Адам қарады: 338 | Жарияланды: 2018-04-06 02:11:02

Тағдырдың бұйрығы

Еркінбек  жаз бойына қылта-қылтаны қуалап жүріп  орған шөбін  әзер дегенде арбаға тиеп, еңістегі ауылға түс мезгілінде титықтап зорға жетті. Өзі де өлермен екен, екі-үш жерден арқанмен тартылып, басына шошайтып, айырдың сабын қадаған  тау шөпті қораның алдына  түсіріп бітемін дегенінше қара терге түсті. «Әй, осы атаңа лағынет  ит тіршіліктің ащы ішіктей шұбатылып жататын күйбеңінен құтылатын күн болар ма екен» деп ойлады  айырдың тісіне қомақтырақ  ілінген  қау шөпті белі қайысып көтеріп жатып. Амандық болса, алдағы жылы Алматыда оқып жүрген Тұрсынбегі оқуды бітіреді. Одан кейінгі балалары да ыздиып жігіт болып қалды. Кішкентай кенжесі Серікбегінің  де орта мектепті әні-міні бітіремін деп жұтынып тұрғаны анау. Кеш батса, қаңғып,  үй бетін көрмей кетеді пәтшағар. «Бүгін пәленшенің қызықшылығы еді», «түгеншенің туған күні еді» деп айна алдында сағаттап таранып тұратынын қайтерсің қызталақтың. «Ау, бұл иттің балалары әкелерін  ұшпаққа шығарады дейсің бе. Ертең ер жеткеннен кейін бір бір әйелдің жетегінде кетедідағы». Осы жағын ойлағанда шүпірлетіп бес бала берген тәңірдің бір қызға келгенде тырсиып сараңдық жасағанына іштей налып, қапаланып қалатыны бар.  Ондайда бастары қауқиып қалтасындағы ақшасын тиын тебендеп, теспей соратын балаларына қарағанда  қызы жұмыстан қалжырап келгенінде тым құрыса «әке шаршадыңыз ғой» деп қолтығына құс жастық тастап, бәйек болар еді-ау шіркін!»

Әлі құрып, діңкәлаған Еркінбек кезекті  шөпті көтеруге шамасы жетпей,  көң иісі мүңкіген қораның жанындағы кесілген теректің діңіне құйрық басып,  отыра кетті.. Мұрны да қаңсып ақ тұр екен, тұтатқан темекісін қос танауынан бұрқырата шығарып, бір рахаттанып қалды. «Әлгі жүгермек қайда жүр екен» деді  есіктің алдындағы ошаққа нан көміп, қала берді ішіндегі шаласы бықсып жанып, көзді ашытар қою түтіні будақтаған  сары самаурынның кернейін ескі керзі етіктің қонышымен  жаныға үрлеп, қапылып жүрген әйеліне қарап отырып. «Апыр-ай,  ескі көздер «атаңа не істесең алдыңа сол келеді» деп қалайша тауып айтқан. Әкесі марқұм да үй бетін көрмей, тау тасты аралап жүрген орған шөбін мұндай шаруаға әбден көнбіс болып кеткен көк есекке жегілген ескі арбаға тиеп, дәл осылайша қара терге малшынып түсіріп жатқанда Еркінбектің өзі де қазіргі  Серікбек тәрізді төбе көрсетпей, қысылтаяң кезде таптырмай кететін. Қазір сол қалақтай сары шалдың жанының сірілігіне қараптан қарап отырып таң қалады. Құданың құдіреті  мүмкін,  өзінің көзі  кеткеннен кейін  жамауы ылғи да көрініп тұратын қараша үйдің бүкіл азабы мен ауыртпалығының онсыз да Еркінбектің мойынына артылатынын аңғарып аяды ма екен,  әлде осы шаңырақтың тігерге жалғыз тұяғы екенін ойлады ма әйтеуір анау мынау ауыр тірліктерге Еркінбекті жолатпай, қолын қақпайлай  беретін. Жалғыз ұлдың оқуға түсіп, студент атанғанын естіп, ауылдағы ақыл төбенің басына алқа-қотан жиналып, әңгіме құрған шалдардың арасында  «біздің бала пәлен деген институтта оқып жүр» деп желпініп сөйлеу қара шалдың арманы еді, амал нешік маңдайына жазылған тағдырдың  қатал бұйрығы оған жеткізбеді...

Еркінбек әкелген шөбін маялап үйіп, қақырынып-түкірініп үйге кіргенде  әйелі дастархан жасап қойған екен, сүт қатқан қою шайды сораптап ішіп, босаған кесесін бірінен кейін бірі  тоқтаусыз қатынатып, Бәтішті үлгертпей тастады. Әйелі шекесі шып-шып терлеп, бусана бастаған шақта   тосын бір әңгіменің шетін жеткізді:

–Тұрсынжан хабарласты,-деді ол орталанып қалған ақ құманға  сары самаурынның шүмегін барынша ашып,   қайнаған  суды сарылдатып  құйып жатып.

–Е, не дейді екен,-деді кенезесі кеуіп, қаталап келген Еркінбек әйелінің сөзін күнделікті ауылда сан рет құбылып айтылатын жаттанды  жаңалықтай қабылдап.

–Балаң үйленемін дейді.

Маңдайынан моншақтап  аққан терді етектей ормалымен сүртіп, кеседегі шайды енді ұрттай берген Еркінбек шашалып қалды.

–Не дейді! Сен қатын не  деп отырсың өзі,-деп әйеліне ежірейе қарады.–Жиын-терін, дайындық деген жоқ, ау,  тойға келгендерге кеспе жасап берейін деп пе  едің. Әй, мына иттің баласы жерге қаратты-ау.  Тым  құрыса бір ай бұрын «көке жағдай осылай болып тұр деп хабар бере салса қайтеді. Енді не істедік». Бағаналы бері жайбарақат құрақ көрпешенің үстінде бір жамбастап созылып жатқан Еркінбек ашудың әсері ме шапылдап сөйлеп, тіктеліп отырды. Шайға да зауқы соқпады   кезекті кесенің түбіндегі жұғындысын сарқып ішіп,   дастарханның шетіне төңкере салды.»Енді не істедік».

–Жазған-ау, саған не болды,-деді әйелі  күйеуін қуантамын деп отырып, істі насырға шаптырып алғанын  кеш аңдап.–Осы келін түсіру бір арманың емес пе еді. Соншама шала бүлініп...Бүгін ертең босағаңа түсейін деп тұрған келін  тағы жоқ. Жәй Тұрсынжан бізге көрсетейін деп алып келеді екен. Еркінбектің қатулы қабағы жадырап, жүзіне қан жүгіргенімен бұрын соңды той томалақ жасап, келін түсіріп, қыз ұзатып көрмегендіктен бе әйтеуір әлі де іштей қобалжулы еді. «Ау, келсе келсін» деді  енді  қайраттанып. «Шүкір, ет жағынан қам жемейді. Қыста туған шұнақ қойдың қозысы пышаққа ілігуге жарап тұр. Қалған шөп-шалам мен керек жарақты базардан көтеріп алады. Ал келіңдер, көріп алайын». Еркінбек тап бір күреске шығатын адамдай жігерленіп кетті.

Әйелі Бәтіш үйдің ішін ақтап, Еркінбек маңайды ыбырсыған күл-қоқыстан тазартып біткен кезде жанына еліктің лағындай сүйкімді қызды ерткен Тұрсынбек те жетіп келген. Қастарында облыс орталығында  оқитын ұлдары Беркінбек пен Тұрғанбек те жүр. Әшейінде дастархан басында үшеуі ғана шүңкілдесіп отырып шай ішетін  қараша үй  бір сәтте үйіліп төгілген қуаныштың астында көміліп қалды. Еркінбек ғана  болашақ келіні ұялып қалар деген оймен үйге бас сұқпай, күн ұзаққа қора-қопсының басында жүреді. Әйелі Бәтіштен естіп білгені келіндері дәрігердің оқуында оқиды екен. Тәрбиесі солай ма, шәрлі жердің  қызы екенмін деп, оқтау жұтқандай сіресіп тұрған жоқ, жат деп жатырқамайды, үй ішіндегілермен тез тіл табысып араласып кетті. Алғашқы аптада әрнәрсені сылтауратып, балалары бас қосқан дастархан басынан төбе көрсетпей жүретін Еркінбектің де үй ішіндегі жағдайға бірте бірте бойы үйрене бастаған.

–Қызым, әке-шешең қай жердікі,-деді бірде Еркінбек  ауыл адамдарына тән әдетпен жөн сұрап.

–Біз қалада тұрамыз,-деді қыз әдепкіде қысылыңқырап.–Папам автопарктің басшысы, мамам дәрігер. Сұңғыла қыз осы тұсқа жеткенде  Еркінбектің  ішінен «ойбай-ой» деп  қопаңдап қалғанын сәттік абыржыған түрінен оқып үлгерді ме екен,- бірақ папам да, мамам да өте қарапайым адамдар,-деді.–Ауылдарыңыз маған қатты ұнады. Мамамның туған жері Алакөлдің табиғатына көп ұқсайды екен. Алакөл атын естігенде Еркінбектің жүрегі оқыстан шым ете қалды. «Айтпақшы, Айша да сол  жақтан еді ғой». Сәл абдырап отырып:

–Қызым мамаңның есімі кім?-деді.

Қыз жылы жымиды:

–Танымайтын шығарсыз, Айша. Мамам кезінде институтта  оңтүстіктің қыз-жігіттерімен бірге оқығанын айтып отырады.

 О тоба, Еркінбек жақсылығыңды да, жамандығыңды да қымтап жасыру дегенді білмейтін мына ит тағдырдың оқта-текте оралып соққанда  жүрегін сыздататын  ескі дертті қайта қоздыртып,  қыр астында қалып көмескілене бастаған өткен өмірінің  қаңсыған тамырларына қан жүгіртіп, ойда жоқта алдынан   сопаң еткізіп  шығара салған құдіретіне  таң   қалды.    «Тәңірім-ау, бақандай отыз жылды  соңына тастап, күні бүгіндері елуді еңсере бастаған Еркінбектің   сол еңсені езіп, көңілін жүдететін оқиғаны ұмытатындай уақыты болған жоқ па?» Жоқ ұмытпапты, қайта ол жылдардың тасасында қалып, ұзаған  сайын «мен сенің қамшының сабындай қысқа ғұмырыңның бір бөлігімін» дегендей  оқта-текте ұйқысынан түртіп оятады.

Ол кезде Алматыда оқитын студент жастар орталық бақтағы би алаңына жиі баратын. Айшамен сондай қызықты кештің бірінде танысты. Бір топ жігіт сыраға сылқия тойып алып, биге енді араласа бергендерінде қайнап жатқан алаңның бел ортасынан шу шыққан. Еңгезердей қызу жігіт талдырмаш қыздың білегінен ұстап жібермей тұр екен.

–Жіберіңіз, билегім келмейді,-деді қыз тартыншақтап.

–Онда би алаңына  не үшін келдің,-деді бейтаныс жігіт. Қыз өзіне араша түсетін жан іздегендей, көздері жәудіреп  маңайына қарағанымен топ ішінен  суырылып шыға қоятындай иманжүзді біреу табыла қоймаған. Намыс па, қаны шапшып басына тепкен Еркінбек екі аттап өктем сөйлеген жігіттің жанына қалай жетіп барғанын өзі де аңдамай  қалды:

–Жігітім,бойжеткенді еркіне жіберсеңші, билегісі келмейтінін өзі де ашық айтып тұр емес пе.

–Ойбай-ау, мында «тақсырдың» тұрғанын қалайша байқамай қалғанбыз, кешіріңіз деп кекеткен жігіт кенет түсін күрт суытып,-оны сенен сұрамаппын,-деп кеудесінен итеріп шалқасынан түсірді. Шартпа-шұрт жұдырық сілтесіп, жағаласу басталған. Еркінбектің есінде  алпамсадай жігіттің келсаптай жұдырығы ғана қалып қойды. Есін милицияның сыз иісі бұрқыраған қапасында жатып жинады. Көзі домбығып ісіп, ерні жырылыпты. Ертеңіне шашын жылмита тараған капитан формасындағы жігіт қобыраған көк қағазды толтырып, кейбір жерлеріне Еркінбекке қол қойдыртып, маңызды бір шаруаны ыңғайлап алғандай тапанша ілінген қайыс белбеуін бір ырғап, түзеп қойды:

–Жағдайың қиын, Әділбаев,-деді қолындағы мұның студенттік билетіндегі аты-жөнін оқыған болып.–Енді не болады? Түк те болмайды. Қоғамдық орында төбелес шығарып, тәртіп бұзғаның үшін оқудан қуылып, ауылыңа қайтасың. Оқасы жоқ, ауылда да айналысатын тірлік көп, кетпен шабасың, мал бағасың. Солай емес пе Әділбаев?

Шынында да Еркінбектің жағдайы мүшкіл еді. Арадан апта өтпей жатып факультет деканы «Қожабаев шақырып жатыр» деген суыт та суық хабар жеткен. Даусы шәңкілдеп, кекетіп-мұқатып сөйлейтін бұл кісі аяушылық дегенді білмейтін адам еді.Бірден кіріп баруға жүрегі дауаламай, жартылай ашқан есіктен басын қылтитып еді, Қожабаев та мұны аңдып күтіп отыр екен:

–Ә, кел, кел Әділбаев,-деді ол жайраңдаған кейіп танытып. Бірақ осы жадыраңқы үнінде зіл бар еді.–Араққа тойып алып, биге барасың...сосын милицияға түсесің..

–Ағай..дей беріп еді, өзі шаққа отырған Қожабаев шарт кетті:

–Ағай-пағайыңды білмеймін, милициядан қағаз бар, сендей маскүнемді бір күнде ұстай алмаймын. Гуля деді сосын  ауызғы бөлмеде отырған хатшы қызға  дауыстап-Әділбаевты оқудан шығару жөнінде бұйрық дайындаңыз.

Осы сәт хатшы қыздың бөлмесі жағынан шаң-шұң айқай шығып қалған.

–Кимелеп қайда барасыз, ол кісі бос емес деп айттым ғой сізге. Келген адам  хатшы қыздың сөзін құлағына ілмесе керек, деканның бөлмесінің есігі айқара ашылып, о тоба,өткен жолғы бақтағы өзі араша түскен бейтаныс  қыз кіріп келген.  Тәртібі темірдей қатал Қожабаевтың өзі мұндай бассыздықты күтпесе керек, таң-тамаша қалды.

–Қарағым,-деді әңгімесін сыпайы бастап,-алдымның бос емес екендігін көріп тұрсыз ғой.

–Ағай бұл жігіттің кінәсі  жоқ. Қайда оқитынын милициядағылардан біліп, бірден өзіңізге келіп тұрмын.

–Ал, керек болса, деканның алдына келіп талап қоя сөйлеу неткен жүректілік! Сіз кім боласыз,-деді әңгімесін сыпайылап бастаған деканның даусынан ызғар сезіліп.

–Айша Әшімбаевамын, медицина институтында оқимын.

–Е, студентпін де. Тап қазір осы тәртіпсіздігіңді деканыңа хабарлап, оқудан шығартып жіберсем қалай болар еді ол суық қалпын бұзбастан.

–Онда сөйтіңіз, біреудің обалына қалғанша, оқудан шыққаным дұрыс сияқты. Бойжеткеннің ақиқатты айтып тұрғанын алабұртқан жүзінен аңғарған Қожабаевтың қарқыны басылып қалған. Шашы жоқ жалтыр басын қайта қайта сипап, бөлме ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүргіштеп, кенет бір ойға келгендей кілт тұра қалған.

–Әділбаев, бағың бар екен, мына қыз жаныңды  аман алып қалды. Бірақ бәрібір жазасыз қалдыра алмаймын, есесіне жатақханадан қуыласың,-деді.

Ол Айшамен осылай танысты. Еркінбектің құлағы шыңылдады. Өткен өмірдің   тасасына жасырынған  аяулы жылдарының елесіне жан бітіп,  шым-шым тартып барады. Еркінбектің таңырқағанынан тынысы тарылып кетті. «Апыр-ай мына тағдырдың қақпақыл ойнатып әкеліп табыстырған жерін қарашы. Бәтіш әлгінде ғана жайраңдап отырған  күйеуінің табан астынан жуған шүберектей оңып кеткен құп-қу жүзіне абыржи қараған. Сосын    екеуіне аңтарылып алма кезек қарап отырған қызға:

–Ағаңның анда-санда  табан астынан қан қысымының көтеріліп  осылайша шошытатыны  бар деген сөзін мас адамдай аяғын әлтек-тәлтек басып, есікке беттеп бара жатып естіп қалды.

Есіктің алдына шығып, кесілген терекке құйрық басқан Еркінбектің көңілі әлем-жәлем, ел көшіп, жұртта қалып қойған адамдай жетімсіреп тұр еді. Көз алдына балпиған саусақтары алтын сақинадан көрінбейтін, бетінде әжім ізі жоқ, ата қаздай мамырлап басатын сары кемпірдің бейнесі келіп тұра қалған.

–Мама, бұл Еркін,-деді шешесіне шекесінен тері сорғалаған Еркінбекті таныстырып жатып. Сазарған сары кемпірдің жүзінен пәлендей өзгеріс нышаны сезіле қоймаған.

–Өзің қай жақтың баласысың,-деді сосын жіпсіген маңдайын желпуішпен желпіген болып. Еркінбек жөнін айтып еді, онсызда келісіңкіремей тұрған кемпірдің қабағы одан сайын тырысып, шалқасынан түсті:

–Алматыны шегірткеше түгел жаулап алдыңдар ғой түге! Неге сол Шымкенттеріңде оқи бермейсіңдер? Арадағы әңгіменің әдептен асып бара жатқанын аңғарып қалған Айша:

–Мама... деп еді, екпіндеген сары кемпір  жуықарада  демін алып,тоқтай қоймады.

–Не мама...бетіңе күле қарағанға майдай еріп... техастықтардың бәрі қу болады... шетінен залым... Айналайын, Айша ауқатты адамның отбасында бұлғақтап өскен қыз, басын қатырма.

Үй ішінде еңсені езетін өлі тыныштық орнаған. Еркінбек жалтақтап, Айшаға қарап еді, ол жүзін бұрып, терезе жаққа қараған болды. Оның осы абыржыңқы жүзі «жаным-ау, қолымнан не келеді» деген ойды анық оқытып тұр еді.

Айшаның «анаң ата жолымен алдынан өтсе,  мамам райынан қайтар» деген ойы шірей тартылған соңғы үмітті ортасынан шауып, мүлде үзіп жіберді. Артынып-тартынып, ауылдан келген қалақтай қара кемпірдің жердің бетімен келгенін қайтейін, қайтар кезде зәулім үйден жердің астымен зорға шықты. «Мына байғұс  жалғыз баласы үшін  артынып-тартынып  сонау ит арқасы қияңнан келіп  отыр-ау» деп сазарған сары кемпірдің жүзі жібімеді. Қазақы ортадан қарғы адам жерге ұзап көрмеген шешесі қарадай қара терге малшынып, тілі байланып қалған адамдай мелшиіп отыр. Арадағы үнсіздікті Айша ғана бұзды.

–Мама бұл Еркіннің анасы, дей беріп еді сары кемпір тырсиып зорға отыр екен:

–Құдағаиым, мынау ма,-деді ол онсыз да борша-боршасы шығып, көйлегінің етегін шиыршықтап отырған Еркіннің шешесін менсінбей. –Жетіскен екенбіз, үстінде шұбатылған кәмзолы, аяғында мәсісі бар мына кемпірді қай музейден тауып әкелдіңдер. Ал, болашақ құдағиымның не әкелгенін көрейінші. Долданған сары кемпір қоржынның бетіне салынған бес-алты матаны бей берекет шашып, қалған дүниені сөмкесімен есікті ашып, далаға лақтырып тастады. Мынандай масқаралықтан  құлағы шыңылдаған Еркінбек бір есін жиғанында сырттағы табалдырықтың тұсында бүк түсіп, ағыл-тегіл жылап отырған шешесін көрді.

–Еркінжан-ау, мынауымыз не болып кетті өзі, не болып кетті. Еркінбек қорлау мен ұяттан сол жерде жан тәсілім етермін деп ойлап еді, өлмеді. Марқұм анасының намысын табанына салып, таптап, сақ-сақ күлген  сол қатал тағдыр араға жылдар салып, қайта жолықтырып отырса, адамның қалауымен  айтқаныңа жүрмейтін бұл тіршіліктің құдіретіне  не айтарсың.

Уағдалы күн жетіп, қыз ұзату тойы Алматыдағы сән салтанаты жарасқан мейрамхананың бірінде дүркіреп өтті.  Тойға келгенше көкірегінде  күдігі мен үміті  алма  кезек тайталасқан   Еркінбек болашақ құдағиын көргенде ғана  қатал тағдырдың пешенесіне қашап жазып қойған үкімінен қашып құтыла алмағанын аңғарды. Таңданған  келіншектің  қарлығаштың қанатындай керілген қасы мен  жалт ете қалған әдемі жанары ғана алдында тұрған әйелдің  жастық шағының бір үзік бөлшегі іспеттес Айша екендігін аңғартып тұрғандай еді. Келіншектің шарасынан шыға жаздап барып,қалпына түскен жанары ғана арадан жылдар өтсе де Еркінбекті ұмытпағанын, танығанын аңғартып тұрды. Сүйкімді құдағиының  аузынан шыққан әр сөзді ләппайлап орындап, жаны қалмай, зыр жүгіріп жүрген құдасы ғана жалпылдап әлек. Бәрі де өзгерген. Өзгермегені өткен өмірден қалған елес ғана. Қу тілді асаба құдағилар мен құдаларға төс қағыстырып,  билеттірді. Айша  жанарын ала қашып, сыр бермегенсиді. Еркінбек арақты есепсіз ішті. Әшейінде болса, тілін шайнап, басы бұлғаңдап, мас болып қалар ма қайтер еді, бұл жолы есінен жаңылмады. Арақ емес,  бейне бір су ішіп отырған сияқты. Үстел басында жападан жалғыз қалған Еркінбек жылап отырды. «Қайтсін-ай, баланың қуанышы ғой» десті былайғы жұрт.

Жоқ,  оның  көңілі  мүлде басқа нәрсеге  босап  отыр еді...

 

Қазақ тілінде жазылған