Қазақстандықтар музейлерге көбірек баратын болған

Адам қарады: 259 | Жарияланды: 2019-06-04 07:28:56

Қазақстан музейлерінде қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артып, 10 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking.kz сілтеме жасап хабарлайды.

Порталдың хабарлауынша, былтыр елдегі музейлер 10 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. 2017 жылы бұл көрсеткіш 8,1 млрд теңгенің көлемінде болған екен. Аталмыш кезеңде саладағы өсім көрсеткіші 1,4 пайыз болса, былтыр 24,4 пайызға жеткен.

«42 жыл бұрын Халықаралық музейлер кеңесі 18 мамырды Халықаралық музей күні деп белгіледі. Бұл күнді әлемнің 149 мемлекетімен бірге біздің ел де тұрақты атап өтіп келеді. Осы күн аясында «Музейдегі түн», «Музейдегі күн» сияқты шаралар ұйымдастырылып жалпы халықтың музейге назары көбірек ауа бастады»,- делінген порталдың ақпаратында.

Жыл ішінде елімізде 5 музей жаңадан ашылып, жалпы саны 245-ке жеткен. Музейі көп өңірлердің көшін 28 мұражайы бар Алматы облысы бастап тұр.

Екінші орында 27 музейі бар Түркістан облысы, үшінші орынды 20 музейі бар Ақтөбе облысы иеленген.

2018 жылы музейге келушілермен қатар экспонаттар саны артқан. Жалпы өсім 1,8 пайызды құрап, 2,5 миллионға жеткен.

Ranking.kz-тің мәліметіне сүйенсек, экспонаттардың электрондық нұсқасын көшіру жұмысы да жанданған. Бір жылдың ішінде электрондық жәдігерлер саны 14,1 пайызға артып, 837,4 мыңға жеткен.