Адам қарады: 120 | Жарияланды: 2017-08-14 12:57:17

Шарамыга

Жәкеңнің жұмыссыз жүргеніне де міне он жылдың шамасы болды. Анда-санда бір «шәбәшкі» болмаса тұрақты жұмыс табу арманға айналып барады. Сонда да Жәкең өзін жігіттің төресімін деп есептейді. Басында жұмыссыздар тіркеуіне тұрып, ол өзін жұмыс тауып алады ғой деп үміттенді. Оны іздеп келіп жатқан жұмыс та болмады. «Жұмыс болып жатса өзіміз сізді іздеп тауып аламызға» сеніп қалған Жәкең пошташы қыз келсе, бір жақсы хабар болып қалар деп жалтақтаумен күн кешті. Үміттене, үміттене шаршады! Міне он жылдың шамасы болды екі көзі төрт болып, сегіз көзге айналатын уақыт та жетті. Сонда да Жәкең мыңқ етпейді ғой. Нар ғой Жәкең, бұл өмірде еш байлығы болмаса да бар ғой Жәкең! Қара қатыны сау болсын! Қара қатынның арқасында Жәкең Жәкең болып келді ғой. Қатын қатын демесең заты еркекке ұқсас. Жәкең мен балаларын бағамын деп Қара қатын таңның атысынан күннің батысына дейін бір саудагерге көмектесіп, ақша тауып келеді. Ал Жәкең болса үйде бірдеме істеген болып жүргенімен бар көңілі «алқаш» достарына ауа береді. «Алқаш» достарының алдында Жәкең ақылгөйсігенді ұнатады. Дана адамның кейпіне кіріп, сұқ саусағын бір мағына беретіндей маңғаздана көтеріп, әуелі «алқаш» достарын өзіне қаратып алады. Сосын аузын қайыстай созып, еріндерін сылп еткізіп, әңгімені әріден бастайды. Оның сөздерін «алқаш» достары бөлмеуге тырысады. Бөлсе онда оның бәлесіне қалғаны. «Сен не меннен гөрі ақылдысың ба?», «Мүмкін сен шешен шығарсың?», «Не осы сен кісімсисің?», «Саған да тіл шыққан екен!» деген сөздер біріне соң бірі айтылғаннан кейін арақ көтерген «алқаш» достарының көңілдері су сепкендей басылып қалады. «Алқаштардың атаманы» ғой Жәкең деген! Егерде бір институт бітіріп, арақ ішпегенде Жәкең білдей бір мекемені басқарып отырар ма еді, қайтер еді? Мына жасына келгенде тіпті әкім болып кетуі де ғажап емес еді ғой! Қайтсін, тағдыр да «алқаштардың» ортасына қор қылып қойған Жәкеңді! Негізінде Жәкең арақ іздеген жоқ, арақ Жәкеңді іздеп келді: «іш, іш» деп қоймай! Өз аяғымен келіп тұрған араққа Жәкең қарсы бола ма, іше салды. Басында жәйлап ішетін еді, артынан қоймай ішетін халге келді. Өткенде Қара қатыннан Жәкең таяқ жей жаздады: «Енді арағыңды қоймасаң көздеріңе көк шыбын үймелетем, тамақ бермей аштан қатырам, болмаса айырылысып, қалған өмірің қатынсыз өтеді» дегеннен кейін аздап сабырға келген сияқты еді, уақыт өткесін тағы мұрны қыши бастады. Мұрны құрғыр қышуын қоймай жүрді ғой. Оны іздеп келіп жатқан жұмыс тағы жоқ. Ол ол ма, енді Жәкең «жұмыс іздеуші» болып тіркеліп алды. Жұмысты өзің іздемесең, сені енді жұмыс іздеп келмейді деген сөз. Жұмыс іздеуге арақ мұрша бере ме Жәкеңе? Аузы арақтан сасып тұрған адамды мекеме жұмысқа қабылдай ма? Жұмыс беретіндей өзінің еш мамандығы да жоқ. Арақ бергеннің балдызы, жолдасы болып өмір сүрді ғой. Жәкең тығырыққа тіреліп, өмір сүріп келеді. Кейде Қара қатыны ұрысқан кезде басқа бір бай қатын жайлы ойлап қояды Жәкең. Жасы келсе де көңілі жас қой. «Еркек кіндікті аңсап қанша бай қатындар жүр. Соның біреуі болмаса біреуі бұйырмас па екен? Мен өзім жаман жігіт емес сияқтымын! Арақ ішкен сайын ажарлана түсемін айылын жимаған айғырдай! Қандай жұмысқа да бармын!» деп Жәкең өзін жұбатып қояды. Жігіт кейпіне кіріп кеткен Жәкең айнаға қарап еді өз түрінен өзі шошып кетті. «Мынау мен бе?» деп ашулана айқайлап жіберді жігіттік намысы ұстап кеткен Жәкең. Екі көздері дөңгелене, тұрысы да сұрау белгісіне айналып барады. Екі қолдары дірілдеп, шалдыққа өзін қимай Жәкең айна алдында ұзақ тұрып қалды. Қайран Жәкең-ай! Жаспын деп жүріп, қартайып қалғанын білмеген екен ғой. «Ойбай, Жәке, сен қартайып қалдым дейсің бе? Сендей қартайып қалған адамға жас қыз да тиеді ғой әлі» деп жұбатқан Мамыргүлге Жәкеңнің көңілі марқайып қалды. Мамыргүл құрдасы, жасыратыны жоқ, анда-санда стакандасы, әсіресе күйеуі жолсапарларға кеткен кезде . Ол Жәкеңді жамандыққа қия ма? Мамыргүл де байына көңілі толмай жүр. Анда-санда айқайласып қалады, яғни Жәкеңмен тағдырлас адам. «Байым болмағанда мен саған тиіп алар едім, бір жартыны бөлісіп ішіп, өмір сүрер едік қой» дейді Мамыргүл Жәкеңнің көңілін аулап. «Мүмкін мені екінші бай қылып аларсың» дей жаздап Жәкең тілін тістеп алды. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осы да! Өзін өмірде жетім қалған баладай сезінеді, тіпті көздерін көл қылып жылап та алады осы қатал тағдырына. Бақытты өмірді аңсап еді-ау кезінде. Енді міне ол өмір көз алдында бұлбұл болып ұшып барады. Балалары да әке деуден қалған, құдды бір өгей балалар сияқты. Жәкең орнынан тұрайын деп еді, тәлтіректеп барып құлап түсті. Енді жұмыс істемек түгілі аяқтары өз салмағын өзі көтере алмайтын халге келді. Орыстар мұндай адамдарды «Шарамыга» дейді. Бейшаралық өмірдің енді басталғанын біліп, Жәкең қартайып бара жатқанын сонда сезінді.

Қазақ тілінде жазылған