Просмотров: 88 | Опубликовано: 2019-09-15 12:07:41

Бұршаққа түйілген тілеу

Дәм-тұзың таусылды деген осы. Сексеннен асып, немересі емес шөбересін бағып жүрген Балжан екі күннен бері орнынан тұра алмай жатып қалды. Жалғыз ұлы Шоқан анасының қасынан бір елі шықпай дәрігерге апармақ та болды. Оған анасы: «кәрі сүйегімді сүйреме, өлсем өз шаңырағымнан шығайын» деп көнбей қойды.

Өмір бойы тілекші болған анасының жатып қалғаны жалғыздың жанына қатты батып жүр. Күллі өмірінің мәні санап келген жалғызының жылағанын көргісі келмей Балжан көзін жұмып алды.

            - Тәуба, е-е-е, Алла алам десең, арманым жоқ, осы күнге жеткізген саған мың қайтара шүкір, - деп тілін кәлимаға келтірді.

            - Апам бірдеңе айтқалы жатыр, – деп әйелі Шоқанның бетіне қарады. Анасының жүзіне көз салған Шоқан шешесінің тілін кәлимаға келтіріп жатқанын естіп, қолынан ұстады. Балжан кемпір баласының қолының сыртынан еппен сүйіп, «балам, саған ризамын» дегендей ишара білдірді.

«Балжан әже ауырып жатып қалыпты» дегенді естіп, жалғыздан тараған он шақты баланың бәрі жиналған сияқты. Әжелері жатқан бөлмеге бірі  кіріп,  бірі  шығып  жатыр.  Балжан  әр  қайсысын  көрген  сайын  ішінен «тәуба, тәуба» деп қояды.

Балжан бұл күнге жетем деп ойлап па?!

 

*  *  *

 

«...Тілек би құдалыққа келе жатыр екен», деген сыбыс бұлардың үйіне құдалардың  өзінен  бұрын  жетті.  Балжанның  әкесі  Тілек  бимен  құрдас, қалжыңы жарасқан, аралас-құралас адамдар еді. Тілектің екінші баласы Әбішке Балжанды айттырғанда бұл он беске келіп бойжетіп отырған болатын. Замана құбылып, Ақ патша құлағанмен қазақ даласы әлі тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақыт еді. Әбіш пен Балжанның сол тойынан кейін Шу өңірінде жөн-жоралғысымен өткен той да болмады ғой деймін. Қыз ұзату кезінде жарықтық Кенен ақын таңға ән айтып еді-ау.

«Адамның басы Алланың добы» деп бекер айтпаған шығар, ХХ ғасыр қазақтың басын төрткүл дүниеге тарыдай шашқан заман болды ғой. Оның алдында қандай еді...

Атасы Шу бойына сыйлы, атақты би. Әбіш өз заманының оқыған, көзі ашық жігіті. Өскен ортасы да, келген жері де өте сыйлы жандар, содан болар, Балжан өмірің өзгереді, бір тілім нанға зар боласың деп айтса, сенбес еді. Алда тек бақытты да, баянды ғұмыр бар деп білген. Екі жас бірін-бірі шын сүйді. Балжан өзінің Әбішін бір көргенде-ақ ессіз ғашық болды. Би атасы баласын Орынборда оқытқанда заманның ауанын байқап, біліп жіберген еді. Ол елге орысшасы жетік, зерек, білімді мұғалім болып оралды. Әбіш өз ауылының балаларын ғана емес, көршілес ауылдың барлық баласын оқытып сауатын ашып ұстаздық етті. Бір жылдан соң тұңғыштары Шоқан өмірге келіп, Балжанның бақыты еселене түсті. Бірақ Құдай осы тайраңдағаның да жетер деп шешті ме, әйтеуір, бақытсыздықтың дорбасын арқалатып, әбден тойдырды.

Ақ пен қызылдың шайқасында жеңіліп Қытайға қарай қашқан ақтардың әскері бір түнде ауылды басып қалды. Жолындағының бәрін қырып-жойып, аш қасқырдай жалаңдап келе жатқан оларға қазақ даласында қой дейтін ешкім болмады-ау. Ақтың әскері бар ашуын қазақтардан алды ғой.

Ағайынға араша түсемін деген Әбіш бірінші оққа ұшты. Ауылды зар жылатып, көзге түскен қымбат затты тартып алды, қотанға кірген қасқырдай ауылдың ойран-топырын шығарып ақтың әскері кетті. Қара жамылып бір жасар Шоқанын құшақтап Балжан қалды. Балжан бұл ақырзаманның басы екенін білмеді ғой ол кезде. Би атасы бір жылдан соң Балжанға «шырағым, әлі жассың, әмеңгерлік жолымен Әбіштің бауырларының біреуінің етегінен ұста» деп адам салғанда Балжан: «Ата, егер мүмкіндік берсеңіз Әбіштің шаңырағының түтінін түтетіп отыра берсем қастарыңызда, екі жаста болса да Шоқаным бар, Әбіштің түтінін өшірмеймін» деп тілегін жеткізгенде қайран атасы «тілегің қабыл болсын» деп ақ батасын берген еді. Е-е-е, атасы әулие кісі еді ғой...

Алладан Шоқанның амандығын тілеумен жүргенде өмір тағы өзгеріп сала берді, байларды кәмпескелеу басталды. Бірінші кезекте тек мыңғырған малдары бар байлар жер аударылса, екінші кезекте елге сыйлы би, молда, шаруасын дөңгелентіп отырған орта шаруаларды кәмпескеледі. Би атасын кәмпескелеп жер аударғанда бұл да Шоқанын көтеріп, қырғыз еліне жаяу- жалпылап атасы мен енесін жетектеп кете барды.

 

*  *  *

 

Өткен өмірі есіне түскен сайын Балжан кемпір қиналып жатты, қабат-қабат көрпе төселген төсектің өзі тастай болып жамбасына бата бастады. Келіні мен баласы «бір жеріңіз ауырып жатыр ма, дәрігер шақыртсақ қайтеді?» десті. Басын шайқап:

           - Жоқ, еш жерім ауырып жатқан жоқ. Алаңдамаңдар. Сендерді әуреге салып қойдым ғой деймін, кеш батып қалды, неге отырсыңдар, мені жау жейді дейсіңдер ме, жұмыстарыңды істесеңдерші, мына Шоқан ыстық тамақ ішті ме? – деп келініне қарады.

           - Апа-ау, қарным ашып отырған жоқ. Сіз кішкене дем алыңыз, мен қасыңызда отыра тұрайын, - деп анасының қасынан ұзамай төсегінің аяқ жағына барып отырды. Бұлардың ояу болса қастарынан кетпейтінін біліп, Балжан ұйықтап жатыр деп ойласын деген оймен көзін тарс жұмып алды. Шоқан әйеліне: 

           - Апам  көз  шырымын  алып  алсын,  кешке  молдекеңді  шақыртайық, -  деді сыбырлап.

Балаларын алдаймын деп жатып Балжан кішкене жатты да ұйықтап кетті. Түсіне Әбіш кіріпті. Сол баяғыдай жап-жас, Балжанға күлімсірей қарап ауыл сыртындағы төбеге шақырып тұр. «Әбіш, тұра тұр, қазір барамын, бұрынғыдай жүгіріп бара салатын жаста емеспін, күте тұр» деп айқайлап еді, өз даусынан өзі шошып, оянып кетті.

Бір айдай болды, марқұм болып кеткен атасы-енесі, Әбіш қайта-қайта түсіне кіріп жүр. Күбірлеп «Әбіш-ау, сенімен кездесуге аз қалды, мені әбден күткен шығарсың» деді. Шоқан шешесінің аузына су тамызып, жастығын ыңғайлап жатқызды.

Балжанның басынан не өтпеді. Кәмпескеден кейін қазақтың жартысынан көбін жұтқан ашаршылық келді. Әйтеуір, Шоқан екеуінің дәм- тұзы таусылмаған ба, әлде атасының әруағы қолдады ма, аман қалды. Шоқан есі кіргеннен-ақ әкем сияқты ұстаз боламын деп мектепте жақсы оқыды. Ел ішінде ашаршылық тиылып, ел есін жинай бастағанда Шоқанды ертіп туған жерге, Әбіштің қара шаңырағы қалған Шуға қайтып келді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деп қазақ бекер айтқан ба, ауылға келгесін Әбіштің тұяғы деп бауырлары жиналып үй соғып берді. Шоқан осы үйде мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Қу жалғызды жібермейін деп еді, «әкемнің орындай алмай кеткен арманын іске асырайын, Тілек бидің немересі оқымай қаңғып жүр десе, өзіңізге жақсы ма?» деген соң, ләж жоқ, жіберді. Шетке емес, әйтеуір, Алматы қаласы, қазақтың ортасы, көңілге сол медет. Өмір болған соң бәріне көнеді екенсің, аштықта да, жер ауып қаңғып жүргенде де өлмеген Балжан ғой бұл.

Шоқан оқуын бітіріп, ауылға келгені сол еді, әскерге шақырту қағаз бірге келді. Құдай алмаса жанның шығуы оңай емес екен, енді жалғызым ешқайда бармайды, қасымда болатын болды, келін түсіріп той жасаймын деген арманы желге ұшып жоқ болды. 1939 жылы финдермен соғысқа алды да кетті. Үкімет жалғызым дегенге қарамайды екен. Көз жасын көлдетіп военкоматқа да, қолхоздың бастығына да барды, ешкім араша бола алмады. Атасы айтушы еді, «Балам Құдайдан сұрасаң ғана бүйірің шығады» деп, сол есіне түскен Балжан көгендегі бір бұршақты шешіп алып, «Құдай, мен сенің қозыңмын, жалғыз ұлым елге аман келгенше, мен байлауда тұрамын, көгендеулі бұршағым шешілмейді. Менде ерік жоқ, баламның жолында  құрбаныңмын,  оны алғанша мені ал» деп бес рәкат намазын оқып, Шоқанның жолын тосты. Атасына берген сөзі бар, Алладан тілеген тілегі бар, кешке қарай үйге май шам жағып қояды, жеті жыл бойы бір өшірген емес. Елдің бәрі Шоқанның үйінің оты өшпесін деп, артық майын Балжанға әкеп беретін. Ол кезде ел ішіндегілер бірінде жоқ болса екіншісі қолында барды бөлісуші еді-ау. Бүкіл ауыл бойынша тек Шоқанның үйінің шамы өшпейтін. Балжан өшірмейтін, мойындағы арқаны мойынын қажап қайыстай еткенде де бір шешпеді. Шеше қалса, баласын сұм ажал алып кететіндей қорқатын. Өйткені 1941 жылы басталған соғысқа кеткен балалардан «қара қағаз» келе бастады. Ал Шоқан олардан екі жыл бұрын кеткен. «Қара қағаз» келіп қара жамылып отырған әр үйге барған сайын Балжанның құр сүлдері ғана келетін, түнімен Аллаға сыйынып жалғызына жар бола гөр деп Аллаға күні-түні құлшылық етіп, хабарсыз кеткен баласының тілеуін тілейтін. Балжанды аяды ма, әлде осы кемпір барлық сынақтан өтті деді ме, әйтеуір, соғыс біткесін бір жылдан соң Шоқан аман-сау ауылға келгенде Балжанның  қуанышына ортақ болмаған адам қалмады. Анасының мойынындағы бұршақты сол күні Шоқан өз қолымен шешті.

- Тәуба, - деді Балжан аяқ жағында отырған Шоқанға қарап. Өзіне әлі жас сәбидей көрінгенімен, баласының алпысқа жуық немересі бар екені ойына түсіп, «шүкір» деді.

            - Апа, қалыңыз қалай? - деп дауыстап молда кірді.

            - Жақсымын, шырағым, - деді де бұл жігіт те өз баласының шәкірті екенін бір ойлап қойды. Шоқан соғыс біткесін осы ауылдағы жалғыз мектепке мұғалім болып орналасқан, содан бері, міне, елу жылдан асты, әлі сабақ беріп келеді.

            - Ағай, апама кішкене дем салайын, жеңілдеп қалсын, - деді молда ұстазынан рұқсат сұрап.

Молданың демі әсер етті ме, әлде өзі кішкене әлденіп қалды ма, Балжан Шоқанды қасына жақынырақ шақыртып алып: «балам, мені әкеңнің қасына қой, осы әулетке он бес жасымда Әбіштің үрім-бұтағын көбейтемін деп келіп едім. Тәуба, Құдай ақ тілегімді қабыл алды. Сен жалғыз мәуелі бәйтерек болдың. Әбішке барғанымда «соңғы тілегіңді орындадым» деп баратын болдым. Оқ тиіп қансырап жатқанда, «Шоқанды жетімсіретпе, шаңырағымның отын өшірме» деп еді. Айтқанын орындадым. Арманым жоқ» деді де Балжан адал жары Әбіші құндақтаулы о дүниеге кете барды.

Қазақ тілінде жазылған