Адам қарады: 5374 | Жарияланды: 2019-04-25 02:58:41

 Бейіт басындағы кемпірқосақ

 қазақ қиял ғажайыптары

     Мен өзім басқаға серік қоса алмасам да ойға серік қоса алатын сияқтымын. Үнемі ойда жүретінім сондықтан. Адамдар жүзінің құбылысын тез аңдаймын. Дегенмен, оларға тосқауыл бола алмаймын. Мейлі, олардың да қорытып жүрген илләһи өз ойлары бар шығар. Ойсыз ешкім жүре алмайды ғой. Жақсы болсын, жаман болсын ойдың орны бөлек.  Менің білетінім: ой тоқтаса – өмір доңғалағы да тоқтайды. Мені білетіндердің ішінде менің әңгімелерімді тыңдайтындар некен – саяқ. Оны жасырмаймын. Сондықтан көргенімді жазбаға түсіремін. Қажетіне жарататындар күндердің күнінде табылар... Сыртыма шығармасам да әңгіме тыңдамайтындарды шын аяймын. Жастайдан құймақұлақ болғандар уақыт өте келе әңгіменің майын тамызатын болады. Маған керегі осы! Сөзсіз, әңгімесіз, қоғам, адамдар әулеті – әлеумет қалай жетіледі. Жетілмейді! Мен бұған қол қоямын. Әңгімеде бір ғана шарт бар. Ол – әңгіменің кейінгілер теріп алатындай жемісті әрі оқырманын мезі етпейтіндей көркем болуы.!

     Бір жерден қылт еткен оқиғаның төбесі көрінсе мен сол жерден табыламын. Біреулер оқиғадан қашып, өзіне өзі үрей шақырып, не болса содан күдіктеніп жатады. Менде ондай сезім жоқ қой. Менің  басқалардан ерекшелігім – онша қорықпаймын, қажет бола қалса оқиғаны өзім де туындатамын... Барлық жердегідей Көктұйғын атты біздің кішкене ауылда да зират бар. Ауылға ортақ зираттан аулақтағы төбе басында тағы да бір бейіт бар. Бұл төмпешік о баста екеу болғанға ұқсайды. Жауын – шашын екі моланы біріктіріп жіберген сияқты. Кейіннен ауыл адамдары жиналып басына бейіт тұрғызған. Бірақ, бұл мола кімге тән, қай рудың еншісінде, қашан пайда болған, мүмкін әншейін жатқан төмпешік шығар. Расында, кішкене ғана ауылымыздың неге «Көктұйғын» аталатыны, ол есімді кім бергенін ешкім білмейтіні секілді, бұл қос төмпешік туралы да ешкім ештеңе айта алмайды. Әйтеуір, төмпешік болған соң басын қарайта салған. Ауданның, ауылдың кейбір адамдары ол төмпешікті өздеріне, өздерінің руларына, ата-бабаларына бейімдеп аңыз, әңгіме құрастырғысы-ақ келді. Біреулері қосыла алмай арманда қалған ғашықтар деді, біреулері майдангершілікте қаза тапқан батырлар деді. Бірақ олардың ешқайсысы да біреуді иландыра алатындай жүйелі әңгіме жасай алған жоқ. Күн шықса шайылып кететін кемпірқосақтың жеті түсіндей айтқандары үйлеспеді. Осы ойда жүргеніме көп болған. Ендігі жерде, күндіз-түні сол бейіт жақтан көз алмаймын ғой. Ойдың жетегіне түсемін деп ұйқыдан да қалдым.

     Таң саң беріп қалған шақ болуы керек. Мені біреу оятты ма, дауыстап шақырды ма, әйтеуір әлденеден елегізіп сыртқа шықтым. Үйді айнала бере көзім әлгі бейіт жаққа түсіп кеткені. Селт ете қалдым. Бейіт басында кәдімгі кемпірқосақ тұр екен. Көзімді уқалап-уқалап тағы да қарадым. Кәдімгі кемпірқосақ! Әдеттегі кемпірқосақ жарты аспанға жамырап жатпай ма? Мынау болса кіп-кішкентай. Бейіттің аумағындай ғана. Аспан жаққа көз жүгірттім. Жұлдыздар жарқырап тұр. Жаңбыр түгілі бармақтай бұлт та жоқ. Мен апыл-ғұпыл жолға жиналдым. Анау-мынауымды жинақтап жүргенімде таң атып кетіпті. Кемпірқосақ ғайып болды. Бұл қалай деген ой менің санама қонақтап қалды. Қанша аңдысам да бұдан кейін ол кемпірқосақ көрінбеді. Күз түсті. Көктің жүзі тарғылданды. Суық жел сумаңдап жердің бетін үргілеп сыпырғыштай бастаған. Мен ол кемпірқосақ туралы ұмытқан да сияқты едім.

      Бірауық ойдан сергиінші деп бүгін ертерек жата қалғам. Ой деген мұндайда тіпті қамап алады ғой. Бүгін де қасақана солай болды. Дәліздегі бос қалған қарлығаштың ұясына көзім түсті. Негізі осы құйттай қарлығаштар үйге береке әкеледі. Олай дейтінім, қарлығаштардың әуеніне елітіп жүріп жұмыс істесең ісің өнімді болады. Құйтақандай қарлығаштар адамды бауыр тартады, өзіне қорған көреді. Қарлығаштар ұясына қауіп төнсе дереу адамды табады, шырылдап белгі береді. Адамның төбесінен айқыш-ұйқыш ұшып, өзінің ұясын меңзейді. Өзінің неге шырқырап жүргенін түсінбейтін меңіреу адамдардың төбесіне өте жақын ұшып, тесіп жібере жаздайтындай әрекет жасайды. Адамның есті екенін біледі қарлығаштар. Әйтпесе, сол маңда басқа да жан-жануарлар жүреді ғой.  Оларға бармайды. Сөйте тұра қарлығаштардың өздері де адамға жанашыр. Мынандай бір жағдай болған. Бір күні үйдегі қарлығаштар шыр-пыр болды да қалды. Ішінде ұйықтап жатқан сәбиі бар бесік бөлмеде ескерусіз қалса керек. Қарлығаштар бесікті айналақтап, қанаттарымен жамылғысын қаққылап шырқырап сабыр таппай кетті. Мен бесік жаққа барып қарадым. Сөйсем, бесік жамылғысының ішіне бұзаубас кіріп кеткен екен. Тарбайып қалған бұзаубастың жаны жоқ. Әлгі шырқырап жүрген қарлығаштардың бірі улы жәндіктің желкесін қырқып тастапты. Ал, адамдар олай емес... Қарлығаштар дүниесін түсіне бермейді. Менің білетінім, ұя құрылысын  өрнектеп салуға келгенде алдына құс салмайтын қарлығаштар да өмірінде бір-ақ рет жұп құрады. Оған дәлелім бар. Бір жылы, үйге үйір болған қарлығаштар жұбының аяқтарына қаңылтырдан сақина кигізіп жіберген едім. Келесі көктемде осы жұп өзіміздің үйге адаспай келді. Үш-төрт балапан ұшырып күзде кеткен болатын. Екінші көктемде тағы да келді. Үш-төрт балапанын қанаттандырып тағы да кетті. Қарлығаштардың бір қызығы – қанаттағанша балапандарының бір аяғын қылмен байлап қояды. Ұясынан жерге түсіп кетпесін деген сақтығы ғой. Міне, ақыл! Үшінші жыл өкінішті болды. Менің қос қарлығашымның біреуі ғана келді. Бұл жолы үйімізді өзінің құйқылжыған сүйкімді дауысына бөлеп тұратын қарлығашымның дауысы шықпады. Үнсіз. Мұңды сияқты. Ұясын да жаңалаған жоқ. Мен қарлығаштың алдына жем, су қойып жүрдім. Бірақ, бұл әрекетім қарлығаштың қайғысын жеңілдетпеді. Күзге жуық сол ұясында өліп қалды. Мен оның жағдайын түсіндім. Дәліздегі бос қалған ұяға басқа қарлығаштар келді. Күз түскен. Бұл қарлығаштар да балапандарын қанаттандырып жылы жаққа кетіп қалған. Ұя орнында қалып кеткен. Мен қиялдап жатқанымда сол ұя еденге тарс ете қалды. Ойым үзілді. Орнымнан тұрдым да, шашылып қалған ұя қалдықтарын жинақтап дорбаға салып далаға алып шықтым. Үйді айнала бере төбешік басындағы бейітке көзім түсіп кетсе бола ма. Міне, қызық! Өзім көптен күтіп ұмытуға айналған кемпірқосағым жарқырап тұр. Аспанда бұлт болғанымен жаңбыр жаумаған еді. Көршілер әлі ұйқыға бас қоймаған кез болатын. Айтсам ешкім сенбес деп мен бұл жолы Төлен досыма бардым. Далаға шығып кетші дедім. Менің кей-кейде оғаштау әңгімелерімді ол құрдасым білетін. Менімен бірге далаға шықты. Екеуміз бейіт тұсты бетке алып әңгімелесіп тұрмыз. Ол да көрсін дегенім ғой. Байқаймын ол әлі ештеңе көрген жоқ. Маған кемпірқосақ анық көрініп тұр.

     -Не үшін шақырдың... деді көршім.

     -Анау көне бейіт жаққа көз салшы. - Төлен көршім ары қарады, бері қарады... Түк жоқ.

     -Жеті қараңғыда не бар ол жақта деп сұрады менен.

     Мен оның ештеңе көрмегенін анық білдім. «Жай әшейін» дедім сонан соң. Көршім маған күдіктілеу көзбен бір қарады да «сау бол» деп үйіне кетіп қалды. Не болса о болсын деген оймен мен үйге келдім де керек-жарағымды алып жұмбақ бейітті бетке алдым. Үйдегілер сезген жоқ. Ол төбешіктің өзі де әудем жерде. Мен айрылып қалам ба деген оймен кемпірқосақтан көзімді алмай келемін. «Далада қалған жолаушы болса жалғыз бейітке түнемейді, қалыңды іздейді. Ұры-қары болса – жарқыратып от жақпайды. От жаққан күнде де жалынынан кемпірқосақ шықпайды ғой» деп ойланамын. Осындай ойлармен жүріп отырып бейітке келіп те қалыппын. Кемпірқосақ бейіттің төбесінде қол созым ғана жерде тұр. Дәл мұндай оқиғаға осы уақытқа дейін менен басқа ешкім кезікпеген болу керек. Әдебиеттерден де оқымаған едім. Бейіттің ішіне үңіліп едім, ортасы ойылып қалған қос төмпешіктен басқа ештеңе байқалмайды. Кемпірқосақ орнында тұр. Маған бір батылдық пайда болды.  Қолымдағы құрықты алдым да кемпірқосақты түртіп жібердім. Кемпірқосақ бүйірін тартып қалды. Құдды бір тірі мақұлық секілді. Өзі орнынан қозғалған жоқ. Менің орнымда басқа біреу болса қандай жағдайда қаларын білмеймін... Мәселен, көршім Төлен. Ал, менің қызығушылығым мен оқиғашылдығымның қасында үрей дегеніңіз жіп есе алмайды. Әйтпесе, дәл қазір жын-шайтанның нағыз шалықтайтын кезі ғой: түннің жарымы, ай қараңғы, бейіттің басы... Мен кемпірқосақ дегеннің мұндай дене болатынын білмеппін, менің ойымдағы кемпірқосақ – эфирлі дене. Эфирлі дене материалды денеге кедергі болмауға тиіс. Яғни, менің құрығым кемпірқосақты кедергі санамау керек еді. Мұнда бәрі керісінше... Ойым сан-саққа жүгірді. Кемпірқосақтың басы қайда, аяғы қайда, соны болжағым келген. Кемпірқосақты ондай белгі жоқ болып шықты. Екі ұшы да доғал. Кемпірқосақты тағы да бұрыңғыдан батылырақ құрығыммен түрттім. Бұл жолғым әсер етті білем, төмен салбырап тұрған екі доғал басы маған қарай иіле бастады. Бірақ көп созылған жоқ. Мені барлап жатқандай болып көрінді маған. Кемпірқосақта көз де, ауыз да жоқ еді. Мұндай мақұлықты мен бұрын еш жерде кездестірмегем және бұл мақұлықтың ешқандай да эфирлі дене еместігін, егер дене болса плазмалық екендігін білдім. Мұндай тылсым нәрселер тек қана биологиялық тұрғыдағы денелерге әсер ете алады. Тау мен тасқа әсері болмайды. Мүмкін ғарыш мұхитынан келген адамзатқа беймәлім бір зат шығар. Менің білетіндерім осы. Не істесем екен? Жамбасымда арқан бар болатын. Соны шешіп алдым да кемпірқосақтың беліне қарай лақтырып жібердім. Арқаным кемпірқосаққа оралып қалды. Арқанды сілкілеп өзіме қарай тартып көріп едім, кемпірқосақ орнынан жылжымады. Мүмкін болса арқалап кетейін деп ойлағам. Ол ойым орындалатын емес. Бір кезде арқан шешіліп кетті. Не де болса қолыммен ұстап көрейін деп кемпірқосақтың денесіне саусақтарымды тигізіп едім, қалай болғанын суреттей алмаймын, өзім кемпірқосақтың ішіне сүңгідім де кеттім. Мен оқиға өрісін тез түсіндім. Өлшемі басқа әлемге өтіп кеткендігімді бірден білдім. Менің басымда мұндай оқиғалар көп болған. Айта кетсем артық емес шығар. Бірде Бетпақтың бір шетінде ұшып жүрген дөңгелек шарлар көбейіп кетті деген сөздерді есіткен соң, мен оларды іздеп барғам. Расында солай болып шықты. Тымық түндері жер астынан жылт етіп ұшып шыққан шарларды қызықтағанмын. Бұл ұшқыш шарларда білгілі бір бағыт болған жоқ. Қалай болса солай ұшады, көлемдері де әр түрлі. Бұл шарларды «ұшатын беймәлім тәрелкелер», «ақырзаманның хабаршылары», «әруақтар» деп көкіген сауатсыздар да болды. Алайда, мен оны бірден түсіндім: бұлар жер астынан қысылып шыққан газ бөлшектері болатын. Кейіннен бұл шарлар ұшатын аймақтардан газ өндіретін кешенді құрылыстар салынып, елдің бұрыш-бұрышына газ құбырлары тартылды. Ойымның дұрыс екендігіне көзім жетті. Мені күстаналап жүргендер жым болды.

*     *     *

     Мен өзім бұдан бұрын да бір жаңалық аштым деп ойлаймын. Мақтанбаймын. Оны да айта кетейін. Қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан Көктұйғын ауылынан жаяу адамға бір сағаттық жол шамасында ескі ауылымыздың орны-жұрты бар. «Нар жанған» деп аталады. Нар жанғанды жағалап ағып жатқан кәдімгі үлкен өзен бар. Өзеннің аулағырақтағы бір иірімі «Алтын аққан» деп аталады. Алтын аққанның іргесінде өте көне зират бар. Бұл зиратқа соңғы рет қашан мәйіт қойылды, кімдерден қалған зират бұл, ол жағы тарих қойнауына құпия болып сүңгіп кеткен. Негізінде қазақ халқы, неге де болсын ат қоюға келгенде алдына жан салмайтын шебер. Өзіміз талай рет суына шомылған, іргесіндегі мөлдір бұлағынан шөл басқан өзеніміздегі «Алтын аққан» иірімі туралы мен бала кезімнен ойланғам. Неге «су аққан» емес, неге «алтын аққан» деймін ғой баяғы... Өзеннен алтын аға ма? Ақпайтын шығар! Алтын өзендер ертегіде ғана кездеседі. Ендеше мұнда бір гәп бар...Сондықтан, ізденіп жүріп міз бақпай ауыл қарияларының сөздеріне құлақ түріп отырамын. Көбінесе, жасы жүзден асқан Ратай қарияны жағалаймын. Қолы бос деп ойлаймын. Ол кісі былай дейді: «Алтын аққан иірімі өте қасиетті, бұл иірімнен жылына бір рет, кей жылдары екі рет саф алтын ағады, алтын аққан күндері аспан төрі зерленіп, лапылдап көздің жауын алып тұрады, жылдың басқа күндері де иірім суы киелі саналады, балаларды, малдарды ол жерге жібермеңдер».

    Мұндай сөздерден соң менің ойым кәдімгідей өрістейді. «Неге жылына бір–екі рет? Басқа күндері неге ақпайды? Ал, ағып жатқан алтын қайда барады, қайда құяды?». Соңынан менің қызығушылығым басталады. Қиялыма қанат бітеді. Ерінбеймін. Ауыл мен иірім арасы бір сағаттық жол болса да өзім қалаған уақытта «Алтын аққанның» жарқабағының басында отырамын. Айтпақшы, Нар жанған ауылының жұртында жалғыз үй бар. Бұл жалғыз үйде Қарабақсы атамыз кемпірі  екеуі өмір сүреді. Қарабақсы атамыздың азан шақырып қойған шын есімін ешкім білмейді. Өзі жеке кісі. Сол секілді ол кісінің жасының қаншада екендігі де бізге беймәлім. Ратай қария айтады: «Қарабақсының жасы мен ес білгенде  жүзден асып кеткен сияқты еді» деп. Кемпірінің жасы да өзімен шамалас болу керек. Біздің білетініміз Қарабақсы атаның кемпірі – перінің қызы. Бұл кісілерде ұрпақ жоқ. Бола қалғанда да біздің көзімізге көрінбейді. Олар да перілер ғой. Сондай-ақ, жылонекі ай бұл үйдің мұржасынан түтін шыққанын ешкім байқаған емес. Қыста да тоңбайды бұл кісілер. Үкімет бұл атамызды елмен бірге біздің ауылға көшіреміз дегенде кемпірі екеуі көнбей қойған. Бұл кісілер зейнетке шығудан да бас тартқан. Сонда немен күнелтеді. Қарттар мал ұстамайды, тіпті иттері де жоқ. Мұсылманның баласы үйінде ит ұстамайды – шариғатқа қайшы дейді. Сол секілді мұсылман адам жылтырақ деп басы артық дүниеге де қызықпауы керек. Жылтырақ нәрсе – шайтанның үлесі. Оған көз жүгірту үлкен күнә! Әйтеуір, ол кісілердің терезе дейтін тесігінің орнына ешкінің кепкен қарны тартылған бұғатсыз тоқал тамының төбесі жылына бір рет батпақпен сыланады. Сонымен бітті. Оны ауыл балалары барып тындырып береміз. Жасырмаймын, бұл үйге оқта-текте мен соғамын. Ешкімге айтпаймын. Менің іздейтінім әңгіме. Қарабақсы атамыз өзімен жасты гүжбан иық қара қобызының қыл ішегін көздері суланып ыңыранта қияғымен сүйкеп отырады. Әуеніне, мен, болса да түсінбеймін. Кемпірінде дыбыс жоқ. Ол әжемізді перінің қызы дегенімізбен адамға ұқсайды... Мен шын періні көрмегем, сондықтан осылай ойлаймын. Мүмкін Қарабақсы атамыздың өзі де пері шығар... Жын-перілердің еркегі бола ма, жоқ па, ол жағын анық білмеймін.

     Бір күні Алтын аққанның жарқабағы басында отырып ұйықтап қалыппын. Түс көрейін. Аспан мұхиты жақтан жерге қарай көргеннің көзін қарықтыратын ұзын-ұзын алтын жіптер салбырап тұр екен деймін. Ұстап көрейін десем желге шайқатылған алтын жіптер ұстатпайды. Кейде қармап-ақ қаламын, бірақ, қолымнан сусып шығып кетеді. Қатты өкініп қалсам керек, жұдырығыммен жердің шаңын бұрқ еткізіп, оянып кеттім. Айналамның бәрі қап-қараңғы түн. Уақыттың қай мезгіл екенін білетіндей аспанда жұлдыз да жоқ, түп-түгел бұлт торлап алыпты. Жарқабақтан еңкейіп иірімге қарай мойнымды созып едім – ерекше ештеңе байқалмайды. Төмендегі өзеннің беті қап-қара. Аққан алтын жоқ. Амалсыз үй жақты бетке алдым. Көкірегім қабаржыды. Нар жанғанның тұсынан өте бергенімде алдымнан бірдеме қараңдағандай болды. Сақтық жасап жерге отыра қалдым. Қорыққан жоқпын. Әлгі қараңдаған сұлба мені көріп тұрғандай-ақ тіке маған келді. Сөйтсем, Қарабақсы атаның пері кемпірі екен. «Жүр, балам, үйге, түн жарымда балаға далада жүруге болмайды» деді пері әжеміз кәдімгі қамқор ырғақпен адамша сөйлеп. Мен соңынан ердім. Үйге кірдік. Пілте шамның жарығында қара қобызға төнген Қарабақсы ата құдды бір құдіреттің ерекше жаратылысы секілді күдірейіп отыр екен. Сәлем бердім -  Ассалаумағалейкүм! -Уағалейкүмассалам! Атаның дауысы да гүр-гүр етеді. Бұл кісінің мұндай дауысын өмірімде бірінші рет есітуім. «Балам, сен бүгін ұйықтап қалдың ғой, - деді,- ойыңдағы ісіңді тындыруға шамаң келер ме екен?». Мен бұл кісінің, менің не ойлап жүргендігімді қалай білгеніне таң қалдым.

     Таң қалдым демекші, Қарабақсы атада кісінің көзін бақырайтып таң қалдыратын істер өте көп. Біз ес жиғаннан бұрыңғысын білмеймін. Мен өзім білетінімді, көргенімді  айтамын. Жалпы, бақсылардың бәрі-көріпкел, сынықшы, әрі емші. Түкірігі де дәрі болады. Өздері құп көрсе де көрмесе де бақсылықты ниет етіп қабылдады ма – бітті, бұдан былай осы қызметтермен айналысады. Өйткені бақсылардың қобызынан шыққан үннің өзі адамға қатты әсер етеді. Бақсы дегендеріңіз қобыз ойнауды арнайы бір мектептен үйренбейді, оларға мұндай дарынды әруақтар қондырады. Лезде. Әрине, кім болса соған емес. Әруақтардың да өз таңдаулары болады. Ол үшін әрине, әруақ қонатын кісі мейлінше таза болуы керек және тылсым дүниені мойындаулары қажет. Әйтпесе жағдайы қиын болады. Шын   пейілмен мойындағанда ғана олардың айтқаны келеді. Қараған адамдары сауығып кетеді. Бірде Қарабақсы атамызға жоқ іздеген біреу келді. Күз еді. Бұл кісінің биесі құлынымен қолды болып кеткен екен. Қарабақсы атамыз қара қобызын аңыратты-аңыратты да, артынша құмалағын шашып жіберді. Қолындағы қобыз ісіп-кеуіп, дірілдеп кетті. Ашуланғаны шығар. Сосын «сен бекерден бекер өзің білмейтін біреуді күстәналама, - деді ата, қастарын түкситіп, - биең адасып кеткен екен, қазір дін аман. Бірақ – алыста, іздеп әуре болма, көктемде үшеу болып өзі келеді...». Жоқ иесі сенбегендей рай танытып кетіп қалды. Қарабақсы атаның айтқанындай-ақ, жоғалған бие ерте көктемде, жаңа туған құлынымен үш бас болып ауылға қайтып келді. Бұл ауылдың бәрі де бір-бірімен туыс, ағайын, жегжат. Қыс кезі болатын. Ақборан ұлып тұр. Қарабақсы атамызға  өзінің жақын бір туысы келеді ғой. «Бір үйір жылқым жоғалып кетті» демей ме. Бақсы ата қобызын аңыратсын. Даладағы боран боран ба, үйдің іші азынап кетті. Ата қара қобызын кілт тоқтатты. Құмалақ шашпады. Туысына бір сәт бақырайып қарап отырды да: «жылқыларың жоғалған жоқ, төрт аяқтарынан тұр. Бірақ жайылмайды... көктемде табасың, қазір іздемей-ақ қой» деді. Туысы Қарабақсы атаға: «оттапсың» деді де үйден шығып кетті. Бұдан кейін де қанша іздестіргенімен бір үйір жылқы табылмады. Көктем шықты. Қар еріді. Жылқылар табылды. Сөйтсек, бораннан ыққан жылқылар адасып жүріп бір жыраға түсіп кеткен екен. Үйірген қар басып қалыпты. Аяқтарынан тік тұрған күйінше бәрі де жан тапсырыпты. Туысы келіп атадан кешірім сұрады. Бұл да түк емес. Бетпақтағы малшыларға жем апарып тастап қайтамыз деп ауылдан шыққан бес-алты жүк көлігі келетін мезгілінен кешіккен ғой. Бір күн өтті - жоқ, бүгін екінші күн болды - жоқ. Шыдай алмаған бала-шағалары Қарабақсы атаға келеді. Қабақтары жабылып қастары салбырап отырып әңгімелерін тыңдап болған бақсы ата сонда әлгілерді «уайымдамаңдар» деп үйден шығарып жіберіп қара қобызды тізесіне қонжитқан екен. Оқиғаның бұдан былайғысын кешіккен жүргізушілердің өздері айтады: «Жем-шөбімізді түсіріп болған соң тіке ауылға қарай бет бұрдық. Күн кешкіріп қалған. Алақаншықтанып басталған боранның аяғы ақтүтек болды. Жол қайда, дала қайда, батыс қайда, шығыс қайда, оны ажыратудан қалдық. Бағдар берерлік аспанда жұлдыз да жоқ. Оның үстіне үрінді қарға көліктеріміз малтығып бұлталақтап жүруден қалды. Таң атқанша, ертеңіне күн батқанша қар күредік. Күрейміз-жүреміз, күрейміз-жүреміз. Бұл бір өнбейтін жұмыс екен. Әбден діңкелеп, бәріміз көліктеріміздің кабинасына тығылғанбыз. Мал емес жан уайым бола бастаған шақ. Боран болса толастар емес. Айнала тас қараңғы. Бір мезгілде алыстан бір жарық көрінді. Қарлы боранды екі иығымен қаққылап ойнақтап келеді... Бізді іздеп шыққандар ма деп алғашқыда бәріміз қуанып қалған сыңайлы едік, әлгі жарық жақындаған сайын үрейіміз ұша бастады... Сөйтсек, бізге қарай қолды-аяққа тұрмай ойнақтап келе жатқан өзі жап-жарық, өзі доп-доғал, иығы гүрбиген нәрсеміз Қарабақсы атамыздың қара қобызы екен. Қарақобыз сол ойнақтаған күйінше біздің көліктерімізді екі-үш айналып шықты да ауылға қарай бет түзеді. Біз де көліктерімізді от алдырдық. Көліктеріміз малтығып қалған орындарынан кәдімгідей ытқып-ытқып шықты... Мұндай кереметті кім көріпті. Біз қарақобыздың соңынан ілестік те отырдық. Міне, дін аман араларыңызда отырмыз».

     Мен дәл қазір, әруақ қонған сол Қарабақсы атамыздың алдында шөкелеп отырмын.

     -Балам, саған бір сұрақ қойсам бола ма, -деді, сонан соң Қарабақсы ата. –Менің сұрағымда үлкен мән бар.

    -Ата, құлағым сізде!

    -Олай болса, айтшы, осы ескі жұрт неге Нар жанған аталады? Осыны білесің бе?

    -Білмеймін, ата, -дедім, мен. –Өзім барып ешкімнен сұрастырғам жоқ. Үлкендердің әңгімесіне құлақ түрсем ешкім бұл туралы әңгіме қозғамайды. Білмедім...

    -Ендеше, тыңдап ал! Алтын аққанның сырына үңілу үшін ең алдымен осы Нар жанған оқиғасын білгенің дұрыс. Сонда ғана мақсатыңа жол ашылады. Бұл өте ертеде болған оқиға. Алтын аққан - сол кезде де Алтын аққан аталатын. Аты басқа болғанымен бұл ауыл сол кезде де кәдімгі ауыл болатын. Нар жанған оқиғасынан соң Нар жанған ауылы аталып кетті. Оған да, міне, екі жүз жылдан асты. Жанған нар – менің нарым болатын. Есті жануар еді.

     -Сонда нар түйе кәдімгідей өртенді ме, ата?

     -Ойымды бұзба!

     Мен үнімді өшірдім.

     -Айттым ғой, Алтын аққан сол кезде де Алтын аққан деп. Мұндай құбылысты тек көретіндер ғана көреді. Оны көру жалпы адамның еншісіне жазылмаған. Бұл Алтын аққанның маңайы түгелімен ордалы жылан болатын. Әлі де солай. Түсі суық жылан атаулының киелісі де осы ордалы жылан. Ордалы жыланның адамға, жан-жануарға тигізетін зияны болмайды. Шаруа баққан елміз ғой. Бір күні менің сол нар түйем жоғалып кетті. Ары іздедік, бері іздедік – көрінбейді. Екі күн өткен соң таң ата далаға шықсам Алтын аққан иірімінің үсті жарқабағынан асып жарқырап тұр екен. Аспанға құдды бір зер шашақ шашырап тұрғандай. Ауылдың біраз адамы байқап қалыпты бұл құбылысты. Бәріміз жиналып иірімге бардық.  Сондағы көргеніміз – менің нар түйем болды. Нар шөгіп жатыр, үсті-басын түгелімен ордалы жылан тұмшалап тастаған екен. Қап-қара, қап-қара жыландар нардың айналасында құж-құж қайнайды. Нарға жақындаған бізге ешқандай зер шашақты сәуле байқалмады. Оны ескерген де ешкім болған жоқ. Бәріміздің назарымыз нарға түсіп кеткен ғой. Үйден барып шелек-шелек айран-сүт әкеліп жыландардың үстіне құйдық. Жыландар кетті. Нарды жетелеп мен үйге қайттым. Қораға қамап қойғам. Түннің біруағында көршім келіп «тез, далаға» деген соң, апыл-ғұпыл далаға шықтым. Қора жаққа қарасақ - өртеніп жатқан секілді жап-жарық. Мұндай да құдірет болады екен. Біраз адам жиналып қалыпты. Байқасақ өрт дегеніміз өрт емес, нардың үстінен бұрқырап тұрған зер шашақты сәуле екен.

     -Бұл бір сұмдық шығар, - деді ауылдың бір естияры.

     -Жамандықтың хабаршысы, - деді екіншісі. Дүрлігіс болды.

     Не керек, үшінші біреу келді де нардың үстіне май шашып от қойып жіберді. Тіздеулі жатқан нардың сондағы боталап тұрған жанарлары әлі менің көз алдымда. Есті жануар ғой. Тек қана тілі жоқ. Ол кезде менің де ақыл жинақтамаған жастау кезім. Мәселенің мәнісін кейін түсіндім. Ол мәністің не екенін саған айтып берсем, сенің құрастырып жүрген ойыңа тұзақ салып тастайтын секілдімін. Сондықтан ар жағын өзің ізден. Бұл саған сабақ болады деді де Қарабақсы ата әңгімесін үзді. Осы кезде таң да атты. Мен үйге қайттым.

     Қарабақсы атамның маған айтқан әңгімесі мені көп ойға қалдырды. Ол кісінің көп сөйлемейтінін білген соң қайта барғым келмеді. Екі көзім Алтын аққан иірім жақтан кетпей қойды. Бұлтты күні көріне ме, бұлтсыз күні көріне ме, ол жағын да білмеймін ғой мен. Алтын қалай ағады деп бір күйзелемін. Бұған ордалы жылан мен өртенген нардың қандай қатысы бар деп тағы да қиналамын. Өзім де әбден жүнжіп біттім. Үйдегілерге менің сырым айдан анық. Бірақ, тоқтам айта алмайды. Бәрібір менің алған бетімнен қайтпайтынымды біледі олар.

     Көктем кетіп жадыраған жаз келген мезгіл еді. Жер бетіндегі жандықтың аңқасы кебе бастаған шақ. Мен Алтын аққан жақты екі-үш күнде бір айналып қайтам. Ешқандай өзгеріс байқалмайды. Қураған шөп-шалам, сынған бұтақ, қиыршық тастардың арасына жалбырап-жалбырап қыстырылып қалған жыландардың қабығы көбейіп қалыпты. Менің білуімше жыландар айына бір рет осылай түлейді, яғни терісін жаңалайды. Осы кезде жыландар қатты шөлдейді. Әйтпесе, осы жылан дегеніңіз жылына бір – екі-ақ рет су ішеді. Жыландардың іні терең кетеді. Тереңдеген сайын салқын болады. Осындай, ешкімге қажетсіз ойлардың жетегінде жүрген кезім ғой. Мен өзім қалай жатсам да Алтын аққан тұсқа қарап жайғасамын. Маған ол әдет болған. Оны өзім біле де бермеймін. Бір күні төсегімді далаға салып жата кеткем. Ай жарық еді. Уақыт түн жарым. Көзім ұйқыға кете бере әлденеден селк етіп ояндым. Менің назарым бірден Алтын аққан жаққа түсті. Бұл қуанышымды жасырмай-ақ қойдым. Құдды бір сегізінші атам тіріліп келгендей болды. Алтын аққан иірімінің үсті жарқырап тұр екен. Киімдерімнің жартысын иығыма іліп, жартысын қолыма ұстаған күйімше құйын-перен солай қарай ұштым. Егер мені дәл осы кезде сыртымнан бақылап тұрған адам болса қандай күйде боларын оқырман еншісіне қалдырдым. Ал, мен, өзім әншейінде бір сағат жүретін жолды екі-ақ аттап, Алтын аққанда болдым. Жарқабақтың үстіне қалт тұра қалғам. Міне, қызық! Мұндай қызықты менен бұрын ешкім көрмегендігіне өзім кепілдік беремін. Тіпті мөрімді басамын. Жарқабақтың басында тұрып ең бірінші көзіме шалынғаны – алтын өзеннің қайнап жатқандығы еді. Екінші – жарқабақтың басынан төмен қарай құлдилап ағып жатқан жанды жүлгелер еді. Бұл жанды жүлгелер іргедегі зираттан бұрқырап сыртқа шығып жатыр-шығып жатыр. Арасында басына тәж киген ірілері де бар ордалы жыландар, басқа да жыландар. Зираттан жарқабаққа, жарқабақтан иірімге құлаған жыландар шеруі тыйылатын емес. Өзен беті қыж-қыж. Жыландардың су ішкені су ішіп, шомылғаны шомылып жатыр. Тірі алтындар жарқ-жұрқ етеді. Біздің әншейіндегі көретін алтын дегеніміз мына алтынның буына бұланған жыландар көрінісінің алдында тіпті де алтын атын ақтай алмайды екен. Міне, нағыз алтын! Мұндай тірі алтынды көру бақытын маған ғана бұйыртқанына, сол жарқабақ басында тұрып Жаратқанға мың-мың алғыс айттым, тағзым еттім.

     Ойлана келіп қорытқаным: Алтынаққан іргесіндегі зират астында аса үлкен алтын кені бар. Бұл ордалы жыландар сол жерді мекен еткен жәндік. Ал, өртенген нарға келетін болсақ, үсті-басын түгелімен сол кеннің ортасынан шыққан ордалы жылан сағаттап жауып жатқанда алтынның буы түйенің шудасына, түгіне жұғып қалған деген ой болды. Егер жануарда тіл болса, ол да дәл осылай айтар еді-ау.

*     *     *

     Бірақ, газды дене деуге келмейтін кемпірқосаққа жолығуым бірінші рет. Тірі зат дейін десем, кемпірқосақта аяқ-қол да, ұшатын қанат та жоқ. Негізінде, өлшемі басқа әлем дегенімізбен, мұнда да адамдар немесе рухи денелер өздерінің туған жерлерінде, өздері үйренген өлкелерінде жүреді. Мен кемпірқосақтың ішінде, дұрысы құшағында отырып, өзіміздің Қаратауды, оған жалғасқан басқа да таныс таулар сілемін, бетпақтың барханды даласын, өзен-көлдерді  бірден таныдым. Жан-жағымнан әртүрлі дауыстар шығып жатты. Олардың бәрінің де сөздері түсінікті еді. «Мен қайдамын, - деп айқайладым жан жағыма, - сендер кімсіңдер?». «Бұл аймақ саған таныс па» деп сұрады менен бір дауыс. Мен бұл дауыстың өзім ішінде тұрған кемпірқосақтың дауысы екендігін білдім. «Таныс» деп жауап бердім. Тағы бір байқағаным мен кіп-кішкентай деп ойлаған кемпірқосағым жарты әлемді доғаланып жауып тұрған бір алып дене болып шықты. Өйткені мен Қаратауды түгелімен, таудың оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан Шақпақ пен оған жалғасқан қырғыздың Алай тауларын алақандағыдай көріп тұр едім. «Олай болса сен мұндағы болып жатқан оқиғалардан қалай қалыс қалғансың, зерделі жанның жүрегіне азық болатын тарихыңды неге қаузамағансың, өзің басында отырған бейіттің қалай пайда болғандығынан, жер-анасы өзінің торқадай құшағына бөлеп алған бұл пенделердің кім екендігінен неге хабарсызсың» деп маған ұрысқандай болды. Мен кешірім сұрадым. Шын мәнінде білмейтіндігімді, менімен ешкім ашылып сөйлеспейтіндігін айттым. Шағынғандай болдым. «Ендеше тыңдап ал, - деді маған кемпірқосақ, - бұл бейіт, мұнда жатқан әруақтар туралы сендер - жер пенделері қателесіп жүрсіңдер. Бұл өте ертеде болған оқиға. Ол заманда да періштелер көкте, тәңірінің жаратылысы жындар мен адамдар жерде өмір сүрген. Мен көк періштесінің бірімін, аспан әлеміндегі менің есімім «кемпірқосақ» - жердегілер де мені «кемпірқосақ» дейді. Кезінде мен де аз күн жер тұрғыны болғам. «Жалған өмір» дейтіннің өзі бес-ақ тәуліктік нәрсе ғой. Сонда да жер бетіне жіберілудегі міндетімді адал атқардым. Жер бетінде өмір сүрген кезімдегі есімімді зердең болса өзің тауып аларсың. Ол сенің міндетің! Және мен жалғыз емеспін. Жер тұрғындарының бәрі бірдей мені көре алмайды. Ол үшін тек қана рухани тазалық, тағы да рухани тазалық керек. Жерде болып жатқан бірде бір оқиға алдымен аса құрметті Жаратушының, сонан соң біздің назарымыздан тыс қалған емес. Мәселен, мына сенің сексен үйлі ауылыңнан мені көре алатындар үш-төрт-ақ адам. Олардың көпшілігі көргенін айтуға қорқады. Айтқандарын тыңдайтын түрік құлақ та жоқ. Осыдан сабақ ала бер. Қазір жерде жын көп, адам аз. Рухани тазалығы жоқ адам да жындар қатарын толықтырады. Жердегі жындар мен адамдар уақытша сынаққа жіберілгендер. Олардың көпшілігі мұны біле бермейді. Білгісі келмейді. Содан пендешілік жасайды. Өтірік айтады, зинақорлыққа, ұрлық-қарлыққа барады. Өздерінің тұрақты да мәңгілік мекеніне абыроймен оралуды олардың пешенесіне жазылмағанын білмейді. Мұндай пендешіліктің соңы өздері үшін де ұрпақтары үшін де үшін ақырзаман – тозақ оты екендігімен істері жоқ. Әруақ сыйлауды, әруақты мадақтауды ұмытады. Олар ұмытқан сыйлы әруақты біз ұмыта алмаймыз. Ескерусіз қалғандарына осылай келіп тұрамыз. Солардың бірі мына сенің алдыңдағы екі төмпешік! Бұл екі төмпешіктің кім екендігін ешкім білмейді, білмейді емес, іздеуге, ізденуге пендешіліктері, күйкіліктері қолбайлау, сылтаулары көп. Әруағын сыйламаған ел – азады! Қазіргілер осыны білуден қалып барады. Осы мінездері арқылы кейінгі ұрпақтарына  өздерінің кім екендігін нақты саралап бере алмайды. Адам баласы қай кезде де байлық емес, әруақты мадақтау арқылы жеңіске, мақсатына жетіп отырған. Әруағы сыйлы елдің – маңдайы жарық! Енді нақты оқиғаның өзін айтайын:      

     Сенің сегізінші атаңның өмір сүрген тұсы. Ол кезде де жер тұрғындары арасында «алып кел мен шауып кел» секілді барымта-қарымталар болып жататын. Оларға бұл қателіктерді жындар жасататын. Мына өзің тұрған Қаратаудың қожыр-қожыр тастары мен сонау Алай тауының тарғыл-тарғыл жондары не көрмеген. Алыс-жұлыстың мекені болған бұл ара. Арагідік татуласу мен қол қосулар, құдандалы бітімдер де болып жатқан. Сондай мамыражай күндердің бірінде сенің сегізінші атаң қырғыздың айдай сұлу Гүлбике атты бір қызымен көңіл қосқан. Төркіндері қыздарын ырғап-жырғап енді ұзатамыз, Қаратау мен Алай тауының басын біріктіреміз деп жүргендерінде қайтадан ұлтаралық басараздық иық көтеріп, той болмай қалған. Содан мезгілді күні жетіп Гүлбике Айтолды атты бір қызды дүниеге келтірген. Тамырында сақау қырғыздың емес, қазақтың асау қаны тулаған Айтолды өсе келе алғыр, батыр тұлғалы болды. Соғыс өнерінде алдына жан салмады. Сайыпқыран мерген, жауырыны жерге тимеген палуан болып шықты. Осы кездері ғой, Мерке, Жуалы, Түркібасы мен Жыланды жортуылшыларының көрші қырғыздарға барымтаға шығулары сап тыйылғаны. Оған себеп, қырғыздар жақтан бір жас «перінің» пайда болғаны еді. Бұл «пері» қазақ жырындыларына бір мал да алдырмады. Әгәрәки, ілуде бір мал қолды болса, қазақтар жағы ертеңіне он малынан айрылып отырды. Жас «пері» ешкімге елінің ақысын жібермеген. Қалыңға қарсы жалғыз шабатын мұндай жүрек жұтқанды қазақтар бұрын көрмеген-ді. Аты аңызға айналған бұл жас «пері» - Айтолды қыз болатын. Өкініштісі - бойжеткен өзінің қазақ қызы екендігін, сенің сегізінші атаңның қанынан жаралғандығын білмейтін еді.

     Бұл кезде сенің сегізінші атаң өмірден өтіп кеткен. Атаңның артында Көктұйғын, Ақсұңқар атты екі бала қалған. Екеуі де атаның жоғын жоқтай алатын, ұлтының кегін кектей алатын топжарған батырлар еді. Қазақ пен қырғыз арасындағы дау-дамай өмірі біткен бе? Осындай шайқастардың арасында жүріп бір күні сенің Көктұйғын атаң қырғыздың сол Айтолдысы туралы есітпей ме? Ретін тауып қырғыз көріктісін іздеп барған. Көруге көркі бар, сөйлесе сөзі бар, батырлығы мен қайраты елден асқан, халқының тұмарлысы Айтолдыны Көктұйғын атаң қатты ұнатқан. Қалай болғанда да інісі Ақсұңқарға алып беріп, өзіне келін етпекке ниеттенген. Қазақ халқының ықылымнан бері келе жатқан ұлттық дәстүрі осындай. Аға ініге қашанда қамқор болады. Іні ағаның айтқанынан шықпайды. Мұндай ынтымақ бар жерде бірлік дегеніңіз ыдырамайды. Көктұйғын атаң інісі Ақсұңқарға бұл жағдайды, Айтолды туралы айтқан. Інісі ағасына бас изеген. Бұл келісімнен соң Ақсұңқар Айтолдыны арнайы барып көрген. Көріп келгені былай тұрсын, Ақсұңқар қасы-көзі қиылған Айтолдыға өлердей ғашық болып келген. Айтолды қыз да көп ұзатпай келісімін берген. Елім деп еңіреген ерін елі қалай сыйламасын. Бүткіл Қаратау аймағы алдағы болар құдалыққа дайындалып жатқан кез еді. Қазақтар мен қырғыздар арасындағы кезекті шайқас барымта-қарымта басталды да кетті. Неге болса да сақадай сай болып келген қырғыз қарымташылары қимылының аяғы үлкен ұрысқа айналды. Бұл жолғы шайқастың ірі болғаны сондай алыс-жұлыс ауқымы мың шақырымға дейін созылды. Екі жақты қақтығыс қарт Қаратауды сілкілеп, түте-түтесін шығарып жатты. Сондай ұрыстың аса салмақтысы бірі осы аймақта, яғни, қарт Қаратаудың бір бөлшегі - осы Қостұрада болған. Әсіресе, қырғыз жауынгерлері арасындағы ерекше бір топ ешкімге дес бермеді. Өздері бар-жоғы оншақты ғана адам еді. Мінген тұлпарлары желден жүйрік, адырнадан ағытқан жебелері құдды найзағай сынды еді. Күн демей түн демей ойламаған жерден тарпа бас салатын бұл топ жүріп өткен жерде тек қана шаң қалды, шаңға аунаған адамдар мен тұлпарлар қалды. Қазақтардың басы қатты. Ақылдаса келе тапқаны: бұл топтың басшысын құрту керек деді. Мергендер іріктелді. Жебелердің ұшы умен суарылды. Мұндай оқ сипап өткен жерде ештеңе қалмайды. Жүз қаралы мерген әлгі топтың соңына түсті. Жылдамдығы желдей топ жеткізе ме? Қазақ мергендері екінші түнемеге жайғасқан тұста шабуылды қырғыздардың өздері бастады. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ айлы түн болатын. Қаратау қойтасының қалтарысынан кенет атылған семсер азу, серіппе тірсек көкбөрідей жалт ете қалған топтың артында мергендердің жартысына жуығы жер жастанып қалған. Шабуылшылар көп ұзаған жоқ, аттарының басын кері бұрды. Алайда олар бұл тосқауылдағылар тек қана мергендерден құралған жауынгерлер екенін білмеуші еді. Сонда да болса екінші рет сыпырып өте шықты. Тағы да біраз мерген жер жастанып қалды. Бұл мергендер тобының басшысы Ақсұңқар болатын. Ақсұңқардың іздегені қырғыздар жағының басшысы. Ақыры ол да көзге шалынды. Адырнадан ұшқан жебе қарауылдағысын айнымай тапты. Аттың үстінде шалқалап қалған қырғызға жетіп барған Ақсұңқар аттан құлап бара жатқан жауынгердің кенет жерге екі аяғымен дік ете қалғанын көрді. Аралық тым жақын еді. Екі жауынгер лажсыздықтан құшақтасты да қалды. Бірақ, кеудесін жебе тесіп өткен қырғыз жауынгері тым әлсіз еді. Қырғыз жауынгерінің кеудесін тесіп өткен жебе Ақсұңқардың да кеудесіне тіреліп тұрған болатын. Соған қарамастан Ақсұңқар қырғыз жауынгерінің жүзін көріп қалғысы келген. Оның ойын дәл сезгендей сүттеніп тұрған ай жарығы да жауынгер бетіне түсе кетті. Ақсұңқардың көзі бір сәтке түк көрмей қалды да қайта ашылды. Айтолды!  Айтолды!! О, Тәңірім!!! Ақсұңқардың өзі де шалқалап құлай берген Айтолдының үстіне гүрс ете қалған. Өткір, уға суарылған жебе ұшы Ақсұңқардың да кеудесін тесіп өтті... Олар бірін бірі білмеген күйде опат болды.

     Мына сені ортасына алып жатқан екі төмпешіктің шын тарихы осы! Бірі сенің туған ағаң болса, екіншісі туған әпкең! «Қилы-қилы заман болған, қарағай басын шортан шалған» деп осыны айтады.

     Менің басым айналды. Екі көзіме ерік бере алмадым. Бір сәт талықсып кетсем керек...

     Көзімді ашсам, бейіт ішіндегі екі төмпешіктің ортасындағы ойықта жатыр екенмін... Қатты тоңып қалыппын. Қайран өмір-ай!  Таңертең сөлбірейіп үйге қайттым.

    Бұл оқиғадан соң кемпірқосақты көрмедім.

    Мені құшағына алып отыруына қарағанда бәлкім бұл кемпірқосақ бейнесінде көрініп жүрген өзім есімін де білмейтін сегізінші атам шығар...

        Тағы бір қуанышым, өзім туып-өскен ауылымның атауы менің жетінші атамның есімінде екендігін нақтылағандығым  болды – Көктұйғын! 

     Жетінші атамыздың шын аты Көктұйғын екендігін білгенімізбен, осы уақытқа дейін бұл жайтты ауылда ешкім дәл бұлай жіктей алмаған еді. Тіпті қашаннан бері бұл ауыл Көктұйғын аталатындығын да білмейміз ғой.

     Ендігі мақсатым қабірлері қатар жатқан Айтолды мен Ақсұңқар бауырларымның асқақ та аяулы бейнелерін тұлғаландыру екендігін мойындадым!

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған