Қазақ азаматы Қытайда үздік модель атанды

Адам қарады: 252 | Жарияланды: 2019-08-15 02:37:56

Қазіргі күні әлемде сән өнері қарқынды дамып жатыр. Сондықтан да осы салада жұмыс істейтін бойшаң әрі сымбатты модельдерге деген сұраныс та жоғары. Міне, осындай өнер жолында бағын сынап жүрген сері жігіттердің бірі - Қытайдың үздік моделі атанған қандасымыз Сержан Бағдатұлы, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты. Аталған дереккөздің мәліметінше, Қытайда тұратын қандасымыз Сержан Бағдатұлы 2018 жылы Қытайдың Кайфың қаласында өткен мемлекеттік «Жұлдызды модельдер» бәсекесіне қатысқан. Қытайдың әр облысынан сайдың тасындай іріктелген 60-қа жуық қатысушы арасынан сымбатымен, дара өнерімен озып, Сержан бас жүлдені қанжығалаған. Кескін-келбетімен Қытайды тамсандырып жүрген сері жігіттің бойы 191 см. «Сержан Бағдатұлы Шыңжаң әскери институтында білім алған. Ол кейін Ухань қаласындағы жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Қажырлы еңбек, үздіксіз талпынысының нәтижесінде Қытайдың үздік моделі атағына қол жеткізген. Қазіргі күні Сержан - Шыңжаң сәнгерлер (модельдер) қоғамының мүшесі. Бүгінде ол Шыңжаңдағы түрлі модельдер бәсекесінде қазылық жасайтын, білікті маманға айналды. Сондай-ақ, әлеуметтік желіден жеке парақша ашып, осы салаға бейімі бар жастарға үздік модель болудың қыр-сырын да үйретіп жүр», - деп жазады CNR.