Адам қарады: 18280 | Жарияланды: 2019-03-26 02:12:37

Сағындырған саммит

 

 Астанамызда әлемнің жетпістен астам елінің басын қосқан ырду-дырду жиын болып өткен. Оны «Саммит» деп атайды екен.

 Ол дүрілдеп өткен екі күнде жұмыс атаулы тоқтап, оқу орындары бекітіліп, базар-дүкендер жабылып тып-типыл болды... Несін айтайын, өз басымыз бар қам-қарекетті екі күнге ұмытып, тырайып теледидар алдында жаттық.

 «Қой мен қыздың бармайтын жері жоқ» демекші, шетелге күйеуге тиіп кеткен жиен хабарласып:

 – Еліміздің дөй басшысы сіздерде болып өткен саммитке қатысып келген. Күйеу балаларыңыздың қызметі сол төңіректе ғой, бастарын қосып барып келгенінен әңгіме қозғапты. Ағыл-тегіл ел екен... Аста төк төгілген дүние деген мәнде айтып, ұшақтан түскен бойда қошемет басталып, іркес-тіркес сый-сияпат, құрмет, ән-жырдан бас алғызбай сансыратыпты. «Барған сапарыңыздың қорытындысы не болды?» деген сауалға мүдіріп, «Қорытындысы кешігіп, алай-дүлей күн суытып, соңын күтпей кетіп қалып едік» депті... Қарамағындағы күйеу балаларыңызға: «Қатысың бар ел ғой, қорытындысын біле сал» депті, – деген соң, менде бірден жауабын бере алмай, «біліп берейін» деп құтылдым.

 Ал кеп алаңдап бағайын. Бір айтса осы айтады-ау, бір жазса осы жазады-ау деген баспасөз атаулыға үңіліп бақтым...Қай елден қанша делегация, кімнің бастап келгені, қай қонақ үйге орналасқаны тәптіштеліп-ақ беріліп жатыр... Сөз бере қалса, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай айтатындары: «Бұл деген кеше ғана тәуелсіздік алған елдің ерлігі... Аз күнде мынандай қала салу ғажаптық. Жетпіс елдің басын қосу екінің бірінің қолынан келе бермес...»

 Теледидарды көре-көре, жазылғандарға үңілем деп титықтап біттім. Ойпыр-ай, бірінен күйеу балаға керек жауапты таба алсамшы.

 Таныс журналистке кезігіп сұрап көріп едім, ол саммиттің баспасөз орталығындағы ағыл-тегіл асхананы айтып ауызының суын сүртіп, онда табысталған ноудбук пен соңғы үлгідегі диктофонын көрсетіп күпінгені... Сөзінің соңында: «Пәлекет тағы да болса ғой!» деп қалды.

 Бір білсе солар білер-ау деп депутаттардың сөздеріне құлақ түріп едім, қорытындыдан олар да мақұрым, ол күндері астанадан аулаққа кетіп ел аралап келгендеріне риза... осындай саммиттің жиі болып тұрғанын құп көретіндерін білдім.

 Теледидардан саммит кезіндегі үй-күйсіз далада жүрген пенделер өмірінен сюжет көріп қалдым. Оларды бір ай бұрын арнаулы үйге орналастырып, төрт уақыт тамағын беріп, алдына теледидар қойып үйден шығармай асыраған екен. Бір бомж: «Ғажап! Бұндай игі шараның жиі болып тұруын тілейміз» деп ағынан жарылды.

 Үйдегі балалар да: «Өткендегі саммит қашан қайта болар екен?» деп қояды.

 Әйел де: «Келесі самит те өткендегідей жұмыс күніне тап келіп, ар жағы сенбі, жексенбімен жалғасса шіркін!» деп қалды.

 Не дейін, білгенім – ел-жұртты риза еткен ғажап саммит өтіпті. Қайда барма, кімді тыңдама – айтарлары «сол бір саммит...» болып сағымға айналыпты.

– Әке, шетелдегі жиеніңіз хабарласып тұр, – дегенде, денем дір етіп, неде болса өткендегі біліп қойсаңыз дегенін долбарлап соға қояйын деп:

 – Аллоу, – десем, жиенім аман-саулық жоқ:

 – Күйеу балаңыздың басшысы сіздерде өткендегідей саммит қашан болар екен, бола қалса міндетті түрде барамыз деп жатыр, – дейді. Өткендегі саммиттің қорытындысын сұрамағанына тәуба етіп:

 – Болғанда қандай! Келесі жылы бақандай екі бас қосу болады. Қалай дайындық басталады, міндетті түрде сүйінші хабар жіберемін, – деп желпіне тіл қаттым.

Қазақ тілінде жазылған