Адам қарады: 285 | Жарияланды: 2018-03-27 04:59:36

Қайырымды» қылмыскер

 

Ірі қаланың ішін үрей биледі. Жергілікті сақшылардың аяқтарынан тік тұрып, белгісіз күдіктіні іздестіріп жүргендеріне жарты жылдай уақыт өтті. Қолда бар айғақ бойынша, ол қандықол қылмыскер құрбандарын ешбір құзырлы органда тіркелмеген тапаншамен жайратып салып жүр. Оқиға орнынан ізін тез суытып үлгереді. Құдды бір, «қызылдарға» қырғидай тиген 20-жылдардың «бандасы» тәрізді.

Тергеуші Арсен Тұяқовтың күні-түні қобыраған қағаздардан бас көтермей, қылмыскерге құрар тұзақтың ретін қарастырып жүргеніне де біраз болды. Жалғыз адамның қолымен жасалған бірнеше қылмыстың шырматылған жіптей болып алған бір ұшын тапса-ақ, басқасы әрі қарай өз-өзінен тарқатыла кететіндей көрінеді. Осы сенімнің жетегінде жүре берудің өзі тайраңдаған талай қаныпезерді бұлтартпаған тегеурінді тергеушінің намысына тиді.

– Кім болсаң да көр де тұр, бәлем! Сені қолға түсірмесем, атым өшсін! – деп кіжінді, жұмыс бөлмесінде қажыңқырап отырып.

Өйтпегенде ше, әрбір жиналыс сайын басшылық тарапынан осы істі біржақты ету қатаң түрде ескертіліп отыр ғой. Аудандық ІІБ бастығы қарамағындағы тісқаққан тергеушілерді соңғы жинаған сәтінде бұған: «Арсен Халықұлы, Сізге әлгі маньяктың ізіне түсу қашан тапсырылып еді? Ең сенімді маманымыз емес пе едіңіз?! Ал ол ойына келгенін дәл иегіңіздің астында, осы аудан төңірегінде жасап жүр. Әлі күнге дейін сол әрекеттерінен бір айғақ таппағаныңыз қалай?..», – деп әбден намысын қайрап, сын тезіне алған еді. Бастығынан басын сипап шығу кімге абырой әперсін, енді бұл шындап кіріскен ісін бәрібір біржақты етпей қоймаудың жаңа жоспарын жасай бастады...

 

***

Шіліңгір шілденің аптапты бір күні. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің алаңына жиналған жұрттың қарасы қалың. Аңыраған әйелдер мен аңырып қарап қалған ерлер. Кісі өлсе де кісәпірсіп, біреудің қайғысын жерден жеті қоян тапқандай етіп әлеуметтік желіге жүктеп жіберуге асыққандар да жүр, несиеге алған қымбат смартфондарын жылтыңдатып. Таң қылаң бере жедел жеткен Жергілікті полиция қызметкері де, Арсен Тұяқов бастаған аудандық ІІБ тергеушілері де, тайыншадай неміс овчаркаларын жетектеген кинологтар да, жедел жәрдем өкілдері де осы жерде. Алаңды қызыл ала лентамен айналдыра қоршап тастаған. Жұмыстарына айғақ болады-ау деген аяқ іздерінен бастап, сол маңдағы нәрсенің бәріне жіті назар аударуда. Телефонның экранына кіріп кете жаздап жаныққан желөкпелерге жекіп тастап, ара-тұра тыйым салып қояды. Оны қаперіне қыстырған бір адам жоқ, жасырып, жаба жүріп, «арнайы түсірілімнің» әйтеуір бір амалын тауып әлек.

Беті жабылған мүрденің шолақ жеңді жейдесінің төс қалтасында визитканың көлеміндей біржапырақ қағаз бар екен. Арсен Тұяқов резеңке қолғабымен оның шетінен еппен ұстап алып шықты. Иә, бұл да бұған дейінгі құрбандардың қалтасынан табылған, екі жағына компьютермен теріп жазылған екі ауыз сөз: «Миың мен жүрегіңе ұялаған жынды екі-ақ тесік арқылы шығарамын!», «Маскасын шешпегенге каскасы да құрсау емес!». Не себепті олай дейді? Әзірге түсініксіз. Тергеушіге тиесілісі де сол – ең бастысы, осы екі сөздің құпиясын ашу.

Күн арқан бойы көтерілгенге дейін негізгі шаруаларын аяқтаған топ мүрдені жедел жәрдем көлігіне салып алып кетті. Артында аңырап жетім-жесірлер қалды.

Бұл – жарты жіл ішінде бір адамның қолынан қаза тапқан бесінші құрбан еді.

 

***

Раушан есімді келіншек әлеуметтік желіге өзін бір алаяқ «үй алып беремін» деген желеумен алдап соққанын, полицияға оның үстінен жазған арызының нәтижесін сарыла күтіп жүргенін жариялады. Сол-ақ екен, желідегі достығында жоқ, «Қайырымды жан» деген лақап атты біреу жеке хат жазып жіберді. «Сәлем, сұлу қыз! Сендей қарапайым қазақтардың жылап жүргені жаныма аяздай батады. Сондықтан маған қазір анау алаяқтың толық аты-жөні мен мекенжайын жазып жібер! Кегіңді қайтарып беремін» депті. Сол күні екеуі әлеуметтік желіде отырып, біраз хат алмасты. Аты-жөнін айтуды құп көрмеген жаңа танысы: «Қолымнан біреуге қайырымдылық жасау келсе, болған жоқ па? Кім екенім маңызды емес...» дейді. Сондай-ақ, жазысқан хаттардың бәрін дереу өшіріп тастауды өтінеді. Бұл да жеке басқа тереңдегісі келмей, көптен бері шешілмей жүрген мәселесін оңтайландырып алуды ғана ойлады. Жалпы, «Қайырымды жанмен» сырттай сөйлескен алдыңғы төрт желі қолданушы да сөйткен. Біреуі әйелінің көзіне шөп салып, байшыкеш азаматпен кетіп қалғанын, біреуі бұрынғы бастығының жемқорлықпен айналысып, бір топ жұмысшылардың еңбекақысын бермей кеткенін, біреуі бәсекелесінің қоқан-лоққы жасап, жеке кәсібін тартып алғанын және бір қыз бастығының өзін кабинетте зорлағанын айтып шағымданған. Бірақ, ешқайсысы да сол аталғандардың жүрегі мен маңдайына бір-бір оқ қадалып, о дүниеге аттанып кетіп жатқандарын білген жоқ. Өз «жауларының» өлім құшқаны туралы бірді-екілі сайт жаңалықтарынан да бейхабар. Себебі, мемлекеттік органдар әзірге құпия сақтаған ақпаратты «атып кетті, шауып кетті» сарынында жалпылама жаза салған дүние жете мән берерліктей де емес еді.

 

***

«Қайырымды жан» тапаншасына дыбыс құмықтыратын тетігін бұрап орнықтырып, оқжатарын толтырып алып, жаңа маркалы көлігімен көшеге шықты. Қалтасында – әлгі екі жағында «Миың мен жүрегіңе ұялаған жынды екі-ақ тесік арқылы шығарамын!», «Маскасын шешпегенге каскасы да құрсау емес!» деген «қанатты сөзі» бар біржапырақ қағаз. Түнгі жарқанатша қомданып, орталық саябақтың шетімен жүріп келеді. Алған бағыты – күндіз әлеуметтік желі арқылы анықтаған бір байдың үйі. Жәбірленушінің жазуынша, ол жеке мал шаруашылығындағы жұмысшыларын құл мен күң есебінде ұстайды екен. Бір малының аяғы ақсап қалса, бақташыны қамшының астына алып, одан «айыппұл» ретінде өзіне тиесілі бір айлық еңбекақысын ұстап қалатын көрінеді. Тіпті, «бүгінгі тамағың дәмсіз болды» деген сылтаумен жас қыз-келіншектерге қорлық-зорлықтың тір-түрін көрсетіпті. «Қайда барып шағымдансаңдар да, бәрі – менің қолымда. Ешкім ештеңе істей алмайды. Заңдарыңды сатып ала саламын!» деп дөңайбат көрсетеді екен...

Сүліктей қара жеңіл мәшине саябақтың бір шетінен орала бергенде, оның ашық терезесінен шыңғырған қыздың дауысы естілді. Көлігін дереу тежеген «Қайырымды жан» дауыс шыққан жаққа қарай құлақ түрді. Боқтанған жігіт пен оған жалынған қыздың нәзік үні алыстан талып жетеді. Көп тұрудың жөні жоғын білген бұл көлігін талдың тасасына қаңтара салып, соларға қарай жеделдетіп жаяу тартты. Жақындап барып қараса, еңгезердей бір жігіт талдырмаштау келген әдемі қыздың қолын қайырып, шашынан ұстап: «Үніңді шығарма! Әйтпесе, осы жерде өлтіріп кетемін!», – деп зіркілдеп тұр екен.

– Ағатай, құтқарыңызшы! Өтінемін...

Қыздың дауысы дірілдеп шықты. Дудыраған шашы көзінің жасы жуған ақша жүзін жауып тұр. Бір жақ езуінен қан білінеді. Ал еңгезердей жігіт тосыннан тап болған бейтанысқа «ит көрген ешкі көздене» қарады.

– Сен қайдан пайда болдың, ей? Бір соққымен жалп еткізбей тұрғанда, құры бұл жерден! Бол!

– Қызды жақсылықпен босата қой, бауырым. Сенімен мылжыңдасып тұратын уақытым жоқ.

Жігіт қызды босата салып, тұра ұмтылды. Бұл да дереу қойнындағы дыбыссыз тапаншасын жұлып алып, оған қарсы кезей қойды.

– Үшке дейін санаймын. Тез табаныңды жалтырат! Бір...

Қапелімде не істерін білмей сасқалақтап қалған жігіт алақ-жұлақ етіп сәл аялдады да, кері бұрылып, қаша жөнелді.

Қызды көлігіне отырғызып алған «Қайырымды жан» оған маңдайшадағы айнаны түсіріп беріп, беторамалын ұсынды.

– Аузыңның қаны мен көзіңді сүртіп, шашыңды дұрыстап ал!

– Рахмет!

Қыз дірілдеген нәзік саусақтарымен бет-ауызын сүртіп, тарана бастады. Орнынан кілт қозғалған жеңіл көлік кері бұрылды.

– Жігітің бе?

– Жоқ, танысым. Мені саябаққа серуендеуге шақырған. «Үйленейік» дейді. Мен оған келісімімді бермедім. «Жүрекке әмір жүрмейді» ғой. Сосын, кісі қарасы көрінбейтін тасалау жерге апарып зорлағысы келді. «Содан кейін маған тимегенде, қайда барасың?» дейді.

– Мм...

– Мені үйіме жеткізіп саласыз ба?

– Мына түріңмен қалай бармақсың? Әуелі біздің үйге барып жуынып-шайынып, шай ішіп, өз-өзіңе келіп ал! Содан кейін бір-ақ апарамын. Үйде ешкім жоқ. Қарсыласпа және қорықпа!

Қыз үндемеді. Пысылдап, өксігін баса алмай отыр. Көп ұзамай, «Қайырымды жанның» қара көлігі өз үйінің алдында тұрды. Жеделсатымен жоғары көтеріліп, бір бөлмелі пәтеріне кірген соң ғана тіл қатты.

– Қысылма, қарындас! Аяқ киіміңді шешіп, ваннаға өте бер! Ішінде халат, сусабын бәрі бар. Сен жуынып алғанша, шай демдей берейін. Өз үйіңдей көр!

Қыз жуынып келгенше, «Қайырымды жан» дастархан үстін жайнатып тастапты. Екеуі жайғасып отырғаннан кейін ғана таныса бастады. Еркін әңгімеден ұққаны, жігіт бойдақ екен. Есімі – Саят. Ағайын-туыстары шалғайдағы ауылда тұрады. Мына пәтерді жұмыс орнынан алған. Бюджеттік қызметте әжептәуір лауазымы да бар болып шықты. Ал дыбыссыз тапанша туралы сұраққа: «Бір танысымнан сатып алғанмын. Құс атуға шыққанға ыңғайлы. Кейде көшеге жаңағыдай жындыларды қорқыту үшін оқсыз алып шығамын. Құжаты жоқ болғандықтан, бұл туралы ешкімге айтпай-ақ қой. Жарай ма?», – деді.

Қыздың аты Айжан екен. Дәмханалардың бірінде даяшы болып ауысыммен жұмыс істейді. Басқа қаладан жалғыз әпкесіне келгеніне үш айдай ғана болыпты. Бұл шаһарға әлі үйренісе қоймаған... Сөйтіп, біраз сырласқаннан кейін екеуі бір-біріне бауыр баса бастады. Жандары жақын, жүректері егіз сияқты сезілді. Сөйтіп, ешкімге білінбей, көкірек түкпірінде ұзақ жыл сақталған ыстық сезімдері ұшқын ата бастады. Оны бір-біріне ынтыға қараған қос жанарлары ұқтырып, үндерін дірілдете шығарып тұрған еріндері түйісе бастағанда, еріксіз сүйіссе бастағанда мойындағандай...

Саят төсектен тұрып, жуынуға кеткенде, жердегі киімдерінің жанында бір қағаз жатты. «Визиткасы түсіп қалған екен» деп ойлаған Айжан оны үстелдің үстіне қоймақ болып алғанда, жазуына көзі түсіп кетті. «Миың мен жүрегіңе ұялаған жынды екі-ақ тесік арқылы шығарамын!». Екінші жағын айналдырып қарады. «Маскасын шешпегенге каскасы да құрсау емес!». Қыз жүрегі дір ете қалды. Денесін тоқ соғып өткендей, басынан аяғына дейін дуылдап кетті. Жалма-жан қағазды орнына лақтыра салды. Өйткені, дәмханадағы бір құрбысынан осы жазу туралы шағын ақпаратты оқығанын естіген болатын.

 

***

Сол күні Саят пен Айжан келесі демалыста ресторанға барамыз деп уәделескен. Міне, бүгін шыттай болып киініп, қолына қымбат гүлін ұстаған жігіт көлік жуудан жаңа ғана шығарған сүліктей қара мәшинесін жарқыратып, қыз үйінің ауласына келіп тұр. Аулада өзі қатарлы, отыздарды орталаған бес жігіт отыр. Одан басқа тірі жан жоқ. Қызға қоңырау шалды.

– Сәлем, жаным! Мен есік алдына келіп тұрмын.

– Аа, жақсы. Қазір...

Айжан телефон тұтқасын қоя салды. Ал аулада өзара қауқылдасып отырған бес жігіттің бірі телефонмен сөйлесті де, дереу бәрі қатар тұрып, бұған қарай жүрді. Тіпті, біреуі дәл алдына жетіп те келді. Төс қалтасынан қызыл құжатын алып шығып: «Майор...», – дей бергенде, Саят оны шықшыттан бір ұрып құлатты да, өзінің қойнындағы дыбыссыз тапаншасына жармаса бастады. Бұл кезде қалған төрт жігіт те қасында болатын. Бұған тапаншаның құлағын қайыртып үлгертпей, жабыла кетті. Ал Айжан жанардан аққан ыстық жасын тоқтата алмай, сақшылар қолына кісен салған сүйіктісіне балконнан қимастықпен қарап тұрды.

Қазақ тілінде жазылған