Адам қарады: 369 | Жарияланды: 2018-03-27 04:57:51

Ағайындылардың ажалы

 

Жетісу өңірінен жедел тараған жантүршігерлік ақпаратты барлық БАҚ бірінің аузынан бірі іліп әкетіп, күн сайын жариялап жатты. Бәрінің айтатыны бір сөз – жергілікті үш ағайынды кәсіпкер жігітті белгісіз біреулер ақша үшін атып өлтіріп кеткен. Құқық қорғау қызметкерлері осы аса ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктіні әлі таппаған. Ол бір адам ба, әлде, ұйымдасқан қылмыстық топ па, бұл жағы да белгісіз. Белгілісі – үш оқтың да бір мылтықтан атылғандығы ғана. Әйтеуір бір көңіл көншітерлігі, жедел іздестіру іс-шарасына жұдырықтай жұмылған сақшыларда күндіз-түні тыным жоқ.

Ерназар қарттың Асқар, Дәурен, Кенжеболат есімді үш ұлы бар. Он баласы болар еді, егер осы үшеудің алдындағы жеті нәресте бірінен соң бірі шетінеп кете бермегенде. Бұлардың өзі қазір аралары екі жастан, орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағындағы зіңгіттей жігіттер. Әлі үйленбеген. Ата-анасы Құдайдан зар еңіреп жүріп сұрап алған перзенттері болғандықтан, үшеуін де көз алдарынан таса қылмай өсіріп, мектеп бітірген соң қаладан оқымақ болған құлшыныстарын да су сепкендей басып тастаған-ды. Сондағысы, жат жерде бір кесапатқа ұрынып қалар деп қорқады.

Ерназар – аудан іргесінде орналасқан, іргесі бүтін, түтіні қалың ауылда мал ұстап, құс асырап, қазақы қоңыр тірлігін шалқытып отырған, ешкімге зияны жоқ, өз ортасына қадірлі ақсақал. Бәйбішесі екеуі бетінен қақпай, алақанда аялап өсірген ұлдарына қолда бар төрт түлік пен қаз, үйрек, тауық, күркетауықтың басын көбейтіп, солардың өнімін сатып, отбасылық шағын шаруашылықпен айналысса да өзегі талмайды, жақсы өмір сүрулеріне орта мектептен алған он бір жылдық білімдері-ақ жетеді деп ойлады. Солай болды да. Сәби кезден еңбекке араласып ер жеткен үш ұл әкелерінің бағымында болған мал басын еселеп арттырып, олардың кейбірін сатудан түскен қаржыға шөп шабатын трактор мен бір «КамАЗ» көлігін тіркемесімен және жұмыс барысымен аудан мен қалаға қатынап тұратын жеңіл автокөлік сатып алды. Осылайша, бастапқыда қолға алған шағын кәсіптері жасымас жігер, қажымас қайраттарының арқасында ірі мал және құс шаруашылығына айналып, дөңгеленіп жүре берді. Ағайынды үшеу туралы дақпырт өз аудандарынан асып, облыс көлеміне дейін тарады. Пенде болған соң, оларға жерлестерінің біреуі қызыға, біреуі қызғана қарады.

***

Анда-санда отбасылық жиналыс өткізіп, шаруашылық жайын бір пысықтап алу – Ерназар шаңырағының бұлжымас қағидасына айналған. Бұл жолы ақсақал дастарқан басында үш ұлының жеке отау құрып, бір-бір түтін түтетіп отыратын кездері келгенін ескертіп қойды. Бірақ, үшеуінің де сөз тұрмақ, көз салып жүрген қыздары жоқ болып шықты.

– Бұлай болмайды, балалар. Кемпір екеумізден күш кетіп бара жатыр. Енді қанша ғұмырымыз қалды дейсің... Төрімізден көріміз жақын екенін білесіңдер. Сондықтан көзіміздің тірісінде қызықтарыңды көріп кетейік. Асқар, екі ініңе ертерек дегеннің өзінде, тұңғышымыз ретінде сенің салт басты, сабау қамшылы болып жүргенің жарамас. Биылдан қалдырмай, үйге бір шүйкебасты кіргізетін бол! – деп бір-ақ қайырды Ерназар.

– Иә, әке. Асекең бастап берсе, біз де келін түсіру жағын көп күттірмеспіз, – деп екінші ұлы Дәурен қулана жымиып қойды.

Ал ағаларынан асып ештеңе айта қоймайтын Кенжеболат бұл ретте де тіс жармады. Олардан кейін өзінің үйленуіне әлі біраз жыл барын іштей топшылап, ойлы кейіпте басын изей салды.

– Қалай, Асеке, бүгін бірден қалаға тартып, әке-шешеңе келін, өзіңе қалыңдық, бізге жеңге қарастырмадың ба? Қартайған шешеңді күйбеңдетіп, үй шаруасына қашанғы жегіп қоймақсың енді? – деді Дәурен, ас қайырып болған соң.

Асқар да інісінің зілсіз қағытпасын үнемі жауапсыз қалдырмайтын әдетпен:

– Пәлі, әкем ештеңе демесе, апамның күйбең тірлікпен жүргені сен қудың есіңе түспеуші ме еді? Әлде, қаланың қыздары маңдайынан шертіп жүріп таңдап ала салатын базар тауары ма?.. Әй, бәлкім, бізден жасырып жүрген бір ғашығың «ағаңды тез үйлендіріп, дереу мені алсаңшы» деп қинап жүрген шығар, ә? – деді қарқылдай күліп.

Бәрі сыртқа шықты. Қарашаның алғашқы аптасы ызғарсыз. Күннің әлсіз сәулесі айналасына кәдімгідей жайма-шуақ болып тұр.

– Асқар, кешегі күздік соғымға тапсырыс берген тізім сенде ғой. Ертең аудан мен қалаға қанша бас мал апаруларың керек еді? – деді ақсақал.

Асқар сұқ саусағына түкіріп қойып, жанқалтасынан алып шыққан шағын қойындәптерін парақтай бастады.

– Та-а-ак... так... так... Аудан оралығына 5 ірі қара, қалаға 3 ірі қара мен 7 жылқы. Жалпы, 15 бас апарамыз. Одан кейін ет павилоны мен екі мейрамханаға келісім-шарт бойынша жеткізіп беретін 20 бас ісек, 50 бас қой, 100 бас тоқты бар.

– Жарайды, балам. Бүгін жолға дайындалып алып, ертерек жатып тынығыңдар!

***

Ерназарларға көрші ауылдың бір қыстауында Мақсат есімді баукеспе тұрады. Мал ұрлығы үшін бұрын бір рет сотталып келгендіктен, кейін сауысқаннан сақ қимылдайтын болған. Ол – жоғын іздеп келген жолаушыға ақадал малының өзін де, ізін де таппай кеттіретін нағыз жырындының өзі. Бүгін өз шаңырағында әр әңгіменің басын бір шалысқан көңілді сыбайластарымен карта ойнап отыр. Сол сәтте:

– Жігіттер, ертең және арғы күні Ерназардың үшеуі аудан мен қалаға мал өткізеді екен. Қыруар қаржыға қарық болып келе жатқан жолын тоссақ, пайдаға белшеден кенелеміз! – деп жіпсиген көзімен жан-жағына жылмаңдай қарап, шиқылдай күлді карта ойынынан қолы жүріп, жетісіп отырған шикілсары Әлім.

– Қанша бас екен? – деп гүр етті, езуіне қыстырған темекі түтінінен бір көзін сығырайтып, басы қисайып отырған мұртты, дәу бұжыр қара Мақсат.

– 15 бас соғым. 15 бас, ей, жігіттер! Ақшасын шытыр-шытыр, шытыр-шытыр еткізіп санауға болады, ә?!

– Мм. Көрейік...

***

Облыстық Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Өмірзақовтың көңіл-күйі жоқ. Бүгін тым шаршаңқы. Кабинетіне жедел уәкілдер түгел жиналғанда, ол ағайынды үш кәсіпкердің жүк көлігімен қаладан ауылдарына қайтып келе жатқан жолда қарулы шабуылға тап болып, қаза тапқандары туралы іс-қағаздарды қарап отыр еді.

– Мәселе былай, мырзалар... Біз енді жедел іздестіру тобын құрып, жинақталған деректер мен болжамдарды әр сағат сайын генералға баяндап отыруымыз керек. Ал сіздер қазір не істеп жатқандарыңызды айтыңыздар! – деді қол астындағы қызметкерлерді көзбен шолып отырып.

– Қазір оқиға орнында шұғыл оперативті топ жұмыс істеп жатыр. Криминалистер біраз із кесіп көрді. Иттер көлік маңынан жүз метрдей жерге барғанда иіс жоғалтып, босқа айналсоқтап қалды, – деді Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жасын Елгезекұлы.

– Сонда бұл қалай болғаны? Қарақшылар жүз метрден кейін жер астына түсіп немесе сол жерден аспанға ұшып кеткен бе? – Кабинеттегілер тым-тырыс. Қипақтап бір-біріне қарайды. Үнсіздікті Асылхан Өмірзақовтың өзі бұзды. – Жә, анау баукеспе не дейді? Дұрыстап сөйлете алдыңыздар ма өзін?

– Ол үш күн бойы «менің ол оқиғаға түк қатысым жоқ» деуден танбады. Бүгін тағы бір күдікті ретінде Маратов Әлім деген сыбайласын ұстап, тергеу жұмыстарын жүргізудеміз, – деді тергеуші, полиция майоры Қали Кәрімов.

– Тез анықтауға тырысыңыздар енді. Бұл істі ізін суытпай ашуымыз керек!

***

Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жасын Елгезекұлы жанына жедел уәкіл, полиция капитаны Балтабай Болатбекұлын ертіп алып, Ерназар қарттың үйіне келді. Оның бәйбішесі құсадан төсек тартып қалыпты. Қос жанары солып, өңі қуарып, қабырғаға теріс қараған күйі қимылсыз жатыр. Ара-тұра терең күрсініп қояды. Ақсақалдың өзі қарашаның қары түскелі бері екі пешке от шағып, ас-суын дайындап ішіп, өлместің күнін өткізуде. Ал қапыда ажал құшқан үш ұлдың кәрі шешесі күніне бір-екі мезгіл дәм татқаны болмаса, тамаққа түк тәбеті тартпайды. Құдайға құр сүлдерін тапсырғысы келгендей жатады да қояды. Ауыл-аймақ болып ұлдарын жер қойнына тапсырғаннан кейін тіс жарып бір-екі ауыз сөз де айтып көрген емес. Үйдің іші, шалы екеуінің үсті-бастары азып-тоза бастаған. Ерназар – атадан қалған жалғыз тұяқ болса, бәйбішесі – тұл жетім. Сондықтан екеуінің сая тұтып барар жер, басар таулары жоқ. Қарттар үйіне өлсе де жоламайды.

Жасын Елгезекұлы қу таяққа сүйеніп қалған құсалы қартпен амандасып, өздерін таныстырып өткеннен кейін негізгі шаруасына көшті.

– Ақсақал, әнеугіден бері Сіздер сәл ес жиып алсын деп мазалағымыз келмеген... Айтыңызшы, айналаңызда Сізбен немесе балаларыңызбен өшті-қасты адамдар бар ма еді? Мүмкін, есіңізге түсіретін ескі дұшпандарыңыз болса...

– Ее, айналайын-ай, бізге кім өшігер дейсің? Мен осы жасыма дейін біреудің көкірегінен итеріп, көңілін қалдырмақ тұрмақ, тышқанның мұрнын қанатып көрмеген пендемін. Үш ұлды да ешкімнің ала жібін аттаттырмай, «кекшіл болма, көпшіл бол» деген тәрбиемен өсіргенбіз. Олардың осы кезге дейін біреу-міреумен ерегесіп қалған кезі болған емес. Қарақшылар өлтірсе, ақша үшін өлтірді де... – деді Ерназар иегі кемсеңдеп.

Жүрегі қанжылап тұрған әкені одан әрі қинағысы келмеген жедел уәкілдер онымен қоштасып, жолай жергілікті учаскелік полиция инспекторын ертіп алып, ендігі кезекте ауыл тұрғындарын әңгімеге тартып көруге бел буды.

***

Күрделі деген күрмеулі мәселенің ұшы ауыл ішінен көріне бастады. Осында бірнеше күн бойы із кесіп жүрген жедел уәкілдер ағайынды кәсіпкерлердің қанын мойнына жүктеген қылмыскерлерді көрген куәгерді тапқан сияқты. Бірақ, бұл әзірге нақты факті емес. Бір бозбала ауылдастарымен көшеде арақ ішіп отырып, масайып қалған кезінде сол оқиғаны көргенін айтқан. Оған буын-буыны босап, бастары айналған достары мән бермей, әңгімені басқа арнаға бұрып жібереді. Көрдім-білдім дегені тек біреуінің есінде еміс-еміс қалып қойыпты. Жауап алу барысында сол жігіт былжырақтатып бірдеңе айтқан болды. Ал қылмыскерлерді көрдім деген бозбала ол айтқанын мойындамай, қасарысып отыр.

– Ой, алқаш Серік өтірікті соға береді! Ол күні бәріміз де мас болғанбыз. Кімнің не дегені ешкімнің есінде жоқ. Нанбасаңыздар, сұраңыздар, ол мені «солай деді» демек түгіл, сол күні түнде үйіне қалай жеткенін де білмейді. Ал мен айдаладағы оқиғаны көретіндей, тіпті, ауылдан ұзап шыққан адам емеспін, – деп бетбақтырмады.

Кейін екеуін беттестіргенде, алғашқы жауап берген жігіт те әлгі айтқан сөзінен тана бастады.

– Аа, сен айтқан жоқсың ба? Ендеше, мен Асқар, Дәурен, Кенжеболат ағаларды ойлап, солар туралы түсімде көргенімді өңім деп жүргенмін ғой, – деп қипақтады.

– Меніңше, сен сол күні басқаларынан гөрі азырақ ішкенсің де, есіңде еміс-еміс бірдеңе қалып тұр. Соған қарағанда, мына жігітті куәгер ретінде басқармаға ертіп әкетуіміз қажет, – деді полиция подполковнигі Жасын Елгезекұлы.

– Жоға, менің ішпейтін бір күнім жоқ қой. Қайдан білесіздер, мүмкін басқа біреуден естігенімді осымен шатастырып алған шығармын? Немесе алдында айтқанымдай, ол естігенім – өңім емес, түсім шығар...

***

Ағайынды кәсіпкерлерді өлтірген өз ауылының жұмыссыз жастары екен. Ол туралы басқармадағы тергеу барысында әлгі бозбала ақыры айтып берді. Сонда мәлім болғаны, қаладан келе жатқан «КамАЗ» көлігі ауылға 20 шақырымдай жақындай бергенде, оны алдынан «Жигули» автокөлігімен 4 жігіт тосып алған. Ауылдастарын көрген кәсіпкерлер тоқтап, оларға амандаспақ болып көліктен түсе бергенде, жеңіл көліктің ішінен соңғы шыққан бір жігіт 12 калибрлі, автоматты түрде атылатын бесатардан оқ жаудырады. Қалғандары дереу жүгіріп барып, ағайындылардың қойны-қонышы мен көліктерін тінте бастайды. Осы кезде жақында жоғалған жылқысын іздей шыққан мына бозбала өзі енді шыға берген қалың жынысты тоғайына қайта сүңгіп, бой тасалап үлгереді. Ішіп отырғанда ішіне сыймағаны – осы. Әйтпесе, «көрдім деген – көп сөз, көрмедім деген – бір сөз» деген қағидамен ол туралы ешкімге айтпай өтуге бекінген болатын. «Пәлесінен аулақ!» деп ойлапты.

Тергеуші тиісті құжаттарға қол қойдырып алып, оны үйіне жіберді. Сол күні Криминалды полиция басқармасының екінші шұғыл жасағы мен тасжол бекетіндегі жол-патрульдік полциясының қызметкерлері адамдарға қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты қалада қыдырып, ауылдарына қайтып келе жатқан жерде құрықтады. Олар мінген «Жигули» автокөлігінің жүк салғышынан қанды қылмысқа қолданған аңшы қаруы табылды.

Бұл іс бұлтара алмастай етіп соңына дейін жеткізілген соң, сотқа жолданды. Содан, судья соңғы сөзін оқып, бір топ қылмыскердің ұйымдастырушысы мен кәсіпкерлерге қарсы оқ атқанын 15 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім кесті. Олардың «атқосшылары» 7 жылға сотталды.

Баукеспе Мақсат пен шикілсары Әлімге келсек, олар «КамАЗ»-ды жолда тосып алудан сәл кешігіп қалған болатын. Қанжығаларына жолға құратын шегелерін салып, Кеңес өкіметі кезінде малшыларға тегін таратылған қосауыз мылтықтарын асынып алып, қойға мініп жүрген мәстерін тапырақтатып жеткенде, көз алдарында екі есігі айқара ашылған көлік пен үш жігіттің мүрдесі жатты.

– Үлгермегеніміз қалай жақсы болған-ей! Қазіргі сақшыларың қылмыскерді бәрібір таппай қоймайды екен ғой. Мені енді сондай істерге азғыратын болсаң, сен сары сайтанды өз қолыммен өлтірем! – деді пеш түбінде карта ойнап, көңілі жайланып отырған Мақсат. Әлім оған әдеттегідей көзін жіпситіп, шиқылдай күліп, картасын сарт еткізе бір басып қойды.

Ал өз жерлестерінің қолынан ажал құшқан ағайындылардың ата-анасы бірінен соң бірі құсадан көз жұмып, қарашаңырақтары қаңырап бос қалды. Артта қалған мал-мүліктерін ауыл адамдары әкім мен имам рұқсаты бойынша өзара бөлісіп алды.

Қазақ тілінде жазылған