Адам қарады: 60 | Жарияланды: 2019-04-19 03:15:25

Аманат

Бірнеше ай бойы ауырып жатқан Майра бір күні таң атпай оянып, кенже ұлы  Жалғасты шақыртты. Бірақ оның орнына тұңғышы Балтабай жетіп келді.

  • Жалғас қайда? – деп сұрады  кемпір қарлыққан дауыспен.
  • Қазір келеді, – деп жұбатты шешесін Балтабай.
  • Қайдам?.. Өзі аман ба? – деп бір демде сергелдеңге түсті Майра. Беті сұрланып, қиналып сөйлей алмай қалды да кетпе дегендей ұлының қолына жармасты.

            – Мама, Жалғас қазір келеді, жаңа ғана онымен телефон арқылы сөйлестім, – деп Балтабай бос қолымен қалтасынан телефонын алып, қоңырау шалды. Сосын оны шешесінің құлағына жақындатып жатып:

            – Алло! Жалғас, тұтқаны мамаға бердім, – деді. Арғы жақтан:

            – Айттым ғой, кешке кіріп шығамын, – деген Жалғастың ашушаң дауысы естілді де байланыс үзіліп кетті.

            – Дауысын естідім, оған да тәуба! – деп Майраның жүзі жайланып, көзінен жасы домалай берді.

            Балтабай үндемеген күйі оның жанында отырып қалды.

            Майра біраз күш жинап алып, сосын оны үнемдегендей асықпай сөйлей бастады:

Балам, саған тапсыратын аманатым бар еді...

– О не дегеніңіз мама, жазылып кетесіз, – деп Балтабай анасының қолынан сипалады.

– Сөзімді бөлме, – деген  Майраның қатқылдау дауысы оның бір ойға бекінген кейпін анық аңғартып өтті. Азғантай демін алған соң:

– Жалғасты өз түтініне қайтарып, мына үйдің орнына жаңа үй салып бер... Қазақтың бір тәуір қызына үйлендіріп, ана албастыдан босатып ал, – деді.

 

Аманатын тапсырған Майра біраздан соң жанын да тапсырды.

***

            Анасын жерлегеннен кейін Жалғас қонақасыға Рая есімді көңілдесін ерте келіпті. Қақпаны аттар-аттамастан-ақ Балтабай оны былай шығарып алып:

– Сен анауыңды не үшін алып келдің, а, мұнда? Елден ұят, алып кет, – деді. Қаймығатын Жалғас емес екен:

– Онда жұмыстарың болмасын, – деп бір-ақ кесті.

Сосын әйелді үйге кіргізіп, үстелдің төріне отырғызды.

Толықша келген аққұба Раяның Жалғаспен қатар жайғасқанда жасының үлкендігі бірден мен мұндалады.

Маркұм Майраның кұрбысы Тәжігүл Жалғасты көріп:

–  Жалғас айналайын, Майра иманды болсын, армансыз кетті. Тек сені уайымдайтын. Кенже ұлым үйленіп, балалы-шағалы болса, шіркін, одан басқа тілегім жоқ деп отыратын, – деді көзінен жасы ағып.

  •  Тәте, мен үйлендім. Міне, келіншегім қасымда отыр, – деді Жалғас.
  •  Әәә, бәсе! Майрадан айнымайтын қасында кім отыр десем, – деп таңғалыста қалды кемпір.
  •  Жоға, тәте, ойнап айтқаны ғой. Анамыздың жылын берген соң той жасаймыз, сонда бәрі де белгілі болады, – деп Балтабай әңгімеге кірікті.
  •  Еее, жөн, жөн, дұрыс айтасың. Бақытты болыңдар, айналайын! – деп батасын берді Тәжігүл.

Майраны жерлеп, қонақасыны беріп, үй-ішінде марқұмның жан-жақтан жиналған балалары мен немерелері қалғанда, араларында Жалғас болмады. Балтабайға ренжіп кетіп қалыпты.

  • Мамамның аманаты бойынша бұл үйде Жалғас тұру керек, – деп бастады Балтабай сөзін. – Ертең осында көшіріп әкелемін.
  • Ойбай! Анау алабастыны қайтеміз? – деді Райхан қарындасы.
  • Оны үйленген соң әкелесің деп алдай  тұрармыз. Әзірге інілеріңе құда түсетін лайықты қыз іздестіріндер, – деп ойын жайып берді Балтабай.
  • Дұрыс! Жақсы болар еді, – десті көпшілік.
  • Қайдам?! – деп күмәнданды, ең кіші қарындасы Алма, – он жыл болды Раямен тұрғанына. Қаншама қалындық тапсақ та көнбеді. Раясын қолдап, жайына қалдырсақ қайтеді?! Таңдағаны сол болса, бақытты болсын. Осында Раяны әкеліп тұра берсін, қайтеміз оған кірісіп.

Барлығының көмейіндегі күмән айтылған соң, бір сәт үнсіздік орнады. Есесіне даладан күн күркіреді.

  • Олай болмайды, – деді қарындасына жаратпай көз тастаған Балтабай, – анамыздың аманатын орындау керек!

***

Жалғас қара шаныраққа оралып, ағасының айтқанындай біраз уақыт жалғыз тұрды. Әпкелері бұл жағдайды пайдаланып, інісін қыздармен таныстыра бастады. Бірақ Жалғас қыз дегенге  қызығушылық таныта қоймады. Тек Алма әпкесі таныстырған бір қызға ғана  немқұрайлы қарамайтын сыңай байқатты. Ол – Алманың қалада тұратын кұрбысы көңіл айта келгенде жанына ерткен Қаракөз сіңлісі. Университетті енді ғана бітіріпті. Мамандығы психолог болғаннан ба, әлде бірін-бірі расымен ұнатты ма, әйтеуір Жалғас екеуінің әңгімесі жараса кеткен. Алманың қуанғаны сонша, қаладағы Балтабай ағасына қоңырау шалып, хабар жеткізді.

«Темірді қызғанда соқ» дегендей, Балтабай келесі күні-ақ ауылға келіп, інісімен сөйлесті. Қаракөз жайын қозғай бастап еді, Жалғас қызды ұнатқанын бірден мойындады.  Тек:

  • Мамамыздың жылын өткізіп алып, құда түсеміз, – деген ағасының сөзіне мырс етіп:
  • Көрерміз, – деді.

Балтабайға інісінің «көрермізі» кепілдіктің өзіндей көрінді. Бір апта ішінде Жалғасты аула бұрышындағы кішкене жазғы үйге көшіріп, әлі де іргетасы мықты, бәрінің өсіп, ержеткен үлкен үйлерін бульдозерменен толық бұзып тастады. Сөйтті де орнына екі қабатты жаңа үй салуға бел буды. Ауладан ескі үйдің қоқысын шығарып тастап, керекті құрылыс материалдарын әкеліп, үйді де тастады.

  • Күзге қарай бітіреміз, – деп туыстарына уәдесін де берді  Балтабай.

 

Енді құрылысқа кірісем деп жүрген Балтабай, маусымның жайлы бір кешінде рөлге отырып, ауылға тартты. Жол бойы Жалғасқа қоңырау шалып, ала алмады. Қас қарайып, ауылға жеткенде Жалғастың да терезесінен жарық түсіп үлгерген екен. Балтабай көлігін тоқтатып, аулаға кірді. Үйіліп жатқан кірпішті көріп, «биыл анамның аманатын орындап қалармын» деп үміттене адымдады. Есікті ашып, табалдырықты аттай бере үстел басында картоп тазалап отырған Раяны, жанында мәз-мейрам болып домбыра шерткен Жалғасты көрді. Балтабай үн-түнсіз, бауырын көзімен бір атты да кері бұрылып, шығып кетті.

Келесі күні бірнеше жүк көлігі ауладағы бүкіл құрылыс заттарын тездете тиеп, алып кетіп бара жатты.

Қазақ тілінде жазылған