Адам қарады: 21 | Жарияланды: 2017-07-27 04:07:18

Жағадағы жалғыздық

Жамал-ай, Жамал-ай,

Не жаздым, қалқам, саған-ай?..

 

           Досаттың әні

 

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Қым-қуыт қаланы алыс та жақын көрді. Жалғызсыраса болды, жағалауға келу – қашанғы әдеті. Әншейінде баданадай жанарына сыймай жататын телегей теңіз дәл қазір ғайыптан кеудесіне құйылып кеткендей. Сезім толқындары жай ғана тілсіз толқып тұр. Толқып тұрғанға мүлде ұқсамайды, дауыл алдындағы тым-тырыстықтан аумайды. Жетімсіреген жағалау тымсырайған тыныштыққа тұншығып өліп қалған дерсің. Мүмкін, мынау табиғаттың қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған дейтін шағы ма?.. Дегенмен тылсым тұңғиықтың көз жеткізгісіз түбінде бір пәленің жатқаны айдан анық. Монтаны, момын бола қалуын шіркіннің!.. Су бетіндегі күннің селдір сәулесі сылаңдауға ерінген сыңайлы. Сұлулық неғұрлым сиқырлана түссе, соғұрлым сайқалданып құбылатыны бар. Сан саққа қашқан ойын әрең жинақтап айналасына ұрлана қарады. Шаттанған шағалалар ерсілі-қарсылы, айқыш-ұйқыш шарықтап ұшып жүр. Қайғы-мұң дегенді білмейтін секілді солар. Тек солар ғана емес, барлық адамдар тойға бара жатқандай жарқын-жарқын күліседі. Төбелеріне төңкерілген аспан да жадыраған күйде. Ал жігіттің қасіреті тіптен ерекше, тіптен бөлекше. Өліарадағы өксік бәрінен ащы екен. Ащылығы сонша, запыраннан бетер көңілін лоблытты.

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Қым-қуыт қалаға таныс та жат көрінді. Жағалауға тағы да жалғыз келді. Осы жолғы жалғыз келуінің себебі сол – сүйіктісімен қоштасты. «Жамал-ай, Жамал-ай...» деп жәй ғана әндетті. Арадағы аз-кем керістен кейін қыз қайырылмай кеткен. Жамалдың бай баласын таңдағаны рас екен. Бақса бес күндік тірлігінің бес тиындық құны қалмапты. Қайтсін енді, баяғы махаббат жоқ, баяғы дәурен жоқ: өшкен де көшкен. Өткен өтті, одан не үміт, не қайыр! Шынымен тағдырдың басқа ұрғаны ма?.. Опасыздық жасаған қызды сонда да кешірді. Өзі бақытсыз бола тұра оған бақыт тіледі. Өз-өзін тұңғыш рет жек көре аяды. Өз-өзін тұңғыш рет ызалана жазғырды. Енді ешқашан ғашық болмастай ағыл-тегіл жыласын. Жылай-жылай жүрегі қара тасқа айналсын. Жұбататын ешкім және жоқ. Ардың аппақ киесі, адалдықтың асыл иесі – аққулар әлі келмеген-ді. «Биыл да кешігетін шығар. Маған дегенде бәрінің кешігетіні несі?..» Сұрақты кімге қойғанын белгісіз. Жауабы табылмады. Жауапсыз қалған бір бұл ма, сірә...

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Тегінде адам жазғанның көрмейтін қорлығы, төзбейтін зорлығы аз-ау. Көз жасы айдынға тамып кеткені сол-ақ еді, кемсеңдеген иегінің астынан сыңғыр-сыңғыр үн шыға қалғаны-ай. «Сыңғыр, сыңғыр, сыңғыр... Жүректі жандырмай тынғыр...» Жүйе-жүйесін жібіткен мына нәзік дыбысты қайдан естіді бұрын. Қайдан?.. Қайдан?.. Иә-иә, сүйіктісінің сыңғырлаған мөлдір күлкісі ғой. Қалай ұмытсын. Ұмыту үшін жүрегі қара тасқа айналып кетуі керек қой. «Тірі өлгеннен жартасқа айналғаным мың артық!..» Әйткенмен кімнің қылшығы қисаяды бұған. «Сыңғыр, сыңғыр, сыңғыр... Өзекті өртемей тынғыр...» Құрғырың өзекті өртемей тынбайтын сияқты. Аспанда әлдеқайдан жеткен бұлттар легі әлдеқайда жөңкіп жатыр. «Жел айдаған бұлт болып бас ауған жаққа лағып, белгісіз сапарға аттансамшы...» Сезім толқындарына ойнақшыған бота мінезді жан бітіп, сазды ырғақпен тербеліп билей бастады. Ол су бетінен қыздың сұлу жылмиыңқы бейнесін көрді. Іле-шала жұмбақ сыңғыр сыбырға ұласты.

– Амансың ба, жігітім? – алтын шашты сұлу қыздың жүзі алғашқыдан гөрі жарқырай түсті.

– Сен кімсің, сұлу періштем? – жігітте қорқыныш та, үрей де жоқ-ты.

– Мен – періште емеспін, перімін,  – тағы да сыңғыр-сыңғыр күліп алды, – Дәлірек айтсам, су перісінің қызымын. Есімім – Перизат!

– Менің атым – Шеризат. Өзің Перизат десе – Перизат екенсің.

Мен Сүлеймен пайғамбардың патшалығына бағынамын. Әке-шешем де, ата-бабам да төменгі әлемде Тәңірге құлшылық жасап, Падишамызға қызмет еткен.

Маған көрінуіңнің мақсаты не? Неге мені таңдадың?деді жігіт таңғалып.

Алланың әмірімен келіп тұрмын. Ол бір істі қаласа, жасау қиын емес. «Бол!»дейді, сонда бола қалады. Сен екінің бірі емессің. Таңдаулысың, дарасың... Жалғанда жалғыз қалуың да бекер емес. Саған берілген қасірет – қасиетті қасірет! Бірақ шын мәнінде жалғыз қалмайсың. Екеуміз жұптасамыз. Сосын мойнымызға жүктелген міндетті ғана орындаймыз. Сөйтіп Тәңірдің сүйікті құлы, Падишаның құрметті қызметшісі атанып мың жыл өмір сүреміз. Зинһар, жәннатқа барудың жалғыз жолы да сол. Біздің қауым үтінсіз оттан дүреген.

Сонда біздің атқаратын міндетіміз қандай?деді жігіт қызығып.

Суға батып бара жатқан пенделерді құтқарамыз. Бірақ нұрдан жаралған періште болу қолымыздан келмейді. Егерде өмірінде істеген қателігіне шын өкініп, тәубеге келген болса ғана көмекке асығамыз. Олай етпесе, өз обалы өзіне, ажалынан көреді де... Сүліктей қара айғыр – теңіз жылқысы Суынды саған тарту етемін. Бұл алтын жалды су тағысы діттеген жерге жылдам жеткізетін мініс көлігіміз. Әңгіме осымен тауыс-тәмам. Ал, жігітім, көзіңді жұм-м-м!..

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Төңірегіне жаутаң қаққанда байқады: қала орнында, тек адамдар мен шағалалардың манағы мәз базары тарқапты, әрі олардың қарасы да азайыпты. Ендігі жерде басқа жолы, өзге амалы қалмағанын аңдады. Алланың ақ бұйрығы осы деп құрбандыққа тілене мойынсұнды. Тәңірге іштей жалбарынып, дұға оқыды. Сосын адам қалпында соңғы демін алып, кербез керіктей кеудесін керіп күрсіне тыныстады да, дереу көзін тарс жұма берді. Аузынан ұшып шыққан көкшіл от теңізге сіңіп жым-жылас болды. Жігіттің жансыз тәні қас-қағымда жартасқа айналды. Оның енді жағалауда жападан-жалғыз мың жыл бойы тұрары хақ-дүр. Мың жылдық жалғыздыққа жартастан басқа кім шыдайды дейсің. Неткен ұзақ та қысқа уақыт! «Ей, адамдар! Үшбу фәниде тобырланып дәмсіз дәулет, сәнсіз сәулет қумаңдар. Тәубелеріңе түспесеңдер көкіректерің көбіктеніп кетер. Әліптің артын күтіңдер, мен әлі орталарыңа ораламын!..» Аспанды тамұқтан желе-жортып жеткендей қап-қара зілді бұлттар қаптауда. Еңсеңді езгілеп, тұлғаңды жермен-жексен қылардай. Есіре соққан жел кәріне мінейін деді. Сезім толқындары тосыннан азынаған айғырдай ақжалданып тулап барады. Жағалауды оқтын-оқтын солқылдата ар-ұр шапшыды.

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Жас жұбайлардың үйлену тойы теңіздің астында да, үстінде де өтіп жатты. Астында – Шеризат пен Перизаттың, ал үстінде – Жамал мен бай баласының тойы. Бай баласы қалыңдығын алып, яхтамен қыдырыстап шыққан еді. Күн райы күрт бұзылып, аяқ астынан дауыл тұрды. Қаңбақтай үйіріп әкеткен тау-тау толқындарға төтеп бере алмай, көзді ашып жұмғанша яхта аударылып түсті. «Бақыт кемесі» табыт сықылданып қос ғашықты бір көрге тығуға дайын-ды. Жанкешті халде өлім аузында бұлқынған қыздың есіне жағалауда тұрып Шеризатқа айтқан сөзі түсті: «Теңізге батып бара жатсам қайтер едің?..» Сол сөздің киесі ұрмаса неғылсын-ай! Өкінді, қатты өкінді. Өйткені қазір құтқаруға тиісті күйеуінің өзін құтқаратын кісі керек. Өкірді, қатты өкірді. Өйткені болашақ жарының қайда кеткенінен де бейхабар-тын.

Өмір өзгерді. Ол да өзгерді. Есіне жағалауда тұрып Жамалға айтқан сөзі түсті: «Сенің құтқарушың – менмін!..» Аппақ қалыңдық көйлегін киген қыз әп-сәтте тұңғиыққа қалықтай жөнелді. Түпсіз терең мұздай су тойымсыз қара құрдым құсап бойындағы бар жылуды заматта жұтып қойды. Құлағына таныс дауыс пен жылқының кісінегені қатар естілгендей болды. Көз алды қарауытып, демі үзілгендей болды. Біреу құшақтап, ернінен сүйгендей болды. Ажалдан арашалап, өлмейсің дегендей болды... Жарық дүниеге жаңа келген тәрізді. Мың жылдық ұйқыдан жаңа оянған тәрізді. Тұла бойы қалш-қалш етіп, пора-пора терледі. Неткен суық та ыстық мезгіл! Шықпаған тек шыбын жаны ғана. Өлі мен тірінің, өң мен түстің арасында есін әрең жиып жан-жағына қараса, әйтеуір долы дауыл басылыпты. Табиғаттың қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған дейтін шағы қайта туыпты. Теңіз шіркіннің түк болмағандай монтанысуын, момынсуын!.. Қыз байғұс көзін ашқанда жағалауға жалғыз біткен жартастың үстінде жатыр екен. Кенет жүрегінен жоғалтып алған жылылықты тұлдыр тастан сезінді. Сол баяғы махаббатты сезінді...

 

Қазақ тілінде жазылған