Адам қарады: 18474 | Жарияланды: 2018-03-26 02:48:39

Шерлі шырша

 Өз басым тау шатқалында тамыр тартқан Қараағашпын. Құзар шыңның бел ортасында өсіп-өніп жатқаныма тәуба деймін. Анау етектегі, адам баласының аяғы тиер жердегі ағайындардың күнін басқа бермесін...

 Ойпыр-ай, күн өткен сайын оталып – кесіліп, тегі болмаса өртеніп бітуге тақады десе де болады.

 Адамнан қулық артылған ба, мемлекет кесуге қатаң тиым салып қорғаған болады... Ал пенде амалын тауып өрт қойып, одан жалынға оранған ағаш атаулыны «енді қайтейік, айтпай келген ажалға ұшты, кеспесек болмас» деп, шетінен отап шерменде етеді.

Осындайда өз басымыз пенде атаулының тырмысып-тырманып төртаяқтап әрең келетін шатқалда өсіп тұрғанымызға тәуба дейміз. Ал оның ана тыр-тырлаған техникасы, не болмаса төрт аяқты жылқы малы бұл маңға табан тіреді бітті, біздерді де кесіп-отап атымен сүйреп табанға түсіріп, одан әрі техникасы әп сәтте-ақ «Балқантау асырып» бақилық етеді.

 Айтпағым, көрші қонған, қарсы қапталдағы көнекөз Шырша шерменденің шер-мұңы.

 – Атаңанәлет жаңа жылды шырша жанында қарсы алуды қай оңбаған ойлап тапты екен! – деп көкірегі қарс айрыла қаһарына мініп отыр. – Пенде атаулы «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дейді де, бір ай бұрын біз атаулыға қырғидай тиеді. Айда кеп, жас демей, кәрі демей қырқып баудай түсіреді... Тамырымыздан қиылып теңкиген қалпы дүкен маңында жатамыз. Ең сорақысы, қадір-қасиетіміз санаулы ғана күн болып, содан соң лақтырылып қоқыстан бірақ шығамыз.

 Әнебір жасанды шырша дегендер де шығып тәуір болып еді, ел дәулеті түзелген сайын, әсіресе бай-манап жасандыңды жақтырмай, табиғи біз төрінде тұрмасақ жаңа жылы қабыл болмайды екен, – дегенін де сөзін бөліп:

 – Иттер-ай, сәл қызыққа бола жасыл желек сендерді де бітіретін болды-ау! – деп едім:

 – Көпті көрген Қараағашсың, тұқымым тұздай болмасын десең жөн-жоралғысын айт! – деген соң:

 – Айтқандарыңды қағазға түсір де, анау етектегі жасыл желегіңнің бір беделді де белдісінің атынан мемлекеттің ең құзырлы мекемесі Бас прокуратураға жолда, – деп кеңес бергенмін.

 Көршім кеңесімді құп алып, көп өткізбей арыз-шағымын көзжасын көлдете отырып мен айтқан мекен-жайға жолдапты.

 Содан көп өтпей көршім:

 – Кеңесің кесел болды! – дейді қабағынан қар жаудыра. – Айтқаныңды айна-қатесіз орындағанбыз. Беделді де белдінің атынан Бас прокуратураға жолдағанбыз... – деп кемсеңдеп барып көршім: – Кеше сол етектегі белді де беделді шырша бауырымды түп-тамырынан отап алып кетіп, биылғы бас шырша есебінде ана Бас прокуратураның алдына апарып «отырғызыпты»... – дейді.

 Ал керек болса!.. Үнсіз қалғанды жөн көрмей:

 – Бас терілерін сыпырар ма еді! – деп алдымда: – Тау шатқаланда екеніңді білдіріп, иттердің бізге келуге таңы айырылады, құласаң Нардан құла деген, бүткіл бассыздықты айтып, соңғы Бас прокуратураның істеп отырғанын опырып жазып Ақордаға аттандыр. – дедім.

 Көршім күңірене отырып:

 – Өзім де сөйтемін! – деп еңсе түзеген боды.

 ... Түнгі гүріл-дірілден «не боп қалды?!» деп жанарымды қарсы қапталға қадасам... Мәссаған, екі-үш тікұшақ әлгі көнекөз көрші Шыршаны белінен шынжырмен байлап-матап тартып түп-тамырынан қопарып алып етекке қарай еңіретіп ала жөнелгені...

 ... Ертесінде естідім, көнекөз көрші Шыршаны тікұшақ көтерген қалпы биылғы бас шырша есебінде Ақорда алдына апарып «отырғызыпты» деп...

Қазақ тілінде жазылған