Адам қарады: 173 | Жарияланды: 2017-09-02 01:32:56

Тағдырлы ауыл

       

        Бәйбішенің бергі иығына шығып, аласа тастың үстіне жайғасқан Дауылбай көзі ұшына дейін мұнартып жатқан далаға тесіліп қарады. Бәйбіше, Бүркіттіге, онан әрі Сарықұлжа, Тайытқан-Шұнақ болып жалғасатын Арқаның тау жоталары. Маңғаз таулар да бұлдыраған сағым ойнаған далаға маңқая қарайтындай. Мынау даланың тіршілігі өзгермейтіндей, баяғы бір сыдырғы қалпындай.

- Япыр-ай,- деп Дауылбай жүрек тұсын сипалады. «Ел қайда»? Әнеубір тұста нөмірі бірінші деген бөлімше болушы еді. Тып-типыл. Отызшақты үйдің орнында үйінді ғана жатыр. Әр жерде қалқиған цемент столбалардың басында салбыраған сымдар үйірле соққан желге қосылып ызылдап-шуылдап, опат болған ауылды, қызыққа толы өмір кешкен жұртты жоқтағандай.

         Ауыл жоқ. Сонда да жоқ ауылдың дәуренді шақтары Дауылбайдың көз алдынан кетер емес. Жүзіктің көзінен өткендей сұлу қыздарына сан рет сұқтанған. Кеш боларын асыға күтіп, алтыбақан тепкен, көрші ойнап, ұялған қыздардың бетінен сүйген. Түнімен сенделіп, таңертен ұйқысынан тұра алмай үлкеннен сөз естіп, кесек нанды апыл-ғұпыл асап, трактор айдаған.

         Апыр-ай, бар пәле жүздеген шақырымға созылып жатқан тоқтың сымын ұрлаудан басталды. Кім? неге? ұрлап жатыр деген және ішкім жоқ. Қожанасыр өзі отырған бұтақты өзі кесіп отырғанда біреу «әй, құлайсың» деген екен. Тоқтың сымын ұрлағанға «мұның не?» деген тірі жан болмады. Мына елге деген  қасақана жасалып жатқан деген қысастық. Көрші совхоз, көрші ауданның да талай ауыл күре тамырын өстіп қиған соң опатқа ұшырады. Әкесі марқұм «Құран да дінен безген, еркек-әйелі әбден азып-тозған бір қала құдайдың әмірімен аспаннан тас жауып, опат бопты» деп отырушы еді. Бұл ауылға тас жауған жоқ... О, дүние, сонау жақтағы біреудің құртып-тынғысы келген кесапаты тиді.

         Осы маңда аман қалғаны Айғырұшқан ауылы. Әзірше аман. Ел таласып жүріп, жарықты сақтап қалды. Пәлен жүз бала оқыған мектебі, қанқиған екі этажды мәдениет үйі, бұзуға ешкім қимаған совхоздың басшылары мен қосшылары отырған әдемі ғимараты бар. Жақында  ауданның әнебір жүзі жылтыраған желөкпелеу әкімі «келешегі жоқ» ауыл деген жарнама тағып кетіпті.

         Әй, енді қайтерсің, осылардан-ақ өлерші болды-ау мына жұрт. Дауылбай созған аяғын жиыстырып, тастың үстіне нығыздала отырды. Желпінген еді, даланың ерке желі төсін айнала өтіп, тәнін сипалап еркелетіп, жүдеп отырған жанына үміт сезімін жалғаған. Сайын даланы қуалаған ерке самал тұсыраған алқаптың қалың көдесін ұйпалай желпіп, қуалап толқындай тербетіп тұр екен. Әне, даланың құйыны есіре билеп жүгіріп өтті. Жүгірген құйыннан көз алмаған Дауылбайдың басы айналғандай. Кіндік қаны тамған жердің осыншама ыстығын жүрегі тулай сезді. Не көрешекті көрген әкесінің қоңырқай тіршілікпен ғұмыр кешіп жүрсе де ата-мекенін не себепті қимайтынын түсінді. «Ә, балам, мүмкін желпініп қалаға кете ме деуші едім. Сен де ұзамадың. Біздің шаңырақ өмірдің қанша дауылы тұрса да осы мекенге айналып соғушы еді, жарар ұлым, жарар» деп көңілі тоғын білдірген.

         Анау жоталардың арғы жағындағы бір қуыста Шөмек шалдың жалғыз үйі бар. Жұрт жаппай ауса да тыпыр етіп орынан қозғалған жоқ. Жалғыз басты, не қатыныны, не баласы жоқ. Иә, әнебір жалғыз қызы айына бір-екі келіп, кір-қоңын жуып, дорбалап бауырсағын пісіріп сарпылып әуре боп жүреді. «Өлсем осы жерде өлем» деген қыңыр шалға ешкімнің сөзі өтпейді. Әзір ешкімге тәуелді емес, оншақты тұсағы мен бірер қарасын өзі бағып, өзінше далбастаған жан.

- Әй, мынаның аты сүрініп жүрмесе игі еді, - деген дауыстан селк ете қалды.

         Мұқан екен.Үстінен түспейтін мотоциклін ылдиға тастапты. Шырт түкіріп, шіреніп тұр. Жоталардың көзден тасалау сайынан шыға келген салт атты жүзіктің көзінен өткендей торы дөненді тықсыра қуып келеді екен. Жалтара қашқан торыдөнен қанша бұлталаққа салса да басын ақ шүберекпен шарт түйіп алған жігіт соңынан қалмай құйрық тістескен. Жігіттің астындағы ат созыла шауып, енді құрық тастамға ыңғайын келтіре бергенде, торы дөнен тіке жалт беріп, құтылып кетті. Мұндай қуғын-сүргінді сан көріп, жылпостанып алғаны көрініп-ақ тұр. Жігіттің астындағысы да ерен жүйрік екен, даланың серісі киікше атылып, қайта қуып жетіп-ақ қалған еді, торы дөнен басын төмен салып, қалт тұра қалды. Оқша атылған жігіттің аты жанынан өте шығып, кілт табандағанымен төрт тұяғы талай жерді сызып өтті. Жігіт те әккі екен, қолындағы құрығы ұшып кетсе де аттың жалын құшқан қалпынан айнымады.

         Мұқан да мотациклін дүр еткізіп, тұра жөнелген. Торы дөненнің алдын орады. Енді еңісте қашып құтылмасына көз жеткен торы дөнен тауға тіке салды. Өзіне қарсы шапқан торы дөнен таяй бере Дауылбай орнынан атып тұрып, «бас! бас қамшыны» деп баласына айқай салды. Қапелімде қарсы алдынан шыға келген адамнан үріккен дөнен жалт беріп қуғыншы жігітке қарсы шапты. Адам мен тағының тіке айқасындай сәт еді. Айлалы адам сала құлаш қыл арқанын құлыштай лақтырып  үлгерді. Ысылдап көз алдына келіп қалған арқаннан шошып басын кекжең еткізгенше сарт еткен бұғалық торының мойынын орап үлгерген. Аспанға атыла ілгері ұмтылды. Арынды торы дөненнің екпіні Дәукенді ат-матымен аударып тастайтындай. Шылбыр арқанның бір ұшын тақымына басып үлгерген ол да сіресе қалған. Астындағы аты да кілт кері бұрылып төрт аяқтап, тұяғын жерге қадаған. Арқан буындырған торы дөнен көзі аларса да аспанға шапшып жүр.

- Әй, анау буынып қалмасын,- деп дауыстады Дауылбай.

         Жүгіре жеткен Мұқан торы дөненнің қос құлағынан ұстап, басын жерге тұқыртып жатты. Ендігі бір сәтте Дәукен ту көденің тағысы болып кеткен торы дөненнің үстіне қарғып мініп, шабына қамшы жүгіртіп үркітіп, иен даланы құлдилай жосылтып бара жатты.

         Тәубе, деді іштей Дауылбай. Дегенмен айналаны шарқ ұрып әлдебір жақсылық іздеген көңілі тауы шағылғандай пәс. Құдай-ау, неге бәрі баяғыдай емес, бөтен, өзгеше. Бәрі өстіп солғын тарта берсе туған жерде не қасиет қалады. Баяғы күй, тамылжыған табиғатта басқаша, семіп бара жатқандай. Ана кесірлі Шөмек шал мұның бәрі әлгі анау талай қырдың астынан ұшырылып жатқан космостық ракеталардың зардабы дейді. Аңның да, құстың да басына гептил деген уын төгіп жатыр дейді. Кәзір осы маңдағы жиырмадан аса құстың түрі жоғалды дейді де санап береді. Жер жарықтықтық та шаршады, енді мейрімі мен жылуын бұрынғыдай бермек емес екен. Адам осы табиғаттың баласы емес пе еді, жөн көрмеген есуас баладай бұзық ісімен жер ананы әбден қажытқандай.

         Иә, ойпырай, не болып барады өзі. Мына дала арамза мінезі жоқ, тәкаппар өлке еді. Бар жақсылығын адамға бұлдаған емес, жақсы да жаман да қойнауына терең кіріп, қалағанын әлі алып келеді.  Алуда шек жоқ, адамның берері тағы жоқ. Осы мына тауларда арқар деген табын-табынымен жүруші еді, ол да таусылып бітуге жақын. Әлгі форма киген милиция дегендер мен соларға ілесіп табиғатты тамашалауға қаладан келген шала естілер-ақ құртып бітті. Формалыға қарсы шықсаң істі боласың. О, тоба, бұл не деген заң. Біз көрген табиғаттың көркіне немерелеріміз зар болар не деген түйсіксіз тірлікті, ей адам, бастан кешіп жатырмыз. Табиғат жылап тұр, өксіп тұр. Нанбасаңыз жеті қараңғы түнде ауылдан қашық кетіп, мелшиген түн тыныштығына құлақ түріңізші, өксіген үнді қайта-қайта естисіз. Жердің сонау бір қойнауынан толып, шалдығып шығып жатқандай. Жүрегіңіз тұрады. Әуелде Дауылбай мұны опат болған  ауылдардан шыққан ызын болар, ана салбыраған сымдардың шуылы болар деп ойлаған. Бекер екен. Мына таудың жақпар-жақпар тасы да, ұйыса біткен көде де, жылап аққан бұлақ та, құдай-ау бәрі-бәрі де өксейтіндей. Тілі жоқ табиғаттың «ей, адамдар бір-біріңмен қырлыспандаршы, қырғын соғыстарын үшін менің қойнауымдағы асыл заттарымды бекер шашып, тауыспандаршы» деген зар екені -ау.

         «Адамның арам ісіне құрық бойламайды» деуші еді кешегі үлкендер. Солай екен. Басып қал да тонай бер деген заң шықты. Әлгі преватизация дегені тап сол ғой. Опат болған ауылдардың обалы солардың мойнында. Тоққа қарыз, үкіметке берешек, әйтеуір талай сылтаумен сол ауылдардың малын сыпырып алды да,  тіршілігінін жалғыз жалғауы тоқтың сымын қиып-қиып сол үкіметтің өкіліне өткізді. Май шамның жалғыз жарығына жалғыз бөлмеде сығырайып отыратын 19 ғасыр емес қой, әрі отыз екінің алапат аштығын естіген ел түнде түсінен, күндіз өңінен шошиды.  Жалғыз сиырын, ұрлықтан қалған биесін, ешкі-мешкісін сатып, ту-талақай көше жөнелді. Иесіз қалған үйлерді әлде кімдер күндіз-түні бұзып, жау шапқандай ойрандады. Қалмақ шапқан жоқ, орыс ойрандаған жоқ, әуе ашық, күн жарықта, тападай тал түсте, құдайдың қаһары емес, ел қаскөйдің зауалына тап болды.

         Е, сол кезде екен ғой, әлгі облыстың әкімінің келе қалғаны. Қутындаған жігіт екен. Пысық екен десіп жүрді бірәз жұрт. Сөзге ширақ. Бірақ өмір көрмеген қиындыққа қайнап піспеген адам шананға жана жегілген үркек өгіз секілді бір жаққа жұла қашып, сындырып тынбаса деген еді ау ана қисық-қыңыр Шөмек шал. «Көрдіңдер ме, бәрін енді боссыңдар, не істеймін десеңдер еріктерін, бәрін бай боласыңдар, - деп жұртқа жел берді әкім. – Совхозда бұрын жалғызақ монша болушы еді, енді міне сегіз монша ашылыпты. Құт- береке жолы деген осы.»

         - Апыр-ай-ә! – деген жалғыз үн тағы Шөмек шалдікі еді.

         Иә, әкімдікі жөн. Сегіз монша бар. Бұрынғы жалғыз моншаға көмір жағып қыздырып, осы ауылдың үлкен-кішісі тегіс шомылатын. Пары аз болса, көсеушінің иесін тандыра шу шығаратын. Кәзір моншаның сегізі бар. Қысқа деп, монша үшін деп бір арба қараған түсірген. Қараған жаққан моншаның қызуы әй-дә, түтіні аспанға шығады. Сегіз үйдің бала-шағасы осыған мәз. Қалған жұрт енді қайтсін, ауыз үйде шылапшынға шомылып, тірлік етеді. Е, тәубә, патша заманындағыдай жалғыз бөлме емес, совет заманының төрт бөлмелі үйі. Е, құдай, осыған да шүкіршілік, бірдеме етіп жазға да ілігіп кетерміз.

          Дауылбайдың тірлігі бұдан өзгеше. Тонап алдың заманында совхоздың ұрылар бас салып айдап алғанынан, даланың үйір-үйір қасқырының ауызынан әрең аман алып қалған, ешкім ие болғысы келмеген екіжүз байталына еріксіз ие еді. Күн-түн демеді, бақты. Малы өсіп берді, талай жүзге жетті. Астына жүрдек, мықты көлік мінді. Айына ауданға бір-екі барып, кір-қоңын жуып қайтады. Малы өскен жалғыз бұл емес құдай береке беріп, кәзір талай жүзге қойы жеткендерде жетерлік. Елу шақты тұяқ, оншақты сиыр, соншама жылқы ұстап отырғандар осы ауылдың негізгі тұрғындары.

         Құла дүзге безіп кеткен Дәукен торы дөненмен желдіртіп келе жатыр екен. Сонау бір жақтан шандатып Мұқан да көрінді. Сірә асау дөненге мініп кеткен Дәукеңді сырттан бақылаған болар. Өзі бір қызық жігіт. Әлде бір газеттің тілшісімін деп жүреді. Сонысы да рас та шығар, әйтеуір күн көрісі сол жақтан сияқты. Тілемсектенбейді. Мынаума көмектесіп жіберші деп біреуге емінгенін көрген емес.

– Пах! Мына торы дөненнен керемет ат шығады, - деді тырылдағынан түскен Мұқан.

- Е оны қайдан білдің?

- Құлағынан ұстағанымды байқадыңызғой.

- Иә, көрдім.

- Дөнен де болса құлын мүшесі өзінде. Қарап көзін талады.

- Әй, көзін тиіп жүрмесін.

- Біздей пақырда арам ниет болмайды.

Иә, Мұқанның тап осынысы рас. Зырылдап осы айналаның тау – тасында зерттеп жүрген өзі. Өткенде, осы маңның сонау Бетпақпен шектесіп жатқан қу медиен даласында Итаяқ деген күйшінің сұпысы бар. Соны көруім керек деп жүрген. Ақыры біреудің екі есікті, итініп кіріп, итеріп шығаратын «нива» деген машинасын алып, сол жаққа барып қайтқан. Әңгімесі мол....

Иә, Мұқан есімі ұмыт болуға айналған Итаяқ күйшінің мәңгілік орнын білетін адамды біраз жыл іздеп жүрді. Ақыры өткен жылдың бұрқасыны мол желтоқсанында Ескермес ақсақалға кезіккен.

-Ойбай-ау, іздегенін Итаяқ па? Оның тегі Қыпшақ, мына біз болып келеміз,- деген Ескең шал.

- Мазары бар ма?

- Болғанда қандай. Бар. Кішірек қана сұпы. Су аяғы құрдымда.

-Тауып бере аласыз ба?

- Әрине. Жас кезім ғой, әкей марқұм «бір көріп қой, ұлы адамғой» деп қоймаған соң мотациклге мінгестіріп барғанбыз. Жол алыс, сүрлеу ғана. Мотацикл тонқыған сайын «осы шалға осының керегі не? күйші түгілі, елге тұтқа хандарды ешкім іздеп, қажетсініп жатқан жоқ» деп іштей наразы болып ақ келемін. Жасырып алып шыққан бір шикөшкем бар. Тоқтаған жерде әкемнен жасырып, бір ұрттап қоямын. Соным дәтке қуат. Сөйтіп барып қайтқанбыз.

Жаз шыға, бір қызметес досымнан осы «ниваны»шопырымен сұрап алғаны бар. Шопырдың жанында, құтты орында, жол басшы Ескермес шал, артқы орындықта өзі және осы совхоздың қирағанынан қалған жұртына ие әкім Ерік. «Мен де көрейінші» деген соң ілестіріп алған.

Бір кезде жер- көкке сыймай жататын совхоздың қалың малы таптауырын ететін даланың шиі кісі бойынан биік болып, қияғы белден орап өсіпті. Дала жолының сұрлеуінде басып қалыпты. Машиналар жосылған жолдан белгі жоқ, анда-санда солардан қалған шұқанаққа түсіп кеткен Нива ішіндегілерді біріне бірін соғады.

- Бағдар қалмапты ғой, - деп Ескеңде жиі далаға шығып, алыс-алысқа ұзақ үңілді.

- Бетіміз дұрыс па?

- Дұрысы дұрыс ау- деген ақсақалдың жауабында күмән бар.

Сөйтіп жүріп су аяғы құрдымға да ілікті. Кеш батып бара жатқан. Ескермес ақсақал талай сұпыларды аралай жүріп

- Міне осы, - деп тоқтаған.

Мұқан күні бұрын кішкене темірше тақтай жасатып, күйшінің есімін жазып ала шыққан еді. Сұпының бас жағына сонысын қадады. Ұзағынан дұға оқып орындарынан тұрған. Мұқанның ішінде бір қимастық бар еді. Осыдан талай жыл бұрын тегі Кәрсөннің Аралбайы Қасен деген домбырашыдан осы Икең күйшінің онекі тармақ зарының бір сарынын жазып алған. Алапат күй. Соның иесі мына жерде жатыр. Ешкім ескермейді де. Әлгі Алашордашыл Ахметтен жалғыз қалған Сухибек ақсақал «Арқаға шертпе күй өнерін таратқан Итаяқ күйші, Тәттімбет, Тоқалар бергі жақтағылар, ал Қыздарбек Икеңнің тікелей шәкірті» деуші еді. Анау орыс жұрты ертелі-кеш осындай біреуі шықса жер-көке сыйғызбай мақтайды да, мақтанада біледі. Біздікі мынау, «Е өлдің бе, енді жат солай» деген бір керенаулық. Мақтанбасаң, мақтанатын адамыңды жұртқа танытпасаң ұрпақ кімге қарап түзеледі. Мұның қолынан келгені осы, алақандай темір тақтайшаны іргесіне қақты. Ол да қашанғы тұра берер дейсің.

Мазардан бері шыға кішірек ойпаттағы бұлаққа кезіккен. Қанқылдап сарыала қаз ұшты. Екі бірдей балапанын қия алмай сұңқылдап айналып жүр. Іңірт те түсіп келеді. Сарыала қаздың сазды әуенімен қоюлана түскен іңірт Мұқанның жүрегін тербеген. Осы жерде түнесе болар еді.

- Қайда барамыз? Жолда жоқ, адасып әуреге түспейік, осы жерге аялдайық , - деген.

Аз-маз ас суын ішіп, төңкеріле түскен жұлдыздарды санап жатып, көз ілдірді. Ендігі ойы қайтар жолдағы аты өшіп бара жатқан батырдың беитін көре кету еді. Оны да айтып жүрген бүгін де орынынан қозғалуға шамасы жоқ бір ақасақал. Сол бір таулардың етегіне іліге бере Нива ақсақ адамдай шойнан ете қалды.

- Ә, не болды? – Жүгіре шыққан шопырда үн жоқ. Бірін-бірі итеріп бәрі түсті. Артқы дөңгелек жапырылып жатыр. Қосымша дөңгелек ол да ырсиып тұр, ішінде жел жоқ.

- Қосымша камераны әкел, салып алайық, - деген Мұқан.

- І, - шопыр басын сипайды.

- Не?

- Камера алған жоқпын.

- Ендеше насосты әкел, үріп көрейік.

- Насосым жоқ.

- Әй, мен саған сарышұнақтан басқа тіршілік жоқ жаққа барамыз, бәрін сайла дегенім қайда? Күн мынау қайнап тұрған. Кемі елу бар. Өлді деген осы ғой.

- Шинаны шөппен тығыздап толтырып, жүрейік, - деп міңгірледі шопр.

-  Әй, жүз метр жүрмей жанып кетеміз гой.

Өздері түнеген бұлақтан үш шөлмекке су алдырған. Бар ыдыстары сол еді. Солардан жарым шөлмек су қалыпты. Не істесе болар еді? Өзі жүрсе жол тауып шығар да еді, мына машинаға қажетініде әкелер еді. Онда «бізді тастап кетіп қалды» деген сөзге қалуы даусыз. Амал жоқ, мына далбассыз шопрмен осы совхозда өсіп - өнсе де мына даланы бір көрмеген әкімді жіберуге тура келеді.

- Мына жалғыз аяқ соқпақтан айрылмаңдар, Бұрылып кетсеңдер адасасыңдар, - деп тапсырып жартылай суы бар шөлмекті қолдарына ұстатқан. –Көп жүресіңдер әйтеуір бір тіршілігі бар жерге жетерсіңдер. Бұрылып кетпеңдер,-деп қайта-қайта тапсырып қала берді.

- Ақсақал, тысқа шықпаңыз. Жатып, ұйықтауға тырысыңыз.

Тал-түсте тас төбеге келген күн қуырып барады. Жұтқан демнің өзі жалын сияқты. Ана екуінің кеткеніне де әлденеше сағат болды. Мұқан жақын маңдағы төбешікке шығып, біраз қарайлап, көз жетер жерді қадала сүзіп, қайта оралды. Ақсақал артқы орындықта көлденен түсіп, қисайып жатыр екен, мазаламады. Кеш түсе аптап ыстықта әбден күйген айналаның тасы мен құмдауыт топырағы ауаны тіпті тарылтып жіберді. Мұқан машинаның ішіне отырып байыз таппады, бір кіріп, бір шығып, анау қарауытқан төбеге шығып, әуре сарсаңға түскен. Келесі атқан таңмен көтерілген күнде қуыра жөнелді. Уақыт жылжып өтіп барады.

- Су, -деді Ескең ақасақал.

Мұқан алақанын жайды. Тысқа шығып түкіріп еді, түкірігі желімдей созылды. Денедегі су да бітті деген осы шығар. Сағат онбірден асты. Қап, ана екеуі адасқан болды-ау. Неғылса да өзінің кетпегенін қарашы. Енді амал жоқ, енді өзі де жүре алмайды. Досы машинасы мен шопырын іздегенше апта да өтер. Мұқанның көзіне ажал елестеген. Кенет шанды бұрқ еткізіп, мотоцикл тоқтады. Дауылбайдың інісі Мұрат екен. Артына шопыры жабысып алыпты. Бір ұрттам су- деді Мұқан.

Шопырдың айтар хикаясы да жетерлік. Былай шыға екеуі керісіп, екі жаққа кетіп, қорыққандарынан қайта табысып жүрсе керек. Жеті қараңғы айсыз түнде алдарынан өңкейген қара көрінеді. Қабан ба, әлде қасқыр мад деп біраз тосылып, тас лақтырып, ақыры үрейленсе де таянса су толы кішірек чан екен. Екеуі бас қойып жіберіп ішіп, сол жерде сілейіп ұйықтап қалыпты. Ертемен тұрса тоқал там тұр. «Шөмек малдың үйі» деп айқай салыпты әкім Ерік. Сол шамада шығандап кеткен малын іздеген Мұратта келіп, бар жағдайды түсініп, пәленбай шақырым Айғырұшқанға қайта барып, жеткен беттері осы екен. Әкім Ерік Шөмек шалдың жанында «сендерді осы жерде тосамын» депті.

Түн ортасында Шөмек шалдың мазасы кетті. Адасып келіп осы үйді паналаған иті бар еді, бір-екі рет шәу-шәу етті де үнсіз қалды. Мұнысы не екен? Шал күрсініп, үстіне желбегей шапанын жабылып далаға шыққан. Айсыз қараңғы түн, құс жолының алып ақтаңдағы сонау көктен жер бетін жауып жатыр екен. Жұлдыз жиі. Ертең де қапырық болатын тәрізді. Сонау қырлардың әр жағынан қасқыр ұлып еді, иті өре түрегелді де, иесін бір айналып орынына жатты. Бүгінгі түннің ұйқысы да осымен бітті. Үйдің жанындағы бағанада салбырап тұрған сымға қарады да әлде кімдерді «қолдарын сынып, көгермендер» деп сыртынан сілетті. Үйге кіріп, білтелі шамын жақты.Әзірше кәресіні бар, сонан соң ше... арғыны ойлағысы келмейді. Ақсақалды соңғы кезде өкініш билеген. Өкініш деген,иә әріден бар екен- ау. Иә, ол анау соғыс жылдары иектеген еді. Кенжесінен қара қағаз келді, ерлікпен қаза тауыпты. Апта өте бері ауыл кеңестің хатшысы екінші қара қағазды ұстатты. Үлкені де әлгі пәшис дегендермен шайқасып жүріп қазаға ұшырапты. Кейін ойлайды, Осы қазақтың аштықтан, атудан қырылуы аз ба? Сол пәшиспен соғысып несі бар еді.

Шөмек ақсақал шамның білтесін көтерді, үй іші жарыққа жарығандай болды. Қабырғада жоғарлау ілінген сөмкеден баласының соңғы хатын алып оқыған. «Ардақты әке, қадірлі анам, есенсіңдер ме? Жорықтамыз. Жаудың етегін түрдік -ау әйтеуір. Соғыстын да бітері алыс емес шығар...» Ақсақал хатты оқып бітіріп, жалғыз тамшы жасын сілкіп тастады. «Құлыным-ай, сен аман болсан мен өстіп жалғыз жетім қалмас едім, мына қу моланы күзетпес едім – ау».

Күн шыға әкесі базардан келгендей ыржиып Ерік әкіммен домаланған шопыр үйге кірген еді, енді мына Ескерместі сүйретіп Мұқан да енді.

- Е, отырсың ба? Жылжымайсың ба? – дей кірген Ескермес.

- Тексіз емеспіз. Босып жүргендер отызыншы жылдардың тепкісіне көніп, итке айналғандардың ұрпағы. Туған жерді күзететінде адам керек шығар.

Шөмек шалдың әр сөзі салмақты. Асықпай сөйлеп, баппен қимылдайды. Сырбаз қимылы шалдың жас шағында сері де болғанынының куәсі тәрізді. Бір ауыз сөзбен намыс шоқтарының қызуы лап етіп сыртқа атылып, беріш боп байланғанын лақтырып тастап, айқай дәуренінен хабар беріп, күркіреп шыға келді.

- Е, сүрген заман болды ғой- деп қостады Ескемес.

- Ресейдің мұжығы көшіп келе салып, бас салып ең шұрайлы жерімізді алды. «Енді мынау  менің жерім» деп ауа жайлып барған жылқымызды бермей қойды, не атты. Несұмдықты көрмедік. Шолақ түлкінің етегіне Белогрудовка деген поселкасын салды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ заман болды.

-  Әлгі біз жамандап жүрген Троцкий деген Голощекин орыс деревняларына мәңгілік тыныштық орнатып, қазақ ауылдарына бітпес соғыс жариялады деп жазды –деп Мұқан сөз қыстырды.

- Аудан басында отызбірде отызекі адамды атқанда сол поселкінің мұжықтары.

- Е өзімізде сау емеспіз, ішінде есуас белсенділер де жүрді- Ескермес басын шайқады.

- Солар ғой жақсының тұқымын жойып айдаса көнетін, сабаса шалбарын шешетін мәңгірген ұрпақты қалдырған. Әне бір газетте

« тілім, тілім» деп жазыпты. Мәңгіргендерден туған мәжбүн ұрпаққа тілің не, елің не? Қарны тоқ болса, есі кете билеп жүрсе болды. Оларға есірткінің де керегі жоқ, өздері-ақ есірген- Шөмек шал күрсініп барып тоқтады.

Екі ақсақалдың ішкі уайымын ести отырып Мұқан осы бір бітпей қойған өтпелі кезеңде жұрттың үрке босуы, туған жерін тастай қашуы, қала ма, басқа жақ па жұмақ іздей жөнелуі еріккен шаруа ма, әліде мына ақсақалдар айтқан тектіліктің жойылуынан ба деп іштей түйген. Ауа көше жөнелгендердің аянышты сықпыты есінен кетпеген, сонда олардың барар жерінде ауызына асын тосып, астына атын беріп отырған тағы ешкім жоқ. Қалаға көшкеннің тапқаны базарда біреудің тәшкесін сүйрету. Бұрын да қалада тігін фабрикасы, аяқ киім фабрикасы деген болушы еді. Қыз біткенді сонан табатынсын. оның қазір бірде біреуі жоқ, жау шапқандай қираған. Ауылдан барған қыздар да көшеде босып жүр.  Не оларды баяғы қазақша айттырып, құдаласып алып жатқан ешкім жоқ. Соңы не болады, ә ?

         Шөмек шалдың бітпей қалған өрімі бар екен. Жастығының астынан суырып, өрімін сипап біраз отырды.

         - Неше тас па? деді Ескермес.

         - Он екі, бұрын он сегізді де өруші едім, енді ол кімге керек.

         - Таспаңыз тым жуан емес пе?

         - Таспаның төрт қыры болады, оны бәкіні бармақтың астына салып отырып қырлайды. Сонда жұп-жұмыр болған таспа өргенде біріне-бірі сіңіп, өрім тамаша болып шығады.

         - Мына қамшыны кімге бермексіз?- деп қалды Мұқан.

         - Әнебір жылы әлгі Ахметтің Сухибегі алып еді.

         - Енді кімге.

         - Әзірше сұраған ешкім жоқ, бұйырғаны болар.

         - Дауылбайдың үйінен бір қамшы көріп ем- деді Ескермес.

         - Өте жақсы қамшы екен деп естеймін, менің өрімім бе, әлде басқаныкі ме білмедім.

         - Ау біраз отырып қалыппызғойлап орындарынан көтерілген жолаушыларды сыртқа шығарып салған Шөмек шал олардың соңынан ұзақ қарады. Қырдан бері асып, тағы біреу атының майпан жорғасына салып келе жатыр екен. Е, бүгін біраз адамның жүзін көретін күн болған екен, оған да шүкіршілік. Аттан тездетіп түскен Боқан сәлемнен соң қанжығасындағысын шешіп алып Шөмекке ұсынды. Жан торсық толы қымыз екен. Жол бойы әбден шайқалып, пісуі қанып, иісі бұрқырап тұр.

         - Шәкір беріп жіберді – деді Боқан, елуге келгенде жаңа қойған мұртын сипап.

         - Аман ба өзі?

         -Аманшылық. Ұры тисе соның малына тиіп, әуре болып жүр. Шағын малдан береке де шамалы ғой.

         - Ата-бабасының берекесін белсенділер алып еді, енді ұры тиді де.

         - Тап солай.

         - Осы бір ғасырда коммунизмнің тонын жамылғандар қазақты екі рет тонап алды. Е деші. Бірі отыз- отызбірдің айдап алмасы, тігерге тұяқ қалдырмады. Совет үкіметі құлап еді билік басындағы солармен балалары приватизация деп, тоққа қарыз, анаған тағы берешек деп неше сылтау тауып, совхоздың мың – мыңдаған малын сыпырып алып, өздерінің кассасына салды. Осым рас па, кәне айтшы?

         - Рас болмағанда... өзім таласып жүріп бес сиыр, бес байталға зорға қолым жетті. Осыған ілікпегендер қаншама.

         - Әй, мен әлгі социализміне қарсы да емеспін. Ондай арман қазақтың ауыз –әңгімелерінде де жітерлік қой. Халыққа адал камөнестерді де көрдік. Анау Нақыптың Алтыбайы, Тұңғышбек, Көбжан, Сыдан, Сәулебек, Жүніс, Омарлар соқа бастарына бір тиын пайда іздемей өтті ғой. Оның есесіне есуас белсенділер мен солардың орыстың көтінен кіріп ауызынан шығатын балалары әй-дә жырғады. Міне солар қазақты екінші рет тонап алды.

         Боқан көп отырмады, шаруам бар еді, сәлем бере кетейін деп бұрылдым деп, аттанып кетті. Тоқал тамның қабырғасына арқасын сүйеген Шөмкен ойға кетті. Бұл жалғанда ешкімге қарыздар емес екен. Есесіне есесі кеткендердің есесін қайтарып бағыпты. Е, сонау отызыншы жылдары айдап алманың жақсы жылқысынан тәуір аттарды тақымына басқан ГПУ дегеннен кек алғаны естен кетпейді. ГПУ ат қорасының маңына тағы бірденелерді жасатып алу үшін көзінен сорасы аққан біраз бейшараны жинап алған екен. Түс әлпетінде солар алдына ас су деп аталған жуындыға жақын бірдемені күтіп, алақтап отырған. Орыстың поселкаларындағы қазаққа тізесі батқандардың малын талай рет қуып кеткен Шөмекті бәрі таныды. Даланың көкжалы. Бойы ортадан жоғары, иықты, таудың бүркітіндей тесіле қараған екі көздің арасындағы мұрыны да қыранның тұмсығындай имек.  Артына қайыра ұстаған екі қолы да дамыл таппай, бірін-бірі ысқылаған. ГПУ дің бейшара жұмыскерлеріне жақындай бергенде көлеңкеден тұрған біреуі бері беттеді.

         -Мына бастықтардың кеше бір аты жоғалған. Іздеуде.

         -Ал... соны іздеуге менен көмек сұрап па?

         -Кетші әрі.

         Әр жақтағы үйілген тастардың арасымен күзетші шыға келген. Жеңіне қызыл шүберек байлап алыпты. Ұсқыны суық-ақ, зәрленіп екі ұрты бұлтитып алыпты. шөмекктің жолын кескестеді. Қолындағы дырау қамшысын білемдеп алған.

         - Тоқта қайда барасың?

         Шөмек күзетшінің кеудесін итерген қолын жай ғана сырып тастап, бауырын жаңа көргендей масайрай күлді.

         Е, сен екенсің ғой?

         -Аяғынды қиа баспа бұл жаққа, қабырғанды күйретемін.

         - Әуелі сәлемдесейік те, Қалила, - Шөмек қолын ұсынған.

         - Кетші аулақ, көрмей-ақ қояиын сені, десе де күзетші қолын ұсынды.

         - Міне осылай – Шөмек күзетшінің қолын жібермеген. - Сен әлгі Жамауды көрмедің бе? - деп есіне түскен біреуді сұрай салды.

         - Жоғалшы әрі бас қатырмай.

         - Шөмектің қарулы алақанынан қолын босата алмаған күзетші ашуланып, түсі де бұзыла бастады. шөмек асығар емес, арғы жақты тінте қарап

         - Үй ішің, бала-шаған – деп соза түскен. - Барып бір шәй ішіп шығу керек еді.

          Әбден беркесі кеткен, мандайынан тер, ауызынан сілекейі аққан күзетші

         - Кетші енді бастықтар көріп қояды- деп жалынды.

         - Шөмек күзетшіні босаты, асықпай адымдап, кері беттеген. Иә, ол көретінін көріп алды. Ол өзінің ойлағанын іске асыру үшін әдіс- айласының әбден жететініне сенімді еді. Мына күзетші енді оны көрдім деп ешкімге айта алмайды. ГПУ үйінен аулақта, тасқа арқасын тіреп отырған жас жігітті көріп, іске тартқысы келді. Жоқ, оны қайтеді артық көз қылып, артық сөз етіп. Шөмек өте беріп тісін ақситып, тілін шығарып, басын бұлғататып еді, жігіт мәз болып қала берді. Иә, бір жындыны көрдім дер.

         Екі күннен соң, күндіз винтовкамен күзететін аттарды кеш бата жана қораға қамағантын. Іңірт түсіп, түн қараңғылығы қоюланған шақта Шөмек сылағы әлі кебе қоймаған қораның тас қабырғаларының жігіне пышағын қадап, ырғап көрді. Асықпады. Әуелі қос алақандай тас суырылды. Мұнан соң... Иә, онан соң өзі сиатындай қуыс жасап, тас қораның ішіне енген. Есіктің ілгегін салып, оны тағы мықтап, шындап байлаған екен. Бәрін ағытты. Іштегі жуас аттарды үш-үштен қосақтап, тысқа шығарып, биік торы атқа өзі мініп, әуелі жылыстап жылжып, ұзап шықан соң дүркірете айдап, ГПУ дің он атын аш арықтарға үлестірген еді.

    Иә, ол сонан кейін Шу. Қаратау жаққа өтіп кетіп, біраз жылдан соң бірақ оралған. ГПУдің сол күзетшісі ғана аман екен. Басшы атаулының сайда саны, құмда ізі жоқ. Біреулері өздері сотталған, біреулері қашып кеткен, баяғы ГПУдің он атын іздейтінде ешкім қалмапты. Мүмкін, сол істің жалғыз куәгері өзі ғана шығар. Сонан бері өзі де, бастық атаулыны маңайламайды. Колхоз, совхоз дегеннің басқармасымен директор дегенін сырттан көргені болмаса бас шұлғысқан жан емес. Иә өткенде бір аурынқырап, ауданға көрініп қайтып келе жатқанда боранның астында қалып кикілжінге тап болғаны бар. Ел бар- ау деп жолды күреп жатқан тағы ешкім жоқ, Айғырұшқанның халқы өздері далбасалап, ауырғанын әрі сүйреп, өлгенін бері, бейтке сүйреп жүргендері. Жылына бір көрінетін аудан әкімі Керғалиға осы мәселе сан айтылған. «Болады» дейді. Соған да ризашылық, шыдамды халықпызғой, сабыр түбі сары алтын десміз.

    Жәй ғана сырғыма жүріп жатқан. Екі жеңіл машинада екі еркекпен бес әйел. Бес әйелдің екеуінің көтерген құрсағы бар. Біраздан соң аспанда жалбыраған ауыр бұлттар басты да, жел көтеріле жөнелді. Алабас таулардың ұшы жалт етіп көрініп, қайта жоғалып, айнала құйындата бастады. Шөмек мінген машиненің иесі алпысты алқымдап қалған Шәкір ескілеу мәскеуішін дарылдатып-ақ келеді. Ақыры ілгері екі ұмтылып барып тоқтады.

             - Әлі тоғыз шақырым бар,- деді Шәкір.                    

    Күреу басталды. Баласын ұстаған келіншектен басқа екі әйелге ілесіп машинаның артынан итерген Шөмек тынысы бітіп, төңкеріле құлаған. Арттағы машинаның адамдары да жеткен екен. Біреуі Шөмектің басын сүйеп отыр.

    -Сексеннен асқан шағымда..., -деп қапаланды ақсақал.

    - Аға сіз қимылдамай-ақ қойыңызшы, өзіміз әрекет етеміз.

    Боран үдеп соғып тұр. Екі машинадан үш-төрт күрек табылыпты. Әйелдер кезекпен-кезек жан беріп-жан алып жолды күрейді де, екі машинаны жеткен жеріне дейін сүйрейді. Кішкентайлары бар екі келіншек те қалысар емес, жүгіріп барып біраз жол аршысып, қайта келіп сәбилерін әлдилейді.

    Баяу қозғалған ауыр бұлттар бірі озып, бірі қалып, кейде араласып кетіп, алғашқы бейнесін жоғалтып, өзін-өзі жұтады да жаңа бір қалыпқа еніп, суық ызғар шашады. Бұлттардың осы бір жансыз сықпатында, асықпас қозғалысында төнген зауал бардай. Дүниенің сонау шексіз шетінен келіп жатқан олар сан жетпестей мол және аспанды осылай торлап, ешкімді өзінің рұқсатынсыз қозғалтқысы келмейтіндей көрінген.

    Қойын-қоншына қар толған, бет аузнда көзден басқа жылтырар жер көрінбеген әйелдер боранмен алыса берді. Іңгәлап жылаған бала да шаршаған шығар, ұйықтап кетті ме, кім білсін, дауысы сөнген. Қос келіншектін де бұларға қайтып келуге шамасы жоқ. Өмір үшін айқасып жатыр. Ешкім қалжырағанын білдіргісі келмеген. Біреуі бүгілсе қалғандарының да сағы сынарын іштей сезінген.

    - Шәлінді жөндеп қымтаншы

    - Маған бер күрегінді, мен біраз...

    - Қолбағынды шешпе, саусақтарын..., -деген жанашыр дауыстар ғана әредік естіледі.

    Солардың арасында сексеннен асқан Шөмек ақсақал сүйретіліп жүр. Күрекке қолын созғанымен, оған ешбір әйел ұстатпаған.

    - Шырағым-ау, мен де...

    - Аға сізге әлі кезек келген жоқ.

    - Неге?

    - Аға енді бізге кедергі келтірмей әрірек барыңызшы, - деп қалды ренжіген біреуі.

    Түннің бір уағында, тоғыз шақырым жолды аршып, ауылдың шетіне үйіне жеткен. Шетке үйге тоқтаған екінші машинаны жүргізген қыз

    - Апа! апа!- деп ойбайын салып бақырып, мәшиненің капотын сабалады.

    Әйелдер бір-бірімен көрісіп, жылады.

    - Апырм-ай, осынша қорлық көретін не жазығымыз бар еді.

    - Тірісіндер ме дейтін мынау әлемде біреудің жоғы несі.

    - Дүние есігін ашып үлгермеген ана екі сәбидің періштесі шығар, бізді сақтаған.

    Әлгі Мұқан бұл қорлықты газетке жазып жиберіпті. Шамына тиген бе, алдына К-700 салып, шаптығып ауданнан Керғали әкім жетті. «Ойбай, газетті талқылайды екен» деген соң шалғайдағы жалғыз тамына жете алмай жатқан Шөмек шал да жиналысына барды.

    - Иә, сендердің жандарынды сақтап жүрген Мұқан екен ғой. Енді жолды да сол аршитын шығар. Бейшара газетшік.... ә.

    Сөз осылай өрбіп жатыр екен. Шөмек шалды ыза кернеді, мына жылтыраған бұзау сияқты әкімнің қорлығынан денесі қалшылдап барып тоқтады. Бірден жеккөру сезімі оянды. Бетіне қылау түспеген жып-жылтыр беті, бейнетті сезінбеген ойнақы көзі шашын ғана тараған қыздың саусағындай жіп-жінішке қолы жиркеніш туғызды. Сондай бір сыңғырлаған үйі де бар шығар. Біреу дейсің бе, мұндайлар ебін табады ғой, қалада сан пәтерге ие шығар. Шөмекке қарағанда өмірдің ащы дәмін татпаған, татқысы да келмейтін, билікте болуды ғана арманы санайтын, Шөмек сияқты азаттықты аңсайтын, бір-ақ сол азаттықтың бұған түкке керек жоғын түсінген сайын ақасақал түңілді.

    -Әй, не отап отырсың, - деді. –Иә, рас. Мына бес әйел болмағанда сен бізге келіп топырақ салуға да жарамас едің. Неге әкіреңдейсің?

    - Газетке жазған соң ғана осында келіп отырсың, - деп кекселу әйел шыққан.

    - Қыс бойы шәй, қантымыз таусылып отырғанда телефон соқсақ жауап бермейсіңдер.

    - Қырлып бітсін деп жүрсіңдер ме?

    Әкім үстөлді алақанымен шарт еткізді. Жұрт та тына қалған. Айтары бар шығар, дегенімен үкіметтің өкілі ғой. Қой, тындайық дегендей.

    - Сендерді мен сақтап отырмын. Мен, мына мен. Бұл ауыл келешегі жоқ ауылдар тізімінде. Түсіндіндер ме? Келешегі жоқ ауыл.

    - Қалай келешегі жоқ. Баяғыда тірі қалған бес үйдің басын қосып, колхоз жасап, елді өсірген. Мұнда жүз шамалы үй бар әлі. Мал өсіріп жатырмыз, мына Мұқабайда мың қой бар, мендегі жылқы саны да бес жүзден асты. Бізді сонда жер жұтама? Әкім мырза халықты да бір тындау керек,- деп Дауылбай жана даудың басын өрбіте шықты.

    - Бұл өкіметтің саясаты, - деп ақталған болды Керғали әкім.

    - Үкіметтің дейді..., десіп үрпейісті залдағылар.

    Жұрт үнсіз қалды. «Үкіметтің» дейді. Абыржыған жұрт бір-біріне ошарыла қарады. Бәрінің жүзінде абыржу бар. «Үкіметтің»... мына жылтыр әкім шын айтып отыр ма? Ау, бұрынғы ондаған совхоздардың елі пәленбай мың-миллион жерін тастап босып кеткенде не болады? Сонда бұл жерге біреулер келіп қоныстана ма? Олар... О Сұмдық, өз жеріне сыймай жатқан әлгі қ... қыт... Шөмек шал өз-өзінен қақалды да қалды. Жанындағы біреу қос жауырынының арасын түйгіштеді.

    Дегенмен Керғали әкім мейірімді екен. Орта мектеп болуға бір баласы жетпей тұрған мектепті жаппай, шілдеге дейін жұмыс істетті де, қыркүйекте бір жола құлып салдырды. Бір мектептің мұғалімдері босыды, бір балаға жетпеген орта мектептің пәленбай баласы әр ауылдың , әр үйдің босағасын сығалап шыға келді.

    - Жауыз екен, мына әкім, газетке жазғанымыз үшін мектепті әдейі жапты, - десті біреулері.

    - Келешегі жоқ ауыл дедіғой ,- деп біреу мәймөнкеледі.

    - Үкіметтің сөзі ғой орындағаны Керғали әкімнің, - деп біреу өзін-өзі жұбатты.

    Шалғайдағы тоқал тамына жетіп, бір жамбастаған Шөмек шал ой түбіне жетер емес. Не үшін осыншама ғұмыр кешкенін, неге талпынғанын, не үміт күткенін білмей дал. Бұғанасы қатып, ат жалын тартып мінгелі көргендерін ой елегінен өткізіп түйінін таба алмады. Дауыл соқпай боси бастағандарға да айтары жоқ. Өзі де жеңіліп, тізе бүгіп отыр. Бір-ақ кімне, неге жеңілгенін тағы білмейді «Ух»  деп өкінгенде көкірегін кернеген ыстық леп сыртқа шығады. Онысы меңдеген кәріліктің ғана уайымы болса ғой.

    Сонадайдан шан көрінді. Құйындатып келе жатқан мотацикл екен. Иесі жалғыз үйге соқпай ысқыртып өте шықты. Мынау Мәсет қой деп қалды Шөмек шал. Қарқыны қатты екен, өзі тым қышқылдатып кетті деп естуші еді, жүрісі де ойсаң, аман болса игі еді. Қарауытқан қыр астында Мәсеттің қыстағы бар. Есіктің тап алдына дейін қарқынын бір баспаған көлігінін тормызын шиқылдатып, кирелендеп тоқтаған. Тыста бөтен ат байлаулы тұр, біреудің болған ғой. Құлағын түріп, табалдырыққа отыра кетті.

    - Не дедің? –деген масаң дауысты тани кетті. Өзінің осы қыстағына ие етіп бар жұмысын мойнына артып қойған орысы. Ішкенде «ал кетем» деп қорқытатыны бар. Әйтеуір, үйтіп-бүйтіп ұстайды, онсыз тағы күні қараң.

    - Кетем дедіңғой, енді неге жоғалмайсың? – бұл дауыс таныс үн. Сірә, Беркін болар. Бұл қайдан жүр мұнда. Өзі жетісіп жүргендей ақыл айта қалыпты ғой.

    -Мені ешкім ұстап тұрған жоқ, - деп шалқайды орысы.

    - Кет ендеше. Пешком пойдеш, нагробу придеш,- деп орысшалады Беркін.

    - Че? че?- деген орысы.

    - Әй, ақымақ, өз аяғымен кетсең сені біреу көму үшін табытқа салып әкеліп тастайды,- деп қазақшалады Беркін. Беркіннің совхоз заманында мұз теуіп жараланған қойдың тұяғын нұсқаған облыстан келген орыстың «почему так» дегеніне, тексерушінің аяғындағы әппақ пимаға қарап «белый сопаги нету» дегені елге жайылған. Әлгі газетші Мұқанның «шіркін еркіннің орысшасындай ағылшынша білсем, әлемді таңғалдырар едім» дегені де бар.

    - Мәсет совхоздан қалған, приватизацияда біраз қой алып, жекешеленген үйінің есігін ашты. Қабырғаға арқасын сүйеген орысының шашы дудырап, әр тұсына сабаннң шашағы ілініп, өсіп кеткен сақал мұрты ұйысып, жайшылықта тесіле қарайтын жанары ішкендігін білдіріп ұяң күлімдеп отыр екен. Мына хал мына әңгіме көңіліне жаға қалған.

    Бөттен аттың иесі Шәкір сабыр сақтап айналасына көз салған. Сырттағы көң өскен бе, әлде үйдің іргесі отырды ма, терезелер төмен түсіпті. Жарық та аз, ауа да тар, іргелерде ылғал бар. Үлкен бөлменің жартысына жуығын әлде жеті, не тоғыз құдық пеш алып тұр. Оның маңы да ыбырсып жатыр, қидың қалдығы қарағанмен араласып кеткен. Оның үстіне, ыс басқан төбеде еңсені басып тұр. Бұрыштағы үстелдің үсті де не алуан тамақтың қалдығына толы.

    - Көп болдыма келгеніңізге, - деді Мәсет.

    Шәкір сұраушының жүзіне тоқтала қарады. Иә, Мәсет осы шаруашылықтың иесі. Өзінің мұнда тұратыны да, тұрмайтыны да белгісіз. Әуелде қатыны да, бала-шағасы да қысы-жазы осында еді. Әлгі үкімет «бұларың не?» демейтін ұрылар тоқтың сымын қиып –қиып, үкіметке ме, әлде-қайда өткізген соң қараңғы ауылға біраз шыдады. Сонан соң Қатыны

    -Тұрмаймын мында. Көрдей қараңғыда қаласаң өзін қал,- деп Айғырұшқанға көшіп барған.

    Жалғыз ол емес, талайлар солай етті. Не жарығы жоқ, не бір мәдени байланысы жоқ, ешкім келмейтін, жүрмейтін жерге қалай шыдасын. Е, әлгі социализм заманында апта сайын дайын монша келіп авто дүкен керегін әкеліп, газет-журнал дегенді оқушы еді. Теледидар деген болатын. Соған үйренген жұрт орта ғасырдың май шамына бір-ақ қарғып түсті. Шошынған халықтың қолынан келген қарсылығы отырған орнынан, өскен жерінен үрке жөнелу. Сонан соң әлгі қиыншылықты жылдар басталған. Әр нәрсенің құны аспандап шыға келді. Бір кесек шабын, бір тоқты. Жұтай бастаған жұртты аудан басшылары «әлі бәрін бай боласыңдар» деп сендірді. Ғасырға жуық уақыт халық үкімет сөзіне сенуге үйренген. Иә, бай болатын шығар, әетеуір жақсы сөз, соған мәз.

    - Солай, солай де. Таңдап алған жолым сәтті де, - деп тиісті Беркін орысқа.

    - Өмір? Ал, сенікі не? айтшы кәне? басқалар сенсіз де өмір сүрген, Сүре де береді. Сенің ешкімге керегін оқ. Сен жейтін нан, сүйенетін таяқ емессін ғой.

    - Менде нең бар? деп шамданып қалды Беркін. – Өзін туралы айт.

    - Осы адамдар қызық. Бірін-бірі қысып, сыққанына мәз. Жер жыртады, мал бағады, сонан соң жөтеледі де қуаты сарқылып, бір жерде шіриді. Бай да, кедей де жарты ес боп туады, ақмақ боп өледі.

    - Өз көрін өзі қазуға шамасы жетпей дейсіңғой.

    - Мен өзімше өмір сүремін. Мен қайда болмады, не көрмеді дейсің. Солай өмір кешкен дұрыс, бар да көр. Бір орында қалып қойма, не бар онда. Мына күн мен түнде бірін-бірі қуып жүр ғой, тап солай сен де өмірден өзінше ләззат іздеп жүгіре біл. Бір жерде тұрып қалсаң өмірде не мән бар.

    - Сен де әке-шеше арқылы дүниеге келдің ғой. Өмір мәнін үйленіп табар ма едің?

    - Ә, жігітім, әйелдер жақсы әндетеді, соларға сен бе. Сүйісу темекі тарту емес, сүйіскен екенсің еркіңнен айрылдың. Ол әйел сені байлап алады, енді оны үзіп кете алмайсың,- деп Мәсеттің орысы уәжін жалғады.

    Иә, әркімнің өзіндік пәлсапасы жетерлік. Ішіп, жатқаннан жөн сұрасаң өзінің осы әрекетін ақтайтын дәлелі, көздеген мақсаты бар болып шығады. Қаңғып жүрген мына орыстың айтып отырғаны мынау. Шамаң жетсе осыны жеңіп көрші.

    - Тұншығып кеттім, тысқа шығайықшы,- деді Шәкір.

    Мәсеттің жүзінен уайым көлеңкесі жүгіріп өткендей елес берді. Айналаға қарасында да бір шарасыздық бар сияқты. Далада қапырықтау екен. Арқасын тоқыған шетенге сүйеп, қолдарын кеудесіне айқастыра  қойған оның саусақтары пернені бойлай секіргендей мазасыз қимылда. Көзінің қиығын жүгірткен Шәкір «бұл не адам» деп ойлайды. Маңдайына көлденең түскен үш әжім сызығы бірде тереңдеп, әлдебір уақытта қолмен сипағандай жазылып, жоғалып та кетіп отыр. Не уайым, әлде ненің үміті бойын биледі екен.

    Иә, бұл да хан-талапай кезінде тіресіп жүріп, осы қыстақты үш-төртжүз қойымен алған. Мың айдамаса да шала байыған. Трактір, машинә тиген бұған. Қыстақ маңында машинасы көрінбейді, ал трактірі ана дөңнің басында бір сирағы морт кесіліп, үш аяқтап тұрғаны болар. Біраз елдің малы өскен еді. Оның малының қарасы ана беткейде жүрген елу алпыс тұяқ болса, шаруасы шатқаяқтаған екен.

    - Шаруа қалай, - деді бәрін көріп біліп отырса да Шәкір.

    - Бір-бір портфель ұстап, әрқайсмыз директор боп құтырып шыға келіп едік, ендігісін ішіңіз сезер. Бай болу басқа жазбады ма, әлде сонау қол жетпес алыстағы жоғардағылардың басқаны байытқысы келді ме, біздің шаруа ілгерлемей - ақ тұр.

    -Әркімнің басында бар қиындық қой- Шәкір жұбатқансыды.

    - Жоғ-ә, деймін қолдан қаусатты ғой. Ана үш аяқты трактірге дөңгелек сатып алайын десем ана жүрген қой ешкінің талайы кетеді. Рас қой? Рас.

    - Е,-деді Шәкір.

    - Бағаны қуып жете алмайсын. Кешегі социализм заманында бензин үш сом, солярка үш тиын тұратын. Соншама арзанға сататын сол кездің үкіметі ақымақ емес қой, сол үш тиыннан да пайда көргені ғой. Енді не болды? Солярка бензиннен қымбат. Осыған ми жете ме. Анығы біреудің қалтасын қалындатып жатыр. Недеген тоймастық    ?! Ширек ғасыр өтті, әлі сол ынсапсыздық. Осымыз дұрыс деп балаларды алдар, ал біз арзаншылықты көзімізбен көрдік.

    - Дағдарыс деп жатыр ғой - Шәкір өзінің де іші күйіп отырса да Мәсеттің күйінішін бәсеңсіткен.

    - Жоғ-ә, қолым жағасына жетпейді, әйтпесе.... мынаған қараңызшы, бізге сататын темір–терсектің, әлгі саймандарды айтам, құны он есе өсті, тіпті онан да көп өсті. Ал, бізден сүтті су тегінге алса, еттің құны баяғы совхоз заманындай. Бұрын осы екі жақтын да заттарының құны теңгермеге келетін. Сонда бұл не? Ауылдың адамы ойнас қатынан туған шата баланың күнін неге кешуге тиіс.

    - Е, ондай болып тұр,- деп қалды Шәкір де.

    - Сонда не, мақсат ауылды бір жолата құрту ма?

    - Олай демейік, ауылды өрістету керек деп жатыр ғой.

    - Сіз оған сенерсіз, ал мен.... Кім көрінгеннің жемі болдыққой біз. Анада мал алуға келгендерді көрдіңізғой. Ыңғай іші-сырты бірдей семірген, сөзді тісінің арасынан зорға шығаратын қулар. Әбден елді жеп, әккі болып алған.

    - Е, көрдік қой камаз, камаз машинамен жүр.

    - Солар-ақ сорлатып бітті. Бізде ақша жоқ. Балалардың оқуы таяп қалды. Бәріне киім керек, бәріне кітап керек. Баланың киімі деген бір үйді титықтататын жағдай, қымбат –ақ. Сіздің үйде нешеуі оқиды?

    - Құдай берген төртеуі барғой.

    - Ал менің екі қызым студент. Үшеуі мектепке барады. Ана үш ұл жаз бойы үстіндегілерін жұлма-жұлма еткен. Енді тұттай жалаңаш деуге болады. Үйде көк тиын жоқ. Енді немен киіндіреміз? Қыздарымның жағдайын қалай жасаймын.

    - Жалғыз сен емессің,  ауылдағының көбінің жағдайы сондай ғой.

    - Дәл айтасыз, көбі менің кебімді киіп жүр. Сонан әлгі мал алғыштарға бардым емсе пе, алты жасар бұқамды бұзаудың құнына алмақ. Тіресіп жүріп зорға дегенде тайыншаның құнына жеткіздім. Алты жыл баққан малым... Бір емес-ау, үшеуін салып жібердім. Жалғыз сен емессің талайды сөйтіп күн жарықта тонап кетті ғой.

    - Ел таза осыған көніп болды. Мен өзім тап солаймын.

    - Бермеңдер мыналарға малды – деп Дауылбай ара түсіп бақты.

    - Бермегенде не істейсің? Көздері жаутаңдап балалар жүр, бір амалын тапсайшы деп үйде әйелім жылап отыр. Қара жерді қазып, көрге түсіп кетуге өзің де шақ қаласың.

    - Дауылбай бәрібір дұрыс жасады. Сендей қуларға төккен теріммен өсірген малды бергенше, сойып итке тастаймын деді.

    - Өйте қоймас.

    - Жынды дейсің бе? Қалаға апарып өткен бағасына халыққа сатамын. Мыналардай без бүйректердің бүйірін бұлтита бергенше, ең болмаса халық жесін деп отыр.

    - Ол сонау қалаға апарар, шамасы жетеді, машиналары жүріп тұр. Біздің оған жағдайымыз тағы келмейді. Сөйтіп шүршіт пе, сарт па, жөйіт пе, соған жем бола береміз.

    - Е, есеміз кетіп жатыр ғой, ана құлатып тастаған заманымызда елдің өткізер малын жинап алатын заготскот деген мекеме болушы еді. Малдың ақысын тойдырып бермесе де, тонап алмайтын.

    - Е, соны неге қайта құрмайды ендеше,- деп Мәсет көтеріліп барып отырды.

    - Ана Дауылбай да соны айтады. Көмейіне тығатын жебір қу емес, әйтеуір үкімет алады ғой, бір шеті халыққа жетеді ғой деді. Сонысы рас та ғой.

    - Әне күні газеттен балам оқып берді. Бір елде қойынды аман есен төлдетіп, асырағанын үшін саған сыйақы береді екен. Ал біз барымызды ұқсата алмай, кім көрінгенге жалтақтап, өлместің күнін көріп жүрміз.

    Шәкір әлемдік мәселелерді әрі қарай созғысы келмей сөзді ауыстырды. Иә, осы жігіттің өз басына байланысты жай да бар-ау. Ішеді деуші еді. Бүгін де қирай мас болмаса да, іштегінің қызуы сезілген.

    - Бәрі дұрыс –ау, дегенімен біраз қиындық өз басымызға да байланысты боп жатыр-ау- ә? -деп сөздің қай жаққа бет алғанын түсінбеген Мәсет сәл аңырды.

    - Өткеннің орыс заманының санамызды да, тәнімізді де улаған пәлесіне құтыла алмай жүргенімізді айтамын. Сенің қатарындағы кейбіреулер әлі арам- суға жақын ғой.

    - Иә, деп абыржып қалған Мәсет маңдайын сипады. – Елмен араласып, басқаның мұңы мен шерін бойына жинап алу бар. Олардың жүрегі басқаша шығар. Қиындықты көреді де, сонан шыға алмай, соның өртінт ашшы сумен басатын да,- деп Мәсет өзінен аулақтата сөйледі. – Рас қой, осым.

    - Өртті отпен баспайды дер едім.

    - Солай да шығар. Бәрін де түсінемін Шәке. Шаруаның шайқалғанына да ақталу жоқ. Кейде осы мен жер бетінде тіршілік етіп жатырмын, бірақ кімге керекпін деген ой да келеді. Сонан соң жәудіреген бала-шағаң есіне түседі. Тірлік етіп жүріп түнілесін. Адамды іштей бастап тұратын тап кәзір жол жоқ. Құлаған заманмен бірге бір керегімді жоғалтып алған сияқтымын. Иә, сол бірдеңемді жоғалтып алғандаймын. Уақытпен күн кешіп жатамын да сол жоғалтанымды іздеймін. Іздеп жүріп өзім де адасамын.

    - Адаса бермексін бе?

    - Не десем екен? Бір ғұлама басқа жолықсам ба деймін де. Мүмкін сол менің өмірімнің мәнін түсіндірер.

    Шәкір өмір мәнін өзінше түсіндіруге кіріскен. Өзінің көзі жеткен шындықты, әлемнің сұлулығын, адамның ұлылығын, ұйыған ұядай ұяны тілі талғанша айтқан еді. Әңгімесінің кешегі үлкендердің ертегісіне ұқсап кеткенінд де байқамады. Өз сөзіне өзі сенді.

    - Әрине заман жеке адамның өмір ағысынан тұрады. Бірақ сен бәріне кінәлі емессіңғой....

    Мәсет үнсіз тындады. Кейде жүзіне бір шуақты қан жүгіріп, балаша қуанған күлкінің табы білінді. Ара-арасында әлденеге өкінгендей күрсініп те қояды.

    - Бәрі дұрыс Шәке, бәрін де жеткізе айттыңыз. Менімен әкем ғана осылай сөйлескен шығар. Қисық кеткен ісіне адамдар бірін-бірі кінәлайды. Дегенмен, сіздің ше адам ешнәрсеге кінәлі емес, айналасы кінәлі, орнаған заман жауапты. Біздің әкей құранды оқып, тәржімалап отыратын, сонда адам өз қатесіне кінәлі деуші еді.

    Шәкір мына Мәсеттің басын пәледен аулақ тартамын деп ағат кеткенін түсінді.

    -Жоқ Мәсетжан, не мен саған ойымды дұрыс жеткізе алмадым, не сен жете түсіне алмай қалдын. Тамақ керек болғандықтан ұры мал ұрлайды десек не болғанымыз. Онда адам мен аңның арасында айырмашылық қала ма.

    - Бәрімізде анадан тудық. Дегенмен де менде бірдене жетпейді, не дұрыс емес. Мүмкін адамға тән қасиеттің бәрін алып тумаған шығармын. Сіз айтқандай барлық адам бірдей- ақ шығар, ал мен басқаша шығармын. Ендеше мен неге өзімнің кінәм үшін басқаны ғайбаттауым керек. Біздейлер өздері бәріне кінәлі. Өмір сүру ынтамыз аз ба, әлде бармызды жоғалттық па, тап сондай бірдене.

- Бұл өмірінде сәтсіздіктеріне тек басқаны ғана кінәлайтын талай адамды кездестірген еді Шәкір. Олар өзінен бәрін аулақтатып, мойнына қойылған қисапсыз дәлелдің өзін мойындамайтын да өзінің күнәдән пәк екенін айтудан жалықпайтын. Бәріне кінәлі ол емес басқа зұлым жандар, бұл тек құрбаны ғана. Мәсет тағдырды да, басқаны да кінәламайды. Жеке өміріндегі сәтсіздіктерге тек өзі кінәлі, мүмкін сол үшін де, иә, кейде ішіп қоятыны бар.

    - Әкеміз өмірде әркім өз ғұмырының иесі деп үйрететін. Менің ауып жүретінім үшін біреуді кінәлаудың өзі күнә.

    - Солай-ақ болсын, сонда айналасындағы жамандыққа итеретін сыртқы күштердің әсерін қайда қояр едің, - деп қалды Шәкір. Мәсетің ендігі пәсапасына танданып.

    - Көнбе оған, қарсылас.

    - Ол күштер сенің ерік-жігерінен де әлдеқайлы қуатты болса ше?

    - Сонда да берілме.

    - Сен неге әлсіздік таныттың.

    - Айттым ғой, табан жолымды жоғалтып алдым деп. Тірегімді таба алмай жүрмін.

    Осының бар шыны осы шығар деп ойлады Шәкір. Адамға қалай сенбессің. Тіпті адам өтірік айтып тұрғанын сезсең де тыңда оны, неге өтірікке барып тұрғанын түсіндіруге тырыс. Өтіріктің артында да шындық жатады. Осы жұрттың бәрі шындықты дәп өзіндей айта алып жүр ме.

    - Тірегінді таба алмай жүрсең, кедергі жасағандардың да болғаны ғой.

    - Әрине, олар маған, мен оларға дегендей. Мүмкін ешкім ешкімге кедергі келтірмейтін өмір орнату керек шығар.

    - Оны кім орнатады?

    - Біз өзіміз ше. Бірақ соның ыңғайы қалай келер екен? Соны да білмейміз ғой. Социализм заманында бір талпыныс болып еді, оны құлатып тындық. Кәзір жұртың бәрі өз-өзіне бастық, бәрі өзімшіл. Қолы жеткен ұрлайды. Иә, мен осы қазақтың ағайындығын, бауырмалшылдығын жоғалтып алған сияқтымын. Бәрі сатулы. Жер сатулы, көр де сатулы.

    -Қой, сен таза бар бәлекетті төндіре бер ме.

    - Шындығында осының бәрін көресін де, ішің қайнайды. Бірдеңен өртеніп баражатқандай болған соң ащы суға бас ұрасың.

    -Бұл дәрменсіздік. Сен жаңағана адам өз ғұмырының иесі дегенсін. Иесі сен емес пе? Әр істің иесі өзің болсаң, жамандыққа неге бас ұрасың.

    - Шәке, осыны айтар да ешкім болмай жүргенде еді. Осы кісі осы жерге неге келді деп те отыр едім, енді білдім.  

    Шәкір бір күн ішінде  екі адамның өмір түсінігіне тап болды. Қаңғыбас орысқа ештеңенің керегі жоқтай, өмірден өзінше ләззат алмақшы. Мәсетке өмір керек, бірақ тиянағын таба алмай жүр. Әр адамда «мен» деген сиқырлы күш жатыр. Сол «мен» «бізге» ауыспаса адамзаттың ғұмыры шектеулі шығар. «Менді» «бізге» жақындатар күш мұсылман діні болар.

   

                                                    X-X-X

 

Рахима әжей баласы Дауылбайдың енсесі биік кең үйінен гөрі есік алдындағы аласалау ас үйде отыруды ұнататын. анау  кең үй бір кездегі совхоздың басшысынан да қалған. Қанша әдемі болғаны мен де бір түрлі жат сезіліп көңілге жылу ұялата қоймайды. Мына аласалау тамға өзі сияқты кемпірлердің келіп кетуі де жиі, араласуға да ынғайлы. Иә, осы өнірде талай жылдары өтіп барады. Тағдыр не көрсетпейді дейсің. Халық жауы атанған отағасы екеуінің бастан кешпеген қиындығы жоқ шығар. Терістіктің аязына да, түстік жақтың аптап ыстығына да төзе білуге мәжбүр болған. Сөйтіп жүріп заманның жылымығына ілігіп, осы елге, туған даласына оралған.

    - Е, Алла, осы күнге жеткізгенге шүкіршілік.

    Айдауда жүргенде әлгі мақтаулы Петерборына да барғаны бар. Ол туралы әңгіме қозғаса осы айналадағы кемпірлер сөзіне сене қоймайды. Өздері бармаған қалаға бұл қалай аяқ баса қалды дегендей кейіп танытады. Мейлі, сенбесе сенбей-ақ қойсын. Біреудің сенгені не бұл да мұқтаж емес. Бұған Рахима әжейде ренжімейді, сөз де таластырмайды. Өзінің қатарластарына қарағанда өңді де, таза да. Аптасына бір рет үйіліп келе қалатын да газеттерді де шолып шығып, келген кемпірлерге әңгімелеп береді. Көңілі түскен күні үстөлдің суырмасынан әндер жинағн алып, көне де, зар мен мұңы толы, бірақ өмірді сүйуге шақратын әндерді бастайтын. Ән ырғағымен тербетіліп отырған кемпірлер өздерінің қалай қосылып кеткенін де білмей қалатын.

    Сонан соң кемпірлер өз ара күбірлесетін. Тағдыр бұған тәтті өмір бұйыртпаған ғой, тіршілік үшін қорлыққа төзіп итшілеп күн кешуге жазған ғой. Әндердің ащысын айтуы сонан шығар десетін.

    Рахима әжеге келіп жүретін әженің бірі Қатыш. Соңынан кісіге жуи қоймайтын немересін сүйрете келеді. Өзінен туған қызының бүгін де қайда, кіммен кеткенімен хабар жоқ. Мына қазақтың даласын да адамын да қойыртбақ қылып жіберген кешегі «дружба народов» деген тұста қызы әуелі еврейге, сонан кәріске тиіп жөнелген. Әр еркектің бұтын көрген қатын оңушы ма еді, келесісі қандай дейме, әйтеуір тыиусыз кетті де, бір соқанында мына баланы тастап, тағы да безген.

    - И....и! Құдай-ай. Бұл елді кім аяп жатыр. Әнебір ракета дегені ұшқан күні осы ауылдың көксау шалдары тегіс үйді-үйдіне тығылады. Тығылмасқа шама жоқ, булығып, тұншығып, талайы естен танып қалады. Шақырғанға дәргері келуі келеді-ау, бірақ олар да дәрменсіз, алақандарын жаяды да, бір таблетка береді. Әй, осылардан ішірткі берген тәуіп артық еді. Сонан соң әйтеуір терлейтінсің. Шипасы болатын.

    Рахима әжей сонау жылдары елге оралған соң ішер асқа жарымай тұрған шақта бал-шағаның қамы үшін тырбанып есігінің алдына картоп салатын, біреуден қалған ескінің көзіндей өрмегін алып, алаша тоқыды. Күйеуі жылқыға шығып еді, қыл шылбыр, қыл арқан есті. Әйтеуір бос отырмады, балаларын іске баулыды. Ана Дауылбайы да кәзір бәрін біледі. Тұсамыс, өре дегенді ел қайыстан салса, Дауылбай «қайыс су тисе созылып кетеді» деп қылдан еседі.

    Есіктің алдындағы төсенішке біреудің аяғын сүрткенін естілді. Қатыш шығар деген, ол жалғыз емес екен, Мәрбан мен Шарбан ілесіпті.

    - Қалай, қайнаған тірі ме? – деп сұрады Рахима әжей.

    - Тірі. Тірлігі де бар болсын, бүгін түнімен ауырып есімізді шығарды. Жалғыз басты ғой, өліп бітті балалары. Бәрі рак деген бәледен. Осының қайдан жұғатынын білмейсің, екінің бірі рак дегенге ұшырағанын көріп жүрміз. – Деп Шарбан ұзын орындыққа отыра кетті.

    - Заражениеден, - дейді ғой деп Мәрбан орысшасын қосып қойды.

    - Онысы несі тағы,- Шарбан кимешегінің жиегінен құлағын шығарды.

    - Әлгі атом бомбасы жарылғанда Жапондар осы заражение алып, рак болыпты.

    - Әй, бізде бомба жарылған жоқ қой,- деп дауласты Шарбан.

    - Ракета ұшып жатыр, сонан деседі ғой,- Мәрбан бар білгенін айтып тынды.

    - Сонымен қайнаған тәуір болды ма, өзі?

    - Ой, әйтеуір... қайдан алғанын білмеймін, күшала ішіпті. Ағыл-тегіл тер, кірпігі зорға қимылдап жатқан, өлдіғой деп едік, әйтеуір бері қарады.

    - Ескінің адамы ғой, бұдан бұрынғы үлкендерден қалған дәрісі шығар. Ем болса болды да, - деп түйген Рахима әжей. – Тек, байқандар, алмасы болып, соны ішіп қоймасын.

    - Алмас дегенді көрген емеспін, өзі қандай болады екен, - деп ынтықты Қатыш. – Керемет күшті дәрі деседі ғой.

    - Күштілігі сондай, тарының дәнінің төртен біріндейінің өзі осы отырған төртеумізді о дүниеге аттандырып жіберуге жарайды.

    - Недейді, көтек, деп Қатыш шошынып сырғып отырғанын өзі де сезбей қалды. – Онда ондай дәріні неге шығарып жүр?

    - Бұрын болған, кәзір алмасты дәрі ретінде шығармайды, - деп сөз қосты Шәрбан. – Біздің әкейде болушы еді. Ақ алмас, қызыл алмас деп отыратын. Ақ алмастың тарыдай дәнін жарты литрден артық суға ерітіп, күніне бір рет шай қасықпен асқазаны ауырып, дәм іше алмай қалған адамға бергенін көзім көрді.

    -Әй, онда осы жұртың көбі асқазаннан рак дегенге ұшырап жатыр ғой, соларға неге бермеске, ем болар. – Қатыш міне «жөні осы ғой» дегендей айналаға жалтақтай қарады. – Иә, Қатыштікі дұрыс – Шарбан қостай кетті.

    - Оны енді қайдан аласын, алмас жоқ қой кәзір. 

    - Дәрігер де болатын шығар.

    - Дәрігердің басы екеу дейсің бе, соттап жібереді ғой.

    - Бар дүние қалай жоқ болады, бар шығар әлі.

    - Оны іздеген адамның өзі істі болады, кәзір. Әлгі прокурор, милиция деген андыды емес пе.

    - Сондай дәріні андығанша, анаша сатқандарды ұстамай ма?

    - Оларды неге ұстайды, сонан өздері табыс тауып жүр емес пе.

    Кемпірлер дауласып жөнелген. Бірінің сөзі біте бере екіншісі іліп әкетіп, естіп білгендерін ортаға салысқан. – Әжелер біраз жерге барысып барып, ухілесіп тынды. Босап кетке бас орамалдарын тартып, күнде көріп жүрген мына баспананың қабырғаларына тамсана қарап отырған. Кенет әңгіме Шарбанның қайнағасына қарай қайта ауысты. Кемпірі балаларының соңынан о дүниеге аттанып кеткен. Бір үйде жападан жалғыз өзі. Қатыштың баласы Өмірбек «бірге тұрайық» деп шақырып бақты.

    - Жо, -жоқ, қарағым, менің сүйегім осы үйден шығады, деп ағасы теріс айналып кете беред.

    - Түнде ауырып-мауырып қалсаңыз...

    - Алланың жазуы солай болса қолдан не келеді.

    Шарбан күрсінді. «Топты баланың соңында жалғыз қалудан жаман қасірет жоқ шығар. Бізде жетісіп отырған жоқпыз, жұмыс жоқ. Кеше К-700 деген таудай тракторын мініп, күндіз-түні осы совхоздың, осы елдің бар шаруасын тындырып жүрген баласы Өмірбек жерге қарағандай болып отыр. Әйтеуір алдында біраз тұяқ, он шақты қара бар. Азаматқа ол жұмыс болып па. Қаладағы бала «кел деп қалаға шақырад, жұмыс табылар дейді. Қалаға баруға өзінің де құлқы жоқ. Оның бер жағында жалғыз қалған қайынағамды жұртқа қалай тастап кетесін.

- Ойпыр-ай десейші.- Рахима әжей күрсінді.- Заманында болған-ақ адам еді. Жалғанның соңын-ай.

- Е, айтпақшы қайнағамда біздің толқып жүргенімізді сезді ғой деймін, үн-түнсіз қалаға кетіп қалған. Екі-үш апта болды, еш хабар жоқ. Адасып кетті ме, әлде қалай деп өзіміз шошына бастағамбыз. Есікті ашып, кирелендей басып кіріп келгенде қуанышымызда шек болмады.

- Қалаға барып тұрам ба деп едім, қала жағдайына шыдай алмадым. Әлгі немере қарындасым бар ғой, сол үйге барғам. Үйі кең, орын жетеді. Жетіспейтіні... Ә, қойшы қонақтаған тауықтай бесінші қабаттан терезеге үңілесің де отырасың. Жата-жата жамбасың шірейтіндей. Әйтеуір телефон дегені бар, сонысы дыр-дыр, зыр-зыр. Әлө-әлө! Бір-екі ауыз тіл қатыстың, сонымен болды. Бір мылқау дүние. Е, мына есік алдына шығып, иттің үргенін, құлының кісінегенін естіп, жүгірген құйынды көріп, маңғаз тауларға зер салғанға не жетсін, - дейді қайнағам.

- Қалаға барып көрдік қой, - деп бастады Мәрбан. –Қаладағы қызымның үйінде жаттым. Бәрі тамаша сияқты, туалетке дейін бес адым, жанында шомлатыны және бар. Жыл бойы далаға шықпасаң да сені іздеп жатқан пенде жоқ. Барың не, жоғың не. Шәй ішем деп самаурын қойып әуре болмайсың. Ыстық суы да, суығы да ішінде, шүмегін бұрап қалсаң болды. Қаланың қатын атаулысынікі жайма-шуақ бір өмір. Жатсаң жат, тұрсаң тұр. Ең қиыны ас үй мен туалет көрші. Қалай отырарынды білмейсің. Ішің ауырса... Естіліп қала ма деп қиналып отырғанын.

- Сонысы тіпті өрескел. Құманыңды ұстап, даладағы туалетке барғанға не жетсін.

- Қайдағыны айтпашы, әлгі бір әкім ауылды жабамыз деді ме, не деді? Сонда бізді енді қалаға қумақ па? Даладан ауылға, колхозға қуып әкеліп еді, енді ауылдан қалаға қумақ па, тағы. Шығады бұлардан, шығады. –Шәрбан ауырсына басын изеді. – Ол жерде ажалдан бұрын өксуден өлетін шығармыз. Бәрі бөтен, бәрі жат, есі түзу адам жат жерге ағаш та отырғызбайды ғой.

- Қала, қала дедіңдер. Қаланың жағдайын осы ауылда да жасауда болатын еді ғой. әр үйдің жанын да мен мұндалап шүмекті кран тұрды, ерінбеген кей азамат сонан мал қорасына да су тартып алды. Жұртқа үлгі болайық деп директордың өзі бастап, басқасы қоштап басшылар жағы үйді-үйге де су кіргізді. – Рахима әжей «осыны ұмыттыңдар ма» дегендей қатарластарына бажайлай қарады.

- Рас, тап соны жасады ғой.

- Өмірбек те үйге су тартқан,- деп қостады Шарбан.

- Сонан соң ауылдың әйелдерінің де шаруасы жеңіл болсын дегенді айтты. Міне соның үлгісі деп үйіне тоқпен су ысытатын «титан» қойып, оны көрсетті.

- Иә, иә біраз үйдің азаматы осы дұрыс екен десіп, қолға ала бастап еді онысына жете алмай қалды ғой.

- Көп итті жолбарыс бастаса, бәрі жолбарыс болады, көп жолбарысты ит бастасабәрі ит болады деген бар ғой. Соның кері бізге кезігіп, жап-жақсы бастаманың арты құрдымға кетіп, сан-соғып қалған жоқпыз ба. Осы халық не өзгеріс боп жатқанын түсінген де жоқ емес пе. – Рахима әжей іштегі ренішін кемпірлерге төккен. Іштегі реніш- залал. Залалды өстіп сыртқа шығармаса болмайды деп отырушы еді марқұм шалы. Енді мынау, мына жұрт, мына кемпірлер қайда барарын, не боларын білмей күнде осында жиналып, бас сауғалағандай халде.

-Шақырым жердің аржағындағы бұлақтан су құбырын тартып, тұщы су ішіп отырушы едік, әуелі тоғының сымын ұрлатып, соны құртты деп ренжіді Шарбан.

- Сендерге осыда жетеді деп бүкіл ауылға екі жерден сквжена қазып, шүмек қойған еді, суының кермектігі ғажап, самаурынды тұтып қалады. – Мәрбан осыған сеніңдер дегендей алақанын жайды.

- Бәрі ауылды құртудың айласы да. – Қатыш сенің күнің не болады дегендей жиенін бауырына қыса түсті.

- Айтты ғой әлгі Керғали әкім. көгермес ауылдың бірісіңдер деп. – Шарбан самай шашын түзеді.- Көк орай шалғынға бөленген, самалына мал семірген ауыл едік, қалай көгермес бола қалдық, соған таңмын.

- Әкім «келешегі жоқ ауыл» деген, - деп түзеді Қатыш.

- Келешегі жоғы не, көгермесі не, әйтеуір көктей солатын болған соң бәрі бір де.

- Біріміз қызымызға, біріміз ұлымызға кетеміз. Сонда мына Қатыш қайда барады. – Мәрбан Қатышқа бұрылған. – Мұны кәрілер үй де алмас, оған жиенін тастап өзі де бармас. Ана албасты басқан қызын да ешкім таппас.

-Жоқ, мен мұны ешқайда тастап кетпеймін де, ешкімге бермеймін де, - деп безектеді Қатыш.

- Соның дұрыс, ел іші ғой, бірдеме етіп күнелтерсің, біз де бармызғой. Оқыт, оқуға бер. Түбі әлі сені осы асырайды, - деп қостады оны Мәрбан.

- Бәрін бір жаққа жиналып жатқандай екенсіндер. Мен осы ауылдан тапжылмаймын. Талай сорды да, сорлыны да көріп баққанмын. Жалғыз қалсам да осы жердің соңғы қазығы боламын. Дауыл соққанда да үйді бекітер бір қазық болатны. Тағдыр соған жазған шығар, -деп Рахима әжей орамалымен бетін сүртті.

- Бізде.

- Менде.

- Тап осы жерден сүйегіміз шығады десіп кемпірлер жамырай жөнелген.

- Қазақта қырық жылда қазан, елу жылда ел жаңа деген мақал бар еді. Өзім соны енді түсінгендей болып жүрмін. Осы қырық жылда қазан жаңа деген сөзде көріпкелдік пе, әлде жаратушының жазуы ма, бір керемет жатыр. Қараңдаршы өздерің, осы жиырмасыншы ғасырдың өзінде өмір қалай құбылды. Патшаны тақтан құлаттық, мұны бір де; қуып әкеліп колхоз жасады, өмір сүру тәсіліміз өзгерді, екі де; әлгі американың жаяу қуып жеткіш Курышып деген келіп, «жоқ, болмайды» деп бар колхозды совхоз жасады, өмірге тағы өзгеріс енді, мұны үш де; комунизмге таяу қалдық деп жүргенде бәрін төңкеріп, ту-талақай етіп тонап, бас-басына би-патша боп тағы шыға келдік, бұл төртінші реткі өзгеріс. Әр өзгерісте қазан, яғни өмір сүру тәсілі өзгерді.

-Шын екен-ау, сіздің де білмейтіңіз жоқ,- деп таңданды Мәрбан.

- Өмірден көргені көп қой.

-Қиындықтың неше алуанын бастан кешті ғой. Біз сияқты бай мен баланың жанынан озбаған, өсектен әріге бармаған пенде емес, өмір үшін арпалысты ғой, - деп бірақ түйді Шарбан.

- Ал, енді не болады? – деді дегбірі кеткен Қатыш.

- Осылай тұра берер деп пе ең? Тағы өзгерді. – Рахима әжей қолына ұстап отырған кітапшасын суырмаға қайта сала салды. – Әйтеуір қырық жылдан бірі сәл асып, бірі сәл жетпей өзгеріп жатқан заман ғой.

-Сонысы тезірек болып, өзгерсе екен. Мен сияқты тианағы жоқ жалғызбастылар қайда барып, қалай босып кетеміз деп ішкеніміз ірің болды. – деп Қатыш ішіндегісін ақтарды.

-Е, менің қайнағамның да күні сол. Небір күні қаладағы қарттар үйін сөз етіп отырды. сонан шошып қалдық.

- Қайдағы қайдан ауызына түсіп отыр, сол шалдың,- деп ренжіді Рахима әжей.

- Қарттар үйі- жетімдер үйі ғой, Алла сақтасын.

-Біз қазақ, мұсылман емеспізбе.

- Кәпірдің ісі ғой, қарияларды «енді осында өл» деп бір жаққа апарып тастау. Әй, мына дінсіздер билеген заман адамды әбден бұзды ғой. Әсіресе, қатын атаулыны. Келін, келіннен шығады бар пәле. Олардың жүрегінен имандылық кеткен. Ана мәжбүн күйеуінің құлағына сыбырлап, әкесін өлім үйіне, әлгі қарттар үйіне өткіздіреді ғой. Көп қатынның біреуі мына біздер ғой, осыным өтірік пе?- деп Рахима әжей уһілеп орынынан тұрып кетті де,- Осы бір аяғым сыр беріп жүр,-деп қайта отырды.

-Асылы, дұрыс сөз, бірақ бізден иман өшкен жоқ.

- Иманымыз бар,- десіп кемпірлер жүректерін ұстап беттерін сипады.

Терезенің сыртқы жақтауында отырған мысықты Рахима әжей көзінің қиығы мен манадан бақылап отырған. Мысық тегін отырған жоқ, бірдемені аңдуда. Е, бәсе, жақын маңдағы бұтаққа қонған торғайға жиырыла секірген. Қапы қалды, ұшып үлгерген шымшыққа тырнағы ілікпей сол бетінде сүйек мүжіген иттің үстіне құлады. Арс еткен дауысына ілесе

- Кет! Кет! деген үн де жеткен. Есіктен сығалаған Үкібай

- Е, осында екенсіңдерғой, - деді.

- Кемпір іздеп жүрген жоқ шығарсың?

-Отыр, шәй қойян,-деп Рахима әжей орнынан тұра бастады.

- Шәй қашпас. Қиратып жатыр,-деді Үкібай.

- Нені қиратып... – Рахима әжейдің түсі бұзылып кетті. Мынау уақыттың беті әрі қараған тұста сенбеске еріксіз сенесін. Айғырұшқан төңкеріліп етегіндегі көлшікке түсіпті десе де барып көруге тура келеді. Кеше ғана мәңгілік боп көрінген, алып жартастай сезілген дүниелер көзінді ашып жұмғанша быт-шыт боп көзден ғайып.

-Тағы мәдениет үйін бе?

 Өткен жолы ауданнан біреулер келіп, кеше ғана «халық театры» атағын алған мәдениет сарайының ішін быт-шыт қылып, пәленбай ақша тұратын перделерін сыпырып жатыр дегенді естіп осы кемпірлер қопарыла көруге барған. Айқай сол жерде басталды. Іштегі тәп-тәуір есікті біреу сүймен салып бұзбақ боп жатыр екен, Рахима әжей шыдамады

- Не бүлдіріп жатырсың,- деп айқай салды

- Онда не шаруан бар?- деген кісімсіген жігіт.

- Бұл біздің ауылдың үйі, неге бұзасын? Кәне документінді көрсет.

Айғайға айналадағы жұрт келді. біреу кісімсіген жігіттің қолындағы сүйменді лақтырып жіберді. Ақыры ұрлағанын ғана алып үлгерген әлгі біреулер алды-артына қарамай тайып тұрған. Жиналғандар мәдени ғимараттың бір кірпішін бүлдіртпеуге серттескендей тараған. Сонан бері әлі тұр еді сол ғимарат.

-Жоқ, -деді Үкібай.

- Енді не?

- Шеберханаға біреулер келіп, бұзып жатыр.

- Сен...

- Мен бұл ауылға кейіннен келген адаммын. Маған керауыздар «оралман» деген атақ тағып қойған. Сөзім өтеме? Тіпті, өзіме кіжіңдеді. Бүгін ауылда адамдар тағы аз. Сонан осында келіп...

-Күн сенбі ме еді? Қап! Елдің көбі той-тойлап, базаршылап берісі аудан, әрісі қалаға кетті. Қап, мыналар соны аңдып келген ғой. Енді не істедік,- деп Рахима әжей тізіліп отырған үш кемпірге қарады.

-Қарап отырамыз ба, бара көрейік, - деп Мәрбан сыртқа шыға жөнелді.

- Қатыш ана балаңды жібер, өзі ауылда кім бар екен, тез шақырсын, шал-шауқандарды да...

Қатыштың тіл ала қоймайтын баласы бірдемені сезіп, түсінді ме зыр жүгіре жөнелген. Кемпірлердің алдын бастаған бәрінен де денелілеу Мәрбан, қолына қысқалау таяқ ұстап алыпты. Оның соңынан Рахима әжей зорға ілесіп келеді. Оған жебе –қабыл келе жатқан Қатыш бір тісі қалмаған ауызы омырайылып, ерінін жымқырып алыпты. Әр жерге бір тоқтап, судан шыққан балықша аузымен ауа қапқан Шарбан ең соңында.

Бейбіт күнде өз ісіне кіріскендер, ешкімнен сескенбей, кеңінен ашып тастаған қақпадан машинасын кіргізіп қойып, бұрайтынын бұрап, сындыратынын сындырып алып жатыр екен. Іштегі бір киер тәуір киімінің сыртынан қара екені, не көк екені белгісіз күртеше киген денелі жігіт бұзып алған кішірек маторды алдына өңгеріп келе жатыр екен. Алқына жеткен Мәрбан тізесі қалшылдап тұрса да жанынан өте берген жігітті таяқпен қолынан бар пәрменімен ұрған. Сол бетте өзі де тұрған жеріне отыра кетті. Кемпірдің таяғы қолына бата қоймаса да мұндайды күтпеген жігіттің қолынан ұшып түскен мотор аунаған бетінде Рахима әженің аяғының астына келді.

- Әй, оңбаған, сен маған мына темірді неге жіберіп қалдың? Мерт қылайын деген екенсің, ұры неме, - деп әжей ойбай салды.

- Апатай..., - деді сасқалақтаған жігіт.

- Сен мына кемпірді де ұрып жықтың ба? Ойбай-ай, ойбай,- деп Қатыш Мәрбанның үстіне құлай кетті.

- Бәсе, бұлар неғып ұрланып келе қойды десем, кісі өлтіруге бет алдыңдар ма? Сотқа... сотқа береміз сендерді. – Әжейдің қап-қара боп түнеріп кеткен жүзіне қарай алмай жігіт шегіне берді.

Орнынан Қатыштың сүйреуімен зорға тұрған Мәрбан тағы таяғын сермеп, булығып шыға келді.

- Жоғалт көзіңді, кәне, сұмырай. Анадан тумай кеткен, шошқа. Көзіңді... сенің көзіңді...

- Әй, апа, шоштандатпа таяғынды. Тартып аламын да, өзіңді...

- Бізді сабамақ екенсің ғой, иттің баласы.

- О, сұмдық, - деп таңқалды жігіт. Сендерді кім шақырды? Қайдан келе қалдыңдар, ә?

- Ей, саған құрт көзіңді дедік қой, - деп Шарбан жағасына жармасқан еді, жігіт жалт бұрылды. – Сен иттің бұл жерде нең бар, әке-шешең осы жерде еңбек етіп пе еді? Не ала-алмай жүрген өшің бар сенің бұл жерде? Әлде, осы жердің бір азаматы қатынының қойынына барып па еді.

- Әй, әже, байқап сөйле.

- Сендейлерге құдайдан басқадан жаза жоқ. Әбден шектен шықтыңдар. Осы жерден сендей ді тірі шығармау керек,- деп тағы таяй түсті.

- Апатай, әрі... әрірек тұрыңызшы, біз тек бұйрықты орындаушымыз.

- Кім? Ол бұйрықты берген кім? Қасиетсіздер. Сендерде иман жоқ. Жер сендерді қалай көтеріп жүр.

Ат шаптырым шеберхананың бір қалтарысынан, цехтардың бірінен шеберхананы тонауға келген екінші шыға келді. Алғашқыға қарағанда жастау көрінген, киімі де жөні түзулеу. Орыстың насыбайы, әлгі папирос дегенді ерініне қыстырып алыпты. Сірә, бастығы шығар.

- Не айқай? Не шу?

- Мына кемпірлер табан асты тап беріп.

- Әй, сен осының бастығысың ба? Шеберхананы неге ұрлап, тонап жатсыңдар, ә?

- Ту соны да сөз деп. Мынадай ешкімге керегі жоқ шеберхана түгілі ана Қарағанды, Алматыдағы алып завод-фабрикалардан дым қалған жоқ. Осы жетім шеберхананы сөз деп, осыған шу шығарып.

 Әй, -деді Рахима әже, -тап саған бұл шеберхана қораш көрінгенімен бұл бір елдің жоғын түгендеген жер. Күйеулеріміз, балаларымыз еңбек еткен, олардың қолының дабы қалған, ана станоктарында. Сен өйтіп көкіме.

- Ой, апа, мына қаңыраған шеберхана түгілі теміржолда...

- Әй, көпірме көк ауыз, бізде оқығанбыз газеттерден, әлгі министр ме, орынбасары ма темір жолды паравозы мен жұтып қойыпты дегенді. Кәне, мына темір басына тимей тұрған да...

- Дүрілдеп келген мотацикл тоқтады. Дауылбай екен. Жанындағысы газетші Мұқан.

- Апа неғып жүрсін? – деп шешесіне қарай жүгірді.

- Уһ! Мыналар...,- Рахима әжей сылқ етіп отыра кетті.

 Ауыл әжелерінің арасынан сытыла зып берген екеу зытып та үлгерді. «Қап, аналарды» деп Дауылбай сырттарынан кіжінді. Қуып жетіп, итше тепкілесем бе екен. Онда өзі кінәлі боп шығады. Оған прокурордың статиясы дайын. Тонап жатқанға айып та жоқ. Әлгі Бәтте деген шал айтыпты дейді «ел талағанға ескерту, өлтіргенге сөгіс, заман жақсарды» деп. Сол шалдың сөзі сөз ақ, асырып ешкім айта алмас.

Е, міне шеберханаға қол салды де. Тонау басталды дей бер енді. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген. Анау екеуі шеберхана ішіне қайдан түскені белгісіз, қалтарыс жақтағы қосымша есікті бүлдіріп кетіпті. Енді жол ашық дей бер. Әлгі темір-терсек өткізетіндердің жолы болды дей бер. Ұрлыққа тыйым жоқ, недеген жағдай мынау. Ауыл түгілі қаланың көшелеріндегі су құбырларының құдықшаларының бір кісі көтера алмайтын қақпақтарын ұрлап өткізіп жатыр. Қайдан алдың дейтін біреу болсайшы. Анау үкіметпіз, елді басқарып отырмыз дегендердің не көріп, не ойлағаны бар.

Жоғалған мен сындырғандарды түгендемей әжелер де шеберханадан шықпады. Енді оларды үй-үйлеріне табыс еткенше кеште болып қалды. Рахима әжей шәй жасап, әуелгі кесені Дауылбайдың алдына қойды да, өзі шұңқырдағы шәйінің жартсын дәленкесіне құйып, ептеп үріп, ұрттап көрді. Манағы айқай-шуды көтерілген жүйкесі басылмай тұр ма, басын кілт кекжите қалып тың-тыңдап, тағы да шайынан асықпай ұрттайды.

- Е, балам бәрінің де сұрауы бар. Бұл жалғанда сұрамаса о дүниеде жауап алады. Алла асықпайды, ол сенімен біз емес, бәрін естіп-көріп отыр. Әлгі президенттің өзі айтқан жоқ па еді «кез келгенінді білегінен ұстап, түрме есігіне кіргізуге болады» деп. Ол да бәрін көріп отыр ғой. Қаһарын тігер бір күні, шыдымы таусылар.

- Оған дейін біз таусылып бітпесек, - деп қалды Дауылбай.

- Құдай-ау, осындай ұры-қары көбейген күнді қай күнәмнән көріп отырмын, - деп таусылды қарт әже. – Осы күнге жетпесем де болар еді. Маған жазған мына тағдыр неткен ауыр, есімді білгенен көргенім бейнет. Мына жалған шайқалған, шатқаяқтағанынан бір жазбай қойды.

- Апа-ау, сол шеберхана жаққа неменеге бардыңыз, тыныш жатпай.

- Күнәні көріп отырып тыныш жату да күнә. Адамның жер бетіндегі міндеті адал, пәк болу, сол үшін де барыңды беру. Мен қалай онан тыс қаламын.

- Өзіңіз айтқандай, шатқаяқтаған заманды сіз дүзей алмайсыз, артын бағыңыз.

- Не? – әже баласына үрке қарады. – Жақсы ма, жаман ба, осы тағдыр маған тап келді. Менің бұл жалғандағы уақытым біткен, енді неғып жүргенімді өзімде білмейимін. Мына кәззап о дүниеде де тыныш жатқызбас. Бар да көрші ана зираттарға. Дат алмайтын темірден жасалған айшықтардың біреуі жоқ, оңай тұрған темір шарбақтарды да алып кеткен. Бұрын мұндайды көріп пе едің. Адам осы менің ізім қандай деп артына да бір қарау керек қой. Бәрі қасқырдан үріккен қойшы бет алды безіп келеді. Өлген-тірілгеніне, сүрінген-жығылғанына қарар емес. Табан жолын да көруге мұрша жоқ.

Дауылбай не дерін білмей басын қасыды. Иә, шешесінің сөзін тындағанынан басқа не қалды. Айтып отырғанының бәрі рас. Мұның қолынан не келеді? Үркіп келе жатыр деді ғой, Үрккен жылқы табынының алдынан жаяу шықсаң, таптап кетеді.

Шәй үстіне Мұраткеліп, сөзді бөлді. Дауылбай иығынан жүг түскендей жеңілденді. Мұрат осы үйге жеткенше бәрін естіп білген екен.

- Біздің шешей батыр, өзінің әскерін алып, шайқасқа шығыпты ғой,- деп сылқ-сылқ күледі.

- Е, өстіп жүріп Рахима әжені біреу сабап кетіпті деген сөзге қалып жүрмесек.

- Не көрініпті соншама, кемпірді ұрып? Сабамақ түгілі қатты сөз айтып көрсін, аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ шығар, өзіміз сияқты екі аяғымен жер басып жүрген адам болса сол екі аяғын бір етікке тығайын. – Мұраттың жарқын жүзі сұрлана қалған.

- Әй, балам, сен тым ұшқырлан ба, маған кім тисуші еді, тискеннің жазасын өзім де бере аламын. Құдайға шүкір, оған әл-қуатым жетеді,- деп әжей желпініп қойды.

- Бәсе, айттым ғой жана батыр деп. Әттен қолына қылыш түспей жүр,- деп Мұрат тағы әзілдей жөнелген. – Әлгі айдауда жүргенде де талайдың сазайын тарттырған шығар.

- Әй, қоя тұр, ол да бір өткен заман. марқұм әкелерін «Рахима сен көп жүкті мойнына алма, күні бұрын шағыласын. Әр істің артында өзіңе ауыр тиер ұяты болады, соны байқа» деп мені тоқтатып отырушы еді.

- Е, әкей сондай адам еді ғой,- деп Дауылбай басын изеді.

- Ұятты білсе тападай-тал түсте келіп бүтін тұрған шеберхананы тонай ма?

- Солар жалғыз дейсің бе? Осы ауылдың өзінде солардың бағыттаушысы бар ғой. Ауылда тап бүгін ер азаматтың көбінің той-тойлап кеткенін, жоғын іздеп кеткенін ұрылар қайдан біліп отыр дейсің. Бар. Ұрының көзі өз ауылында.

        - Оның рас,- деп Мұрат тосылды.

-Ана ортаудағы шешендердің малына ешкім тисе алмайды. Неге? Олардың бір-біріне деген ықыласы мықты, әр сайда жүрсе де ұжымы бір. Өзінікін де бағады, қандасының шаруасына да қарауыл, көз қырын сала жүреді.

- Ал біз...

- Біз дейтін бізде не қалды. Орыстың патшасы салған соқпақты ГПУ мен КГБ жалғады. Ақыры қазақтың баласы бір-біріне дүрдие қарайтын болды. Мына бізге келген хан-талапайының заманы тіпті бүлдірген жоқ па.

Рахима әжей балаларының әңгімесін тыңдай отырып, шәй құйуын да ұмытпады. Мұраттың кесесіне бір шақпақ қантты тастап жіберіп «тәттіні жақсы көруші еді» деп күбірледі. Ақырын ғана басын шайқап, кеңірек дем алып, ақыманына тағы су құйып, кішірек тоқ пештің үстіне қойды. Екеуіне жаны риза болып отыр. Іштей «Алла жар болсын» тілеген.

- Бұрын ұят дегенді ең алдына қоятын,- деп бастады Рахима әжей әңгімесін. - Кім ұятты аттап кетсе бірден көзге түсетін де елден сөз естейтін. Ешкімнің ауыр сөзі естігісі келмейтін еді-ау. Сендердің әнебір жазушыларың «Ұят туралы аңыз» деген кітап жазыпты. Ұят аңыз болып бара жатса адамның күні не болмақ, адамзатты не тосып тұр. Ұят адамның бірге тумаса оны қайдан алады.

- Жаңа туған нәрестеде ұят қайдан болады, - деп қалды Мұрат.

- Ұят нәресте қанына әкесінің адалдығымен, анасының пәктігімен келеді. Әкесі ұры болса баланың қаны бұзылады, шешесі кім-көрінгенің төсегі боп жүрсе бала да бұзық, тіпті қанішер боп туады дейтін бұрынғы үлкендер. Ұятты ешкім ақшаға сатып ала алмайды.

Дауылбай Мұраттың  құлағына «бұзылған к...тен қағынған бала туады, ол өскенде қолын қанмен жуады» деген халық мәтелі бар деп сыбыр етті. Әлемдік соғыс ашып, әлемді қанға бояған солар ғой, - деді дауысын шығарып.

- Халық қалай тауып айтқан, - деп Мұрат шегінінкірей отырып, айналасына қарады.

- Ұят- иманның көрініс, - деп созды Рахима әжей – ұят болмаған жерде береке болмайды. Халық жақсы адамды «иман жүзді кісі екен» деп дәріптейді. Тәлімді қызды «иманы бетіне шығып тұр екен» деп сыйлайды. Ой-хой-хой! Есіріп билеп бара жатыр-ау, кәзір. Бәрі мидай араласып кеткен, қайсы адал, қайсы арам екенін біліп болмайсын. Адамбыз деген кісі көп, бір-ақ ұят шіркіннің шеті көрінбейді.

- Неге олай десіз, барсыздарғой қариялар.  Мұрат әжесіне еңкейе қараған.

- Біздің ұятымыз бізбен бірге қартайып барады. Оған енді қарап жатқандар да шамалы. Оған қайта айналып қарайтын заман туғанша бізде бұл жалғаннан... , - әжей күрсінді.

- Өткінші уақыт өтер, бәрі де орнына келеді, апа, деп жұбатты Мұрат.

- Айтқанын келсін, е, ол уақытты сендер көрсендер болды да.

Рахима әжей шәйін жинай бастады. Қағаз салфеткамен кеселерін асықпай сүртіп, орын-орнына қойды. Дауылбай далаға шыққан. Айналаны қою қараңғылық басқан екен. Жанағы шешесі айтқан әңгіме есінен кетер емес. Япырмай, осы біз адамбыз ба, әлде кімбіз деді өзіне. Қыбыр етпей айналаға көз салды. Ел әлі жатпаған ба, ана тұстан да, мына жақтан да сықыр-сықыр еткен есіктің дыбысы жеткен мазасы кеткен жалғыз өзі емес сияқты, әркімнің көңілі қобалжулы сияқты. Қара-көк аспанды ине шаншар жер қалдырмай жұлдыз жауыпты. Кейбір жұлдыздың жарқырауы тіпті ерекше.

«Бір жұлдыз бар аспанда айдан жақсы

                       Бір құлын бар желімде тайдан жақсы», -деп әндетуші еді-ау, жігіттер.

Ұйқысы қашып түнімен дөңбекшіген Дауылбай ақыры ерте тұрып, шығып келе жатқан күнге қарап телміріп, ұзақ тұрды. Күн Айғырұшқанның биігіне тырмысып шыға алмай тұрғандай көрінді. Шоқының басындағы ғасырлар бойы жасағандай болып көрінетін жуан қараағаштың жан-жаққа қанат жайған бұтақтары да әлдебір ертектегі алып адамның серейген-серейген қолдары тәрізді күннің шапағына жапырақ-алақандарын жая қалыпты. Иә,  осы алып ағашқа сонау бала кезінен қаншама рет барды десейші. Неше бала жиналып, құшақтап жуандығын өлшеген. Анау серейген бұтақтарына жаппай отырып алған қарғаларды үркітіп, бала біткен жабыла мініп алатын.

-Әй-жүгірмек, құлайсың! Түс кәні! –деп әйелдер айқайлап жататын.

Сонан соң бұл ағашты жұрт әулие көріп кетті. Іштегісін айтып, жылап қасына түнеп жүргендер жақсы түс көргендерін жырдай қылып айтатын. Рас та шығар деп ойлады Дауылбай. Қасиетті болмаса ғасыр бойы неге тұр. Бүкіл әлемнің негізі, мына менің де, сонау ағаштың да, ана көл, маңқиған тау, соққан желдің де негізі бір көзге көрінбес ұсақ бөлшектер деп жүр ғой. Сол ұсақ көзге көрінбестің өзі ар жақтағы жоқтан бар боп шығып жатыр деген әлгі оқымысты Кәкімжан. Негізіміз бір болған соң сол ағаш адамның мұңын түсінуге тиіс.

Қараағаштың бұтақтарына ілінген сан түсті шүберек те сан жоқ. Біреулер тиын-тебенін түйіп ілсе келесі барғандар білген дұғасын оқып, алып жатады. Тек алуға да бой ұрғандар да бар. Әй, олардың сөйтіп алғаны өздеріне пәле болмаса.

Қарағаш өскен биіктің етегінде көл болушы еді. Осы совхоздан бұрын мұнда саяси қауіпті саналғандардың лагері болған. Тастай қылып осы өзенді байлап, шалқыған көл жасапты. Сол көлге жасырақ кезінде өзі де сан шомылған, ана құлама биіктен түбі көрінбейтін қара суға сан секірген. Сонан совхоз болған заманда да көлдің игілігін ел болып көрген. Әттен, дүние, мына талапай заман басталар шамада, басшы болып келген қазақтың тұсында, жазғы тұрым арындап кеп жиналған судың артығын ағызып жіберуді ұмытып, тоспаны бұзды да кетті. Сол жайқалған көлден қалған көлшік Айғырұшқанның етегінде жатыр.

Көтерілген күнмен бірге ұясынан ұшып шыққан қарлығаштар да таңның көгілдір ауасын оңды-солды сызып, ойнақ салған. Олардың ұясы да өзеннің жар қабағында, өздері қазып алған қуыс-қуыс індер. Біреу қаскөйлік жасамаса бір есуас балта шаппаса, қасиетті қара ағашта әлі талай-талай жылдар тұрар. Ұшқыр қарлығаштар да өзгерген заманға икемделер. Ал, адам ше? Мына кәрілігі жеткен шешесі ше? Оның енді икемделуге уақыты да жетпейді ғой. Сонда оның өміріңнің соңы өкініш болып бітпей ме. Өмірдің әділдігі кайда? Не үшін ел бұл ғұмырында азап шекті? Әділ де, адал өмір болады дегенге иманындай сенді. Тіпті сотталып, азап шеккен күндерінің өзінде алда бір жарқын күндер бар деп сенді. Сол сенім оны ілгері сүйреді, бала тапты, оны жеткізді. Ауызынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, малжандаған басшының заманында ел есін жиды, адамша өмір кеше бастаған. Соның да арты топалан болып кетті. Сол қартайған басшы туралы «Брежнев» былай депті деген сан анекдотты аңқылдатты. Кімнің артының қандай болатынын кім болжайды.

Мүмкін солай болу керек шығар деген ой келді Дауылбайға. Иә, бірақ шешесі осыншама ауыр өмірді не үшін кешті. Тырбана-тырбана жеткені қайсы? Ол сенген, күткен, ешкімді ешкім зорламайтын, қинамайтын, жұрттың бәрі бауыр тұтқан армандай болған заман көжиектен неге алыстап кетті. Оны енді кімдер қуып, кімдер жете алады. Бәрің бірдей бай боласыңдар дегеннің түрі тағы мынау.

Далаға шыққан Мұрат, қол – аяғын сермеп, әрлі-берлі біраз жүгіріп, жаттығу жасап болып жанына келген.

- Дәуке, неғып тұрсың?

- Жәй, әншейін, ұйқым қашып.

- Мен кәзір ана Төрехен бекеті жаққа кетемін, жылқы сол жақта жатыр еді. Екі-үш жаман ауыз жүр еді, байқамасам болмас.

Мұрат алды-артына қарамай жөнелді. Е, Алла – деп ойлады Дауылбай. – Біреуге бір жердің аты бұйырып, қалуы да жазымаштан шығар. Төрехан көптің бірі ғана еді. Сонау сексен шақырым жердегі ауылдан осы Айғырұшқанға аптасына бір-екі рет қатынайды. Сонда сонау бір орта жолдағы бұйратқа жолда тоқтап ат тынықтырып, өзі де аш қалмауы үшін бірер қаузар асын, сонан соң әлгі бөтелкесін тығып кетеді екен. Талай адам тығындысының үстінен түскен. Бірақ олар да «ер азығы жолда» дегенді ұстанған жұрт қой, тұрғанды пайдаланса да өздерінде барын тастап кетеді екен. «Төрехан бекеті» , «Төрехан бекеті» деседі ел. Иә, жақсаны сыйлап, жаманды ескергенге не жетсін.

    Әттең, мына тұста тағы шалыс басып бара жатқандаймыз. Заман өзгеріп еді, әркім ата-бабасын, соның зиратын іздеп шыға келді. Шажағай өзенінің орта тұсында Бостан деген байдың қызының күмбез бейіті бұл өзі ес білгелі бар. Қыздың қапылыста Ағыбай батырдың қолынан қазаға ұшырағанын да кешегі ақсақалдар, ана Қасен жыршы жырлап тұрып айтушы еді. Дауылбай осыған ара түсе алмағанына өкінеді. Сонау оңтүстіктен, Албан жұртынан болса керек, біреулер келіп «осыдан пәлен ғасыр бұрын біздің бабамыз Шажа осы жақта ғұмыр кешіпті, соның бейітін іздеп жүрміз» деген. «Осы шығар» деп қыздың бейітіне де барысты.

- Жоқ, бұл емес,- деп Дауылбай білгенін айтты. – Пәлен деген жазушы бар, сол мұны анық біледі, ал ана өмірден өткен Ақселеу Шажаның бейіті сонау тауларда деп жазған деген дереке те келтіреді. Осы күннің елірген жұрты құлақтан да айырылыпты. Обал – сауабына қарайтын пенде жоқ па, қалай өзі. Жол түсіп, сол кішірек мазарға тағы соққан. Айналасын қоршап, әрлеп-қырлап «Шажа батыр осы жерде» деп ескерткіш қойғанның үстінен түсті. Япыр-ай, бұл қалай? Айтып едім ғойдан аса алмады. Оқыр дұғасын кімге арнарын да білмеді. Тәп-тәуір ескерткішті лақтырып тастасам ба екен деп оқталса да, оған тағы дәті бармады.

Ағыбай мазарының бер жағында Кенесары хан ас пісірткен тас ошақ болушы еді, оны да кейін таба алмады. Бұл қалай, ә? Сол жердегі өзенді де жұрт баяғыдан Қаратайдың Қараталы деп атаушы еді. Қаратай батырдың сұпысы да Қалмақ қырғанның жанындағы кішірек төбенің басында тұр. Туа даукес біреу соған да жармасып жүр. Әркім қатын баласының алдында өзі де бірдеме білетін адам етіп көрсеткісі келеді де. Соның сынайы ғой бұл. Дегенмен осы адамдар не боп бара жатыр.

 

X-X-X

 

 

Жаз ортасы да болып қалды. Қаладағы бала да мазаны алып біткен. Көш те көш деп. Не бар енді ол ауылда дейді. Әкімдерің айтыпты ғой келешегі жоқ ауылдың тізіміне жаздық деп. Енді не қалды? Солай деген екен бәрібір қиратып тынады, олар. Қираған жұртта қалай қаласыздар, мектепті ақыры құртыпты, бұл басы ғана. Сонда бұл басы ғана болғанда не, қалған жұртты қуып шыға ма? Боқанның әйелі өскен жерін қимай жүрген, көшуге қарсы еді. Әлгі ұлдың «құртып тынады, бұл басы ғана» деген сөзінен шошып «есіміз барда бір қолайлы орын табайық» деп қыңқылдауы көбейіп, ақыры онысы зарлы жылауға ұласқан.

-Тапжылмаймыз, -деп Боқан әуелде тыйып еді.

Ақыры қалада бала, қойындағы қатын болып екі жақтап жеңді. Өткен жұмада зиратқа барып, бабаларына дұға оқып, сенбі күні көрші-қолаң, ниеттестерін дәмге шақырып, қоштасу рәсімін жасаған. Ертен қаладағы ұлы бір машина жібермек. Жүк соған тиелмек. Жұрт «сәрсенбінің сәті» деп жатушы еді, сәт тілейтін не қалды. Туған ауылын тастап, үрке жөнелгенде не сәттілік бар. Барар, көрер сағыныштан іші ұлып жүрер.

Түніменен көз ілмеді. Қисайып жатады да дөнбекшіп, ақыры қайта тұрады. Мына шаңырағындағы ақырғы түні екен. Осы шаңырақтан келмес сапарға әкесі мен шешесін жөнелткен, осы үйде жастықтың дуылы көп шақтары өткен, бала сүйген, өсірген, совхоздың белді де, беделді жұмыскері болған. Бәрін төңкеріп, қиратып тастаудың оңайы-ай. Ол совхозды колхоз жасайық, бірігіп өмір сүруге біз қазақ, үйренген елміз дегенге әне бір аудан мен облыстан келгендер көнбеді ғой. Алпыс мың қой, екі мың сиырдан тігерге тұяқ қалған жоқ. Әйтеуір соншама жылқыдан біразын ана Дауылбай ұстап қалды. Пәленбай алып трактор, саны есепсіз «Белорустан» не қалды? Ақыры темір-терсек ретінде өтіп кетті. Колхоз болса ғой бәрі сақталар еді, мына ауыл да «келешегі жоқтың» өлтіруге жататындардың қара тізіміне кірмес еді.

Әйелі Мәкен де таң сәріден тұрып алыпк үйбеңдеп жүр. Бірдемесін жоғалтып, бірдеңесін тауып, үй мен шошаланың бұрыш-бұрышын қайта-қайта тіміскілеген. Шандып байлап қойған жүкті нешеме рет қайта шешіп ақтарып әлек. Ештеңе таппаса да үйдің ішін кезуде. Бір бұрышқа отыра қалады да әлденені айтып күбірлейді. Боқан «мынаның есі түзу ме» деп әйелінің бетіне әлденеше рет қарады. Құдайым, сақтай гөр. Бұл бейшара да өскен ортасын қимай жүр ғой. Ұл тапты, қыз өсірді. Үш қызы үш жерде, өздері балалы-шағалы. Олардың өсіп- өнгеніне де тәуба.

Жатын бөлме жып-жылмағай. Төсек орын буып түйілген. Өздерінің керуеті де бұзылып, жиналып қойған. Келген машинаға тией салуға әзір. Боқан өздері зал деп атаған кеңірек бөлмеге басын сұқты. Әйел жинаған кәкір-шүкірлер, хрустал ыдыс, теледидардан басқасы сол орнын да тұр. Қайда апарады бұларды. Ұлының үш бөлмелі үйінің қай бұрышына қояды мына кітапқа толы үш шкафты. Бір қабырғаны тұтас алып тұрған гарнитурды, ана онбес адам сиятын үстөлді, соншама орындықты қайда сидырады.

- Тастамайық, - деп әйелі жармасып баққан.

Қайда қоясын? Өз басын сиса жақсы. Қайдағыны айтып, басты қатырма, - деп ұрысқан соң әйелі бүгежектеп, қайта тіл қата алмай қойған.

Мәкен бейшараның Боқанды алуға еріксіз көндіргені қай заманнан кележатқаны белгісіз ескі әбдіре. «Енем марқұм айтушы еді, енемнен қалды деп», мұны тастап кеткеніміз әруаққа шет болады деген соң иілген. Құдай-ау, мұны қаланың аядай бөлмесінің қай жеріне қояды деп іштей дал. Балалар бөлмесіндегі айтулы шебердің қол өнері түс кигіз, еденге төселген оюлы сырмақ, атқа мінгенде киген саптама етігі, бәрін қалдырды. Әйелі тағы қимастан:

- Ескінің көзі ғой , - деді.

- Әй, қалаға барып, енді келініңмен ренжісейін деп пе едің?

- О неге?

- Ана сырмақ, мына түс кигіз, саптама етіктің байпағы кигіз емес пе. Ондайдан қалалықтар шошиды, құрт түседі, пәле болады деп безгенін сан естідің ғой. Ұмытып қалдың ба? Тиме де, тиіс пе, тұрсын сол орындарында.

Бір айналып келсе Мәкен арқасын түс кигізге сүйеп, сырмақтың үстінде бүк түсіп жылап отыр екен. Саптама етік тізесінің үстінде жатыр. Байқамғансып өтіп кетті. Өзінің іші де қан жылаған. Не амал? Ауа көшкен жұрттың басы өзі емес. Құрдымға кететін ауыл дегенді кім шығарды екен. Құрдымға, құрдымға! Япыр-ай, тілеуі неткен жаман адам. Ауыл құрдымға кетсе, елдің ақыры не болады.

- Отағасы...

Бұрылып қараса Мәкен от салып қыздыратын өтекті аклып келіп тұр. Баяғы да, тоқ жоқ заманда тоқ өтек шықпай тұрған тұста ішіне шоқ салып, көйлек-көншегінің қыртысын жазған өтекті тани кетті. Қай бұрыштан тауып алды екен. Боқан үндемей Мәкеннің қолынан ескі өтекті алды да залдағы серванттың бір бұрышына қойды.

- Мәкен, менде бұны қимаймын. Бірақ мұның ендігі орыны осы болсын.

- Боқан-ау, осыншама мүлікті неге тастап жатырсың? Әлде қыста қалада болып, жазда ауылға келеміз бе?

- Дәл солай.

Бұл ой бұрын Боқанның басына келмеген де еді. Япыр-ау, сөйтсе қайтеді. Мынау бір табылған ақыл екен. Мына гарнитур-серванттарды салдыратып машинаға тиемегеніміз де дұрыс болған. Бәрі босқа қирап қалатын еді. Әлгі бас буғалтыр көшкенде қалаға жеткенше-ақ дымы қалмапты -деп естігем. Ағаш емес пе, үгітіледі де қалады.

Мал қорамен жалғастыра салған жеке бір бөлек үйшік болушы еді. Соның бір жағын қыста қолға қарайтын малдың жемі тұратын еткенде, екінші жағына әспеттеп ертоқымын, қамыт-сайманын қоятын. Сол тұста әкесінен қалған төс те тұр. Әкесі ұсталық етсе де бұл өнер бұған қонбады. Мына төстің әкесінің әкесінен қалған болуы мүмкін. Ұсталық бұл тұқымның ата-бабасынан бар десетін. Бұларды қайда сүйретеді. Мектеп жанындағы музейге берер еді, мектепті жапты да, ішіндегі музейдің мүліктері де көрінгеннің қолында кетті. Бабамнан қалып еді деп енді кімге берер. Тұрады да осы жерде. Тек ана ерді балалар бөлмесіне апарып қою керек екен. Тұрсын, қалсын бәрі осылай, қайта айналып келетін күн болса осы арадан табылар. Боқанның үйді сатқысы жоқ. Тап осы ауылда оны ешкім ала да қоймайды. Әне бір кенттен келгіштеп жүргендер арзанға алуын алады-ау ертеңіне быт-шыт етіп бұзып керегін ғана алып үйінді қылып кетенін көріп жүр. Қара шаңырағын үйтіп тас-талқан еткенше аман тұрсын. Мейлі, кейбір көкезулер «пәленшенің артында қалған моласы» деп мазақ етер. Кімінен не қалмаған, мына ашаршылық жылдары он жеті мың жылқы біткен байлардың шаңырағын күміспен қаптаған он екі қанат ақ боз үйлері иесіз қалды дегенді бала кезінен сан рет естіген.

Үйдің сыртындағы бақшада қарақат, шие, бүлдірген деген жайқалып тұр. Қарақаттың бір-екі түбін Бүркіттінің сайынан әкеліп отырғызып еді, тамырдан өсіп, бақшаның бір жағын тегіс жапты. Биыл да шығымы жақсы екен, мөлдіреп келе жатыр. Бармақтай болып алқызыл түске енген бүлдіргенді піскенін жиып алып, жаздай дәмін татқан. Соларын қимаған Мәкен

- Күзде келіп жинап алармыз? – деген

- Мүмкін осында қалғың келіп жүрген шығар, –деп Боқан оның бетіне қарады.

Теріс айналып кеткен әйелінің екі иығы дірілдеп бара жатыр екен. Жылап барады. Енді жылағаннан не пайда, бәрі шешіліп қойды, машина келеді, мына жүктерді тиейді де алды-артына қарамай жөнеледі. Мұның не жазығы бар, керексіз ба, келешегі жоқ па, сондай атауды іліп жүрген бұл емес. Боқанның қолынан енді не келеді.

Қайта айналып келген әйелі Боқанды жеңінен тартты. Жүзі көптен ауырған адамдай солынқы, көзі ісіп кетіпті. Бірдене дегісі келіп еріні дірілдеп біраз тұрды да күрсінді.

\»Әлгі балалар болғанда ғой көшпейтін едік. Қалашыл етіп жібердік те айрлдық. Енді көнеміз де. Ол жақта да жұрт бар ғой, біреулермен табысармыз. Ешкіммен үйірсектеніп кете алмасақ, біз екеуміз ғой күнімізді өткізерміз өйтіп-бүйтіп.

-Жә, сен енді егіле бер ме. Ендігі қалғаны бізге ауырып, төсек тартып, жату болмағай. Керегінді жинап алған шығарсын, керек емесі... – арғы жағын айта алмай Боқан тілін тістеді. Сол сөзден кейін Мәкен бекігендей болды, көз жасы да тоқтады. Тек анда-санда іштен тынып жүрген Боқанның жанына келіп, көзінің астымен оның жүзін сүзіп, байқаусызда кемсендеп қалып – отағасы, сен де қайғыра берме. Бір ыңғайы табылар, мүмкін... – деп тына қалады.

Күнде бүгін жадырап тұр. Көгілдір аспаның сонау алыс-алыс жиегінде ғана қалықтаған әппақ әдемі бұлттардың тізбегі бар. Арқаның ерке самал желі де баяу ғана есіп, қайта басылып көз жетер жерді құбылтып тұр. Асықпай үйірілген құйынның етегі баяу қозғалып Желі тауға қарай көлбеңдеп кетіп бара жатыр екен. Жә! Неткен керемет мына дала. Сағымына сүйсініп, талай ән шырқаған қайран өңір. Әне Айғырұшқан... Биіктің басындағы қараағашқа жас кезінде сан тербетілген. Етегіндегі көл де ол кезде шалқып, айдын боп жататын. Соның жағасында осы ауылдың кәрі-жасы қармақ тастап отыратын шақтарды айтсайшы. Соның жағасында алтыбақан құрап, қыз- бозбала таң атыратын. Ақ сүйек ойнайтын. Ақ сүйек ойнап жүріп алғаш рет осы Мәкеннің білегінен ұстаған.

- Қолымды ауыртпашы,-деген Мәкен.

- Ғафу ет, - деп қоя бергені есімде.

- Сен ана басқа қыздармен алтыбақан тепкен жоқсын ғой.

- Тепкен шығармын.

- Жоқ, тепкен жоқсын.

 Осыдан басталып еді-ау бар әңгіме. Ақыры сол жазда үйленіп тынды. Екеуінің шаңырақ көтергеніне отыз жылдан асып кетіпті. Мәкен ата-енесіне жаққан жақсы келін, ерін сыйлаған, абыройлы жар болды. Бәрі, бәрі сонау құбылған сағым сияқты кейіндеп қала беріпті. Бүгінгі тірлігі тіпті басқаша.

Ертеңгілік шайларын ішті. Үстелдің шетінде ызылдап тұратын самаурын көрінбейді, Мәкен тоқ шәйнекті жанына қоя салды. Күндегі шалқып отыратын көңіл де жоқ, бір күнде бәрі басқаша, жетімсіреген жағдай. әйелінің күнде пісіретін ақ тоқаштары да жоқ, туралған бөлке наннан таныс иіс жетпеді. мәкен тағы сылқ етіп мұрнын тартып, орамалы мен бетін көлегейледі.

- Қойсайшы енді, жетеді ғой.

- Өзім пісірген наның бүгін болмай қалғанын қарашы.

Үстел үстіне сары май мен қарақат қайнатпасын қойған. Қарақат шие бүлдіргеннің қаншама банкіге салған қайнатпалары төмендегі қоймада жатыр. Бәрі шыны ыдыста. Оларды жүк машинаның қай жеріне саласын, босқа үгітіліп қалады.

- Киін келіп алармыз,-деп үміт артқан Мәкен.

- Иә, бір реті болар. Менің жигулиімде жөнделіп бітер.

Ыстық шәйді жәй ғана үріп ішіп отырған Боқан кенет маңдайын ұстай алып, жан-жағына жалтақтай қарады да,

- Осы менің мылтығым қайда? –деді.

- Өзің білесің де.

-Ана әбдіреге салған жоқсың ба?

- Жоқ, онда жоқ. Кешеге аударыстырып, қайта салдық қой.

 Өткен айда ауданнан милиция келеді екен, үйді-үйді тінтеді екен, мылтық табылғандарды жазаға тартады екен деген қауесет тараған соң Боқан төсектің артында жатқан мылтығын жақсылап орап, мал қораның бір қуысына тыққан. Сол беті ұмыт қалыпты. Тығатын-ақ мылтық. Сонау ақ қашып, қызыл қуған заманда әкесі біреуден алған екен. Кәдімгі басына істік шаншылған әскери винтовка. Ондай мылтық пен қолға түссе жазаға тартылатыны да рас. Бірақ дегенімен әділдік қашқан уақыт. Әйтпес тіркеуде жоқ деп бір қыстақта бір өзі отырған жалғыз қазақтың көнетоз құс мылтығын тартып алған милицияның есі дұрыс деп айту қиын. Ауылда осы, ал қалаға барып, орыстың үйіне кіріп көр. Ол бірақ кіргізе де қоймас. Кіре алса мылтықтың көкесін сонда көрер еді.

- Енді мұны нестейміз, -деп әйеліне қарады.

- Алып жүресің бе?

- Бұл өзі қиындау жұмыс, қаладағы балаға бәле болып жүрмесе.

- Онда таста, - деп Мәкен шыр-пыр етті.

-Қайда тастаймын? Осыншама жыл ұстап келдім. Малға шапқан қасқырдың талай рет бетін қайтардым. Дұшпаныңды алыстан сілейтетін қару ғой бұл.

- Қайдағы дұшпан?

- Ит-құсты айтамын да.

- Қалада не қылған ит-құс ол,-деп шәужайлады Мәкен.

- Ендеше –деп Боқан мал қорадағы тығынды жерінен винтовкасын алып келіп жатын бөлменің тақтайының бірін суырып мылтықты сол оралған қалпында астына шірімесін деп қара қағаз салып еденнің асына тастады. Ендігі орынын осы деді іштей.

Тар кезеңнен бері қарай құйындатқан жүк машинасы екпінін бастаған қалпы есіктің алдына келіп тоқтады. Танауының астында мұрт жоқ, иегіне сақал қойған жігіт үн-түнсіз келіп қолдарын ұстады. Сірә, сәлемдескені болар.

-Шәй іш, қарағым.

Көшуден хабары бар көрші –қолаң да жинала бастады.

- Көш көлікті болсын, - десе де, бәрінің жүзі сәлең, қабақтарын ашып, жадырап отырған ешкім жоқ. Жасаулы дастарханнан үзіп нан алып, ауызға салады да, әрірек-әрірек барып жайғасып, күбірлеседі. Сонау ел аман- жұрт тыныш заманда Боқан талай көшті көрген, талайды шығарып салып, қарсы алған. Ол бір дуылға толы той атқарғандай шаруа еді. Жұрт ертең жолығатынына сенетін, ән айтып, би, би билеп, әлі-де асыр салатын.Бүгінгінің сиқы тіпті өзгеше, өлген кісінің жаназасына жиналғанның ар жақ-бер жағы.

Өзі тәрізді бір топ кемпірлерді соңына ерткен Рахима әжей көрінді. Әжей қолына таяқ ұстапты. О несі екен-ей? Таяқ ұстамаушы еді ғой. Ауырып қалғаннан сау ма? Сол беті жиналғандармен бас изесіп сәлемдесіп, Мәкенді келіп құшағына алған.

- Қайда жүрсең аман бол.

- Алла есендікпен жүздесуге жазсын.

Кемпірлер келіп қалған көз жастарын орамалмен тыйып, жүздеріне жадыраңқы рең бергісі келсе де бәрінің де аржақтарында жатқан сенімсіздік, қаупі мол келер күннің жақындап келе жатқан күңгірттігі бойларын билеген. Аһ ұрған жалын бәрінің аузынан шығады.

- Келіп жүр, Мәкен, бізді ұмытпа.

- Біздің үйдің есігі қашанда саған ашық.

Кемпірлер ұзынды, қысқалы орындықтар тауып қаздай тізіліп жайғасқан. Бәрінің басындағы кимешектері мен орамалдарынан басқасы қоңырқай  түсті киім. Залдағы дүние-мүлік сол қалпында тұрса да көшкен үйдің сиықсыз кейіпі сезіледі. Әркім өзін кінәлідей сезінген. Осы қалпында ескіріп, тұрған бетінде тозуға бұйырылған үйдің өзі сыңсып тұрғандай.

-Шәрбан, - деді Мәкен.

- Иә,

- Саған айтарым бар еді. Бір көмегін қажет боп тұр.

- Сенен немді аяйын, айта бер.

- Ана тауықтарым жетімсіреп қалып барады. Қалаға әкете алмайсың ғой, қытқылдатып. Соларды сен алшы. Тұқымы да бөлек. Сонау жолы Боқан Шымкенттегі Қасым деген ақсақалдан аттай қылып әкеліп еді.

- Ой-бүй, құдай-ай, өз тауығым да жетеді ғой.

- Сен ең жақын көршісің, сенен басқа кімге айтамын.

- Ұры-қары алып кетпесе, - деп Шәрбан күдігін айтты.

- Қораңа қамап алсаң...

- Е, олар қашып әуре қылады ғой.

- Үйренер.

- Олар үйренгенше жоғалып бітпесе.

- Ал саған тапсырғаным болсын.

- Жарар, Мәкен, көзіңдей көріп жүрермін.

- Е, сөйтші, жақсы ырым болсын, - деп Шарбан қостаған.

- Ырымнан не қалды дейсің біздерге. Құртты ғой бәрін аналар. Біз бір керексіз жұрт болдық – деп Рахима әжесі таяғымен жерді түйіп-түйіп жіберді.

- Әй, Мұқан, - деген Боқанның дауысы шықты. –Мына тазым атақты Ерейменнің сарықасқаларының тұқымы еді. Сен алшы. Сенен басқа енді кім ит жүгіртер дейсің. Мә, осы бетіңде үйіңе апарып байлашы- деп тазыны шынжырымен қолына ұстатты. – Алып кетші, енді көзіме күйік болмасын.

Ескі әбдірені екі жігіт зорға көтеріп келеді екен. «Ауырын-ай» деп қояды біреуі. «Құдай-ау осынша тозған әбдірені қайтейін деп жүр» деп кейіді екіншісі. «Екі-үш шабадан алса болмай ма» машинаға басқалар да көмектесіп, зорға көтеріп салған.

- Шәкір, - деді Боқан.- Өрісте сиыр мен бұқашығы қалып барады, әзірше ие бол. Бұқашығын өткен бағасына салып жібере сал. Бізде кіммен тіресіп, саудаласатын жағдай бар, айтқан бағасына бере-бер. Сиыр семірсін, қысқа да ет керек қой.

- Е, өз малыма қосып алып бағамын ғой.

- Тағы да айтарым бар. Жұмсағаннан қалған төрт-бес бие бар. Соларды да саған ие еткім келіп тұр. Дауылбайдың көп жылқысына қоспаймын, аз жылқыда жүрсе күйі де жақсы болады.

- Айғыры... – деп қалды Шәкір.

- Айғырын енді жұмсаймын. Бетіне қарар не қалды. Керек десен сен ал. Енді бізде қанша өмір қалды дейсің. Кең даланың самалына үйренген адам қаланың ыс сасыған иісіне қанша төзер дейсің, ана биелер сонда жұмсауға қажет болар. Әзірше соған дейін сенде жүрсін.

- Қайдағы жамандықты айтпаңызшы, - деді абыржыған Шәкір.

Иттің қыңсылаған дауысы шықты. Іле жүндестеу келген сары тазы шарбақтан бірақ қарғып, құйрығын бұландатқан қалпы Боқанның кеудесіне секірген. Жүгіре басқан Мұқан да жетті.

- Байлап жатыр едім, ырылдап өзімді қауіп ала жаздады. Сол арсылдаған қалпы жұлқынып, ақыры қазықты суырып тұра қашты,- деп жатыр Мұқан.

Сары тазы қыңсылап-жыламсырап Боқанның етігін жалап, аяғына оратылып, қайта тұрып иесінің қолын жалап, бар денесімен жыланша иретіліп, екі аяқтың арасынан кезек өтіп иесінің бетіне жалтақтап, сыңсуын қоймады.

- Әй, не қажап,- деді біреу.

- Ойбүй, үй-бай-ай! Ит екеш итте түсініп, жібергісі келмей жатыр, - деді иегі дірілдеген Рахима әжей. – А құдай, не жазып-ек.

Боқан еңкейіп тазының басынан сипаған. Көзінен жас тамып кетті. Көкірегі удай ашыды. Туған жерін бұл қимай жүр, иті мұны қимайды. Не қасірет? Бұл зорлыққа ол неге көнуге тиіс. Осы жердің-елдің суын ішіп, самалын жұтқан адамы емес пе. Жоқ болмайды, болмайды екен.

-Әй! –деген Боқанның дауысы қатқыл шықты. – Әй, біз ешқайда бармаймыз. Көшпейміз! Сөз бітті. Кемпір, дастарханды қайта жаса. Біз қайта келдік.

Мәкен байғұс аңырып, отағасына жалтақтап, үйге қарай қайта томпандай жөнелді. Жиналғандар «о, пәлі!» десіп гу ете қалған.

- Бар! Кете бер, -  деп қалды шопырға. Ол да «құтылдың ба» дегендей машинасын гүр еткізіп айдай жөнелген. Қыр асып баражатқан машинаның соңынан Мәкен айқайлады.

- Әй, әбдіре кетіп қалды ғой, әбдіре.

- Барсын мүмкін келін де көненің дүниесін көріп, естияр болар.

- Сонда біз енді екеуміз...

- Жоқ, немерені енді қолға ұстаймын. Осы даланың азаматы етіп тәрбиелеймін.

- Келін көнсе...

- Тағы бала тауып алсын. Тапсын. Таппаса балама тоқал ал деймін. О несі ей, ә?

 

X-X-X-X

 

Бабына әбден келген қымыздың исі үйдің ішін тегіс алып тұр. Дауылбай алдындағы кәрлен кеседегі қымыздан ұртап қойып тамсанып, марқайып отыр. Иә, бұл әулетте қымызды бабына келтіріп ұстайтын Мұраттың келіншегі Рауғаш қана десе артық айтқандық емес. Қымыз құюшы әйелі  Рабиға да сонау кәмпескеден де аман қалған, арқар мүйізінен жасалған ожаумен келістіре сапырып, бабына-бап қоса түскен. Әлдене деп әпкесімен сыбырласқан сіңілісі Үмітжан бір көрінді де қайтып үйге бас сұқпайды. Иә, Дауылбайдың бұл балдызы өте сұлу. Талайдың жүрегіне от салған шығар. Е, өткенде үйге кіріп келе жатып, жат дауысты естіп тұра қалған. «Мен сені алғаш көргенде есімнен тандым, жанымды қояр жер таппадым» дейді біреу. Сөйтсе ол Мұқан екен. Сәл есіне түскен Дауылбай мырс етті.

- Неге күлдің?

- Ау, сен енді мені күлдірмейтін едің бе? Саған алғаш сөз айтқаным есіме түсіп.

- Қойшы әрі, сен де..., деп ыңғайсызданды Рабиға.- Айтпақшы, бүгін көшпек болған Боқан жүгін қайта түсіріпті. «Бармаймын, көшпеймін» депті.

- Рас па? Онда Боқан нағыз азамат екен. Ондай азамат қалалықтардың арасына сыймайды. Қалалық дайынға мәз. Егін екпесе де нан бар, қандайы керек, ағы ма, қарасы ма, ішіне сыйғанша же. Сүт пе, - мә, оны да іш, сиыр ұстап әуре болмайсын, оған шөп іздемейсің. Ет керек пе, - базарда тұр. Жылқының еті ме, әлде иттікі ме...

- Қойшы қайдағыны айтпай, ас ішіп отырып итті айтқаны не?

- Сенікі дұрыс, адалды араммен былғамаған жөн. Ойына арамдық енсе, ісіңде арам болады.

Осы мен де қартайып бара жатқан жоқпын ба деген ой келді Дауылбайға. Шешесінің кейбір сөзіне күлетін еді, өзі де сондай ойлардан алыс кетпегендей екен. Дегенімен, шешесінің сөзі тиянақты, өмірге деген сенімі берік. Жастар ше? Олар бірдемесін жоғалтып алғандай сенделуі көп. Жастар түгілі өзі де талай істің шешуін таппай жүргендей, бір жұмбақтан соң екіншісі көлденен шығады. Жаңаның өзі көненің жақсы жалғасы болмас па. Бәрін төңкеріп тастап, үйінді етіп, ауылда қайта құрылым, қалада зауыт салып іс оңа ма. Іргелі ауыл еді, қазақ еліне белгілі совхоз еді, енді келешегі жоқ, көгермес жұрт қатарына ілігіп шыға келіпті.

- Е, сонымен Боқан көшпейтін болыпты де – Дауылбай үнінен қуаныш естілген.

- Өзім барып келдім. Құтты болсын айттым. Мәкен қуаныштан жылап жүр.

- Солай де...

- Сенде барып шықсайшы. Боқан сені ауылда ма деп сұраған. Бүгін таңата ғана аттан түсті дедім.

- Не бар қалада? Жұмыстан келдін, қолын бос, аспанға түкір де жат. Сол да өмір ме? Бүкіл ғұмырың солай екен. Адамды азамат етіп өмірге бекітетін байлам, нақтылық, иыққа түсер салмақ жоқ. Есуастау бір дауыл қаңабақ қылып көтереді де әкетеді.

Ассалау...,-деп сөз аяғын күмілжіп созып Беркін есік ашты да төрге де озбай, сол тұрған жерінде қалшиды да қалды.

-Міне, өмірде тиянағы, тұрағы жоқтың нағыз өзі,-деді Дауылбай,-Әй, жоғары шықсайшы, бұл үйге бірінші рет келіп тұрған жоқсың ғой.

-Озам ғой, озам төрге. Боқанға ырза болдым, сол жерден... әлгі...соны ауыз тиіп...

-Е, бұл да ақылды. Ауыз тисең, береке қонған екен саған.

 Беркін үстел шетіне бір тізерлеп отыра кетіп, май жаққан нанды жұмырлап аузына сала салды. Екі ұрты қомпаңдап, тіл қатуға шамасы келмей,бағжаң-бағжаң еткен. Бүгінгі күндегі Дауылбайдың жылқышысының бірі осы. Қалған екеуі адам санатында бар жоғы белгісіз орыс. Бірі кезегі келіп атқа қонған күні екінші жығылып-сүрініп жүреді. Беркін солардың арасында, өзінің айтуына қарағанда «ішсе де ақылын ішпейді». Бір тәуірі ана екеуінің арасында көбірек болуды қаламай ма, жиірек ауылға соғады. Мүмкін «мен қазақпын» деген кеудеде намыс жатыр ма, кім білсін. Малшы жоқтықтың қиындығын жалғыз Дауылбай ғана көріп отырған жоқ, мал иелерінің бәріне осы қиындық бастарына түскен. Керексіз ауыл қара тізімінен шошып, жастар жағы ауылдан безген.

- Мал басы аманба, Беркін? Қашан келдің?

- Дін аман. Мал күйлі.

- Шөп буыны піспей, далаға шық түспесе, мал семірмес...

- Білем, білем. Лақ сүмбіле тумай лақ семірмейдіні естігеммін.

- Сен ана екеуіне қарағанда естісің ғой.

- Сіздің «малдың терісін теспей етін жейтін, жілігін шақпай майын соратын қыс келеді» дегеніңізді жиі естіп жүрміз ғой.

- Соны білсен болды.

Беркін білікті-ақ адамның баласы екен. Әкесі қайтыс болса да, шешесі барын салып онжылдықты бітіртіпті. Онан әрі оқуға түскен бе, әлде түсе алмаған ба, кім білсін, бүгін бәрі жұмбақ, елінен безіп шыға келген. Осы жақта өмірі өтіп жатыр. Туып өскен жұртына, өз үйіне қайтарып алғысы келіп, көз жасын төгіп шешесі сан келді. Бәрі бекершілік.

- Міне, жақында барам. Әне бір ісімді бітіріп – Беркін шешесін шығарып салудан жалықпайды.

- Енді не айтасын бұған... Оңға басар күні болар мекен, - деп шешесі қайтады.

Беркін, әйдә, сөз жағының «түбін»түсіреді. Мақал, мәтел жағынан кімді болса да сүріндіреді. Ақылы, өзі айтпақшы «бір басына жетеді». Жұмыс жағына келгенде мұның не олақ, салақ екенін түсіне алмайсын. Шөп шаптырса, шалғысына тас қаптырып, бәрін үгітіп тынады, қора қаласа жыл –уағына жетпей қабырғасы ырсиып шыға келеді. Сонда да қайран кешегі заман заңы мұны далаға тастағысы келмей шопырлық оқуды тәмамдатқан. Беркін неше қилы жүріс ережесін жатқа айтып шыға келді. Шопырға зар совхозға мұнан артық не керек. Келген жаңа машинаның рулін сеніп тапсырған. Жүйіткітті дерсін, Бекең. Қасқыр екен деп біреудің далада қаңғып жүрген овчаркасын «соғып» алды.

- Әй, мұның не?

- Қойшының малына жақындап келе жатыр екен. Бір тұрып, бір жатады. Сонан соң...

- Әй, ол иесіне тығылғанда неге қудың?

Ақыры екпіндеген машинасының дер кезінде тежегішін баспай бухгалтер үйінің қорасын жапырып, сол маңда жүрген аяғы ауыр әйелге түсік тастатып тынды. Шопырлықпен солай қоштасқан. Социализмнің « жұмыс істемеген ішіп-жемейді» деген қағидасы Беркінді тыныш қойсын ба, бір жұмыстан соң екіншісіне жекті. О, дүние-ай, сол заң болса ғой, қалаға кетіп қаңғып жүрген талай жас ауылға қайтіп елге септігін тигізер еді-ау деген ой Дауылбайдың санасында жарқ етті де, сөнді. Е, Беркіді жұмыссыз қойған жоқ қой, бірақ одан пайда көрген тағы ешкім жоқ. Зияны тие берген соң бәрі онан тезірек құтылуға тырысатын.

- Әй, сені осындайың үшін жұрт мазақ етіп жүр, - дегендерге

- Сен жетісіп жүрсің, - деп Беркін оның әлдебір кемістігін бетіне басып шыға келетін.

Елуден асты, әлі не бала, не үлкен емес. Қатын да алып жарытпады. Мүмкін адам боп кетер деген жанаршырлар екі мәрте қатын әкеп берген еді, екеуі де бір айдың аржақ – бержағында ізін суытып үлгерген. Енді не қалды, қолынан келер іс шамалы, не тоқтасқан ақыл жоқ, бүгінгі күнмен өмір сүріп жатқан бір жан, ертең не болады деп басын қатырмайды. Анда – санда

- Сонау жақта керемет құрылыстар жүріп жатыр екен, ақша деген сонда ғой, табыс тауып келсе болар еді, - деп қояды. Бір күннен соң ол қиял арманы да ұмыт.

- Бүйтіп өмір сүргенше... , - деп қалады Дауылбай.

- Бары сол, солай жаратылған. Қайтеді енді, асылып өле ма? – деп ара түседі Рабиға.

- Е, саған салса, оның басы алтын, аяғы күміс, - деп түртпектеді Дауылбай әйелін.

- О бишира да өзіміз сияқты мұсылманның баласы ғой. Шешесімен сан рет сөйлестім, қалай осылай болып кеткеніне таңданады. Бала кезінде момын, тілалғыш еді дейді. Мектепті де жаман бітірмепті.

 - Дегенмен тәрбиесі жетпеген де.

- Ол жағынан кемістік болған шығар. Жалғыз ғой шешесі. Тіршілік үшін арпалысып, ертемен тұрып, кеш қайтіп, тапқанын баласынын аузына тосқанан басқаға шамасы жетпеген де шығар.

- Соғыстан кейіңгі жетімсіз жылдарда талай әйел баласын жалғыз өсірді емес пе. Дегенмен өзінде бір аумалық бар. Өгей шешенің қолында шапалақ жеп өскендерде де көрдік, кәдімгі азамат. Еш кемдігі жоқ.

- Тағдыр шығар. Біреуді күнде ұрғыштап жатса да адам болып өседі, екіншісіне қанша ұрсаң да қамшы батпайды, ақыры бұзық болып шыға келеді, - деп Рабиға да өз пікірін алға тартты.

- Өмірде өз жолыңды таппаған екенсің, шашың ағарып, белің бүкірейгенше ғұмыр кешіп не қажет. Уақытыңның біткенін өзің де білген дұрыс. Жаратушы сондай пендесіне қай күнәсі үшін осыншама ұзақ уақыт береді екен. Айналаңа келтірер пайдаң болса, мейлі ғасыр өмір сүр. Көмегің таусылды ма, өмір көшінен кетіп тын. Өзің де әуреге түсіп, біреуді де бейнетке салудың не қажеті бар. Бәрібір мәңгілік ештеңе жоқ.

- Кәрінің бәрі өле беру керек пе? – деп қарсыласты Рабиға.

- Кәртайған адамның уақыты біткені туралы Алланың жіберер белгісі – хабары бар деуші еді ғой, біз сөзін естіген бұрыңғылар.

- Сонда бұл бишаралар өле қалу керек па?

- Жоқ, олай емес.

- Сонда...

- Елге үлгі болар айтары көп, шет кеткенді жөңге салар абыз ақсақалдарға, аналарға, ел қашанда зәру. Оларға ғасыр жасау да аз дер едім. Ал, түкке пайдасы жоқ, кәрілігін сатып бұлдаңғандардың аяққа оралғы болғаннан басқа не пайдасы бар.

Дегенмен Дауылбай Беркіннің бір ісіне риза. Беркін ат құмар. Ол атқа мінсе болды жүзі жәйнап сала береді, сірә өзін мұхиттағы кеменің жүргізушісін дей санайтын болар, жан – жағына  пысқырып та қарамай, сәлемдескенге шолақ бас изеп жүре береді.  Астындағы атының арығанын да ешкім көрген емес. Жылқышылыққа шыққаннан бері мінгені торы жорға ат. Өзінен басқа үстіне шыбын қондырмайды. Анау екі орыс та торы атты мінбек түгілі маңына баруға батпайды. Бүгін де торы жорғаны бабына келтіріп байлап қойғанын Дауылбай терезеден көріп отыр.

- Жүрейін деп едім, - деп Беркін тағы есіктен басын сұқты.

- Қанжығаң құр емес шығар, керегіңді тегіс алдың ба?

- Жеңгей, бір қап қылып байлап берді, тіпті атқа обал.

- Ә, жарар, - Дауылбай мырс етті. – Ана екеуінің атау – кересін алдың ба? Олар оңсыз...

- Иә, онысы да бар.

Тысқа шығып кеткен Рабиға мен баласы Дәукен ілісе кірді. Екеуінің арасында бітісе алмған даудың бары Дәукеңнің еркелегендей үнімен Рабиғаның қатқылдау дауысынан сезілген.

- Ол да шолжыңдап өскен болар, артын өзің көрдің, - дейді Рабиға.

- Өмірге өкпесі бар шығар, естуімше бармаған жері қалмапты ғой өзінің.

- Жамандық – жұттың бір көрінісі. Жұт – жеті ағайынды, салақпен сегіз, тоғышармен тоғыз, олақпен Он болады дегенді естіппе ең. Соны білсең болды, - дейді Рабиға.

- Жас кезіңде, бар жерге барып бәрін көрген жақсы. Атың барда желіп жүріп жер таны, асың бар да беріп жүріп ел таңы демей ме. Бір жерге тұмсығыңды тығып алып, сол көңді ғана иіскеп өлгеннің несі ғанибет. Тағырды адам өз қолымен жасау керек, - деп өзеуреген Дәукен.

- Ә, бері кел, мында отыр, - деп шақырды баласын Дауылбай. – Жер де таны, елді де біл. Солай деп мен де айтамын. Тағдыр шіркін сенің дегеніне көне қояр ма екен, ә? Құс болып ұшсаң да бар әлемді көре қояр ма екенсің. Ол да қиял. Адам болып туған соң, бәрі қолдан келеді деп ойлайсың ғой. Өмірің алда, әлі бәрін көріп, талайды басқаша түсінесің.

- Әке, сөзіңіз дұрыс шығар дегенмен ойлаңызшы, қәзір адамның қолынан бәрі келеді. Тіпті оны айтып тауыса алмайсың. Адамның қолында кәзір ғажайып күш бар, не істеймін десе жасай алады.

- Онысы рас,- деп Рабиға қоштады.

- Сол ғажайып күш адамзат үшін бе өзі? Әуелі соны ойлау керек. Қырықжыл бойы анау Егіндібұлақтың аржағындағы Мыржықта атомын сынады. Соның қазаққа қанша керегі бар еді. Соның зияны ұрпақтан ұрпаққа кететінін енді айтып, шуласады. Мына қақ желкеңнен аспанды атып ракета ұшып жатыр. Соның протон дегенінен сенің мына далаңа тек у төгіледі екен. Сол протонның мына бүгінгі тірі қазаққа қанша пайдасы бар. Елдің бәрін ауру қылды ғой. Кәзір сен маған дені сау қазақ тапшы, кәне. Адамның қолындағы бәрін жасай алатын ғажайып күш осы ма?

- Енді, оны...-Дәукен басын қасыды.

- Солай, балам. Әр нәрсенің шегі бар. Шектен шыққан әр нәрсе тек зиян әкеледі. Мынадай зиянның түбі ажал. Протон ажал сеуіп жатыр. Жұрттың көбі рак, не жүрегінен азап шегіп жүргендер.

Көк жүзін кезген тоқымдай бұлт ауыл үстіне үйіріліп, жаңбыр сіркіреп өтті. Іле күн көзі жадырап шыға келді де, терезені жуған жаңбыр суынан ізде қалмаған. Рабиға қымызды қайта сапыра түскен. Сапырған сайын тіл үйіріп барады.

- Біраз өмір сүріп келеміз, үлкенді де, кішіні де көрдік. Адамның бәрін де аярлық. Жас болған соң сезінбейсің ғой, өзінде тау қопарар күш бар сияқты. Ертегінің алыбындай адамды да көрдік. Жанына барсаң өзің сияқты пенде. Сенен еш артықтығы жоқ. Оның да өзіндік мұңы бар, пенделік қажеттілігі бар. Солай, балақай, - деп әңгімесін созған.

- Күш атасын танымайды деген сөз бар емес пе, деп Дәукең сөзді түртпектеді.

- Кімде кеуде жоқ дейсің? Кеуде... Кеуде... Құр кеудемен алысқа бара алмайсың. Бай бол, патша бол, өз жаратылысынан, ана бас теріңнен әріге шығып кете алмайсың. Бай- құдай болам деген бос қиял, құдай бәрін орнына қояды.

- Бәрінің шешімін табар қара жер демекшісіз ғой.

- Иә, қара жерге кіндігіңмен байлаулысың. Адамда жойқын күш бар дедің ғой, сен. Иә, сондай бір күшке ие болып тұр. Бірақ сол күш адамды алып соғып, жаншып тастамаса игі еді. Жойқын күш өсіп барады. Өсуі дінде айтылатын Қап тауының ар жағындағы бар адамзатты опат қылатын жалғыз көзді дәудің өсуі сияқты. Жойқын күш сол жауыздай өлшемсіз, ал адам сол мыңдаған жылдан бұрынғы кішкентай қалпында ғой.

- Қойыңдаршы, осы әңгімені. Тіпті зәремді ұшырдың ғой, - деп Рабиға күйеуіне қабағын шытты.

- Зәре үшатындай жағдай болып тұр ғой. Дегенмен, мына жастардың даландай бермегені дұрыс, соны айтар үлкендер де шамалы. Жылқы бақ, мал өсір, мұның бәрі жақсы. Соны баға білу де әдіс.

- Несі әдіс? деп сөздің басқа әуенге көшкеніне риза болды Рабиға.

- Ал, Дәукен сен айтшы осы малдың күйін кетіретін не?

- Суық қой.

- Дұрыс. Боранда жылқы неге теріс қарап тұрады? Соны аңладың ба?

- Қарсы тұра алмай ықтағаны емес пе?

- Иә, ықтайды. Қазақта «жылқы маңдайынан тоңады, түйе табанынан тоңады, сиыр бауырынан тоңады, ешкі мүйізінен тонады» деген сөз бар. Осыны ұққан адам мал иесі бола алады. Қазақ атаң бәрін айтып кеткен. Олар өздері зоотехник, өзі мал дәргері бола алған. Анау Тағылының ысқырған боранды қысында Ботпай бай қырық мың қой өсірген. Мая-мая шөпте үймеген, қойды қамайтын қорасы да болмаған.

- Кәзір заман өзгерді ғой, бір жерде, бір қалыпта қалу мүмкін емес. Даму керек, - деп сөз қосты Дәукең.

- Даму керек. –Дауылбай мырс етіп күлді.-Дамуға кім қарсы дейсің. Тап бүгінгі күнде дамығанымыз сондай, иен даланы жұрт тастай қашты. Жайнап тұрған ауылдар да жарық сөнді, ауыл өшті. Ақыры кешегі совхоздың дәрежесіне жете алмай қалдық. Әр қыстақта жеке-жеке, жападан жалғыз қой бақ деу онтоғызыншы ғасырға сүйреу. Ақыры ауыл келешегі жоқ, мүгедектің қатарына қосылды.

- Бәрінен мектепті жапқанына ішім ашиды. – Рабиға күйеуіне күйзеле қарады.

- Мектеп ауылды сақтайды. Ел өссін деген басшы әуелі мектепті өрістетеді. Анау Ағыбай бейтінен сәл төмендеу тұста өткен ғасырдың отыз алтыншы жылы мектеп болған. Мұғалімін де білеміз. Кәзір сол жер қу дала. Мен өзім мектепке барғанда бес бала едік. Барлы – жоғы мектептегі бес бала үшін үкімет екі мұғалім қойған. Солай оқыдық. Бұл өзі соғыстан кейінгі бәрі жетіспейтін таршылықтың тұсы еді ғой. сондада совет үкіметі мектепті сақтады. Ал, енді қарашы совхоздан қалған екі қабатты орта мектепте өлшемге саны бір балаға жетпейді деп әлгі Керіғали әкім мектепті жапты да тастады. Айтсаң сөз, жыласан зарын өтпейтін не деген бітеу заман мынау, ә.

Қолын жуып, далаға шыққан Дауылбай зираттарға беттеді. Осы ауылдың дүниеден өткен кәрі жасы осы жерде, мәңгілік мекенін тапқан. Зираттар да ауылдың іргесіндегі жотаның үстінде. Соңғы кезде әкесі марқұм түсіне жиі кіретін болып жүр. Барып, дұға бағыштағаны жөн шығар. Асықпай жаяу аяңдады. Ауылдың маңы неше алуан шөппен, нешеме түске боялған көбелектер қалбалақтап қонған гүлдерге тұнып тұр. Гүлжазиралы дала деген осы.

Біразы осы маңдағы таудың тасынан, көпшілігі совхоздың байлығының бір шығыны болған қызыл кірпіштен қаланған зираттардың көбінің есігі ашық жатыр. Ұрлық бұл жерге де жетіпті. Босағасымен жұлынған есіктердің орыны үңірейіп, денені тітіркендірген. Өліге де маза бермегені ғой, имансыздардың. Анау жұлып алған оншақты есіктің темірі қай жыртығын жамауға жетті екен, қанша тиынына теңге боп қосылып байытты екен. Әлде, әруақтың назасына ұшырады ма, сол мәжбін.

Адамдарды «бәрің байыңдар» деген соқыр үндеу билеген заманда бай болудың жолы осы екен деп не қилы іске бармай жатыр. Соңғы бір жиырма жылда ел есін жинағандай еді, байқуат өмір сүре бастаған. Адаммен бірге дала да сәндене түскен. Қарашы енді, соның бәрі көзден ғайып, даланы алыстағы өрттің түтіні шалғандай буалдыр. Адамдар сол буалдыр тірліктің арасында адасып жүр ме, қалай? Тірлік етіп жүрген әнебір екі торғай ғана сияқты. Құйрықтары селтен-селтен етіп, бір мазардан екіншісіне секіріп, мазасыз шықылықтаған солардың ғана үні.

Иә, адам – пенденің бұл жалғандағы тірлігі де бір құпия-сыр. Дүниеге тамашалап келеді де, дүние ісінен шаршап дүниемен қоштасып кете береді. Міне, мынау қабірыстанда қаншама адам жатыр, бәрінін басынан кешкені бір-біріне ұқсас тағдыр. Ғұмыр туралы шындықты кім айта алады, кім не үшін өмір сүріп жатыр. Өзі үшін ғана ма, әлде балалары үшін бейнет шеге ме? Баласы өзінің баласы үшін, ол тағы өзінің баласы үшін боп жалғаса беретін тірлік пе. Тірліктің осы түрінің өзі мәңгілік болар ма екен. Мыңдаған жылға созылған осы ауысым, осы үзілмес қозғалыс мәңгілікке ұласа берсе жақсы ғой. Иә, біздер де кетеміз бұл жалғаннан. Келер ұрпақ келе бермек. Бірақ дүниеге келген әр адамға бұл жалғанның қызығы да, бар ісі де тек өзінен бастау алғандай болып көрінетіні бар.

Дүние есігін ашқанына екі-үш жыл болған бала ғана «мен қайдан келдім» деп сұрайды. Мен қайдан келдімнен бастап сананың естілігі басталады, жады нығаяды. Жадына ештеңе жинамаған адам өмір сүрдім  деп айта алар ма.

Әкесінің басына тізе бүгіп, дұға бағыштап қайтқан Дауылбай дөнестеу жерге шығып Айғырұшқанның биігіне көз салды. Биіктегі жалғыз алып қарағаш теңселгендей көрінді. Жоқ, әулие ағаш теңселмепті, оның жапырақтарын самал тербеп тұр екен. Жанай түскен кешкі күннің сәулесі жап-жасыл жапырақтарды да, бұтаққа ілінген неше алуан түсті шүберектерді де құбылтып сансыз реңге бояп тұр екен. Осы ауылдың үлкен-кішісі, оқығаны не оқымағаны алып қарағашты «анау» деп сұқ қолымен көрсеткен емес еді. Бәрі әулие тұтатын. Әулие-ағашты жер бетін тітіркендірген, шатырлаған найзағайда айналып өтетіндей көрінетін. Енді ше?

Батып баражатқан күнмен таласа даланың ерке желі де екпіндей соғып өткен. Сонау бұтақтарға ілінген неше алуан әсем шүберектер  төгілген аттың жалындай дудырап, ертегінің суретін салған. Әулие ағаштың бұтақтарына ілінген күміс теңгелердің сылдырын да құлағы шалғандай болды. Жоқ, ол әсем үн сол жақтан жеткен әнмен қыздың ұян күлкісі екен.

Аспанды кезген үзік-үзік бұлттар таңғажайып бейне мен түске боялып жарысып бара жатты. Солардың арасынан жылт етіп көзге түскен ашық алаңқай аспаннан жұлдыздар ұяла жылтырап көз қысып үлгереді. Мына құлаққа жеткен дыбыс та, адамдар мен жылжыған бұлттар да ғажайып тамаша әрі мұңлы көрініп, тағы бір ертектің бастауындай сезілген.

Айда туды. Қызарып туған аса үлкен табақта ай биікке қарай баяу сырғыған. Ғасырлар бойы ұлы даланы кезген айдың бетіне сол жазираның сан қилы тарихы жазылған сияқты.

Ал, анау түннің шымылдығы бүркеген тұстан, беймәлім көлеңке жылдамдата жылжып бара жатқандай. Жапанда жапа шеккен бе? Ізгілік ұрығын сепкен бе? Түн пердесінің етегін жамылып күдікпен үміт көлбең қаққан.

Тағдырын күткен ауылдың үстінен даланың жүйрік желі жүгіріп өтті.

Сонау, сонау алыстағы қойнаудан ащы бір үн естілді де, сыңсып барып сөнді.

 

 

6.03.2017жыл

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған