Адам қарады: 323 | Жарияланды: 2018-09-15 17:02:52

Автобустағы оқиға

Бірде құрдастар бас қосып ,

Өткен-кеткенді айтып, сыр ашқанбыз.

Шөлімізді басайық деп,

Бір-екі саптаяқ сыра ішкенбіз.

Қайтып бара жатып жолаушы көлігімен

Әлгі сыраның желігі ме,

Жүкті әйелге орын тауып бермеген

Бақылаушы сайтан боп көрінді ме,

Жоқ  әлде «Проез, проезд!» –

Деген сөзінен жерідім бе,

Әйтеуір өз-өзімнен жүйкем жұқарып –

Бақылаушыға жолбарысша атылдым

(Қалай жетті десейші батылым).

Екіленіп, екпіндеп, өй, жүдә қайтпадым,

Қызуланып, құлшынып, мен не айтпадым:

– Тек ақша жинауды білесіңдер,

Қол жайып, қайыршыға ұқсап жүресіңдер.

Сендердің  көздерің  соқыр –

Түрегеп тұрған кемпір-шалды көрмейді,

Ал, жастар өздігінен орын бермейді.

Оларға неге орын ұсынбайсыңдар,

Бұл үшін тіпті де қысылмайсыңдар!

Сөздерің шұбар, ешкім ұқпайды,

«Кунаевамен жүреміз» дейсіңдер,

Тілдеріңе неге сүйел шықпайды?!

Мәдениет дегенді қаперге ілмейсіңдер,

Аялдаманы хабарлауды білмейсіңдер.

Тірліктеріңнің бәрі бір түрлі,

Тіпті киімдеріңе дейін күлкілі.

Аяқтарыңа бірің мәсі киіп,

Енді бірің салпылдақ ілесіңдер.

Бірыңғай үлгі жоқ –

Ала-құла боп жүресіңдер.

Шындықтан мен қашпаймын,

Бәріңе бірдей топырақ шашпаймын.

Бірақ көбісің сондайсыңдар,

Тек жолақыны ойлайсыңдар,

Әй, түбі оңбайсыңдар...

Айттым кеттім, айттым кеттім,

Еш тоқтамадым.

Әбүйір болғанда – боқтамадым!

Ал, бақылаушы, бедірейе қарап тұр бетіме,

Қан шығатын түрі жоқ–

Ет кесіп алсаң да  етінен.

–Вообще,  мен өз жұмысымды білемін,

Планды асыра орындап,

Постоянно премя алып жүремін.

Если автобус ұнамаса – есік анау тұр алда,

Тез шық та –такси жалда!

Өстіп тұрғанда аялдамаға да жеттім,

Сөз ұқпайды екенсің деп,

Қол сілтеп түсіп кеттім.

Енді бүгін шекем тырысып,

Кешегі тірлігіме отырмын  қысылып,

Ой, мұндай белсенділігі құрысын.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс,

Миым сірә жетпеді.

Әлгі әйелдің шаңытқан сөзі,

Ақшиған көзі көңілімнен кетпеді.

Қазақ тілінде жазылған