды, Қазақстанда ісіңді нөлден бастап өз еңбегіңмен Форбсқа кіре алмайсың деп. Енді ол тізімге кірмегенмен, өз кәсібі бар миллионерлер бар ғой деп құтылдым. Ол шетелдің миллионерлерін саусағымен санап айтса, мен болсам әнші, спортшылардан басқаларын таппай қиналғаным-ай. Кәсіпорындарын әжептеуір жүргізіп отырған бақуатты таныстарым бар, олардың өздері бір кездері мемлекеттің мүліктерін жекешелендіріп алып, соның арқасында көтерілгендер. Ана кімдер болса, Сәрсеннің достары. Олар да бір кездегі лауазымды қызметінің арқасында ұстап қалған сауда орындарын жалға бергенінен қазір гүрілдеп отыр.  Негізі таныссыз, ұрламай-жырламай, таза еңбегімен жетістікке жеткендер туралы көбірек айтып, үлгі етіп көрсету керек қой. Міне тырыссаңдар болады деп. Бізді біреудің ала жібін аттама, адал бол деп тәрбиелеген еді. Мен солай айтсам, и чего тогда добьюсь дейді. О, тоба.  Бай бола ғой дейін десем, қалай екенін білмеймін. Ақыңды жіберме, тартып ал, жұлып ал деп үйретеміз бе? Адамгершілік қасиетпен жетістікке жетуі екі-талай сияқты. Өзімді айтсайшы. Әдейі осы залалсыздандыру бөлімінің меңгерушісі жұмысына тығып қойды. Не алуды, не беруді білмеймін. Тып-тыныш, ешкіммен шаруасы болмай істесін деп.
  • Сен бекер санитарлық факультетке ауысып кеттің ғой. Есебін табуды білмейтін болғансын. Терапияда қала беруің керек еді.
  • Емдейтін дәрігер бола алатыныма сенбедім. Адамдардың жанын түсіне алғаныммен, емдей білуге туа біткен қабілет керек сияқты. Басқа да варианттарды көрсе болар еді. Сәрсен талай рет айтты. Бір жерге бастық бол, керек адамдармен сөйлесейін деп. Жұмыста онсыз да абыройым бар, қадірлейді деп келіспедім. Ал өздері еңбегімді ескерер десем, басшы лауазымға тағайындамайды. Қабілетім жетпейтін шығар десем, кеше келгендер жолын тауып бір-бір мекемені басқарып отырғанын көргенде ақымақ екенмін ғой деп ойлаймын. Адалдықтан гөрі пысықтық дұрыс екенін көріп отырмын. Енді пара беруді үйрете қоймаспын. Бірақ сонда неге үйретемін? Іскерлікке ебім жоқ екен. Сәрсен жеке клиника ашып берейін дегенде де көнбедім.
  • Өзіңе сенімсіздігің ғой. Әйтпесе староста болдың. Неге ұйымдастыра алмаймын дейсің?
  • Жоқ, одан бұрын оны ішкі дүниең қалап тұру керек. Білесің бе, мұғалім болуым керек еді. Со кезде менен көбірек пайда болар еді. Бірақ мектепте істегім келмеді. Ал негізі соған қабілетім көбірек. Енді қырыққа келгенде соны түсініп отырмын. Сол үшін балалардың қабілетін байқау керек екен. Не істегісі келсе, соны істесін. Әйтеуір оқуын бітіртіп, міндетімізден құтылсақ.
  • Әне, бәрі осылай қателеседі. Бұл туралы балаларың оқуға түсер кезде ойлануың керек еді. Соған байланысты мамандық таңдауы керек. Жанкадан өскенде кім боласың деп сұрағанда, есіңде ме, білмеймін деген еді. Сол кезде бұл қалай дегенде сен ренжіген едің. Оны жақтап.
  • Білесің бе, көбісінің қабілеті ерте жаста байқалады. Әншілік, суретшілік, мүсіншілік, киім тігуге деген бейімділігі сияқты. Не спорттың бір түріне қабілеті ерек байқалады. Осылай айқын көрінсе, жақсы. Ал кейбіреуінде бірнеше іске деген қабілет бірден беріледі, бірақ аналардыкіндей емес, орташа деңгейде. Есесіне оларға жұмыс таңдауда бірнеше бағыттан мүмкіндігі бар. Ерекше бір іске дарындылығы бар бала үшін ерте жастан өмірлік жолын таңдауы жеңілдеу болса, ал жалпылама көпшілігіне бағытын айқындау қиындық тудырады. Өзімді түсінудің өзі маған қиын. Ал мектепті кеше бітірген баладан не сұрайсың? Биге, әнге қабілеті бар. Өнерге тапсырасың ба десем, барғысы келмеді. Ол тек әуестік. Сабина да солай, шет тілін игеруге қабілеті бар. Сосын ағылшын тілін таңдады. Енді мұғалім боласың ба десем, ни за что дейді.
  • Сен қызықсың, Жанар, балаларды еркіне жіберіп. Енді кім болады?
  • Жарайды, қойшы, жұмыссыз қалады дейсің бе. Сабина жеке курс ашса да жерде қалмайды. Оны бір мекемеде істейді деп ойламаймын. Өзіне өзі жұмыс ойлап табады. Ал Жанка мен сияқты ұлтжанды. Ол мемлекеттік қызметте істеуі мүмкін. 

 

Кепкен киімдерді жинап, әкесінің, өзінің киімдерін үтіктеп шығып, анасынан «ақылдым сол» деп қолдау алып көңілі көтерілген Жанат: 

  • Мама, ақша беріңізші. Сөмке аламын, - деп өтінді.
  • Кеше папаң берген жоқ па?
  • Ол жетпей қалса ше? Бутиктен аламын.
  • Қанша керек?
  • Он мың жететін шығар. Қалса, әкеп беремін.

“Сөмкеден көп заттарың жоқ” деп айтқысы келгенімен, “Жарайды, жас қой, қазір сәнденбегенде, ертең отбасылы болғанда,  өзі де түсінер” деп шешкен Жанар қолына ақшаны ұстатты. Бірақ іштегі жастардың тәрбиесіне деген көңілдегі түйіткілі екінші қызына ауды. 

  • Сабина, тұрсай енді, шаңқай түс болды ғой.
  • Қазір тұрамын.
  • Қазір, қазір дегеніңе екі сағат болды.
  • Демалыста ұйықтауға да болмай ма? Тұрамын ғой, - деп басын жастықтан көтерген қызы томсырайған күйде шомылатын бөлмеге беталды.

Басын шайқаған Жанар, қой бұлармен дұрыстап сөйлеспесе болмайды деп шешті. Тамақты ысытып, шәйін қайта демдеді.

  • Бикош, кел, тамағың суып қалады.

Қызының қабағы әлі ашылмаған сияқты. Тамақ ішпеймін деп шәйға таңқурай тосабын араластырып отырып, қабырғадағы сағатқа көзі түсіп «енді он бір болыпты ғой» деп күңкілдеп шәйін суыту үшін енжар қимылмен қасықпен араластыра бастады. Сосын орнынан тұрып, тоңазытқыштан жартылай сүрленген майсыз шұжықты алып шықты.

  • Сабикош, сендерге бола күріш ботқасын дайындадым ғой, колбасаны жемей-ақ қойсайшы. Асығыс кезде жерсің.
  • Көп жемеймін. Тамақ ішкім келіп тұрған жоқ.

Неге дайын тамақты ішкізе алмайтынын Жанар ұғына алмады. “Бұларға тамақ істемеу керек. Қарындары ашса, өздері үшін жасайды. Бірақ соны істеп жесе, жақсы ғой, шоколад жеп жүре береді ғой. Өмір неге өзгеріп барады? Неге жастар жалқауланып барады екен осы?”.

  • Төсегіңді жинадың ба?
  • Қазір, жинаймын. Сіз шәйға шақырғасын келдім.
  • Қызым, ертең сен де бір үйдің түтінін жағасың. Біреу келін келеді деп күтіп отыр ғой. Сен тек біреудің жары ғана емес, бір отбасының келіні болатыныңды да ұмытпа. Ұл өсірген бір ата-ана баламды үйлендірсем, үйіме жақсы келін түссе екен деп армандап отыр. 

Шешесінің бір бастаса тоқтамайтынын білетін Сабина үндемей отыра берді. Кеседегі шәйі таусылғасын, орнынан жайымен тұрып кетпек болды. Үйді жинауға кіріскенін көрген Жанар қызының естияр екеніне, инабатты болатынына сенім артқанымен, мен айтпағанда, өз бетімен неге жинамайды деп көңілі тола қоймады.  Ертең отбасылы болғанда да осылай құлағына аспапты, қалтасына сымтетігін салып жүріп үйін жинар ма екен деп түсінбеді. Тыңдап жүрген сазын да, әнін де жақтырмайтынын сезіп әдейі құлаққаппен жүр. Бірақ өзінің балалық кезі есіне түссе, кеудедегі үміті жанданып сала береді. Бір кезде мектептің қоғамдық жұмысы деп шауып жүргенінде үй шаруасы толық әпшесінің мойнында болғаны, соған қарамастан келін болып түскен отбасында үй тірлігін еңсеріп кеткені, атына еш сын айтылмағаны көңіліне демеу. «Арай сияқты ата-енеме сағат алты болмай тұрып, құмғандағы суларын жылытып бермегеніммен, қайын атам үнемі айналайын, алтын келін деп отырушы еді. Атам намаз оқығанда мен де сөйтер ме едім. Бірқ ол кісі жас еді ғой. Жұмыс істейтін. Иә, марқұмның дүниеден өткеніне де бес жыл болып қапты. Енем болмады. Мен түспей тұрып қайтыс болып кеткен екен. Атам кіші абысынымнан мені тәуір көретін. Қайным үйлене салысымен бөлек шықтық. Атаммен тұрған кез жақсы еді. Ол кісіден ұялып Сәрсен екеуміздің ренжісіп қалғанымызды білдірмеуге тырысатынмын. Қайда тұрмадық, апамның қолында да болдық. Жанканы қарап берді оқып жүргесін. Содан ба, оның мінезі дұрыстау, қазақылау. Сабина тек тік мінезді. Маған да ұқсайды. Бірақ ептілігі әкесіне тартқан. Қандай отбасыға барар екен? Расымен-ақ ене боламын ба? Құдай қаласа, ендігі бір бес жылда әже болатыныма сенбеймін. Апам әжеге ұқсайды. Мен ше? Әжелер осы ақ жаулықты, ұзын етекті, өздері байсалды да мейірімді  болатын сияқты еді. Менің денеме жабысып тұратын киім киіп, қыздай болып тылтиып жүргенім мынау. Қазіргі әжелер жастардың өзін артқа тастап кетеді».

   

Шалбарлылары қарыштарын адымдатып, ондай құлашты қадам жасауға етегі тар сәнді киімі мүмкіндік бермегендері жүрістерін жиілетіп жұмысқа асыға басып келе жатқандарға терезеден бейжай қарап тұрған Райханның назарына  Жігер ілікті. «Мына жаңадан келген жігіт қандай жан өзі? Айнұр әйелімен ажырасып кеткен екен дейді. Қызық екен. Сыртынан қарасаң, біреумен сиыспайтын адамға ұқсамайды. Расымен ақылды ма? Өткендегі кездесуде өзін ұстағанына қарағанда ынжық па, жоқ, әлде сыр алдырмас біреу ме? Сырт бейнесі қарапайым. Бірақ бастықтың жобаларға қатысты айтқан әңгімеге қарағанда басты біреу. Ойымнан бас тартқанымды өз жетістігіне жатқызып жүрген жоқ па екен? Тексеріп көру керек екен өзін, қай жерге дейін қалықтайтын құс екенін білетін».

Райхан түскі үзіліс кезінде өзі күткен қолайы сәттің туғанын байқады. Қызметкерлер шәй ішетін ортақ кабинетке кіргенінде іште Жігер отыр екен.

  • Үзіліске кетпегенсіз бе?
  • Иә, - деген жігіт отырып сөйлеуді ыңғайсыз көріп, орнынан қипақтай тұрды. 
  • Мен де бүгін қалған едім, - деген Райхан шыныаяғына диспенсерден ыстық су құйып алып, үстелдің оң жақ бұрышына жайғасты. Алдын қағаз майлықпен сүртіп отырып:
  • Жұмысқа үйрендіңіз бе? Алдында қайда істедіңіз?, - деп сұрады.
  • Үйренуге болады ғой. Бірақ уақытша жүрмін, - деген Жігер бұрынғы кәсібінен хабардар еткісі келмеді. 
  • Солай деңіз. Қызық екен. Сонда не үшін жүрсіз?, - деп таңданған Райхан, бір жағынан не экономист емес, не әкімшілік жұмыстан хабары жоқ, расымен не істейді деп ойлап қалды. Енді құрылатын серіктестіктің біріне бармаса.
  • Басқа жерге шақырған. Тек әлі қосылмады. Енді ашылып жатыр.
  • Ол қай мекеме?
  • Су құбырларын шығаратын зауыт.
  • Солай деңіз. Инженер болдыңыз ғой.

Жаңа қызметкер әріптесінің болжамынан үндемей құтылды. Сосын әңгіменің төркінін басқа жаққа бұру үшін:

  • Жұмыс көп пе? Үзіліске бармағансыз ба?, - деп сұрады.
  • Сағат екіде жиналыс бар, - деп құрғақ жауап қатқан Райхан да өз шаруаларымен бөлісуге тырыспады.

Осы кезде есіктен басын сұққан Ілияс:

  • Райхан Сайлауқызы бастық Сізді іздеп жатыр. Сымтетігіңізді алмайсыз, - деді ентігін баса алмай. 
  • Өзінде ме?
  • Иә.

Сағатына қарап, әлі уақыт бар екеніне көз жеткізген Райхан орнынан асықпай тұрып, жүргізуші баланың тыпыршығанына қарамай, алдымен кабинетіне кіріп шықты.

  • Сәрсен Қадырбекұлы, мені іздедіңіз бе?
  • Иә, иә. Жиналысқа бара алмайтын болдым. Баяндаманы өзіңіз жасайсыз. Біздің жобаға тағы бір инвестор қызығушылық танытып жатыр. Солармен кездесуге барамын. Машинаңыз бар ма?
  • Жоқ, жөндеуде.
  • Ілияс, кезекші машина қайда?
  • Ғимараттың артына апарып қойғанбыз.
  • Сәрсен Қадырбайұлы оның жүргізушісі қазір жоқ.
  • Иә, білемін. Кілті кімде?, - деп жүргізушісіне қарады.
  • Менде, машинада, - деп жауап берді тепелтек жігіт.
  • Тез жол парақшасын толтырып бер, мөр басып берейін, - деп шаруаны тез шешуге тырысқан Сәрсен орнынан асыға тұрды.
  • Жоқ, мен басқа машинаға отыра алмаймын. Өзімдікі болмаса, - деген Райхан бастығының асығыстығына қарамастан жолын бөгеді.
  • Жұмыста ешкім жоқ па? 
  • Бәрі түскі үзілісте ғой. Балаларды да жіберіп қойған едім. Жаңадан келген анау жігіт болмаса.
  • Ілияс та апарып үлгермейді. Жол ұзақ. Аудандағы осы шараға бекер келіскен екенбіз.
  • Олар үшін маңызды іс қой. Бизнес-жоспарын бізге дайындатты. Тұсаукесерінде енді кім лентаны кеседі?
  • Бара алмайтынымды ескерттім. Аудан әкімі ме, ауыл ақсақалы бар, біреуі кесер, - деп ашық тұрған есіктен қабылдау бөлмесінде отырған Ілиясты дауыстап, Жігерді жылдам шақырып келуін тапсырды.

Ол кабинетке кірер-кірместен: 

  • Жәке, жүргізуші куәлігіңіз бар ма? - деп сұрады.
  • Бар.
  • Өзіңмен бірге ме?
  • Иә, иә, - деген Жігер төсқалтасына қолын жүгіртті.
  • Жақсы болған екен. Бір шұғыл жұмыс болып қалғаны. Сіз Райхан Сайлауқызын ауданға апарып келсеңіз.
  • Жарайды, бірақ жолды білмейтін едім. Қаланы да, ауданды да жақсы білмеймін.
  • Қаладан шықсаңыз, жол бағыттары көрсетілген. Қаланың ішінде GPS-ті пайдалансаңыз болады. «Мен жолды білемін» деген Райханның жауабы неге арналғанын білгенімен, бұрын пайдаланып көрмеген құрылғыны қолдану жөнінде анықтап сұраудан құтқарып қалды.  

Ойда-жоқта жолға шыққан Жігер басында көлікті бірден оталдыра алмай қиналса, сығылысқан машина толы көшелерде де бірден сіңісіп кете алмай, қасындағы жас келіншектің көзқарасын ту сыртынан сезіп, терлеп кетті. Оның күйін байқаған келіншек терезеге қарап, назарын басқа жаққа аударуға тырысты. Тек үлкен жоларнаға шыққан кезде:

- Жұмысыңызды күрт бұзуыңызға тура келді. Үлгересіз бе, маған сәрсенбіге дейін қандай шығыстар қысқартылатынын білу керек, - деп әңгімеге шақырды. Көлемі аумақты машинаға біршама көндігіп, бойын жинап алған Жігер:

  • Құдай қаласа, бітірерміз, - деп екі-ұшты жауап берді. Оның компьютердегі бағдарламаны игере алмай, калькулятормен есептеп, қағазға түсіріп, әр өзгерген дерекке бола қайта санап әлек болып жатқанынан хабардар Райхан:
  • Адамдар өз қолындағы жұмысты аллаға жабатыны несі?, - деп кекете сөйледі.
  • Барлығы адамның қолында дейсіз бе? Қазір де жолға шығамын деген ойым да жоқ еді. Міне, дәм-тұз айдап кетіп барамын. Ал қағаздарды ертең беремін.
  • Жағдайға адамның өзі жауапты. Егер қаламын десеңіз, сан сылтау табуға болады. Жұмысым көп, есептеп үлгермей жатырмын десеңіз, бастыққа сіздің жұмысыңыз маңыздырақ көрінер еді. Тіпті куәлігім қалып қойыпты десеңіз кім тексеріп жатыр?

Бұның аз сөзділігін дұрыс түсінбей, жас балаға ақыл айтқандай тақылдағанын жаратпаған Жігер:

  • Мүмкін. Дегенмен өмірде барлығы адамның қолында емес. Бәрі қалағаныңдай бола бермейді, - деп сөздеріне салмақ сала жауап берді.  Оның пәлсапалық пікірге емеурінін байқаған келіншек алған бетінен қайта қоймады. Оның үстіне алыс жолды пайдаланып жігітті сынамақ болған мақсатын іске асыру үшін әдейі шамына тие сөйледі. 
  • Жоқ, қателесесіз. Сонда кімге байланысты? Қолындағы жұмысы да, тіпті өмірі де әркімнің өз қолында. Кім қандай өмір сүретінін өзі таңдайды. Өмірдегі орнын да өзі белгілейді. Өз шамасын, қабілетін біледі, қолынан не келіп, не келмейтінін де біледі. Соған сәйкес мен осыған лайықпын деп өзіне бір деңгейді белгілейді. Сосын қанша істесе де одан биікке көтеріле алмайды. Өзіне өзі қойған деңгейден асып кете алмайды. Себебі санасында өзі қойған шектеу бар. Мүмкіндігі одан жоғары екенін сезбейді. Тырысса болатынын білмейді.
  • Сонда әркімнің қалағаны түгел орындалады, ешқандай шек жоқ дейсіз бе?
  • Иә. Шектеуді де адам өзі қояды. Бұдан артыққа лайық емеспін деп ойлайды. Менің шамам жетпейді, деңгейім осы. Адамның бойындағы өзіне деген сенімсіздік санасын билейді. Психологиялық тосқауыл. Түпкі санасын өзгертсе, өзіне деген сенімі мықтырақ болса, барлығы адамның қолында.
  • Иә, дұрыс, адамның қолында. Бірақ адамның иелігіне бағынбайтын дүние де болады ғой. Сонда аллаға сенбейсіз бе?
  • Олай айта алмаймын. Тек неге адам өзі істеп алып, барлығын аллаға жабу керек. Қандай да бір күш бар. Біреу құдай дейді, біреу жоғары сана, тылсым күш дейді. Бірақ ол адамның өміріне араласпайды.
  • Адамның тағдыры жазылып қойылған дегенге ше, оған да сенбейсіз бе?
  • Кім айтты Сізге оны? Қазір осы жұмыста қаламын десеңіз де, жоқ, басқа жаққа барамын десеңіз де өз қолыңызда. Әлде не істейін деп құдайдан сұрайсыз ба?
  • Жоқ, адамның өзіне ой келеді. Соған байланысты шешім қабылдайды. Ой да, сана да адамның ойлап тапқан қасиеті емес қой. Нышаны әу бастан берілген. Келе-келе дами түскен шығар енді.  Сәл үнсіздіктен кейін, ойын жалғастырып – Өмір бойы бір наныммен өмір сүріп келдің делік. Оны өзгерту оңай емес. Сол нанымға сенгендіктен, өміріңде сол жетекшілік етеді. Сіз басқаша ойлайсыз. Қарсы емеспін. Бірақ жас болғандықтан, осылай өзіңізге нық сенімдесіз. Адам қартайғанда, бәрібір өмірінде бір заңдылық болғанын байқайды. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған шалдардың күпірліктен алыстап, тілін кәлимаға келтіргені, құлшылыққа жақындауы тегін дейсіз бе?
  • Әлемде тек мұсылмандар өмір сүреді деп ойлайсыз ба? Ислам дінін ұстанатындар саны жиырма үш пайыз екенінен хабарыңыз бар ма?
  • Қай дінді ұстанбасын, бәрібір. Қартайған шағында барар жағын ойлап, құдайға жақындайды. Әл-қуаты кеткен кезде барар жағы біреу ғана екенін біледі. Оны өзгерте алмайды. Әлемді жаулаған ханың да, данышпаның да өлшеп берген өмірін бір сағатқа да соза алмайды. Сондықтан алланың сөзімен жүреміз. Оны адам өміріне мүлдем араласпайды деу қателік. Ал айтып отырғаныңыз да дұрыс. Әр адам өз өміріне өзі қожа. Бірақ арманына барлық адам жете алмайды. Дұрыс, шектеу қоймау керек. Арманың биік болу керек. Бірақ сол арманға түгел қолың жетпейді ғой.
  • Иә, жетпейді. Өйткені адам өзінің арманын дұрыс қоя алмайды. Сосын арманды қиялмен шатастырады. Қиялдап жата берсең, өзінен өзі орындалады дейсің бе?
  • Сонда не істеу керек?, - деген Жігер қасындағы келіншектің көзқарасы, ой-өрісі өзінікінен өзгеше екенін байқап, кекірейгенін қойып, расымен білгісі келгенін қазбалай бастады. Дегеніне жеткен Райхан да ауылдан шыққан салқынқанды жігітке өзінің анау-мынау адам емес екеніне көз жеткізгеніне айызы қанғанынан ағынан жарыла сөйледі.
  • Мақсат қою керек. Сонда қиял арманға айналады. Қиял ол алыстағы сағым тәріздес. Ал мақсат ол нақты нәрсе. Сондықтан көбісі арманына жете алмай жатады. Өзіне сенімді болса, жетер еді. Бойында сенімсіздік жоғары болған сайын, өмірде кедергілер де көп болады. Арман дегенің қатып қалған нәрсе емес. Әр кезеңде әрнәрсені армандайсың. Өзгеріп те жатады. Жетіп тұрған кезіңде өзің бас тартуың мүмкін. Арманына қол жеткізе алмаған адам неге аллаға ренжуі керек?
  • Арманың екінші біреуге тиімді болмаса ше?
  • Екі адам бір орынға таласады. Екеуі де бір нәрсені көздейді. Қайсысы соңына дейін бас тартпаса, өзіне сенімі нықтырақ болса, сол қол жеткізеді. Жеңілгені неге ренжуі керек. Әлсіздікті танытқан өзі. Солай. Кім әлді сол жұмыста да, махаббатта да жеңіске жетеді. Табиғат заңы.
  • Әйелдер де осы заңмен өмір сүре ме?, - деп сынай сұрады.
  • Әне патриархалдық көзқарастарыңызды білдіріп қоясыздар осылай. Сонда әйел күйеуінің жағдайын жасап, бала тауып, үйде отырғанға ғана жарай ма?
  • Енді еркектермен бәсекелескені өзіне оңай ма? Қиянат болар. Күйеуі  отбасын қамтамасыз етсе, қамқор болса, әйелі жанын түсініп, түгел қолдаса, ең дұрысы сол. Өзімшіл десеңіз де айтайын, шайқасып ерлік жасаған әйелден баласын тәрбиелеген ананың орны артық.
  • Барып тұрған көлгірлік. Соғыстағы әйелдердің ерлігін жоққа шығарасыз ба сонда?
  • Соғыс кезін айтып тұрған жоқпын. Сосын әйелдер мүлдем жұмыс істемесін деп жатқан жоқпын. Тек әйел үшін отбасы маңыздырақ болуы керек.
  • Әлі күнге дейін әйелдердің дәрежесін төмен қоясыздар. Мал бағып жүрген кездегі көзқарастан арыла алмайсыздар. Әлем дамып жатқанда.
  • Мал баққанның несі жаман? Әркім өз өмірін сүреді. Қазақтың маңдайына жазған кең байтақ жері бар.  Көштен қала қоймаспыз.
  • Осындай пікірлермен қалай озық ел боламыз?
  • Шетелдің өмір салтын ең озық деп танығанды түсіне алмаймын. Өмір сүру деңгейіміз төмен шығар, бірақ әйелі әйел, еркегі еркек болып қалған өзіміздің ұстанымыз әлдеқайда артық. Шаруашылығы дамыған елдің ертеңі жаман болмайды. Әркім өз ісімен айналысу керек. Салтын ұстап, дәстүрін жалғастырса, жерде еңбек етіп, нанын тапқан ел артта қалғаны ма? Басқаға еліктеп, тыраштанған, өз жетістігін бағаламай, дайын асқа ұмтылған ел жалқау болады. Түбінде қайсысы дұрыс екенін өмір көрсетер.  

Қайтар жолда Жігердің көлікті тым жай айдағанынан ығыры шыққан Райхан келер жолдағы таласты жалғастыруға зауқы соқпады. Оның ыңғайын байқаған Жігер шаршаған болар деп, үнсіздікті бұзбай қасындағы келіншектің келер жолдағы сөзі жайлы ойға шомып кетті. Адам үшін өмірмен пара-пар келетін не бар? Соншалық тәтті, қимас өмірді аз да болса кідірте алмасаң, өзің игермесең, жаратушының болатынына қалайша күдік келтіре аласың? Бірақ бұл ойын ашпады, дұрыс жеткізе алатынына, әріптесі тура түсіне алатынына күманданды.

«Тағдырың өз қолыңда сияқты. Бірақ кейде еркіңнен шығып кететін кез болады. Игере алмай қаласың. Сол кезде ойлана бастайсың? Кімнің қолында деп? Көмекті содан сұрайсың. Сенің басыңа ауыр жағдай түспей-ақ қойсын. Өзіңді басқалардың орнына қоя біліп, сол арқылы өмірді түсінгенің дұрыс шығар. Жақының жастай қайтыс болса, тағы бірі айықпас ауруға ұшыраса, өмірден түңіліп кетпей, санаң жетпейтін сан сұраққа  жауап іздегенде ғана алла есіңе түспей, өз жүрегіңнің ұмтылысыңмен келгеніңді тілеймін. Дәрменсіздік, не үрей емес, жүрегіңнің үні имандылыққа апарғанын тілеймін. Өмірде ауыр сынаққа ұшырап көрмеген-ау, аулақ болсыншы, осындай көздері от шашып, ақылына көркі сай жанды алла өзі бәлесінен сақтасын. Әлі жас, қайсарлығы байқалады. Жібі түзу, қазақтың қаракөзі ғой, ертең бір отбасының анасы болатын. Ақымақтыққа бармайды, от басып, адасып жүргендерден емес. Өз ұстанымы бар».   

 

Құшағы жайылған алып еменнің көлеңкесіндегі орындықта отырған екі жастың қызарып кеткен жүздері әрі-бері өтіп жара батқан жолаушыларға әлденені қызу талқылап жатқандай көрінді.

  • Бинка, неге сенің проблемаларыңды басқа біреуден естуім керек?
  • Нені айтасың? Ну, Баха...... А-а-а, Серик па? Сол айттты ма? Ой, шірік! 
  • Жоқ, сен айт! Бұл не?
  • Онда қыздар да болды. Бастаған солар болатын.
  • Етегіне жылайтын адамды тапқан екенсіңдер ғой? Жұбататын адамды?!
  • Мен де сондай жағдайға түсіп қалдым дедім. Онда тұрған не бар?
  • Тыңда, Бина. Егер проблема болса, маған айт. Неге басқалардан естуім керек?!
  • Жарайды, жарайды. Тек бұлай маған керек емес.
  • Не керек емес?
  • Айқайлаудың.
  • Серік ұнайтын шығар? Айтсай! Расыңды айтсай. Артымнан басқа біреуге жүгіргенше.
  • Мен оны айтып жатқан жоқпын. Менімен бұлай сөйлесудің қажеті жоқ. Өз проблемаларымды өзім шеше аламын!
  • Мүмкін айрылысқың келетін шығар? Сылтау керек шығар? Сен айт.
  • Баха, сен өзің бастадың. Серікке жеке ештеңе айтқан жоқпын. Барлығына айтып жатқаннан естіді. Енді онымен амандаспаймын да. Әйел сияқты жүгіріп барыпты ғой жеткізуге.
  • Жоқ, сен маған  неге айтпадың?
  • Ақша сұрау үшін бе? Ешкімнен ештеңе сұрамаймын мен.
  • Жоқ, неге айт-па-дың?
  • Ал қазір білдің, енді не? Не өзгереді?
  • Өзім сатып аламын.
  • Жарайды, Баха, бұртимашы. Тіпті мама-папа да білмейді. Сен болсаң, неге айтпадың дей бересің, - деп торсиған қыздың сөйлеу сарыны бір октаваға кілт төмендеп, жасандылықпен күрсініп қойды.

Қарама қарсы жыныс өкілдеріне мүлтіксіз әсер ететін қыздардың бірден әлсіз бола қалатын қылығы өздеріне туа біткеннен қалыптасатын болу керек. Осы күнге дейін бұндай шеберлік әдіске қарсы амал ойлап табылмады. Бұл да дұрыс шығар. Қазір ғана қайнауға жақын жоғарғы шекте ойнап тұрған тілдесу градусы ымырашылдықтың қарасын байқатпаса, бір мезетте қалыпқа түсуі әрі қарай жастардың наздана еркелесіп, шүйіркелесіп кетуіне мүмкіндік берді.  

 

  • Ал, алыңыздар. Біздің үйдің бастығының қолынан шыққан тамақтан алыңдар. Сыныптастарына құрметі күшті екен. Қайын жұрты келгенде бұлай құрдай жүгірмейді.
  • Ту-уһ, сенің әзілің қалмайды осы. Жұрт шын деп ойлап қап жүрер. Сосын ауыл шулар. Жанар келін болып жарытпаған екен деп. 
  • Сәке, өзіңіз қай жерде оқыдыңыз?, – дей берген Қайсардың сөзін бөлген Сәрсен:
  • Осы Сәке, Мәке дегенді қоя салайық. Жасы бір құрдас емес, заманы бір құрдас деген. Иткөйлекті біріміз екі-үш жыл бұрын тоздырғанда түк те жоқ, - деп ресми сыпайыгершілік жүктейтін салқындық бөгетін аттап өтіп, жақынырақ араласуға ниетті екенін сездірді. - Жақын таныс болып жатырмыз, өткенде дастархандас болдық. Үйдегі бәйбішемен менен бұрын таныссыңдар. Өзім басқа қалада оқыдым. Әкемнің жұмыс бабымен осында көшіп келгенбіз. Содан осында орнығып қалдық. Бала-шаға осында дүниеге келді.
  • Иә, бір көрген біліс, екі көрген таныс деген. Біз сол бір ауылдан шықтық. Қалаға келгеніме он жылдай болды. Мемлекеттік қызметте болдым. Қазір кәсіпкерлік саласындамын. Құдай қаласа, құбыр, қосалқы бөлшектерді өзімізде шығарсақ деген ниеттеміз.
  • Сәтін салсын. Жақсы бастама ғой. Қашан қосуды жоспарлап жатсыздар?
  • Сол жағы қиындау боп тұр. Қырық тоғыз пайыз үкіметтің үлесі, елу бір пайыз жекеменшік қатысады. Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа маслихаттың келісімі керек екен. Біресе әкімдікпен, енді маслихатқа, әйтеуір, жобаның тиімділігін дәлелдеп жатырмыз. Шілдеде қосамыз ба деген едік. Күзге созылатын түрі бар-ау.
  • Үлкен шаруа дайындықты қажет етеді. Бастысы қолдау болса болды ғой.
  • Иә, үкіметтің көзқарасы дұрыс. Өздеріңіздің тірліктеріңіз қалай?
  • Біз де бір қарекет жасаудамыз.
  • Иә, иә, естіп жатырмын. Немен айналысатын боласыздар?
  • Жер қойнауын пайдалану, уатқыш цех, кірпіш күйдіру жұмыстары. Құрылысқа да қатысы бар. Құдай қаласа, соларды қамтамасыз ететін боламыз.
  • Жаман емес. Істеріңіз сәтті болсын.
  • Консалтингтік компаниямды құрғаныма жеті жылдай болып қалды. Қаланың немен тыныстап жатқанынан, әлеуетінен бізден артық хабардар кім бар дейсің. Енді сол жайымен үлкен шаруаға аралассақ па деген жоспар ғой.
  • Дұрыс екен. 

Қайсардың беделді таныстарына қызығушылық танытқан Сәрсен осындай бас қосулардың тиімділігін толық пайдаланып қалуға тырысты. Дәл қазіргі кезде керек адамдармен байланыстарды нығайтқаны алдағы жұмысына септігін тигізер еді. Кезегінде кез келген уақытта  көмегін аямайтынын білдірген Сәрсен расымен талай кәсіпкерлердің әжетіне жараған.

  • Жігер алсаңшы. Түк жемепсің ғой.
  • Жоқ-жоқ, жақсы алдым.
  • Өй, ер адамға осы да тамақ па екен? Еттен түк алмапсың. Әкел салайын.
  • Жылқының етін салмасаң.
  • Е-е, тұздалған еттен  бе?, - деген Сәрсен сүрден, қазыдан салып, тағы бір балбырап піскен етті жілікті де салмақ болды.
  • Одан керегі жоқ, жетеді осы. Қара малдың етін жемеймін, - деген Жігер келесі сыбағаны салдырмады.
  • Сиыр етін жемейсің бе? Ау, онда тұрған не бар. Қара еті мол емес пе қайта, - деген үй иесі  таңданысын жасыра алмады.
  • Қойдың, не жылқының еті болмаса, сиырдың еті кеспе көжеңе ғана жарайды ғой, - деп жымиып қойды қонағы. 
  • Е-е-е, бұл еттің қадірін білетін жігіттер ғой. Қолда мал ұстаған, -  деп қарқылдай жөнелді Қайсар. 
  • Білмедім, өзім  сиырдыкін ұнатам.
  • Мынау, мынау, сүрленген ет, - деп Жанар да бәйек бола қалды. – Балалар қойдың етін жаратпайды, иісі бар деп. Содан сиырдың етіне көшкенбіз.   

Ақын айтып кеткендей аш қарынға майлы ас барып жұбанған соң, бой жазбақ болған қонақтарды Сәрсен өз мақтанышы – үйдің екі жақ қабырғасын орай орнатылып, әсем безендірілген лоджияға алып шықты.

Тән тоқтығынан кейін рухани азыққа септік болатын ой толғағы сол жерде жалғасты. 

  • Жұмыс жоқ дегендерді түсіне алмаймын. Жақсы мамандар керек. Іскер болсаң, кез келген жерден ақша табуға болады, міне өзің, - деді Сәрсен Қайсарға қарап, - Қаражат керек болды ма, өкіметтен көзін тауып, алып жатырсың. Ауылдан келеді жастар жұмыс іздеп. Не мамандығы жоқ, не қолынан іс келмейді. Бірдеңе үйренейін демейді, маған ақша беріңдер, бәрін қатырамын дейді. Дайынды беру ол иек артуға әкеледі.
  • Сонда жастар бизнеспен айналыспау керек пе? Бар ғой талапты жастар.
  • Дұрыстауы болса, жіберші маған. Жөндісін таппай жүрмін. Кәсіби маман жоқ. Білімі мен машығы, жұмысқа құлшынысы қатар жүретін. Бірді-екілі шетелде білім алып, жұмыс істеп келгендерімен сөйлескенмін. Ойлары ғарышта ғой. Біреуі отыз-елу мың доллар сұрайды қызметіне. Мен үш жүз мың долларға дейін аламын дейді. Жарамады маған. Екіншісі ой-талқы, өзінше ана мозговой штурм дегенді өткіземін деп әлек қылды. Жарты жыл нәтижесін күтіп, болмағасын шығарып жібердім. Өздері де қуып кетеді-ау. Қулықсыз, тек біздегі жағдайдан хабарсыз. Сөздері, қылықтары жас баладай, әйтпесе, отызға таяп қалған жігіт қой. Қой, шырағым дедім. Маған сәл басымен дос маман керек.

Қызып алған Сәрсен сөз тізгінін ешкімге ұстатпай, әрі қарай көптен көңілінде жүрген ойын ортаға салды:

  • Жоқ, өзің сияқты өкіметте істесем, былай етер едім. Үлкен зауыт соқ. Үкіметтің қаржысына. Мысалы, құбыр не есептеуіш құралдарын шығаратын. Бизнеспен айналыса алмайтындарға жұмыс орны ашылады. Сол ірі кәсіпорындар жанында шағын кәсіпкерлер даму керек. Зауытты керек-жарағымен қамтамасыз ететін. Рұқсаттардың бәрін алып таста. Кедергі келтірме, болды. Басқасына араласпа. Дәл сол шаруаның басы-қасында жүргендер өздері біледі неден бастайтынын, қайдан алып, қайда қоятынын. Әйтпесе, ол істен хабары жоқтар келеді де, көшіріп алып, істей беремін дейді. Айтшы ал, қанша жеке кәсіпкерлер ашылып, қаншасы жүріп кетіп жатыр.
  • Рас, тоқтап қалатындары көп.
  • Міне, оны көзіммен көріп жүрмін. Істі біле ме, білмей ме жаңадан бастаушылар келеді де, дайын ақшаны алып, іс бастамақ болады. Жарты жыл, әрі кетсе бір не екі жыл істер, сосын тастайды. Тағы бағаны түсіріп, істеп жатқандарға зиянын келтіретінін айтсай. Ол құнның неден құралатынын білмейді. Сосын банкроттыққа ұшырап жатады. Тәжірибе керек. Қаншасы келеді, бизнес-жоспар дайындап бер, банктен қаражат аламын деп. Әлгінің өз жұмысынан хабары болсашы. Алып үлгермеген ақшасын банкке де, басқасына да береді. Ертең қалай қайтаратыны ойландырмайды-ау. Егер тырнақтап тапқан өз қаражаты болса, солай шашпас еді.
  • Гранттар беріледі. Қайтарусыз.
  • Берілген гранттар тек істеліп жатыр деп айтуға ыңғайлы. Соншалықты әсерін тигізіп жатқан жоқ. Бірді-екілі адамдардың жолы болып, алады. Соны дабырап көрсетесіңдер. Ренжіме, қатты айтты деп. Шындығы сол ғой. Қаншалықты ақылды, білімді болсын, іскерлік қабілеті болмаса, одан түк шықпайды.
  • Меніңше бәріне тең жағдай жасалу керек. Көзін тапқандарға ғана емес, - деп әлденеге ойлана жауап кетті Жігер.
  • Жоқ, қателесесің. Әне, коммунизм құрамыз дедік. Байдыкін алып, кедейлерге берді. Аяғы не болды? Бәрі бірдей кедей болып шыға келді. 

Шаруа жағдайын жеткізбекке тырысқан Жігер өз ауылындағы жағдайдан хабардар етті: 

  • Жоқ, бәрі кәсіпкерлікті еңгеріп кете алмағаны, оқуы жетіспейді. Жарайды, байлық тек іскерлердің қолында болсын, содан гүлдеп кеттік пе? Дұрыс жолға қойылса, тарыдай шашыраған аз халықты қамтуға жетер еді.Тек қаланы әдемілеп, көркейіп жатырмыз дейді. Ауылда оңды жол да жоқ, қара халық ми балшықты кешіп жүргені. Не сапалы оқу жоқ, мамандар болмағасын. Осы ма, іскерлердің нәтижесі? Асыл тұқымды малға ақша бөледі. Оны алу шаруаға оңай емес. Бір миллион тиесілі болса, соның жартысы құжаттарын туралап, заңдастырып бергендерге кетеді. Жарты ақшасына мал да алмайды, қаладан барып, мәшина жуғыш орын ашып қояды. Сосын тексерушілерден қорқып отырғаны.
  • Неге мал алмайды беріп отырған ақшаға?
  • Жер жоқ, сосын бағатын адам жоқ. Шабындыққа жарайтын жерлердің бәрін бөліп алған.    
  • Енді ол, іскерлер емес, өкіметтің ісі. Оны мынау, Қайсар айтсын, елдің байлығы қайда кетіп жатқанын. Мемлекеттік қызметте істеп келді ғой.
  • Бізге расында білімділік жетіспейді. Әр министрлік жеке қимылдайды. Бағдарламалар дайындалғанда келісу, өзара қимылды жаңа деңгейге көтеру керек. Оған қоғам мүддесінен қарау керек. Жеке тұлғалардың ара-қатынасына байланысты емес. Әлде әрбір лауазымды тұлғаға кем дегенде бес жылдай уақыт беру керек пе? Ертең кетіп қалатынын білсе, кім ұзақ мерзімді жобаны іске асыруға бара қояды. Барлығы қысқа мерзімде нәтиже беретін шолақ шараларды іске асыруға тырысады. Баға бағдарламаның нәтижелігімен байланысты берілу керек. Және қай министрліктер бірлесіп істейді, соларға көбірек ұпай берілгені дұрыс. Бір-бірімен сабақтас іс-әрекет жасауға бағыттаған шаралар көбірек қарастырылуы керек. Бәрі мұнайдың, алтынның, уранның ақшасы қайда дейді. Оларды өкімет тарапынан игеріп отырған компаниялар бар. Ұлттық компания болғандықтан, табыстарын өкіметке беру керек. Бар гәп осы жерде сияқты. Дивидендтері компанияны дамытуға қалсын деп акционерлері шешім қабылдайды. Неге? Табысы түгел өкіметтің пайдасына аударылуы тиіс. Әрі қарай қайта бөлініп, білім, әлеуметтік салаларға бөлінуі тиіс. Оны кім бақылап жатыр. Хабарсыз. Тек шулай береді. Халық сауатты болса, талап та ете білер еді. Құқығын білмейді. Маған тек дайынын әкеліп бер дейді. Қай заң елге, халыққа қарсы қабылданып жатыр? Барлығы да игілік үшін. Мүмкін қате шығар. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Бір саланы дамытуға бағытталған заң екінші біреуіне кері әсерін тигізеді. Оңай емес. Бұны түсіне білу үшін адам сауатты болу керек.
  • Иә, бәрі сол сауатсыздықтың әсері. Ауылдан келген топырлаған жастар сол, диплом болса, білім қалтамда десе, қаражат тапса болды, кәсіпкерлікпен айналысамын дейді. Қабілеті бар екен, сол ауылда неге айналыспайды ендеше кәсіпкерлікпен.
  • Сонда ауылдан қалаға келуге болмайды, білімі жоқ екен. Ендеше сол ауылға жағдай жасалынсын, - деп күйіп-пісті Жігер.
  • Неге үкімет тарапынан жасалып жатыр жастарды ауылға тарту үшін, - деп ақталуға тырысқан Қайсардың сөзін Сәрсен бөліп жіберді:
  • Бұл тек популистік дүние. Өз көзіммен көріп қайттым сол ауыл дегендерді. Бар-жоғы жүз-жүз елу шаңырақ тұратын жерлерді ауыл деуге бола ма? Ол жерге құйған ақша құмға сіңген су тәрізді ғой. Мектеп салсаң, оқушылар саны жетпейді. Мұғалім апарсаң, пән саны жетпейді.
  • Сонда, ауылда тұрып жатқан бес жүз – алты жүз тұрғын адам қатарына жатпай ма? Космогендік, максималдық тұрғыдан қарау керек деп оларды есепке алмай ма? Жооқ, кеңестік дәуірде сол дүрлеп тұрған совхоздар болатын қазіргі сол жүз елу шаңырақ қалған елді мекендер. Отыз мың гектарға дейін егін егетін. Қырық мың бас мал ұстайтын. Сауатты агрономдар, мал дәрігері, зоотехниктері болатын. Шабындық жері де, ет-сүт алаңы, диірмені, май шығаратын орны да бар еді. Өзін-өзі қамтамасыз етуге түгел қауқарлы болатын, - деп айтарына сөз таппаған Жігердің сөздері булыға шықты. Дегенін ашусыз, жазғырусыз жеткізе алмағанына ұялып, әрі қарай сабырмен жауап беруге тырысты: -  Қазақ қандай дегенде, кімді көрсетесің? Халық болмаса. Туған жерің ыстық. Аспаны бөлек, ауасы бөлек, шөбі бөлек жер. Мейлі, игерілмей қала қойсын, табиғи суы егіншілікке жетпейтін, ат тұяғына арналған тастай-ақ жер болсын, көгі жайылып өсетін малға ғана қойлайлы жер қайдан игеруге келе қойсын. Сонда да ыстық. Біреу шаңды жолды, елсіз даланы көрсе, енді біреу сол жердегі жүріп өткен іздерді көреді.
  • Иә, солардың бәрі бар еді, - деп қоштаған Қайсар да ауданның қазіргі жағдайына қапалығын жеткізді – енді жұрнағы да қалмады ғой. Шаруалардың бастарын біріктіріп сервистік-дайындау орталықтарын саламыз ба деген едік, ол да нәтиже бере алмады.
  • Жоқ, өздерің ойлап қараңдаршы. Бір адам қаладан ауылға көшіп бара ма? Аудан емес. Қалаға жақын жердегі ауылды айтпай-ақ қояйық. Олар бес-он жылда қалаға кіреді. Жырақтағы ауылдар. Бір отыз-қырық жылда ауылдағы адамдардан кім қалады? Жиырма-отыз пайызы қалар. Солар үшін қаражат жұмсау керек пе? Сау баспен, ақылмен қарау керек қой бәріне. Қазір өмір сүріп жатқандар ескі заманның адамы. Жастар.... Кімде болса, алға ұмтылады. Жағдайын жақсартуға тырысады. Ол табиғи. Дұрыс та. Патриоттық сезіммен қалатындар бар ма? 

Еркектердің дауыстары қызулана бастағанын байқаған Жанар оларды «Шәй дайын, ішке кіріңдер» деп әңгіме төркінін бұрып әкетуге тырысты. Өзінің ұстанымынан шығып, қызуланып кеткенін байқаған Сәрсен әйеліне ырза жүзбен қарап қойып, қайтадан жайдарлы қалпына тез оралып, «бұл тақырыпты қанша қазбаласаңда, түбі түспейді» деп қонақтарын жайнатып қойылған дастархан басына шақырды.

Үй иесін кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарымен хабардар етіп, бірғауым әңгіменің басын шалған Қайсардың бір топырақта аунап өскен ауылдастарына да жүрекке жылы тиетін жаңалығы бар екен. Бастары сирек  қосылатын құрдастарға сонау бейғам алаңсыз шақтың естелігінен үзілмеген іздер қалыпты.

  • Айтпақшы, Женя естеріңде ме? Ана орыс бала ше? Тауға барғанда адасып кеткен?
  • Саржәмбілше ме?
  • Иә, иә. Соны көрдім.
  • Қойшы-ей, рас па? Келемін, келемін деп кеткен еді. Есімде ғой.

Қайсар сыныптастары елең еткен хабардың жай-жапсарын жаңа жолдасына түсіндіріп кетті.

  • Женяның әкесі біздің ауылдағы Естай ағаймен қызметтес болған. Өзі аллергиясы асқынып кеткен, сап-сары орыс бала болатын. Соны Естай ағай ауылға алып кетейін, ағарған ішіп, таза ауада жүрсін деп өзімен әкелген. Жаз бойы соның ауласындағы тапшанда жатып шықты. Достасып кеттік. Боқтасуды да үйреткенбіз. Жалаң аяқ жүгіріп, судан шықпаймыз. Қайтар кезінде бізден айырмасы болмай қалды. Қап-қара, аяқ-қолы күс, тек шашы сап-сары. Сабақ басталған кезде бірақ қайтты. Келесі жылы міндетті түрде келемін деген еді. Келген жоқ. Бұрнағы жылы сонымен кездесіп қалдық. Бір-бірімізді танып, ой қауыштық-ау. Айтайын дегенім, содан аллергиядан құлан-таза айығып кеттім дейді. Қазір еңгезердей болып кеткен. Бірақ таныдық бір-бірімізді.
  • Камилә әжейдің қаймағын сіміріп алып, жалақ-жұлақ болып жүруші еді ғой. Қайтар кезіңде есіңде ме, толып кеткені.
  • Иә, келгенде шидей еді. Қайтарында беті қып-қызыл. Сол ғой айтайын дегенім. Ешқандай дәріңнің де керегі жоқ, таза ауаға не жетсін.
  • Естай ағай адамгершілігі мықты кісі еді ғой. Женяға бола шатыр істегені естеріңде ме? Сонда бірге жатушы еді.
  • Шатырды Женя бастаған еді ғой. Иә, әке-шешесін іздеген де жоқ. Сол, келмегені әке-шешесі Ресейге көшіп кеткен екен.
  • Иә, әрқайсысымыз әр бұрышта жүрміз. Айтпақшы, осы Талғат туралы сұраймын деп ұмытып кете беремін. Не болды оған? Қалай болғанын білмейсіңдер ме?, - деп сұрастырды қайғылы тағдырлы сыныптасы есіне түсіп кеткен Жанар. 
  • Ешкімі жоқ еді ғой. Ағайынның қолында өсті. Әке-шешесі қайтыс болып кеткен. Қисық жолға бір түссе қиын екен ғой, ондай ортадан шығуға.
  • Сайгактарға қосылып кетіпті деп естіген едім, - деді Жігер.
  • Иә, қылмыстық топқа қосылды ғой. Жиырмаға жетпей қайтыс болды. Артынан іздейтін адамы да жоқ. 
  • Не дегенмен қайсар бала еді. Неформальный лидер дей ме сондайларды. Дұрыс жолға сілтеп жіберген біреу болғанда күшті спортшы  шығар ма еді. Балаларды артына ертіп алып жүруші еді ғой. Мектептің артынан сендерді тауып алушы ек. Не айтатын едіңдер сонда? Әйтеуір бәрің аузына қарап отыратынсыңдар.

Кеш Сәрсен мен Қайсардың арқасында көңілді өтті. Мектеп кезінен онша өзгере қоймаған Жігердің тұйықтығына тағы көз жеткізген Жанар жақын танымаса бұндай адамға дәл қазіргі кезінде ғашық болу мүмкіндігі тым аз екенін ойламай қала алмады. Дегенмен кейбір сөздердің қалай әсер еткенінен, қас-қабағынан, қақпақыл сөздерінен көптеген жағдайда пікірлері бір жерден шығатынын да аңғарып қалды.

Жалғасы келесі бөлімде

Қазақ тілінде жазылған