Адам қарады: 271 | Жарияланды: 2018-09-06 02:27:37

«Насыбай сату» туралы немесе ақын Өтежан Нұрғалиевпен алғашқы жүздесу туралы баллада

Әлі есімде сол кездерде елде едім,

Өлең еді «сырқатым» да, шөлдеуім.

Ауыл жаққа келе қалды ақындар,

Өтежанды сонда алғаш көргенім.

 

Атақ-даңқы аңыз болып тараған,

( Етене-тін жырларымен сол ағам).

Жазғандарын іздеп жүріп оқушы-ем,

Ол туралы «сөздерді» де «бораған».

 

Даңқы жеткен «Пушкині ол қазақтың»,

(Түс көргендей тамсанамын ғажап тым).

Киімі де, жүрісі де бөлекше,

Сөздерінен от тарардай өжет тым.

 

Сол ақындар жыр оқыды кезекпен,

Отан жайлы, махаббатты сөз еткен.

Өтекең де бастап кетті бір жырды,

Алыстатып жаттанды ойды мезі еткен.

 

 

Жырларынан «күн бұлттанып», «жел тұрды»,

Қас-қағымда көңіл тасып, желпінді.

Ашық күнде ойнағандай найзағай,

Құлақ түріп, тына қапты ел күллі.

 

Бір сәттерде қыздар жайлы толғанды,

Жұрт көңілін сұлулыққа аударды.

Сорақысы – тасқа басқан таңбадай,

Санамызда өшпестей бір сөз қалды.

 

«... Таңдар қанша аруды ойлап ататын,

Кештер қанша аруды ойлап бататын...»

Дей келді де, жай түсірді Аспаннан,

«Арулар бар насыбайын сататын...».

 

Үрписіп көз қададық біз оған,

Намыстандық жарылардай ызадан.

«Арулар бар насыбайын сататын...»

Былқ етпейді, «қызармайды» жүзі одан.

 

 

 

 

Арамызда ару да бар, ана да,

Ата-әжелер, болды бала-шаға да.

Ауыл деген алтын ұям, арлы жұрт,

... Бір түрлі ақын, бір түрлі екен сол аға...

 

Жылдар өтті... тұрғынымын қаланың,

(Алматыға тиді ақыры табаным).

Қызметкері болғам мұнда біраз жыл,

Тірек еттім Жазушылар одағын.

 

Сол Өтежан ғажап ақын, сұрапыл,

Одақ жаққа жиі ат басын бұратын.

Әңгімесі мысқыл, мазақ, табалау,

Астарында таза шындық тұратын.

 

... Көрмегенім көп екен ғой, көргеннен,

(Кейде ойлайсың, бұл тірліктен «безген жөн»).

Аруларды насыбайын сататын,

Жиі көрем «көзді арбап» жол керген...

 

Біраз болды Өтекең де қайтқалы,

Одаққа кеп «бір түрлі сөз» айтпады.

«Арулар бар насыбайын сататын»,

Шындық екен сол ақынның айтқаны.

 

Жағдайлар көп жанға аяздай бататын,

«Жел сөз де» көп «күйе жағып» жататын.

Жұртқа мен де жыр оқысам деп жүрмін,

«Ақындар бар Ар, Намысын сататын...»

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған