Адам қарады: 157 | Жарияланды: 2019-06-17 05:37:12

Ту туралы аңыз

Поэма
«Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы,
Тоқтамыс Жуантаяқ деген кісі» 
Шәкәрім
I

Жер бетінде тіршілік иесі көп,
Жануарлар, жәндіктер, жүйесі жоқ.
Белгілісі, белгісіз бәрі жүрген,
Қасиетті мекеннің киесі боп.

Жалғыз адам жер шарын мекендемес,
Періште де, бар кезбе екен де елес.
Әруақ та, рух та бар, көздер де бар,
Жын, пері бар өлкесін бөтен демес.

Біз көрмейміз көрсе де сірә бізді,
Иеленген тәнсіз көп құла түзді.
Қарғысына құдайдың ұшыраған,
Пері жайлы айтайын бір аңызды.

Жүрегінен жұлдыздың соғып қылыш,
Қанаты жоқ, аяқсыз, жорық жүріс.
Ағайынды үш пері, аяр кілең,
Шыңғыстау мен Шағанды шолыпты-мыс.

Бірі шолақ болғанда, бірі соқыр,
Қастарында саңырау інісі отыр.
Отты келіп үшеуі қаумалайды,
Жүздерінде қым-қуыт бір іс отыр.

Олқы-солқы киімі, түрлі қызық.
Тобылғыдай сирағы тұр қызынып.
Шұнақ құлақ, шегір көз, жырық ерін,
Сөз бастады Саңырау, бір кіжініп.

-Тоқтамысқа бір ажал келер дедім,
Тудың даңқын қанымен көмер дедім.
Тағы жеңді бірақ та, бұл ұрыста,
Көзім көрді, батырға бөрі ергенін,

Соқыр айтты:
-Ол бөрі серігі оның,
Ерсе ашып жүреді тегі жолын.
Көрінбейтін пендеге адал екен,
Жаншымаған бір найза белі, жонын.

Есіткен ем бұрын да арлан жайлы,
Арлан батыр қоруға арланбайды.
Ерген кезі ерліктің даңқы жыр боп,
Ермей қалса батырға болған қайғы.

Ол жайында әңгіме бар да сірә,
Бөрі ермей қалыпты Қолбасыға.
Жаралапты соғыста Тоқтамысты,
Жаудың оғы жаншылып жамбасына.

Ауыр жара асқынған салмағымен,
Атой салған, жау қашып тауға кілең.
Қара санға бойлаған сол жараны,
Кесіп алып тастапты қанжарымен.

Шолақ айтты:
-Белгілі онда сыры,
Аяқталсын ерліктің сол ғасыры.
Тұзақтасақ арланды айла болар,
Мерт қыламыз осылай Қолбасыны.

Қалмақ әзір «Шағанның ұрысына»,
Таяп қалды бұл елдің шығысына.
Туы сонда құлайды Тоқтамыстың,
Дулығасы ілініп қылышына.

Ту құлайды, мәңгіге жоғалады,
Бұл өлкеге қасірет оралады.
Еркек кіндік құл болып, намыс қалмай,
Қыздың ары олжа боп тоналады.

Деді Шолақ, айтқандай сұрағанды,
Үш пері бір үдеден шыға қалды.
Демін тартып тау біткен осы мезет,
Атырабы Шағанның тына қалды.

ІІ
-Баба, тағы өзіңе жүгінейін,
Ықылас қыл!
Ту мен тірі дене боп бірігейін,
Мысы басты...
Жеңісімді бейбіт ел нұры дейін,
Ұшырастым.
Қайырылды қалмақтың мыңы кейін,
Құты қашты!

-Қоңыр баба, қобызым, үнім менің,
Тау киесі!
Қасиет пен қасірет бүгінгі елің
Тәрбиесі!
Саған мәлім жүрегім, сырым менің,
Жан жүйесі,
Ақ батаңды сұраймын, тұғырлы елім Әулиесі!

Деді дағы Тоқтамыс, көл суынан,
Құйып алды толтырып торсығына.
Ол үңгірдің қасиет тұнған суы,
Өткен-кеткен жолаушы, жолшы куә.

Бұл үңгірдің түкпірін көл алыпты,
Шипа іздеген алыстан ел ағыпты.
Аңыздарда айтады тіпті мұнда,
Шыңғысханның әскері ем алыпты.

Әк таулардан бұл үңгір түзіліпті,
Аузын таппай тауға көп үңіліпті.
Қалмақ қазақ шабысқан кезек-кезек,
Сол үңгірге жан сақтап тығылыпты.

Әулиенің үңгірі Қоңырдайын,
Тоқтамыстың ашатын жолын дәйім.
Табиғаттың тылсымы мөлдір судың,
Тастан тамған тамшысы мойылдайын.

Қанша адам ат арытып біліп кепті. 
Қанша адам келсе де көл тұнық депті,
Уысына толтырып шипа суын,
Батыр бетін жуды да шығып кетті.
ІІІ
«Еңсемді менің түзеткен,
Елдікті ғана жыр еткен.
Жанарды тіктеп, от шашып,
Жалынды төккен жүректен.
Қастерлі туым сен барда, 
Қайратым кетпес білектен.
Қаймана қазақ даласын,
Қайран ту, өзің күзеткен!

Бұғылы мекен, еңісім!
Машаным - маңғыз терісім!
Береке-ырыс ортасы,
Бестамақ жайған өрісін.
Көксеңгір, Қызылбиігім,
Көк майса матап өз ішін,
Кең байтақ жерім – намысым,
Көкжиек тірер көз ұшын.
Арда жұрт аманатындай 
Асқақта туым, ел үшін!
Арман жоқ менде төгілсе
Қасқалдақ қаным сен үшін!»

Қазақтың қолын бастаған,
Желбіреп туым, Тоқтамыс!
Жаншыған жауын, таптаған,
Ержүректігің, Тоқтамыс!
Аягөз шайқасындада,
Арқырап шыққан Тоқтамыс!
Шаған айқасындада,
Жарқырап шыққан Тоқтамыс!
Жекпе-жекте жығылмай,
Жеңіп шыққан Тоқтамыс!
Қаһарланса құйындай,
Төніп шыққан Тоқтамыс!
 
Арпалысса әл қайтпас,
Арыстандай Тоқтамыс!
Басқан ізін байқатпас,
Барыстардай Тоқтамыс!
Кез келгенін түйрей қап,
Жарқыл қақты, Тоқтамыс!
Бес қаруға бірдей бап,
Тау тұрпатты, Тоқтамыс!

Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Жорықтарға шыққанда,
Серік болған Тоқтамыс.
Кескілескен шайқаста,
Көрік болған Тоқтамыс!
Шақшақұлы Жәнібек,
Тобықтыдан ер Мамай,
Табыстаған байрағын,
Тұран елдің Тоқтамыс!
Абылайға дат айтқан,
Қыран ерім, Тоқтамыс!
«Қалмақ қырған» болғанда,
Дараланған Тоқтамыс!
Жекпе-жекке салғанда,
Бағаланған Тоқтамыс!
Қос батыры қалмақтың,
Жер болыпты, Тоқтамыс!
Үшіншісін атына,
Өңгеріпті Тоқтамыс!
Осы ерлігі үшін де,
Хан Абылай разы боп,
Төр беріпті, Тоқтамыс!
ІV
Ұранға толып кеудесі Ұлы даланың,
Қозады таулар жаңғырық шаншып жанарын.
Қызарып бұлттар, бозарып бұлттар барасың,
Қылмыстан ада өлкеге ауып ауаның.

Жайына қалған жататын мезгіл хәл сұрап, 
Ұрысқа тағы қалың қол жетті айшылап.
Төбеге келіп тоқтады батыр Күреңі,
Дүбірді шалса құлағын тұлпар қайшылап.

Абылай айтты:
-Жауды енді өктеп шаппаймыз,
Ұрысты бұдан қашқақтап жүріп бастаймыз.
Әйтпесе, олар әскерді көрер азайған,
Қалтарыс жерді тапқан соң бірақ тоқтаймыз.

Атынан түсіп Тоқтамыс сонда жүгініп,
Алдында ханның дат сұрап отыр бүгіліп.
Абылай: «Датың бар болса айт» деп батырға,
Назарын тастап қарады сонда үңіліп.

-Жау беті қайтып тұрғанда несін сасамыз,
Бабадан қалған бар еді ескі осы аңыз.
Қараған, шеңгел байлатып аттың қылына,
Жоңғарды біз де қашықтық жерден тосамыз.

Көргенде жауды лап қою керек ұрандап,
Әскерді көріп, аңдамай зытар шығандап.
Шаң менен тозаң аспанға сонау өріліп,
Бұл тәсіл бізді жеңіске сонда шығармақ.

-Апырай, мына айтылған сөздің жаны бар,
Есті жол бізге ескіден ғана табылар.
Ерлікке айла, ереуіл найза, енді шап,
Еңсесін тіктеп, ес кіріп елім айығар.

Расында, айла соғыста амал жоқта күш,
Ол да бір олжа орайын тауып жатқан іс.
Томаға шешкен қырандай отты жанары,
Тұғырдан сонда қарады тіктеп Тоқтамыс.
V
Тымырық сәттер тына қап демін алмастан,
Көкжиек нұры кірпігін сүйреп маубас таң.
Маңайда әлі маужырап өлі табиғат,
Тіршілік жалғыз - найқалмай тұрған алдаспан.

Жалғыз қол әскер, жанкешті батыр барлығы,
Қарсы алды олар үстенде аттың таң нұрын.
Шешпейді бүгін ешкімде қысқан белбеуін,
Шешілмек бүгін ұлтының жалғыз тағдыры.

Келеді жауы сауыт пен сайман асынып,
Соғыстан бейқам өңірдің құтын қашырып.
Келеді дұшпан қаруы қаннан кеппеген,
Қайысып жатыр қара жер басқан ах ұрып.

Төбеден кенет төнгенде түмен дауылы,
Өрілген шаңнан сөнгендей күннің жарығы.
Зәресі жаудың зәрінің жетті түбіне,
Тәрізді болып Тәңірдің төккен тамұғы.

Бұл қалай болды?
Қай жақтан келді, бұл қазақ?
Жоңғардың қолы кейіндеп қашты сырғанап.
Аталған екен бұл соғыс «Қалмақ қуған» деп,
Қараған, шеңгер қара жер бетін тырмалап.

Тас бұзып өтер қазақтың нарқы асқанда,
Сөгілген таулар семсерін сермеп шапқанда.
Алапат күшті көргенде жаудың әскері,
Аягөз асып кетіпті дейді, қашқанда.
VI
Құбыжық сынды қорқыныш басқан түстегі,
Күс болып кеткен аяғы, қолы, түстері.
Қиянат оғын сақтаған қорамсағына,
Жұлдыздай ағып келеді жүйткіп үш пері.

Болмапты кесел ақиқат бәлкім дақпырт па,
Лаулаған жалын, алапат су да, аштық та.
Алдынан шыққан тасты да таптап үгіткен,
Асыққан екен батырға сірә қастыққа.

Жайпаған олар оңы мен шыққан терісін,
Тоқтатпақ екен Тоқтамыс тіккен жеңісін.
Батырға залал антұрған аяр перілер,
Бұғалық салып, буындырмақшы бөрісін.

Оққа да байлап бөрінің сонда иесін,
Тоқтатпақ болған Тоқтамыс батыр күресін.
Білмеді олар сақтаған ұзақ ғасырлар,
Ерліктің мәңгі болатындығын киесі.

Найзадай ұшып жетіпті сонда бөріге,
Беріле қоймас ол бөрі тіпті өліге.
Кенеттен «Тоқтат!» деп шықты дауыс бұйырып,
Аспаннан төнген ақсақал жүзі көріне.

Әулие осы ежелден Қоңыр аталған,
Үш пері сонда тас болып қатты қашалған.
-Тірлікте мынау айуанға, жәндік, тіріге,
От жүрек ыстық болмаған тіпті, Отаннан.

-Кешірім болмас жасағандарға асылық,
Әулие сонда сөйледі даусы ақырып.
-Сондықтан бәрің жылан боп мәңгі жорғала,
Жылуға құмар, бауыры тастай мақұлық.

Біріне-бірі маталып сонда байланып,
Үш пері кетті жыланға мәңгі айналып.
Өлімсіз олар қамалған екен үңгірге,
Береке тұнған тірліктен мынау айдалып.

Бұлттармен бірге ғасырлар көші көшеді,
Ержүрек рухты қазақтың бағы бес елі.
Үңгірге сонда қамалған әлгі перілер,
Жылан боп әлі мекендеп қалған деседі.
VII
Қастерлі туым!
Өзіңде ерлік қаны бар,
Ұрпаққа мәңгі ақиқат болып жазылар.
Боз дала біткен бозжусан менен аңызға,
Шындықты онда, замандас, өзің тауып ал!

Қастерлі туым!
Мәңгілік менің намысым!
Құлатпай сені келеді ұрпақ, барысың!
Сүрініп кетсем кеше гөр, бізді, кеше гөр,
Тік ұстап жүрсем тігілген қазақ арысың!

Қастерлі туым!
Бабамнан жеткен мирасым!
Қиылса жаным, өзіңсің сірә, қимасым!
Даламда тұнған кешегі баба ерлігін,
Ұрпаққа ұрпақ ұлағат етіп сыйласын!

Қастерлі туым!
Астарға тігіп сақтаған,
Қастерлі туым, ғасырлар сырын жаттаған.
Дәуірлер қандай дүркіреп сірә өтсе де,
Ерлікке ғана, елдікке ғана бастаған!

Жетінші ұрпақ жеткізді сені бүгінге,
Көнегөз рухым, жасай бер, бейбіт күнімде.
Алтынға бермес батырдың қалды мұрасы,
Арқырап өткен арғымағының ізінде.

Бойыңда сенің ғаламның нұры ғаламат,
Қастерлі туым, өтейін сені аялап!
Бірлікпен ғана бұл қазақ жеткен жеңіске,
Бүгінге қалған бір белгі болып аманат.

Қазақ тілінде жазылған