Адам қарады: 84 | Жарияланды: 2018-09-15 14:05:46

Астана

Астана!

Жиырмадасың, жігіт болдың сен енді,

Бұла жасың – ерттеп мінер беренді.

Ел тағдырын ойлайтұғын жастасың,

Жігіттерше сөйлесейік, кел енді.

 

Астана!

Ай шетіне жеткізетін жебеңді,

Ноян жасың найза қылар еменді.

Алты құрлық келбетіңе көз салып,

Есігіңнен алпыс түмен ел енді.

 

Астана!

Сырдың елі – қарт анаң,

Ақ күрішін орап беріп қалтадан.

Мейірленіп бақытыңды тілейді,

Бақ қонсын!-деп, арқар аумай, Арқадан.

 

Астана!

Отау қылып тізгініңді тартпаған,

Ақ сақалды, Алатаудай Қарт бабаң.

Заңғар тұлға болғаныңды қалайды,

Ата-баба аманатын сақтаған.

 

Астана!

Алашыңды, өкпелетсең аз ұлтты,

Өзге емес, өзің ғана жазықты.

Қаратауым тарту етті өзіңе,

Керей сұлтан қағып кеткен қазықты.

 

Астана!

Ақ түйенің сылап алған өркешін,

Ақ ешкінің тарап алған бөртесін.

Ордабасым, төріңе әкеп төседі,

Төле бидің малдас құрған көрпесін.

 

Астана!

Алашыңның үмітісің сен бүгін,

Төрт мұхитқа тегіс жетсін ерлігің.

Ұлытауым тағып берді беліңе,

Жошы ханның күміс зерлі белдігін.

 

Астана!

Сендей ұлдың аңыз болып есімі,

Еселенсін бар қазақтың несібі.

Берел мінген керқұлысын сыйлады,

Өр-Алтайым – Ер Түріктің бесігі!

 

Астана!

Оғыланым, қыран мұрын, ай қабақ,

Қос табаның кетпесе екен тайғанап.

Маңғыстаудан әулиелер рухы,

Тілеу тілер дұғаларын қайталап.

 

Астана!

Жайлауыңа бес жүз түйе байлатып,

Ақ Ордаңның дастарханын жайнатып.

Түркістаным той жасады сен үшін,

Тай қазанын таң сәріден қайнатып.

 

Астана!

Көкшетауым, келбетіне ай қанық,

Таңырқаған Күннің тілі байланып.

Кілемменен көтереді өзіңді.

Сексен көлім сексен қызға айналып.

 

Астана!

Әркімдерге олжа болмай ырысың,

Кеңейт енді туған елдің тынысын.

Алашыңа айбар болып қолыңа ал,

Хан Кененің алтын сапты қылышын.

 

Астана!

Ал, батырым, саған сенім артамын,

Апай төсін дүбірлетіп Арқаның!

Ақұдайлап, Ақжолтайлап ұран сал,

Білекке іліп Ағыбайдың қалқанын.

 

Астана!

Бар қазақтың жақсыларын жиып ап,

Көшті баста, бір Алланың сыйын ап.

Алты басты айдаһардың басын шап,

Махамбеттің дулығасын киіп ап.

 

Астана!

Жер бетіне мәшһүр болсын ер ісің,

Шер басылып, іштегі мұз ерісін.

Сыпырып ал білегіңнің күшімен,

Аю менен Жолбарыстың терісін.

 

Астана!

Қанағат пен тәубең болсын, мастанба,

«Мен Қазақпын!» - деген сөзден жасқанба.

Ұрпақтардан ұялмайтын болғайсың,

Сен де ертең жасың жүзден асқанда.

 

Астана!

Ерте ержеттің азат күнде қайралып,

Жұрт жүрегін түсінерсің, жайды анық.

Жесірлердің жанарынан мүңын ұқ,

Жетімдердің панасына айналып.

 

Астана!

Тағдырыңды алған талай тонап та,

Саған сабақ, тарихтағы жол артта.

Арың биік тұрсын әр кез жаныңнан,

Жемқорларды маңайыңа жолатпа.

 

Астана!

Қарашаға тең бөлінсін жиғаның,

Өз халқыңның кесесіне құйма мұң.

Қамалыңды сонда ешкім алмайды,

Берік болсын рухың мен иманың.

 

Астана!

Аманатым – табаныңда жер қара,

Аманатым – үстіңдегі ел дара.

Ал, Астанам, арқаңменен арқала,

Қазақ үшін шын Баһадүр сен ғана!

Қазақ тілінде жазылған